Әрбір сайлауға қатысушының сайлау туралы заңнаманың негізгі ережелерін белгілі бір дәрежеде білуі тиіс екені анық. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Конституция мен сайлау туралы заңнаманың нормаларын түсіндіру жұмысының түрлі нысандары мен әдістерін қолданады.
Осы мақаланың мақсаты – сіздерді партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға және мәслихаттар депутат-
тығына кандидаттарға сайлау науқанының барлық кезеңдерінде тең жағдайлардың жасалуына кепілдік беретін және қамтамасыз ететін конституциялық және заңнамалық нормалармен таныстыру.
Сіздердің кез келген сайлау негізделетін қағидаттармен таныс екендеріңіз даусыз. Жалпыға бірдейлік, теңдік, сайлау құпиясы, тікелей дауыс беру – бұл әр азаматтың сайлаудағы мәртебесін, жағдайын айқындайтын сайлау құқығының халықаралық қағидаттары.
Сайлауға белсенді сайлау құқығына ие, 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қатысады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
Сондай-ақ, сайлауды ұйымдастырудың оның демократиялылығының негізін қалаушы ұйымдастырушылық, оның ішінде әлеуметтік жағдайларды сипаттайтын жалпы қағидаттары да бар. Сайлау құқығының демократиялық қағидаттары сайлау бостандығын, таңдаудың болуын, кандидаттардың баламалылығын, жарыспалылығын, бәсекелестігін, сайлаудың мерзімділігі мен тұрақтылығын, сондай-ақ саяси партиялар мен кандидат-
тар мүмкіндіктерінің теңдігін қамтиды.
Демократиялық сайлауды өткізудің қағидаттары 1948 жылғы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясында, 1996 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, 1990 жылғы Копенгаген құжатында, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының «Қоғамдық істерге қатысу құқығы, сайлау құқықтары және мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығы» туралы 1996 жылғы 25 Жалпы түсіндірмесінде және басқа да халықаралық құжаттарда баяндалған.
Осылайша, Халықаралық пактіде «әр азаматтың қандай да бір кемсітушіліксіз және негізсіз шектеулерсіз жалпыға бірдей, жасырын дауыс беру арқылы тең сайлау құқығы негізінде өткізілетін және сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін шынайы мерзімді сайлауда сайлану құқығы мен мүмкіндігі болуға тиіс» екені айқындалды.
Сайлау процесі – сайлау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі және ол бірнеше кезеңнен тұратынын атап көрсеткен маңызды. Сайлау процесінің кезеңдері белгілі бір ұйымдастырылу, тұрақтылық, тұрлаулылық және болжамдылық деңгейін қамтамасыз ететін нормалардың қалыптасқан жүйесімен реттеледі.
Кез келген сайлау процесінің алғашқы кезеңі – бұл сайлаудың тағайындалуы. Дауыс берудің бірыңғай күнін белгілеу сайлау науқанына қатысушылардың барлығы үшін сайлауды уақтылы өткізудің кепілдігі болып табылады және оларды тең жағдайларға қояды.
Сіздерге 2016 жылғы 20 наурызда Қазақстанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутатын және барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутатын жалпыға бірдей, жасырын дауыс беру арқылы тең және төте сайлау құқығы негізінде сайлау болатыны белгілі.
Биылғы жылғы 21 наурызда Парламент Мәжілісінің 9 депутатын сайлау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс XXIII сессиясы өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен сайлау туралы заңнамасында сайлауға қатысатын саяси партияларға қойылатын талаптардың Ассамблея сайлайтын Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптармен бірыңғай екені туралы дәйек ешкімнің таласын тудырмас.
Саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу кезеңдері уақыт шеңберлерімен айқындалған. 19 ақпанда 6 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу аяқталды. Саяси партиялардың партиялық тізімдеріне енгізілген барлық адамдар Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ретінде тіркелді.
23 ақпанда Қазақстан Республикасының 213 мәслихатының депутаттығына кандидаттар тіркелді. 3335 сайлау округі бойынша 11 мың 541 адам ұсынылды, ал мәслихаттар депутаттығына 10 мың 825 кандидат тіркелді.
Партиялық тізімдерін ұсынған партияларға, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға тіркелу кезінде бірдей талаптар қойылады, оларға сай тиісті сайлау комиссиялары тіркеуді партиялар мен кандидаттар Сайлау туралы Конституциялық заңда айқындалған құжаттар тізбесін белгіленген мерзімдерде ұсынғаннан кейін жүзеге асырады.
Дауыс беруге екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды одан шығару туралы шешім қабылдауға, кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден алынған кандидатты қалпына келтіруге болмайтынына сіздердің назарларыңызды аударамыз.
Кандидаттар қызметінің кепілдіктері Сайлау туралы Конституциялық заңның 47-бабында қамтылған. Олар кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы екеніне негізделген. Кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ, iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды. Кандидаттардың сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек өтіліне есептеледi.
Бұл бапта Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға ғана қатысты кепілдіктер белгіленген. Осылайша, қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ, олар Мәжіліс депутаты ретiнде тiркелгенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
2016 жылғы 20 ақпаннан бастап партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін, ал 24 ақпаннан бастап мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін 18 наурызда 24 сағатта аяқталатын сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталады.
Пікірлер плюрализмі мен көппартиялылықтың қазіргі заманғы жағдайларында сайлау алдындағы үгіттің рөлі күрт артып отыр. Саяси партиялар мен кандидаттар мүмкіндіктерінің теңдігі, ең алдымен, олардың материалдық және ақпараттық ресурстарының шамалас теңдігін жорамалдайды. Мұндай теңдікті кез келген партия үшін сайлау өткізуге барынша жоғары шығыстар деңгейін белгілеу, ұйымдар мен жекелеген адамдардың партиялардың және кандидаттардың сайлау қорларына жарналарының мөлшерін шектеу, оларға теңдік қағидаттарының негізінде бұқаралық ақпарат құралдарында тегін уақыт беру және т.б. есебінен қамтамасыз етуге болады.
Әрине, сайлау алдындағы үгітті нормативтік-құқықтық реттеу – бұл партиялар мен кандидаттар қызметінің тең жағдайлары мен кепілдіктерін қамтамасыз ететін жалғыз ғана құрал емес. Көпшілігі әлеуметтік, саяси және әлеуметтік факторларға да байланысты. Алайда, құқықтық реттеусіз болмайды, өйткені, ол қалыпты ұйымдастырылған үгіт науқанының негізгі шарты болып табылады.
Партиялар мен кандидаттардың сайлау қорларын құруға тең құқығын қарастырайық. Саяси партияның сайлау қорының ең жоғары сомасы – 342 млн. 885 мың теңгеден, ал мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорының ең жоғарғы сомасы – 13 млн. 715 мың 400 теңгеден аспауы тиіс.
Өзін өзі ұсыну жолын таңдай отырып, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар осылайша өз сайлау қорының рұқсат етілген мөлшерін 13 млн. 715 мың 400 теңгеден 9 млн. 143 мың 600 теңгеге дейін қысқартатынын айтып, қарсы уәж келтіруге болады. Ал қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған және олардың мүшелері болып табылатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттар осы қоғамдық бірлестіктердің 4 млн. 571 мың 800 теңге мөлшеріндегі қаражатын пайдалана алады.
Иә, бұл – шындығында да солай. Сонымен бір уақытта, бастапқыда-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ретінде ұсыныла отырып, тең жағдайларда болады. Қоғамдық бірлестіктен немесе өзін өзі ұсыну жолымен ұсынылу тәсілін тек кандидаттың өзі ғана айқындайды, басқа ешкім емес.
Әрине, қаржылық фактор сайлау науқаны кезеңінде соңғы рөл атқармайды. Партияның немесе кандидаттың ақшалай қаражаты қаншалықты көп болса, олардың жеңіске жету мүмкіндігі де соншалықты көп.
Сайлау туралы Конституциялық заңда партиялық тізімдерін ұсынған партияларға және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау науқанын жүргізуде, сайлау алдындағы үгітті өткізуге және олардың мүдделерін білдіруде көмек көрсететін олардың сенім білдірген адамдарының санын белгілеу кезінде тең жағдайлар жасау көзделген. Партиялар мен кандидаттардың тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне саны үш адамнан аспайтын сенім білдірген адамдары болуға құқылы.
Бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады. Бізде 9840 сайлау учаскесі құрылды. Тиісінше, әрбір партияның 29 мың 520-дан аспайтын сенім білдірілген адамы болуға тиіс.
Сайлау туралы Конституциялық заңда мемлекеттік органдардың кандидаттар болып тіркелген немесе тіркелген партиялық тізімге енгізілген лауазымды адамдарына олардың лауазымдық немесе қызметтік жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салу бөлігінде бірыңғай талаптар қойылатынын атап өткен маңызды. Қандай артықшылықтар туралы сөз болмақ.
Кандидаттың немесе партиялық тiзiмін ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк орган орналасқан үй-жайды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, артықшылықтардың бірі болып табылады.
Екінші артықшылық – мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының өздеріне бағынышты адамдарды сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тартуы. Аталған адамдар лауазымды адамдардың сенім білдірілген адамдары ретінде тіркелген жағдайда ғана оларды сайлау алдындағы үгітті жүргізуге тартуға рұқсат етіледі.
Республикалық бюджет қаражатынан кандидаттар және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жинағымен бірыңғай пішімдегі, сайлау комиссиялары мен дауыс беруге арналған үй-жайларда орналастырылатын ақпараттық плакаттарды дайындауға ақша бөлінетініне сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.
Сайлау туралы заңнамада кандидаттар мен партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына кедергісіз және тең қол жеткізу құқығы берілген. Аталған нормаларды іске асыру шеңберінде Ортсайлауком БАҚ-тардың сайлау науқанының барлық кезеңдері мен рәсімдерін жария ету кезіндегі қызметін бақылауды жүзеге асырады.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп 16 республикалық телеарнаға, 12 радиоарнаға, 48 республикалық газетке, 15 журналға, 31 өңірлік телеарна мен 174 өңірлік газетке, сондай-ақ, 162 ең танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсқа күн сайын мониторинг жүргізіп отырады.
Мониторинг нәтижелері мемлекеттік БАҚ-тардың жаңалық және талдау бағдарламаларында партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу процесінің, сондай-ақ, партиялар ұйымдастыратын сайлау алдындағы іс-шаралардың тең жариялануын қамтамасыз ететінін растап отыр. Олардың үгіттік баспа, бейне және дыбыс материалдары тең жағдайда орналастырылуда.
Саяси партиялар олар үшін Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы саяси пікірталастарға қатысу арқылы тегін эфир уақытын алу құқығын пайдалана алады.
Мәслихаттар депутаттығына әрбір кандидатқа мемлекет БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін, үгіттік баспа материалдарын шығару үшін, сайлаушылармен кездесулер үшін үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу үшін және көліктік шығыстар үшін бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Ортсайлаукомның қаулысына сәйкес облыстық, Астана және Алматы қалаларының депутаттығына кандидатқа үгіт іс-шаралары мен көліктік шығыстарына республикалық бюджет қаражатынан 245 мың теңге, ал қалалық және аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидатқа 153 мың теңге бөлінді.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық тіркелген кандидаттар мен саяси партияларға олар үшін шарттық негізде эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кезінде тең жағдайлар жасауға тиіс.
Егер БАҚ кандидаттардың, саяси партияның біріне эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруге келісім берсе, онда бұл басқа кандидаттарға, саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруге келісу болып табылады.
Әкімдіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттар мен саяси партияларға бірыңғай және бірдей жағдайларда шарттық негізде сайлаушылармен кездесулері үшін үй-жайлар береді. Кандидаттардың бөлінген үй-жайда сайлаушылармен кездесулер кестесін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесіп жасайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Тең құқықтар қамтамасыз етілетін жағдайларда кандидаттар мен саяси партиялардың үгіттік баспа материалдары әкімдіктердің тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп айқындалған жерлерде орналастырылады.
Сонымен қатар, кандидаттар мен партиялар үгіттік баспа материалдарын тиісті нысанның меншік иесінің рұқсатымен өзге жерлерде орналастыруға құқылы.
Кандидаттар мен партиялар шығарған барлық үгiттік баспа материалдарына қойылатын бірыңғай талап олардың осы материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жер мен таралымы, тапсырыс берген адамдар, қандай қаражаттан төленгені туралы мәлiметтерді қамтуға тиiс екендігіне негізделген.
Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстанның аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Сайлауды әзірлеу мен өткізу барысын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, тең жағдайларды қамтамасыз ету процесінде басты рөл азаматтық қоғам институттарына, прокуратура органдарына, байқаушыларға, сенім білдірілген адамдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және біздің еліміздің азаматтарына тиесілі екені даусыз.
Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының, сайлау құқығының халықаралық қағидаттарының талаптарын сақтай отырып, еркін, демократиялық сайлау өткізу, кепілдіктердің сақталуы мен сайлау науқанының қатысушылары үшін бірдей жағдайлардың жасалуын бақылау – бұл, міне, сайлау комиссиялары мен өзге де сайлау ұйымдастырушылардың жұмысы бағынған негізгі өлшемдер.
Татьяна Охлопкова,
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.