Елімізде қазіргі уақытта ерекше саяси науқан жүріп жатқаны белгілі. Уақыт талабына сай, жоғарғы заң шығарушы орган – Парламенттің Мәжілісі және жергілікті сайланатын органдар – мәслихаттардың құрамы жаңартылмақ.
Жоғарғы органға депутаттар партиялық тізімдер арқылы сайланатын болса, мәслихат депутаттығына кандидат болып, қоғамдық ретте жұмыс атқаруға, ұжымдардың ұсынысы мен азаматтардың жеке өзін өзі ұсыну арқылы тіркелетіні белгілі.
Қазіргі кезеңде депутаттыққа ел қамын ойлайтын, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін таба білетін, білімді де білікті азаматтар келгені ләзім екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ондай азаматтар арамызда аз емес, соның бірі Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің Төралқа мүшесі, «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев.
Бекет Тұрғараев 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Талдыбұлақ ауылында туған. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен соң еліміздің сот саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Еңбек жолын облыстық соттың тәлімгерінен бастап, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағасы қызметтеріне дейін көтерілді. «Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері», республиканың «Құрметті судьясы» атақтарының, «Алтын барыс» омырау белгісінің, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атанды.
Солтүстік Қазақстан облысында он жыл қызмет атқарған жылдары өзінің негізгі қызметінен тыс «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруда қоғамдық-мәдени сала бойынша қыруар жұмыстар атқарды.
2010 жылы еңбек демалысына шыққаннан кейін қоғамдық-мәдениет саласында да өнегелі еңбек жасады. Оның ішінде Пір Бекеттің 260 жылдығына орай «Ел иесі, жер иесі Пір Бекет» атты халықаралық конференцияны жоғарғы дәрежеде өткізді. Соның нәтижесінде «Бекет ата-260» деп аталатын ғылыми-танымдық кітап шығарылып, республиканың мәдени ошақтары арқылы көпшілік оқырманға кең таралды.
Б.Тұрғараев Жаңаөзен оқиғасына байланысты құрылған республикалық қоғамдық комиссияның жұмысына белсенді араласып, білікті заңгер ретінде лайықты үлес қосты. «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорын құрып, бірталай игі істердің атқарылуын қамтамасыз етті.
Оның ішінде Қожаберген Толыбайсыншыұлының 350 жылдығына орай Алматы және Астана қалаларында халықаралық қоғамдық конференциялар өткізіп, қорытындысы бойынша «Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы» атты көркем безендірілген ғылыми танымдық кітап және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай «Президент және құқықтық реформа», «Салтанат» атты көлемді кітаптар шығарды.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданында «Бабалар рухына тағзым» кешенін салтанатты түрде ашып, сол мекеннен соғысқа аттанып елге оралмаған 384 боздақтың аты мәрмәр тасқа жазылып, мәңгілік алау оты жағылып, «Ерлер есімі ел есінде» деген 21 метрлік алып монумент тұрғызылды.
Б.Тұрғараев Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің, оның Төралқасының мүшесі ретінде бірталай жұмыстар атқаруда. Ол жастарға патриоттық тәрбие беру тұрғысында көптеген оқу орындарында жеткіншектермен кездесіп, құқықтық реформалар тұрғысынан салиқалы да салмақты әңгімелер өткізді. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері арасында да жиі кездесулер өткізіп, ақсақалдардың мұң-мұқтажын тыңдап, ол қиындықтардың тындырымды шешілуіне ықпал жасауда.
№21 сайлау округі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының мәслихатына депутат болып тіркелген Бекет Тұрғараев мырза сөзі мен ісі алшақтамайтын жан. Ол ел қамын ойлай білетін, білімі, тәжірибесі, қайрат-жігері мол, алдына қойған мақсат-мәселелерді шеше алатын азамат.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы.
Жарияланым ақысы депутаттыққа кандидаттың жеке сайлау қорынан төленді.