Межелер мен міндеттер
Жыл басында министрліктер мен ведомстволардың өткен кезеңде белгіленген межелердің орындалу қорытындыларын шығарып, алдағы міндеттерді айқындайтын алқа мәжілістерін өткізуі дәстүрге айналған. Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен алқа отырысы болып өтті. Онда министрліктің 2010 жылы атқарған қызметі қорытындыланды. Алқа отырысына Байланыс және ақпарат министрлігінің бөлім басшылары, Мәжіліс депутаттары, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары басшылары қатысты. Алқа отырысы соңында Премьер-Министр мен ведомство басшысы министрлік алдына қойылатын 2011 жылдың мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштердің орындалуына міндеттейтін меморандумға қол қойды.
Министрліктің алқа мәжілісі биыл өзгеше басталды. Алдымен Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаровтың әкімшілік-басқару саласындағы, вице-министр Сәкен Сәрсеновтің байланыс және ақпараттындыру саласындағы, вице-министр Нұрай Оразовтың ақпарат саласындағы жұмыс қорытындылары және алдағы міндеттер туралы баяндамалары тыңдалды. Олардың бәрі де жаңа толқын басқарушылардың тың ойларына, терең тұжырымдарға толы болып шықты.
Мұнан кейін министр Асқар Жұмағалиев мемлекеттік телеарналар мен республикалық басылымдар басшыларының өткен жылғы жұмыс жөніндегі есептерін тыңдады. Қанат Сақарияновтың («Хабар»), Жанай Омаровтың («Қазақстан»), Дәурен Дияровтың («Қазақпарат»), Сауытбек Абдрахмановтың («Егемен Қазақстан»), Александр Тараковтың («Казахстанская правда») және басқа мекемелер басшыларының сөздерінде саланың алған асулары мен бағындырар биіктері туралы бірқатар ойлар ортаға салынды. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті С.Абдрахманов кейінгі кезде газет бетінде министрліктер мен ведомстволардың нормативтік-құқықтық актілерінің тым көп көлемде жарияланып жүргеніне назар аударып, оларды алдағы кезде газет сайтында орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл мәселені тиісті заңға «Ресми құжаттар «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде немесе осы басылымдардың сайттарында жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі» деген сипатта түзету енгізу арқылы шешуге болар еді.
Түстен кейін «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев, «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы М. Қадыралиев, «Зерде» АҚ басқарма төрағасы Н.Измайлов өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің баяндамасы алқа мәжілісіне Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысқан тұста жасалды. Сала басшысының бүкіл баяндаманы қағазға қадалып тұрмай, емін-еркін жасап шығуы оның өз ісін қаншалықты жете меңгергенін аңғартатыны анық. 2010 жылы байланыс және ақпараттандыру саласында көптеген тың жобалар жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, халықты қолжетімді ғаламтормен қамтамасыз ету, сандық телехабар тарату, электронды үкімет жобасы, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін оңтайландыру, байланыс тарифтерін төмендетуге күш салу секілді жоспарланған істер нақты қолға алынды. Бұл жоспар халыққа қолжетімді және сапалы қызметтерді ұсынуға, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту үшін жағдай жасауға, сондай-ақ тұрғындарға және бизнеске байланыс қызметін көрсету мен электронды қызмет көрсету рыногын дамытуды көздейтін мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға бағытталды.
Өткен жылы Байланыс және ақпарат министрлігі стратегиялық жоспарды жүзеге асыру барысында бірқатар бағыттарды негізге алған болатын. Оның алғашқысы – халыққа, ұйымдарға мемлекеттік электронды қызметтер көрсету және ақпараттық коммуникациялар саласында білім беруді дамытуға қатысу. Осы орайда министрлік халыққа және ұйымдарға мемлекет ұсынып отырған қызметтерге сандық сертификаттар арқылы қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етуді міндетіне алды. Аталмыш міндетті жүзеге асыру мақсатында мемлекет ұсынатын электронды қызмет түрлерін көбейту қарастырылуда. Қазіргі таңда «Электронды үкімет» порталында орналасқан мемлекеттік органдар 74 түрлі электронды қызмет түрін ұсына алады. Соңғы көрсеткіш бойынша тұтынушылар портал арқылы 1 млн. 600 мың электронды анықтама алған. Бұдан өзге Ұлттық куәландыру орталығының 72 тіркеу орталығы құрылып, ҰКО арқылы берілген бүкіл электронды сандық қолтаңба саны 371 054-тен асқан. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызды қызметтерді ұсынуын автоматтандыру мақсатында «е-әкімдік» жобасы жүзеге асырылған. Жаңа жоба аясында қолданушыларға 20-ға жуық мемлекеттік қызмет түрі электронды нұсқада ұсынылады. Лицензия беру үдерісін автоматтандыру мақсатында «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйесі құрылып, 11 лицензия беруші органдардың қатысуымен сынақ аймағында іске қосылды. Электронды лицензиялау жүйесі арқылы 700 лицензия беріліп, 13 824 жазба тіркелген. «Электронды үкіметті» дамыту барысында министрлік жүзеге асырған жаңалықтар тізбегі бұл ғана емес. Астана қаласында қанатқақты режімде қолданысқа енгізілген «Е- нотариатты» қоса алғанда министрлік тәжірибелік негізде 10 түрлі жоба мен мемлекеттік органдардың 200-ге жуық ақпараттық жүйесін біріктіріп, қолданысқа енгізіпті.
Алқа отырысында АКТ саласында пошта байланысы мен телекоммуникацияның қолжетімді, тиімді және сапалы жүйесін құру мақсаты туралы айтылды. Өткен жылы 1000 және одан көп тұрғыны бар елді мекендерді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз етуді міндетіне алған министрлік жоспардағы көрсеткіштерін асыра орындаған. Бұл мақсаттарды орындау барысында министрлік «Қазақтелеком» АҚ-тың телекоммуникациялық желілерін «Next Generation Network» технологиясына көшіру жөніндегі серпінді бағдарламаны жүзеге асырған. Сонымен қатар CDMA технологиясын қолдану арқылы ауылдық жерлердің телекоммуникациялық желілерін жаңарту және дамыту жұмыстарын жүргізген. Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев өз баяндамасында осы секілді атқарылған ауқымды істер туралы кеңірек баяндап өтті. Астана, Алматы және Ақтөбе қалалары үшін өткізу қабілеті 10 Гбит/с құрайтын, ал республиканың басқа аймақтары үшін 1 Гбит/с болатын жоғары жылдамдықтағы IP/MPLS магистралі салынған. Жобаны жүзеге асыру 2010-2013 жылдары ауылдық аймақтарды жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бүтіндей алғанда ақпарат және байланыс 107 пайызға, ал ұялы байланыс абоненттері 20 пайызға көбейген. Ал 4 млн. 300 мың қазақстандық ғаламторды пайдаланса, қалада тұратын халықтың жартысына жуығы интернетке тұрақты қосылған.
Министрлік болашақта интернеттегі домендік атауды 60 мыңға жеткізіп, ал «е-әкімдік» жүйесін 10-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі күні олардың 4-еуі сынақ режімінде жұмыс істеуде. 2011 жылы тек мемлекеттік тілде хабар тарататын «Мәдениет» телеарнасы және жаңа радио ашылмақ. Сондай-ақ білім беру және іскерлік телеарналар ашу да күн тәртібінде тұр. Олар туралы нақты шешім 2012 жылы қабылданады. Алдағы жылы еліміз сандық хабар таратуға көшпек.
Министрліктің өткен жылы атқарған жұмыстарына Үкімет басшысы тарапынан оң баға берілді. Байланыс және ақпарат министрлігіне жиі назар аударып, көңіл бөліп отыратынын жеткізген Үкімет басшысы ақпараттық рынок туралы пікірін де айтып өтті. «Қазіргі күні үйреншікті жаңалық тарататын дәстүрлі ақпарат көздері ғаламторда өмір сүретін дәстүрлі емес ақпарат көздері тарапынан мықты бәсекелестікке тап болуда. Болашақта қарапайым ақпарат тұтынушылары оқиғаны тікелей көру арқылы тілші көмегіне жүгінбейтін уақыт келе жатыр. Осы орайда дәстүрлі БАҚ олардың тарапынан келетін бәсекелестікке шыдас бере алатындай дайындықта болуы керек», деп атап өтті ол. Премьер-Министрдің айтуынша, 2-3 жылдан кейін ақпарат айдынындағы жағдай мүлдем өзгеше болмақ. Біз үйренген кешкі жаңалықтар, ертеңгі күні газетке жарияланатын мақала ескіреді. Мұндай баяу ақпаратқа қажеттілік азаяды».
Жаңа ашылатын арналар мен радиолар, сандық телехабар тарату туралы айтып өткен Премьер-Министр 24 сағат бойы қазақ тілінде ақпарат тарататын, әсіресе аймақтарға тарайтын ақпараттық арналар ауадай қажеттігін қадап айтты. «Балапан» телеарнасы көрермендер тарапынан жақсы баға алуда. Алайда, мұның барлығы қоғамдық бағдарлама, коммерциялық тұрғыда рентабельділігі жоғары болмаса да өте қажет. Бұларсыз мемлекеттік тілдің дамуы және басқа да мәселелер тежеледі, деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Алқа отырысының соңында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Байланыс және ақпарат министрлігінің атқарған жұмыстарына оң баға берді. «2005 жылы Елбасының Үкімет алдына қойған басты тапсырмасы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру болатын. Дағдарыс кезінде біз бұған көңіл бөлдік, дегенмен ендігі жерде бұл тапсырманы қатты қадағалайтын боламыз. Бұл жөнінде министрліктер мен агенттіктерге міндеттер мен тапсырмалар берілуде», деді ол.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.