16 Наурыз, 2016

Халықаралық қатысушылар хақында

372 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
100-851Ару Астананың жаһандық аренадағы айтулы эстафетасы енді Бүкіләлемдік көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласады. 2012 жылғы 22 қарашада Парижде өткен дүниежүзілік додада 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алған күннен бастап тәуелсіз Қазақстан ұлы шараға дайындық аясындағы Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жобаларын бастап кетті. Жақында елордада әлемнің 102 мемлекетінің өкілдері қатысқан форум өтіп, дайындық барысы тағы пысықталды. Халықаралық көрмелер бюросының басшылығы әзірлікке жоғары баға берді. Қазірдің өзінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын әлемнің 75 мемлекеті мен 14 халықаралық ұйымы растады. Оның ішінде 43 халықаралық қатысушымен келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда. Біз бүгін ел газеті – «Егемен Қазақстанда» арнайы «ЭКСПО-2017 қонағы» атты айдар ашып, елордадағы көрмеге қатысатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды таныстыру үрдісін бастаймыз. Әзербайжан және Боливия Әзербайжан Республикасы – Азия мен Еуропа аралығында, Шығыс Кавказда орналасқан мемлекет. Ол солтүстікте Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Жер аумағы 86,6 мың шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 9,5 миллион адам, астанасы – Баку қаласы. Халқының 83 пайы­зы әзербайжандар. Мемлекеттік тілі – әзербайжан тілі, халқы негізінен ислам дінін ұстанады. Әзербайжанның жер бедерінің үштен екісін Үлкен және Кіші Кавказ таулары, Қарабах жанартаулық таулы үстірті және Талыш таулары алып жатыр. Ең биік жері – Базардүзі (4466 метр). Біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырдың 70-ші жылдары Мидия мемлекеті құрылып, оның құрамында Оңтүстік (Ирандық) Әзербайжанның, кейінірек, Антропатена аталған кіші Мидия облыстары кірді. Бұл мемлекет 150 жылға дейін өмір сүрді. Кейін Антропатена сөзінен қазіргі «Әзербайжан» (грекше, сөзбе-сөз аударғанда «от сақтаушылар елі») деген атау шықты. 17 ғасырдың 30-жылдарының аяғында Әзербайжан Иранның қол астына қарады. 1723-35 жылдары Әзербайжанның Каспий жағалауындағы өңірлерін Ресей жаулап алды. 1805-1813 жылдары және 1826-1828 жылдары орыс-иран соғыстары барысында солтүстік Әзербайжан Ресейге қосылды. 1917 жылы қарашада Әзербайжанда Кеңес үкіметі орнады. 1991 жылғы 30 тамызда Әзербайжанның Жоғарғы кеңесі 1918 жылғы шарт негізінде мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіру жөнінде декларация, ал 1991 жылы 18 қазанда «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөнінде» конституциялық шарт қабылдады. Дербес мемлекет ретінде Қазақстан Республикасымен 1992 жылы 27 тамызда дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Баку БоливияӘзербайжан Республикасының негізгі заңы – 1995 жылы 12 қарашада қабылданған конституция. Мемлекет басшысы – президент. Заң шығарушы жоғарғы органы – тұрақты парламент (Міллі мәжіліс, 125 депутаттан тұрады). Әзербайжан мемлекеті әкімшілік жағынан 59 ауданға бөлінеді, сонымен қатар, құрамына Нахчыван автономиялық республикасы енеді. Әзербайжан индустриялы және ауыл шаруашылығы бар көп салалы ел. Жері мұнай мен табиғи газға бай. Сонымен бірге, бірқатар қазба байлықтары бар. Ел экономкасында мұнай-газ, машина жасау, металл өңдеу, химия және мұнай химиясы өнеркәсіптері маңызды рөл атқарады. Машина жасау саласының мамандану сипаты отын энергетика кешенінің дамуымен сипатталады. Елдің машина жасау кәсіпорындары кеңес дәуірінен бері мұнай мен газ өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар, бірінші кезекте бұрғылау қондырғыларын шығарады. Әзербайжан импортында азық-түлік өнімдері, ал экспортында энергетикалық шикізат басым. Қазақстан мен Әзербайжанның сауда айналымының жалпы көлемі 300 миллионнан астам АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда Әзербайжан Республикасымен бірлескен 34 кәсіпорын жұмыс істейді. Әзербайжан топырағында адамзат өркениетіне өзіндік үлестерін қосқан талай-талай атақты ұландар өмірге келген. Тарих шежіресінде есімі Фирдаусимен қатар аталатын әзербайжандық ақын Низами ХІІ ғасырда өшпес із қалдырды. Низами Гянджеви Ілияс ибн Жүсіп Әзербайжанның Гяндже қаласында туып, өмір сүрген. Осы орайда, ортағасырлық ұлы ақын және ойшыл Мухаммед Физулидің есімін де ерекше атап өткен орынды. Сонымен бірге, музыка әлемінде өшпес із қалдырған Вагиф Мустафа-заде, Кара Караев, Узеир Гаджибеков, Мүслім Магомаев және басқаларды айтуға болады. Боливия Республикасы – ресми атауы Көпұлтты Боливия мемлекеті – Оңтүстік Американың орталығында орналасқан. Боливия солтүстігінде және солтүстік-шығысында – Бразилиямен, оңтүстік-шығысында – Парагваймен, оңтүстігінде – Аргентинамен, оңтүстік-ба­тысында және батысында – Чили және Перумен шекараласады. Астанасы – Сук­ре, ең ірі қалалары – Санта-Крус-де-ла-Сьерра, Кочабамба, Эль-Альто. Мемле­кеттік ресми тілдері – испан тілі, кечуа, аймара, гуарани және тағы басқа 33 тіл. Ха­лық саны – 9,9 миллион адамды құрай­ды. Елдің ұлттық-нәсілдік құрамы – үндіс­тер (негізінен кечуа және аймара) 55 пайыз­ды, метистер 30 пайызды, ақтар – 15 пай­ыз­ды құрайды. Халық ұстанатын негізгі дін – католик (95 пайыз) діні болып табылады. Мемлекет түрі – социалистік, президенті – Эво Моралес. Боливияның жер көлемі 1 098 580 шаршы шақырымды құрайды. Ол әлемде жер көлемі бойынша 27-ші орынды иеленеді. Мемлекеттің ұлттық ақшасы – боливиано. 1532-1538 жылдары қазіргі Боливия мемлекетінің аумағын Франсиско Писарро мен Диего де Альмегро бастаған испандық конкистадорлар жаулап алды. 1825 жылы 6 тамызда Боливия Республикасы Испаниядан азаттығын алып, тәуелсіздігін жариялады. Боливиялықтар 1825 жылдан бастап бүгінге дейін тәуелсіз мемлекет орнату жолында 200-ден астам көтерілістер мен төңкерістерді бастан кешірді. Боливия 1879 жылдан бері теңіз жағалауымен шектеспейді. Өйткені, сол жылы Екінші тынықмұхиттық соғыс салдарынан ол өзінің жағалаулық Антофагаста аймағын Чилиге беруге мәжбүр болды. Қазір Боливия Атлант мұхитына тек Парагвай өзенімен ғана шыға алады. Боливия территориясында керемет экологиялық аймақтар қоныс тепкен. Елдің батысында – Анд таулы аймағы, шығысында – амазондық тропикалық ормандар мен Чако аймақтары алып жатыр. Елдің ең биік таулы аймағы – Орурода орналасқан Сахама (6542 метр) өшкен жанартауы орналасқан. Боливия мен Перу шекарасын бөліп жатқан Титикака көлі әлемдегі ең биікте орналасқан кеме жүзетін су айдыны болып есептеледі. Дүниежүзіндегі ең үлкен сортаң – Уюни тұзды шөлі 12 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл шөлдегі тұзды сортаңның қалыңдығы 10 метрге дейін жетеді. Көпұлтты Боливия мемлекеті туралы айтқанда ұлы төңкерісші Эрнесто Че Гевара, ақын Аделы Самудио, саясаткер Эво Моральестің есімдері еріксіз ойға оралады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».