10 Наурыз, 2016

Жылдың қайырымды адамы

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2346_okoОңтүстік Қазақстан по­литехнологиялық кол­лед­жінің директоры, экономика ғылымдарының докторы Амангелді Сопбековті жұрт әртүрлі бағалайды. Біреулер пысықтығын ұнатпай «Өй, қойшы соны» десе, екіншілері «Әй, жігіт болсаң Амангелдідей бол» дейді. Әсілінде, адамға баға беру қиын. Ал, елдің бәріне ұнайтын адам жоқ, бола қалса сол мақтаулы адамыңызда сіз бен біз білмейтін бір кінәрат болуы әбден мүм­кін. Бар мақтау тек Жаратқанға ғана жарасады. Редакция тапсырма берген. Ел ішінде жұртқа пайдасы тиіп жүрген, жоқ-жетімнің басын сипап, көз жасын сүрткен, қайырымды жандар туралы көбірек жазуымыз керек екен. Ана бір жылы Өскеменде жылдық мөлшерден әлденеше артық қар жауып, ауыл-ауылдарды су басып, ел абыржып жат­қанда Шымкентте жүріп алаңдаған Амангелдіні көргем. – Көке, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үйін су алып тарыққан отбасыларға кәсіпкерлерден жәр­дем сұраған екен. Құдай басқа түсірмесін, оларға ақ қар, көк мұзда оңай болып жатқан жоқ. Екі КамАЗ жалдап, ұн жіберіп жатырмын, – деген. Ойпыр-ай, деп қалдым. Алыстағы аға­йынға Қазақстанның бір түкпірінде отырып жаны ашып көмек бергеніне сүйсінгенбіз. Амангелді Сопбеков Сарыағаш ауданы Бозай ауылының түлегі. Сонау бір жылдары Сарыағаштың Қызыләскер бағытындағы ауылдарынан 2 мыңға тарта үйді қарғын су алған. Қырдан құба қалмақтай жөңкілген қарғын жолындағысын жаңқадай ағызып әкетіп жатқанын көзіміз көрген. Сонда да осы Амангелді машина-машина азық-түлік тасып, қанатымен су тасыған қарлығаштай шырқырап еді-ау. Су алған Ошақты ауылына 2 КамАЗ ұн, 2 КамАЗ жылы киім, апта бойы ыстық қаумет жіберген. Мешіт Алла тағаланың жердегі үйі делінеді. Осы Амангелді қырыққа тарта мешітке көмек қолын созыпты. 2009 жылы қолы қысқа­лы­ғынан протезге жете алмай жүрген 9 азаматқа қаржысын төлеп берді. Сарыағаш ауданы Біртілек елді мекеніндегі көмекке мұқтаж 38 үйге көгілдір отын кіргізіп берді. Арыс қаласындағы Т.Тә­жі­баев атындағы балалар үйінің тамағына деп 50 қой апарды. Үш жыл бойы 154 баланы қам­қорлығына алып, қажеттерін айырды. 500 жетім баланың жазғы лагерьде демалу құнын төлеп берді. Ардагерлер үйі «Сопбеков бізге автобус алып берді», Сарыағаштағы спорт мектебінің жас өрендері жарыстарға «Амангелді ағамыз мінгізген машинасымен барып жүрміз», деп мақтанады. Ел болған соң телі-тентек болмай тұр­майды. Оларды ұлтқа бөліп, ел ішін ала тайдай бүлдірмей тезге салатын азаматтар керек. Сарыағаштағы осындай оқиға ортасында екі жаққа ақыл салып, бәрін заң аясында шешіп жүрген жақсылардың ортасынан тағы да Амангелдіні көрдік. – «Көп ұлтты болу біздің бақытымыз», деп Елбасымыздың өзі айтқан, – дейді ол. – Күні кеше Тәуелсіздік алғанымызда Қазақстанға қилы жағдаймен келген ұлттар мен ұлыстар жан-жаққа тартпай, мемлекеттігімізді қол­дады. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Мәңгілік Елге ай­налып жатсақ, олар да біздің бөлінбес бөлшегіміз. Біреу жақтырмайтын, біреу жақсы көретін, алайда, екі жаққа да ұнауға тырыс­пайтын, өз шаруасын білетін, артық қаржысын жүдеген жұртының иығына жаба­тын Амангелді Сопбеков деген азаматыңыздың қалпы осы. Осындай имандылық істерімен ол былтыр «Алтын жүрек» қоғамдық қорының «Жыл­дың қайырымды адамы» номинациясына ие болды. Адамның болмысы оның қайырымдылық істерімен өлшенеді. Қазақтың бір кәсіпкері Амангелді сияқты жетім-жесірдің маң­дайынан сипап, көмегін беріп жүрсе жүдеген көңілдерді көрмес едік. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.