12 Наурыз, 2016

Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары бас қосты

587 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ульба-03-1Шығыс өңірінде 59 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның ішінде 9 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар екен. Осыған орай, Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған жиын өтті. Облыс орталығындағы «Үлбі» қалалық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткен дөңгелек үстелге аталған санаттағы балалардың ата-аналары мен әлеуметтік қорғау мекемелері, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жаннат Омарбекова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның толық мүшесіне айналдыру бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған келелі іс-шараларға тоқталды. Жаннат Әнуарбекқызы Президент Жолдауында назар аударылған мәселеге орай, соңғы екі жыл көлемінде ел аумағында елеулі жұмыстар атқарылғанын, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін тиімді шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрып, бірлесе жұмыс істеу қажеттілігін жеткізді. Астана қаласы мен өңірлерде ашылған оңалту орталықтарының оң нәтиже беріп жатқанын, білікті мамандар даярлау мен емдеу курс­тарын жетілдіру мақсатында шетел тәжірибелері енгізіліп, әріптестік байланыстар орнатылуы Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытында атқарған іс-шараларының нақты нәтижесі екендігін айтты. Сондай-ақ, шы­ғыс өңірінің Бесқарағай ауданын­да ашылған шағын оңалту орта­лығының қызметін үлгі ретінде атаған қоғамдық ұйым жетекшісі, орталықта 15 бала тәрбиеленгеннің өзінде үнемі науқас балаға бас-көз болуға мәжбүр болып отыратын ата-ананың жұмыс істеуіне, баланың оңалуына, басқа адамдардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасалатынын жеткізді. – Басты байлық – денсаулық. Алайда, ешкім ауруды сұрап алмайды. Бұл – сынақ. Тірек-қимыл қозғалысы шектелген жандар да қоғамға өз пайдасын тигізгісі келеді. Жалпы, дауна синдромы қойылған балалар ешқашан алдамайды. Сондықтан, оларды озық елдерде жұмысқа қабылдау үрдісі бар. Біздің елде де осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының бұл санаттағы жандарды қоғамға тарту үшін берген нақты тапсырмалары бар, – деді Ж.Омарбекова. Дөңгелек үстел барысында сөз алған ата-аналар заң­нама­да баспанамен қамту мәселе­сінде жетім және ата-ана қамқор­лығынсыз қалған балаларға бе­рілетін әлеуметтік қорғау мәсе­­ле­сінің мүмкіндігі шектеулі жан­­дарға қарастырылмағанын, тірек-қимыл жүйесі шек­телген балаларға арналған арна­йы мамандандырылған ойын алаң­дары мен балабақшалар, мектептерді пайдалануға беру және жөргек, ортопедиялық аяқ киім, есту құрылғылары, мүге­дек арбалары сынды қажет­тілік­термен қамту жөнінде өзекті ұсыныстарын жеткізді. Жәмила Әмірғалиева баласы­ның кенеттен дертке душар болып, Алматыдағы нейрохирургия­лық орталықта басына ота жасал­ға­нын айтты. Баланы емдеуге бар күш-жігерін арнап келе жатқан ананың өзі бүгінде «Үлбі» орталығында еңбек етеді. – Кәмила есімді қызым Өс­ке­мендегі балаларды оңалту орталығында емделді. Қазіргі кезде дәрігерлік-медициналық қорытындының ұйғарымымен мектепке барып жүр. Бұл мектепте мүгедек баланы қабілетіне байланысты еңбекке баулиды. «Балбұлақ» шипажайында бір ай тегін ем қабылдадық. Жәрдемақы алып тұрамыз. Балам ән айтқанды, би билегенді жақсы көреді. Кәмиланың келешегіне үлкен үмітпен қараймыз, – деді ол. Сондай-ақ, жиынға қаты­сушылар «Үлбі» орталығында емдік-сауықтыру шараларын қабылдайтын мүмкіндігі шектеулі балалар қойған «Шалқан» ертегісін тамашалады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  ӨСКЕМЕН.