15 Наурыз, 2016

Орны бөлек онкүндік

590 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс аймағында Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу басталды

bata_eshche-1Шығыс өңірінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар басталып кетті. Биыл Алтай мен Алакөл арасындағы ағайын Наурыз мерекесін ауқымды түрде атап өтіп, ұлық мейрам он күнге ұласпақ. 13 наурыз күні осы онкүндіктің тұсауы кесілді. Әр күннің өз ұраны мен тақырыбы, ортақ мақсаты бар. Бұл дүниелер көктем мерекесінің болмысын бейнелеуге, жалпы адамзатқа тән қасиет-құндылықтарды насихаттау мен бекітуге арналған. Онкүндік шеңберінде облыс көлемінде 600-ден астам қоғамдық маңызы бар шаралар өткізу жоспарланып отыр. Айталық, «Ырыс» күнін­де ауылшаруашылық тауар­ларының жәрмеңкесі өткі­зіліп, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Облыс орталығына Күршім ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен өнерпаздары келіп, өз өнімдерін арзан бағамен ұсынып, мерекелік концерт қойды. 14 наурыз – «Дәстүр» күнінде халық­тық қолданбалы өнер көрме­лері ұйымдастырылып, шебер­лік сағаттары мен қолөнер­шілермен кездесу өтті. «Жаңғыру» күнінде мектеп оқу­шы­лары мен жастардың елді мекендердің дамуына үлкен үлес қосқан, яғни, «Туған жерге – тағзым!» акциясының қатысушыларымен, еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізуі жоспарланған. 16 нау­рыз – «Көктем шуағы» күнін­де «Қызғалдақтар мере­кесі», жастар флэш-мобы, көрмелер, балалар шығар­машылығы байқаулары өтеді. «Қамқорлық» күнінде соғыс және еңбек ардагерлерін Наурыз мерекесімен құттықтау, қарт адамдардың шаруасына қолғабыс ету, балалар үйі мен дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерге бару шаралары көзделген. 18 наурыз – «Жаңару» күні. Бұл күні шығысқазақстандықтар сенбілікке шығып, аулалар мен көшелерді тазалап, тазалық жұмыстарын жүргізбек. «Жара­сым» күнінде оқу орында­рында көне мерекелердің фи­ло­софиялық мәнін ашатын шығармаларға байқау жарияланып, кітапханаларға әдебиет өкілдері келеді. «Қуаныш» күнінде барша білім меке­ме­лері мен ғимараттарға, орталық көшелерге безендіру жұмыстары жүргізіліп, деко­ративті-қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылады. «Шаттық» күнінде бұқаралық мәдени шаралар легі аясында ән мен би байқауы, айтыс, шығармашылық өкілдерімен кездесу өтеді. Ал күн мен түн теңелген, Шығыс халқы ерекше қадір тұтатын 22 нау­рыз – Ұлыстың ұлы күні! Ұлыс күнінде өңірдің барлық қалалары мен аудандарында әз-Наурыз нышандары түгелдей қамтылған мерекелік бағдарламамен бірге, көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге ілу сияқты ұлттық спорт ойын­дарынан жарыс­тар, үздік киіз үй байқаулары өткі­зіл­мек. Жастарға арналған «Алтыбақан», «Айқыш-ұй­қыш», «Ақсерек, көксерек», «Алқақотан» сынды ұлттық ойындар да мереке көркін қыздыра түседі. – Наурыз мерекесі – биыл жыл бойы өтетін өзге мейрамдар секілді, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады. Негізгі мақсат – еліміздегі келісім мен бірлікті арттыру, жалпыұлттық сана мен ортақ мәдени-рухани құнды­лықтар қалыптастыру. Жос­пар бойынша, наурыз айында ұлттық дәстүр мен отбасы құн­дылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған 600-ден астам іс-шара өткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.