05 Наурыз, 2016

Сұлулық. Нәзіктік. Тағаттылық. Іскерлік

612 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

8 наурыз8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне орай Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаевпен «Көктем шуағы» кездесуіне қатысқан Қазақстанның әйелдер қоғамдастығының өкілдері

Бірғаным Сарықызы ӘЙТІМОВА, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 63 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын «ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі (2007-2013), Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі (2004-2007) лауазымдарында жұмыс істеді. Орта мектептің мұғалімінен, комсомолдар тәлімгерінен бастап министр, Премьер-Министрдің орынбасары, елші, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Парламент Сенатының депутаты лауазымдарына дейінгі еңбек жолының барлық қалыптасу кезеңдерінен өткен. ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен наградталған, Италия Республикасының Үлкен крест кавалері. Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі дипломатиялық дәрежесі бар. Тұрмыста, 2 баласы бар. Хоббиі: музыка, кино, театр, спорт (шаңғы, гольф, жаяу жүру). Жанар Сейдахметқызы АЙТЖАНОВА, Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі. 50 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Вена Біріккен институтында, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде (АҚШ) білім алған. Университетті бітірген соң ММУ, Прагадағы Орталық Еуропа университетінде тағылымдамадан өткен. Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігінде бағдарламаларды үйлестіруші болып істеген. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ ДБ штаб-пәтерінде Еуропа мен ТМД Өңірлік бюросы бағдарламаларының жетекшісі болған. Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздерде Қазақстан Республикасының арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрі қызметтерін атқарған. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен наградталған. Тұрмыста, 2 баласы бар. Хоббиі: қызықты нәрсенің бәрін оқығанды ұнатады. Мукарам Сайдакимқызы АБУБАХРИЕВА, «Астана Балет» театрының бас қоюшы-режиссері. 33 жаста, ұйғыр, Астана қаласында тұрады. С.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Өнертану магистрі. Мәдениет және өнер саласындағы Мемлекеттік шәкіртақының иегері (2015 жыл). «Жусан» – жас хореографтың ең алғашқы үлкен туындысы. «Жусан» спектаклінің премьерасы Қазақстанның балет тарихындағы атаулы оқиға болды. «Астана Балет» театры тұңғыш рет ұлттық тарихымызға арналған бір актілі спектакль жасап шығарды. Он жылдан астам уақыт бойы – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, 2014 жылдан бастап «Астана Балет» театрында бас режиссер болып жұмыс істеп келеді. Халықаралық «Еуразия-2005» кинофестивалінің ашылу рәсімін ұйымдастыруға қатысты. Тұрмыста, қыз тәрбиелеп отыр. Хоббиі: сурет салу. Қарақат Жақсылыққызы ӘБДЕН, «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. 41 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Алматы қаласында Халық шаруашылығы институтын «экономист-коммерсант» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Қазақ қызы» мәдени-адамгершілік қыздар институтының құрылтайшысы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Ең алдымен біздің қазақ қыздарымыздың тәрбиесіне мән беруіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырағымыздың болашақ отанасы», – деген сөздері «Қазақ қызы» авторлық жобасының жасалуына негіз болды. Институт қазақи және еуропалық озық үлгідегі қоғамдық-адамгершілік дәстүрлер негізінде түрлі ұлттардың 100-ден астам қызын оқытып, тәрбиелеп отыр, қазақстандық қыздардың жоғары имиджі мен мәртебесін әлемдік қоғамдастықта паш етуге ықпалын тигізуде. Сондай-ақ, институт шетелдік дипломаттар тарапынан сұранысқа ие, олар өз қыздарын зор қуанышпен оқуға береді. Экономика ғылымдарының кандидаты, әр жылдары Мемлекеттік саясат ұлттық мектебі директорының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы инновациялық комитетінің инспекторы қызметтерін атқарған. Тұрмыста, 3 баласы бар. Хоббиі: классикалық әдебиет оқу, тоғызқұмалақ, атпен серуендеу, мұзойыққа түсу. Жанар Талғатбекқызы БАЙЖОЛДИНОВА, 2 өзінің және 11 асырап алған баланың анасы. 40 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Оның үлкен тату отбасында 6 ұлт өкілдерінен 13 бала тұрып жатыр: қазақ (5), орыс (2), татар (2), неміс (2), башқұрт, удмурд. Мемлекеттік құрылымдар мен жеке компанияларда жұмыс істеген. «Аружан» ЖК-ға басшылық етеді, жетім балаларды асырап алу саласында заң, еріктілер қызметтерін ұсынумен айналысады. Астана және Алматы қалаларында Асырап алушы ата-аналар клубын ашуға ықпал етті, жүйелі түрде бала асырап алу мәселелері бойынша тренингтер өткізіп тұрады. Мақсаты – жетімдік проблемасына барынша көп қазақстандықтың назарын аудару. «Балалар балалар үйлерінде тұрмауы тиіс», – дейді ол. Өзі үлгі көрсете отырып, ұлдарды да, қыздарды да асырап алып, бақытты етуге болатынын дәлелдеді. Хоббиі: тоқыма тоқу, тарихи әдебиеттер оқу. Динара Раушанқызы БАҚТЫБАЕВА, актриса. 23 жаста, қазақ, Алматы қаласында тұрады. Алматыдағы энергетика және байланыс университетінің радиотехника, электроника және телекоммуникация факультетін «инженер-байланысшы» мамандығы бойынша бітірген. Жас, дарынды актриса, «Он и Она», «Нархоз» фильмдері арқылы жастардың сүйікті кейіпкеріне айналған. Динара актерлік қызметпен айналысуды жоспарламаған еді, алайда, «Он и Она» фильмінің кастингіне шақырылғаннан кейін ол өз шешімін өзгертеді. Фильм ол үшін актрисалықтың алғашқы сатысы болды. Бюджеті 300 мың доллар болған картина сатылымның алғашқы аптасында-ақ өзін өзі ақтап шықты. Қазіргі уақытта түсірілімі Санкт-Петербург қаласында жүріп жатқан, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы «Жұлдыздар осылай туды» фильмінің бесінші бөлімінде Мемлекет басшысының ортаншы қызының рөлін сомдауда. Тұрмысқа шықпаған. Хоббиі: музыка және кино. Риза Зұлқарнайқызы БОРАНБАЕВА, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры. 52 жаста, қазақ, Алматы қаласында тұрады. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «дәрігер-педиатр» мамандығы, «онкология және гематологиядағы педиатрия» бейіні бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы, республиканың бас штаттан тыс балалар онколог-гематологы, «Қазақстан педиатрлар одағы» ҚБ төрайымы. Р.Боранбаеваның еңбек жолы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Қарағанды қалалық балалар ауруханасында учаскелік педиатр, одан кейін денсаулық сақтау саласының түрлі бағытында еңбек етіп, республикалық деңгейдегі басшылық лауазымдарға дейін көтерілді. Мәскеу қаласындағы Балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясының Федералды ғылыми-клиникалық орталығында докторлық диссертациясын қорғады. 2 ғылыми-техникалық бағдарламаның жетекшісі, 120-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы, оның ішінде 10 әдістемелік ұсынымдамалар жасағаны және жүре пайда болған апластикалық анемияны емдеу тәсілдерін тапқаны үшін 2 авторлық куәлігі бар. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен наградталған. Тұрмыста, 2 баласы бар. Хоббиі: жүзу, конькимен сырғанау, бау-бақшамен айналысу, гүл өсіру. Жұпар Бақтыбекқызы ҒАБДУЛЛИНА, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сопраносы. 38 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «жеке ән айту» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының грант иегері (2009, 2014 жж.), Н.Тілендиев атындағы республикалық байқаудың Гран-при иегері (2013), «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2012), Украинада өткен «ХХІ ғасыр өнері» халықаралық вокалшылар конкурсының Гран-при иегері (Киев, 2010), Б.Төлегенова атындағы ІІІ халықаралық вокалшылар байқауының ІІІ жүлделі лауреаты (2007), Ғ.Жұбанова атындағы республикалық байқаудың І жүлделі лауреаты (2005), Е.Хасанғалиев атындағы республикалық вокалшылар байқауының І жүлделі лауреаты (2003). Италиядағы Дж.Пуччинидің «Турандот» опера әншілері халықаралық жобасына қатысушы (Верона, 2009), К.Байсейітова атындағы ХІІ республикалық вокалшылар байқауының дип­ломанты (Астана, 2002). М.Глинка атындағы халықаралық вокалшылар байқауының Құрмет грамотасымен марапатталған (Мәскеу, 2009). Елена Сергеевна ДАНИЛОВА, «Жастар бастамалары орталығының» жетекшісі. 27 жаста, орыс, Қостанай облысында тұрады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын «шетел тілдері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогтар әулетінің төртінші буын өкілі. «Жастарға мейірімді мекен» қанатқақты жобасының жетекшісі. «Жас Ұлан» аудандық филиалының атқарушы хатшысы болған. Оның бас­тамасымен «РАУАН» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырылды. 10 әлеуметтік маңызы бар жобаның үйлестірушісі, оның ішінде жастарды жазда еңбекпен қамту, ұлтаралық келісімді насихаттау, еріктілер қозғалысын дамыту және т.б. бар. «Өткенсіз болашақ жоқ» жобасы жастар арасындағы республикалық байқауда «еріктілік» аталымы бойынша жүлдегер атанды. Халықаралық ерікті жастар слетіне қатысушы әрі өңірлік жастар слетін ұйымдастырушы. Жастардың «Жастар көшбасшысы» аталымындағы Алтын кітаптың лауреаты. Республикалық «Көзіңді аш» байқауы «білім беру» аталымының жеңімпазы, БҰҰ-ның арнайы сыйлығымен атап өтілген. Тұрмыста, 2 баласы бар. Хоббиі: киімнің дизайнын жасау мен тігу. Әлия Бекежанқызы ДӘУЛЕТБАЕВА, ақын. 39 жаста, қазақ, Атырау облысында тұрады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің» мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Республикаға танымал ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын үлгі тұтқан жан. Облыстық әмбебап кітапхананың ғылыми хатшысы. 2014 жылы оның отбасы үлгілі шаңырақ ретінде Қазақстандағы Отбасы күніне орай Атырау облысының әкімімен салтанатты кездесуге шақырылды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Б.Момышұлының 100 жылдығына және Төле бидің 350 жылдығына арналған жыр мүшәйраларының жүлдегері. Т.Ысмайылов атындағы «Шығыс шынары» халықаралық жыр байқауы сыйлығының иегері. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Салқам Жәңгір» халықаралық байқауының жүлдесін жеңіп алды. Тұрмыста, 4 баласы бар. Хоббиі: кітап оқу, аспаздық. Майя Ерболатқызы ЕГІМБАЕВА, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарушы директоры. 38 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Қазақ мемлекеттік заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі заң қызметі департаментінде, Қазақстанның мұнай-газ секторында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Өзінің «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тағы жұмысын 2013 жылы заң департаментінің директоры лауазымынан бастаған. «Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жасауға белсене атсалысты. 2015 жылы Астана қаласындағы Әйелдердің төртінші еуразиялық саммитінің (EWS IV) спикері болды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медалімен наградталған. Тұрмыста, 2 баласы бар. Хоббиі: спорттың белсенді түрлері, әдебиет және өнер. Толғанай Пионерқызы ЕЛЕКБАЕВА, «Қазақ оюлары» ЖШС директоры. 41 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша, Ресей Федерациясының Ұлттық білім мәселелері институтының аспирантурасын бітірді. Әр жылдары Ресейдің Алтай Республикасының Қос-Ағаш орта мектебінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің жанындағы Мәдениет орталығында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы; Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде қазақ тілінің оқытушысы, Ресей Білімді дамыту федералдық институтының жанындағы Ұлттық білім мәселелерінің орталығында аға ғылыми қызметкер, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қазақ тілінің оқытушысы болып жұмыс істеді. 2009 жылы Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшіп келгеннен бері қазақ оюларын пайдалана отырып, кілемдерге арналған дизайнмен айналыса бастады. 2012 жылы италиялық технология бойынша жүн шұлықтарды шығарумен айналысатын Астана шұлық фабрика­сы «Бота» ЖШС-ін құрды. 2014 жылдан бері «Қазақ оюлары» ЖШС-не басшылық етеді, түйе жүнінен жасалған сырма көрпелер мен жастықтарды шығарумен айналысады. Тұрмыста, 3 баланың анасы. Хоббиі: кітап оқу, жүзу. Тамараасар Қалниязқызы ЖАНҚҰЛ, әнші. 40 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетін, сондай-ақ, Ресей қазіргі заманғы өнер институтының эстрада және джаз факультетін тәмамдаған. Тамараасар көптеген қазақстандық үшін ерік-жігердің, батылдық пен белсенділіктің үлгісі, автомобиль апатынан кейін жап-жас ол – аяғынан айырылса да сахнаға шығуға жүрексінбеген әнші. Ол қайтадан ән салып, халыққа қуаныш сыйлау үшін жігерін жани білді. Қазіргі кезде Маңғыстау облыстық филармониясында халық аспаптар оркестрінің әншісі. «Маңғыстау дауысы» конкурсының лауреаты (1996 ж.), Қыздар педагогикалық институтында оқып жүрген кезінде «Айгүл», «Ұлар» ансамбльдеріне қатысты. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Арманның ақ желкені» деректі фильміне түсті. 2000 жылы «Ариайдай» фольклорлық аудиожинағын шығарды. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған республикалық байқаудың Гран-при иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған, «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ер бала тәрбиелеп отыр. Хоббиі: кесте тігу, жылқы өсірумен де айналысады. Жанар Еркінқызы ЫБЫРАЕВА, Зымыранды артиллериялық кеменің әскери бөлімінің радиобайланысшысы. 27 жаста, қазақ, Маңғыстау облысында тұрады. Астана қаласында Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған. Каспий маңы мемлекеттерінің әскери-теңіз күштерінде қызмет ететін бірінші және жалғыз қыз болып табылады. Ресей аумағында өткен «Каспий теңізі-2015» халықаралық жарыстарына қатысты. Ж.Ыбыраеваның шеберлігі арқасында Ресей Федерациясының Махачкала портынан Ақтау қаласындағы әскери-теңіз базасымен үздіксіз тұрақты байланыс қамтамасыз етілді. Кеме экипажының құрамында кемеде жасалған әскери атыстарды қамтамасыз ете отырып, екі рет Каспий теңізі бойынша шұғыл жүзулерге шықты. 2011 жылы күштік құрылымдар арасында армрестлингтен өткен республикалық ведомствоаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Қазақстан телеарнасындағы «Шын жүректен» телебағдарламасына қатысқан. «Тұңғыш байланысшы жауынгер» аталымының жеңімпазы. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Қазақстан Республикасындағы әскери-теңіз күштеріне 20 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі басшылығының және ҚР ҚК ӘТК Бас қолбасшысының көптеген марапаттауларына ие. Тұрмыс құрмаған. Хоббиі: спорттық ойын түрлері, қолөнер. Дамира Әшімханқызы ҚАНАЕВА, биолог ғалым. 32 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін тәмамдаған. Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Американың Арканзас университетінде молекулалық және жасушалық биология факультетінде PhD дәрежесін алған. Энергетикалық зерттеулер орталығында ғылыми қызметкер болып істеді, NURIS ЖМ аға ғылыми қызметкері. Қазіргі кезде Назарбаев Университеттің Ғылым және технологиялар мектебінің ассистент-профессоры, сондай-ақ, NURIS/NLА ЖМ Пәнаралық аспаптық орталығы директорының міндетін қоса атқарады. Туберкулез және обыр ауруларын ерте диагностикалау әдістерін зерттеумен айналысады. Биосенсорлар мен биоаспаптар, микробиология, иммунобиология, флуоресцентті әдістер мен технологияларға арналған зертханаларды құруды үйлестірді. Халықаралық ғылыми журналдардағы жоғары импакт факторы бар ғылыми жарияланымдардың авторы. Оның студенттері екі жыл бойы синтетикалық биология бойынша Бостон қаласындағы (АҚШ) «iGEM» (International Genetically Engineered Machine) халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп келді. Білім және ғылым министрлігі ғылыми-техникалық бағдарламалары мен гранттарының жетекшісі және қосымша жетекшісі болып табылады. Тұрмыс құрған, бір қыз тәрбиелеп отыр. Хоббиі: спорттық жүгіру. Айна Жоламанқызы КЕНЕСАРИНА, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының механикалық жөндеу цехының токарі 29 жаста, қазақ, Ақтөбе облысында тұрады. Тау-кен колледжін токарь мамандығы бойынша бітірген. Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істеген. 3 разрядты токарь әрі фрезерші. Екпінді токарь туралы «Токарь қыз» атты мақала 2014 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Оқырмандар көп балалы отбасынан шығып, ер адамның мамандығын таңдаған қайсар токарь қыздың өмірі туралы осы кезде оқып білді, қыз баланың қарапайым жұмысшы мамандығын табандылықпен игергеніне сүйсініс білдірді. Үлкен де ынтымақты отбасында, Айнадан басқа 5 ағасы мен 4 әпкесі бар. 2003 жылы Айна­ның анасы Гүлсара Қабақайқызы Кенесарина «Алтын алқа» иегері атанды. Тұрмыс құрмаған. Хоббиі: спорт және музыка. Төлеу Кокошқызы ҚҰШМАНОВА, шаруа қожалығының басшысы. 55 жаста, қазақ, Павлодар облысында тұрады. Ауылшаруашылық техникумын ветеринар мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012 жылы Назарбаев Университетте бизнес-курстан өткен. Астана қаласында болған «Қараөткел» көрмесі алтын медалінің иегері (2012 ж.), Якутиядағы «Қымыз – құдайлар сусыны» халықаралық байқауының жеңімпазы (2015 ж.), 2013 жылы «Қазақстанның ең үздік та­уары» конкурсында 3-ші орынды еншілеген. Отандық тауар өндірушілер арасында өткен «Халық маркасы» байқауына қатысушы, 2015 жылы ауылшаруашылық тауарларын сататын бауырсақ дүкенін ашты. Оның «Сағып» шаруа қожалығында 36 адам жұмыс істейді. Мұнда тәулік сайын өндірілетін бие сүтінің көлемі 1,2 тоннаны құрайды. Ресейге қымыз тасымалдау үшін «РусТрейд» ресейлік компаниясымен меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта Қытайға қымыз бен құрт жеткізу үшін келісімшартқа қол қойылмақ. 2006 жылдан 2011 жылға дейін «Кушманова» жеке кәсіпкерлігіне басшылық етті. Қазіргі уақытта «Сағып» шаруа қожалығының басшысы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуда. Тұрмыс құрған, 3 баласы бар. Хоббиі: жылқы өсірумен айналысады. Елена Владимировна ЛЕВИНА, жиһаз фабрикасының басшысы. 43 жаста, орыс, Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Мәскеу гуманитарлық академиясын әуелі «Менеджмент» мамандығы бойынша, кейін «Юриспруденция» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол қайың ағашынан жиһаз жасап шығарумен және сатумен айналысатын отбасы бизнесін құрды. Левиндердің отбасылық бизнесі жақсы дамып келеді. Кәсіпорында 160 адам жұмыс істейді. Өнім елімізде кеңінен танымал, Ресейге де жеткізіліп тұрады, атақты «ИКЕА» жиһаз фабрикасына тауардың алғашқы партиясын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылды. «Левин» кәсіпорны көптеген республикалық және облыстық конкурстардың жеңімпазы. Атап айтқанда, «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Жылдың үздік кәсіпкері». Сондай-ақ, «Ажар» Қазақстан әйелдерін қоғамдық мойындау ұлттық сыйлығының лауреаты (2012, 2015 жж.). Шығарылған өнім сапасы үшін компания 5 медальмен (3 күміс, 2 қола) марапатталған. Тұрмыс құрған, 4 баласы бар. Хоббиі: поэ­зия (екі өлең жинағын шығарған), сурет салу, қолөнер, моншақпен кестелеу. Лариса Сергеевна МИТРОХИНА, студент, қазақ тілі бойынша байқаулардың жүлдегері 19 жаста, орыс, Алматы облысында тұрады. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемле­кеттік университетінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша 1 курс студенті. Көксу ауылшаруашылық колледжін бітірген. «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы саяси мектебінің 2014 жылғы түлегі. Лариса Митрохина қазақ тілін де жетік меңгерген, Абай өлеңдерін жатқа оқиды. Мектеп пен колледжде олимпиадаларға, мәнерлеп оқу байқауларына және басқа да мемлекеттік тіл шараларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жастар ісі жөніндегі комитеттің мүшесі бола жүріп, Лариса университеттің қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Студенттер мен қала жұртшылығы алдында жиі сөз сөйлейді. Сондай-ақ, Студенттер ассамблеясының мүшесі, Қазақстан мен басқа елдердің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қызығушылық танытады. Лариса елгезек әрі жүрегі жұмсақ жан. Оның бастамасымен студенттер арасында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету үшін «Жүректен жүрекке...» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Тұрмыс құрмаған. Хоббиі: спортпен шұғылдану (волейбол, баскетбол). Маргарита Тәукенқызы НҰРМАҒАНБЕТОВА, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры. 42 жаста, қазақ, Қарағанды облысында тұрады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Химия» мамандығы бойынша бітірген. Химия ғылымдарының кандидаты. Профессор О.Ш.Құрманәлиев атындағы сыйлықтың лауреаты. М.Нұрмағанбетованың басшылығымен «Мұрагер» мектебі 2013-2015 жылдары ғылым негіздері бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде «Үздік олимпиадалық команда» болып танылды. Олимпиадалық қозғалысқа адалдығы үшін мектеп «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды. М.Нұрмағанбетованың ғылыми зерттеулерінің негізгі нәтижелері ресейлік «Жалпы химия», «Органикалық химия» журналдарында, сондай-ақ «Russian Jornal of General Chemistry» журналында жарияланды. Жыл сайын республикалық және халықаралық конференцияларға қатысып тұрады. Еңбектерінің тізімі 70 жарияланымнан асады, олардың ішінде 1 авторлық куәлігі де бар. Ұл тәрбиелеп отыр. Хоббиі: музыка, жүзу, волейбол, үстел теннисі. Перизат Ерболатқызы ОРАЛБАЕВА, селолық округ әкімі 30 жаста, қазақ, Шығыс Қазақстан облысында тұрады. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Жерге орналастыру және жер ресурстары» мамандығы бойынша, «Көкше» академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Аягөз ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман болып бастаған. Кейін Үржар аудандық статистика бөлімінің жетекші маманы, 2013 жылдың қазанынан Ақтоғай кенті әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2014 жылдың шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Үшбиік селолық округінің әкімі болып табылады. Әкім лауазымында жұмыс істегеннен бері 2014 жылы ауылдық клубтың ағымдағы жөндеуі, 2015 жылы су құбырлары жүргізіліп, көше жарықтандырылды. Білікті басшы беделіне, жоғары ұйымдастырушылық әрі көшбасшылық қасиеттерге ие, ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген жан. Тұрмыс құрған, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Хоббиі: кітап оқу, шахмат ойнау, волейбол және баскетбол. Шолпан Викторқызы СЫЗДЫҚОВА, «Деловой Мир Астана» баспасының директоры, бас редакторы. 39 жаста, қазақ, Астана қаласында тұрады. «Отбасым» журналының бас редакторы, «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы болып табылады. Отандық кітап басып шығару индустриясын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Оның басшылығымен 130-дан аса кітаптар басылып шығарылды. Олардың тұсаукесер рәсімдері халықаралық көрмелер мен Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде өткізілді. Олардың ішінде: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1991-2014 жылдардағы қызмет хроникасы (20 томдық), «Жаңа Қазақстан» сериясы (12 кітап), екі тілдегі «Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаяны», «Мәңгілік Ел», «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол», «2050 Стратегиясы» үш томдығы және басқалары бар. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» және «Ақпарат саласының үздігі» ведомстволық медальдарымен марапатталған. Тұрмыс құрған, 4 баласы бар. Хоббиі: кітап оқу, сурет салу, қазақстандық пошта маркалары мен монеталар коллекциясын жинаушы. Дінзухра Нұрғисақызы ТІЛЕНДИЕВА, актриса, оркестрдің бас дирижері. 31 жаста, қазақ, Алматы қаласында тұрады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестр дирижері факультетін тәмамдаған. «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері болып жұмыс істейді, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. КСРО халық әртісі, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің қызы. Дінзухра – ТМД-дағы ең жас дирижер қыз. Жастайынан музыкамен әуестенген. Әкесі жазған 500-ден астам туындыны жатқа біледі әрі көптеген қазақ ұлттық аспаптарында ойнай алады. Дінзухра 4-сыныпта жүріп-ақ «Отырар сазы» оркестрімен бірге Моцарттың 8-ші концертін тамаша орындап шыққан. Ол кездері бұл оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің өзі дирижерлік ететін. 2009 жылдың шілдесінен бастап Дінзухра Нұрғисақызы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері болып табылады. Тұрмыс құрған, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Хоббиі: ат спорты, аспаздық. Алтынай Қанаділқызы ТОҚПАНОВА, көп балалы ана. 41 жаста, қазақ, Жамбыл облысында тұрады. «Күміс алқа» иегері, «Алтын алқамен» марапаттауға ұсынылған. Алтынай қазіргі уақытта үй шаруасымен және 7 баланы тәрбиелеумен айналысады. Үлгілі отбасының отанасы. Мектеп жасындағы 4 баласы «өте жақсы» және «жақсы» оқиды. Түрлі байқауларға қатысады. Спорттық жарыстардың жүлдегерлері. 3 баласы балабақшаға барып жүр. Жұбайы Жамбыл теміржол бөлімшесінде пойыз диспетчері болып жұмыс істейді. Теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 16 жыл. Алтынайдың айтуынша, олардың отбасында теміржолшылар әулеті қалыптасып келеді, себебі, ол өзі мен жұбайы екеуі ғана емес, оған қоса, қайын ағасы да балаларымен осы салада еңбек етеді екен. Сонымен қатар, оның әкесі 30 жылдан астам уақыт Қазақстан теміржолында жұмыс істепті. Отбасының көп балалы болу дәстүрі де ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алтынайдың қайын енесі де 10 бала тауып өсірген Батыр ана болып табылады. Хоббиі: би, аспаздық, кітап оқу, ағылшын тілі. Жазира Әбдірахманқызы ЖАППАРҚҰЛ, ауыр атлетші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 23 жаста, қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің дене шынықтыру және спорт факультетінің 2-курсында оқиды. Көп балалы отбасында туған. Бала кезінде футбол ойнауды жақсы көреді екен. 8 жасынан бас­тап зілтемір көтерумен әуестенген. 2010 жылы алғашқы зор жетістіктерін көрсете бастады. Азияның жасөспірімдер чемпионатында 2-ші орынды иеленді. Осы жылы ол Жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы атанды. 69 килоға дейінгі санатта жасөспірімдер арасында 2012 жылғы әлем чемпионы, Алматы және Хьюстон қалаларындағы (2014) Әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тұрып, жаттығуда. Тұрмыс құрмаған. Хоббиі: музыка, салт атпен жүру.