10 Наурыз, 2016

Құс өсіруші

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сурет. құс өсірушіМәртөктіктер Мила Сторо­же­ваны кәнігі құс өсіруші ретінде жақсы таниды. Оның да жөні бар. Негізгі мамандығы басқа бол­ғанымен оның құс өсірумен айналысқанының өзіне 35 жылдан асты. Бастапқыда Мәртөк поселкесіндегі «Дзержинский» кеңшарының инкубатор стансасында еңбек етіп жүрген ол бұл кәсіпке шын көңілімен беріліп кеткенін байқамай да қалды. Кеңес Одағы тарап, одақтас рес­­публикалар өз алдына отау тігіп, егемендік алғаннан кейінгі өліара шақтағы дағдарыс бұл кәсіпорынды да айналып өтпеді. Шаруашылықтар банкротқа ұшы­рып, инкубатор стансасы ешкімге керек болмай қалды. Өзі ыстығына күйіп, суығына тоңған шаруаның тіні шіріген жіптей тарқатылып, инкубатор стансасына құрып кету қаупі төнді. Сол кезде әркімнің үлесін бөліп беру басталды. Тәуекелге бел буып кәсіпорынды алашақ еңбекақысы есебінен өзінде қалдырды. Жетпегенін біртіндеп өнім өткізіп, өтей бастады. 1999 жылы қарыздан толық құтылған Мила Викторовна инкубатор стан­сасын басы бүтін өзіне қа­ратып алды. Сөйтіп, өмірге «Анас­­тасия» жеке кәсіпкерлігі келді. Дағдарыс дендеген өлара шақта инкубатор стансасының жұмысын жолға қою, балапан бас­тырып шығару және оны өткізу оңай шаруа емес еді. «Рәсуа болған қаржы ғой, кәсіпорынның келешегі жоқ», деп сәуегейлік танытқандар да болды. Бірақ, ол алған бетінен қайтпады. Оның үстіне ескі болса да инкубатор қон­­дырғылары жұмыс істеуге жарамды еді. Кейбір бөлшектерін жаңартты, бұзылғанын жөндеді, әйтеуір, кәсіпорынды талан-та­ражға түсуден сақтап қалды. Экономикалық дағдарыс ең­серіліп, халықтың жағдайы кө­теріле бастасымен кәсіпорын жұ­мысы да жандана бастады. Тырбанып тірлік жасады, үй­­рек пен қаз балапандарын шығарып, әуелі ауылдастарына өткізуді жолға қойды. Кейін көрші ауылдарға шығарды. Ин­кубатордан шығарылған ба­ла­­пандарға сұраныс бар еке­ні аңғарылды. Халық балапан өсірудің тиімділігін көріп, 200-300-ден сатып алып, өсіріп, от­басылық тұрмысын түзеді. Сұраныс бола түскен сайын кәсіп­орынның бойына қан жүгіріп, ілгері күннен үміттендіре түсті. Сөйтіп, кәсіпорынның екінші тынысы ашылды. – Бұрын ауылдықтар 100-200-ден балапан сатып алатын-ды, қазір көршілес Ресейден де балапандар әкелінуде. Соның өзінде сұраныс бар. Инкубатордың қуаты жылына 90 мың балапан шығаруға жетеді. Алайда, әзірге қондырғының толық қуатында жұмыс істеуіне жетісе алмай келеміз. Оның әртүрлі себептері де бар. Бәсекелестік артты, біздің жұмысымыз маусымдық болып келеді. Жаз айларында 40 мың үйрек, 30 мың тауық балапандарын шығарып, сатамыз. Аздап қаз, бөдене балапандарын да ұсы­намыз. Болашақта балапандарды өздеріміз өсіріп, сауда орын­дарына шығаруды қолға алмақпыз. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге жеңіл­де­­тілген несие алдық, – дейді кәсіпкер келіншек. Қазір инкубатор балапандары көршілес аудандарға өткізіледі, Ақтөбе базарларындағы өздерінің арнаулы сауда орындарында сатылады. Шүкір, таңдау бар. Бройлер, голландиялық және үй құстарының балапандарына Ақтау мен Атыраудан құда түсіп келіп, көтере сатып алушылар қатары көбейе түсуде. Мәртөктіктердің аулаларында құс балапандарын өсірмейтіндері сирек. Бәрі де «Анастасия» же­ке кәсіпкерлігінің инкубато­ры­нан шыққан балапандарды сатып алуға ынталы. Мила Сто­рожеваның өзі де балапандарды ауласында ұстап, өсіреді. Былтыр алғашқы қар жауғанша үйрек және қаздың балапанын өсіріп сатып еді, біраз қаржы болды. Қазір мұнда 6 жұмысшы еңбек етеді. Олардың еңбекақылары тәуір. Мила Сторожева аудандық жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жоғарыда осы орталық арқылы 3 миллион теңге несиеге қол жеткізгенін айттық. Енді жастар тәжірибесіне мал дәрігері, зоотехник мамандарын тартуды ойластыруда. Жалпы, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бергі уақытта көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, несие алуға қол жеткізген. Соның бірі «Анастасия» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Мила Сторожева өз бизнесінің күн өткен сайын қалыптасып, ая­ғынан тік тұрып келе жатқанына дән риза. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы.