Сұлу Көкше. Ол кімді де болсын өзіне тартады да тұрады. Қолы қалт етсе осында келіп бір кеуде керіп дем алып кету әр астаналық үшін арман. Мәшинеміз «Оқжетпес» шипажайының алдына тоқтай қалысымен-ақ есік алдында тұрған орта бойлы, жылы жүзді, аққұба кісі көзіме оттай басылды. Былтыр бірге демалғанбыз.
– О, Райыс аға, бізді тосып тұрсыз ба?, – деймін қалжыңдап.
– Сәулебек, бауырым, амансың ба, – деп жатыр ол кісі де жылы жымиып. Атымды ұмытпапты.
Мен бұл кісімен осымен үшінші рет кездесіп отырмын. Әу баста Ерғали деген көршімнің үйінде танысқанмын. Оның Салтанат деген сүп-сүйкімді келіншегінің қайтыс болған әкесінің досы әрі ұстазы екен. Мамандығы дәрігер көрінеді. Ол жолы жарқылдасып әңгімелесіп, сондай сыр алыса қоймадық. Тек былтыр осы шипажайда кездесіп, бірге демалғанда соңғы күндері ғана әңгімеміз жараса бастаған. Сол сезім суымапты, байырғы таныстардай құшақтасып амандастық.
Райыс ағамыз біртоға, мінезі жұмсақ, бойынан мәдениеті есіліп тұрған сондай бір сүйкімді адам болып шықты. «Шіркін-ай, менің әкем болса ғой дейтін жан екен», дегені бар бір демалушы ол кісінің мінезіне айрықша сүйсініп. Шынында да ұзамай бұл кісі бүкіл шипажайдың сүйікті ағасына айналып жүре берді. Білмейтіні жоқ, қандай әңгіме айтылса да дәнін сол кісі шағып, түйінін өзі тарқатып отырғаны. Барған сайын бір қыры көрінеді де тұрады. Жатқан бір қазына. Сөйте жүре қарапайымдылығы керемет. Демалушылардың көңілді кештерінің бірінде ол кісі құйқылжытып баян тартып, мен ән салып, бәйге алдық.
– Сіз бұл кісіні көптен бері білесіз бе? – деді бірде шипажай басшысы Станислав Пшеничный. Мен енді ғана танысып жүргенімді айттым.
– Бұл кісі үлкен ұстазымыз. Осы Қазақстандағы ЛОР деп аталатын дәрігерлердің көбісі мына ағаңыздың шапанынан шыққан. Нағыз академик, – деді сонсын айрықша бір мақтанышпен. – Мына кітапшаны оқысаңыз біраз мағлұмат аласыз.
Ол берген кітапша ағамыздың қысқаша өмірбаяндық очеркі екен. Ең бірінші таң қалғаным Райыс Қажкенұлы Төлебаев ғылым докторлығы мен профессорлығын былай қойғанда, шынымен де Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі екен! Сонымен бірге ол халықаралық Оториноларингология академиясының, Нью-Йорк Ғылым және Еуропа академияларының да академигі көрінеді. Кембридж халықаралық институтының құрметті профессоры деген атағы тағы бар.
Әрі қарай оқысақ, қойшы әйтеуір, ағамыздың өз саласында бітірмеген ісі, тындырмаған жұмысы, шықпаған шыңы қалмапты. Оның қолымен бес жүзге тарта ғылыми еңбек, 16 монография жазылған. Олардың көбі таяу шетелді былай қойғанда, АҚШ, Германия, Испания, Жапония, Австрия, Египет сияқты озық елдерде жарық көріп, жоғары бағасын алыпты.
Жиырмаға жуық кәдімгідей заңдастырылып, патенттелген өнертабыстары тағы бар. Оның жетекшілігімен 14 докторлық және 37 кандидаттық диссертация қорғалған. Әлгі бас дәрігердің: «Бұл кісі бәріміздің ұстазымыз», дегенінің жөні бар екен. Тұтас бір ғылыми армия ғой бұл дегеніңіз!
Былай қарағанда «бетегеден биік, жусаннан аласа» осы бір сып-сыпайы ағамыз енді көз алдымда асқар таудай алыпқа айналып шыға келді. Жетім қозыдай түртіншектеп жүретін журналист емеспіз бе, бұл кісінің өміріне енді қызығайын дедім. Қалай дегенмен де көкірек қазынасын ақтара түскенім жөн. Ұзамай оның да реті келе кетті. «Қыдырып, таза ауа жұтайық», деп нөмірімізге ағамыздың өзі келді. Зайыбымыз екеуіміз апыл-ғұпыл киініп еріп жүре бердік.
Шипажайдың жанындағы Айнакөлдің жағасын жиектей тартылған қыдырма жолдар бар. Рекең соның ұзақтау біріне түсіп, «маған еріңдер» дегендей бізге бір қарап, жорта жөнелді. Қаусап тұрған қария болмаса да егде тартқан, кәдімгі «дөнен шал». Бірақ жеткізер емес. Одан едәуір кіші біз ә дегенде-ақ алқынып қалдық.
– Сіздің кім екеніңізді біраз білдік. Әсіресе, Ұлыбританиядан шығатын әлемдік ғылым биігіне қол жеткізгендер ғана ілігетін «ХХІ ғасырдың аса көрнекті ғалымдары» энциклопедиясына енгеніңіз керемет екен. Мұндай тізімге қазақ баласының ілігуі бәрімізге мақтаныш қой, – деймін ол кісіні әңгімеге тартып.
Саумал ауа. Сыңсыған орман. Сылқ-сылқ күлген көл.
Сылқым табиғат. Осының бәрі әсер етті ме, ағамыз бұл жолы ағытылып қоя берді.
– Халықаралық ғұмырнамалық орталық шығаратын бұл басылым екі жылда бір жарық көреді екен. Оның бетіне заманымыздың ең көрнекті ғалымдары, оның ішінде медицина саласына да үлкен үлес қосқан ғұламалар енгізілетінінен бұрыннан құлағдар едім. Шынымды айтсам, осындай бүкіл ғылыми әлемге танымал энциклопедиялық басылымнан хат алғанымда өзім де таң-тамаша болдым. «Біз сіздің өмірбаяныңызбен жете таныстық, – деп жазылыпты ол хатта. – Сіз тек ғылыммен ғана айналысып қоймай, емдеумен де, педагогикалық жұмыспен де шұғылданыпсыз. Өмірбаяныңызды басылымымызға енгізсек, қалай қарайсыз?»
Жаңа өзің айтқандай олай болып жатса еліміздің аты шығып, абыройы биіктей бермей ме, әрине, келістім.
– Ал енді, аға, Грекиядағы баяғы дүниедегі жеті кереметтің бірі – алып мүсін тұрған Родос аралынан алып қайтқан алтын медаліңіз туралы айтыңызшы?
– Иә, Бас пен мойын хирургиясы оторинларингологтерінің 5-ші еуропалық конгресі жаңағы сен айтқан атақты Родос аралында өтті. Төрт жылда бір болатын бұл жиынға сол жолы дүниежүзінен 4,5 мың делегат қатысты. Онда медицинаның өзіміз айналысып жүрген саласының қазіргі замандағы адамзат баласы қол жеткізіп отырған жетістіктері мен тәжірибелері ортаға салынды. Ал кілең осындай мықтылардың ортасынан суырылып шығып, мынадай жоғары марапат аламын деп өзім де ойлаған жоқ едім. Мен мұндай атаққа ие болған ТМД елдері ішіндегі төртінші адам екенмін. Сайып келгенде бұл да елдің абыройы ғой, қарағым. Маған сол қанағат. Шетелде жаңа танылып келе жатқан тәуелсіз Отанымыздың атын ататып, жақсылық туын желбіретуге септесіп жүрсек, басы жұмыр пендеге бұдан артық қандай бақыт керек? Менің көңілімді марқайтатын да осы.
– Ағасы, өзіміздің еліміз бар, шетелдіктер бар, осыншама атақтар мен марапаттарды тегіннен тегін бермейтіні белгілі ғой. Осы жағын ашыңқырап айтсаңызшы.
– Енді оның бәрін санамалап айтып шығудың қажеті жоқ шығар. Және оны осы ғылымның арнайы маманы болмаса түсіне қою да қиын. Менің 20-ға жуық өнертабыстық патентім де бар екенін өзің де біліп тұрсың ғой. Солардың бәрі де құлақ, мұрын, тамақ ауруларының алдын алуға және жазуға, осы ғылымның дамуына қосылған азды-көпті үлес екенін дүниежүзі ғалымдары мойындағаны рас.
Өткен жылы күзде елімізде тұңғыш рет 8 адамға кохлеарлық имплантация жасалғанынан құлағдар боларсың. Мұны «ғасыр жаңалығы» деп баспасөз бетінде де, ғылыми ортада да үлкен баға берілді. Расында да бұл операция тіпті осыдан оншақты жыл бұрынғы деңгеймен парықтағанның өзінде фантастика тәрізді көрінетіні рас. Мен саған осыны ғана түсіндіруге тырысып көрейін.
Жалпы қазақта «таскерең» деген сөз бар ғой. Орысшасы – «глухонемой». Бетін аулақ қылсын, бұл қазіргі күні бірталай бауырларымызды мүсәпір күйге түсіріп отырған кеселдің бірі. Мұндай жарымжан адамдардың көбейгені сондай, тіпті теледидарлардың өзінде оларға арнап арнайы сурдоаударма жасауға мәжбүр болып отырмыз емес пе? Және бұл жалғыз біздің елімізде емес, әлемнің көпшілік елдеріне ортақ қасірет.
Жалпы мұндай операциялар республикамызда, атап айтқанда Алматыда бірнеше жылдан бері жасалып келгені рас. Бірақ олардың бәрін шетелдік мамандар жасайтын. Өзіміздің дәрігерлер болса мықтағанда оған ассистент болып қана қатысатын.
Ал Астана қаласындағы өзім қазір қызмет атқарып жүрген №1 ауруханада жасалған мына операцияны медицина ғылымдарының докторы Гүлмира Мұхамадиева мен оған ассистент болған отоларингология кафедрасының доценті Талапбек Әженов екеуі атқарып шықты. Және атқарғанда қандай, зергерлік ептілікті қажет ететін осы бір жұмысты олар небәрі екі сағатта аяқтады. Ал шетелде мұндай қиын операцияға төрт сағатқа дейін уақыт кетеді. Бұл оташылар Израиль, Австрия сияқты елдерде болып, шеберліктерін шыңдаған аса тәжірибелі адамдар, операцияның өте сәтті өтуі де соған байланысты болса керек. Олардың екеуі де өзімнің шәкірттерім екенін мақтанышпен айта аламын.
– Сонда әлгі операциядан кейін адам бірден естіп, сөйлеп кете ме?
– Жоқ, олай емес, әрине. Ең алдымен, адам ағзасына енгізілетін әлгі кохлеарлық имплантант дегеннің не екенін айтайын. Қазіргі есту құралын кейбіреулердің құлағынан талай рет көрген боларсыңдар. Сол кездері оның өзі үлкен жаңалық болып есептелетін. Ал біз айтып отырған сандық аппараттың одан айырмасы жер мен көктей. Ең бастысы ол дауысты күшейтіп қана қоймайды, іс жүзінде адам ағзасындағы семіп қалған есту рецепторларын алмастырады. Кішкентай ғана чип түріндегі ол құлақ ішіне асқан ептілікпен енгізіледі де электрлік толқындар арқылы есту жүйкесіне былайша айтқанда «жан бітіреді», соның арқасында адам есту қабілетіне қайтадан ие болады. Оның үстіне бұл аппарат бұрынғыдай емес, өте қолайлы, тіпті көрінбейді де және бір салынған соң адамға өмір бойы қызмет етеді.
Ал енді сенің: «Операция жасаған адам бірден сөйлеп кете ме?» деген сұрағыңа келейік. Негізінен қолы жаттыққан адамға адам ағзасына имплантант ендіру есту қабілетін қайтару жолындағы одан кейінгі жұмыстардан күрделі емес дер едім. Иә, одан кейін адамды қалыпты өмірге қайтару қиын. Әлгі іске қосылған чиптің құлақ күйін оның иесіне қолайлы дыбыс диапозонына келтірудің өзі оңай шаруа емес. Одан кейін ол адаммен сурдопедагогтар мен фонопедтер айналысып, оны қалыпты естуге және сөйлеуге жаттықтырады. Әлбетте адам көбіне түк естімегеннен кейін барып керең болады. Бұл біршама уақытты қажет ететін күрделі жұмыс. Бір қуанарлығы қазір елімізде осы шаруаны басынан бастап аяғына дейін атқарып шыға алатын мамандар бар.
Шетелде мұндай операциялар 40-50 мың евро тұрады. Ал бізде ол бұдан бес есеге дейін арзанға түспек. Оның үстіне квота арқылы тіпті ақысыз жасатуға да болады. Ал егер бұл шаруаны қалыпты жолға қойып алсақ, қаншама жанның алғысын алар едік. Өзіңіз қараңыз, әлемде әрбір бесінші адамның құлағы нашар немесе мүлдем естімейді екен. Бұл ақпараттың біздің елімізге де қатысы бар. Қазіргі мәліметтер бойынша, Астана мен Ақмола облысында ғана 400-ден астам адам осындай операцияны қажетсініп отыр, сондықтан мұндай оталардың еліміз клиникаларында өріс алуының пайдасы, адамдарға деген шарапаты зор болмақ.
Қазір осы операция жасалған екі адамның екеуі де естиді де, сөйлейді де. Бұрын өмірі естіп көрмеген біреуі: «Ойпырым-ай, мынау музыка деген, ән деген керемет екен ғой», деп тіпті алғысын ауызбен айтып жеткізе алмай жүр.
Осы арада мен Райыс ағаның жүзінен айрықша бір мақтаныш табын тұңғыш рет аңғардым. Әдетте біз ЛОР деп аталатын (оториноларинголог дегеннің қысқарған атауы) құлақ, мұрын, тамақ ауруларының дәрігерлеріне қорашсына қараймыз ғой. Ал әлемдік ауқымда бұған көзқарас басқаша көрінеді. Өйткені, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша бұл адамдар арасында аурудың ең көп тараған түріне жатады екен. Тіпті тыныс алу органдары патологиясымен әрбір төртінші адам зардап шегетін көрінеді. Бұл көрсеткіш жерінің асты-үстінің астаң-кестеңі шығып жатқан біздің елімізде одан көп болмаса аз емес, әрине. Осыған қарамастан республикамызда медицинаның осы саласы бойынша әлі күнге ғылыми клиникалық орталық құрылмаған. Бұрынғылары Одақ ыдырағанда Ресей мен Украинада қалып қойған. Осыған қарамастан бұл салада басқа елдерден кем қалмай, тіпті көбісінен оза шауып, осындай биіктерді бағындырған Қазақстан дәрігерлерінің жетістіктері Райыс Қажкенұлы сияқты біліміне білігі сай майталман жандардың арқасы екендігі даусыз. Ендеше бұл ретте ағамыз қалай мақтанса да, марқайса да орынды-ау.
Біз Рекеңнің әсерлі әңгімесінен арыла алмай бір сәт үнсіз қалдық.
– Осы қызметімнің арқасында талай жерде, талай елде болдым. Талай таңғажайыпты көріп тамсанған кездерім бар, – деп ағамыз қайтып келе жатқанда тағы бір сырдың ұшығын шығарды. – Алайда солардың әрқайсысынан еліме сағынышпен ораламын. Өзіңді өз еліңнің бөлінбес бір бөлшегі ретінде сезіну қандай бақыт десеңізші!
Ол бұл сөздерді Көкшенің тамылжыған табиғатына қарап тұрып, ерекше бір толғаныспен ақтарыла айтты.
...Біз Астанаға шипажайдан ол кісіден бұрынырақ қайттық. Райыс аға бізді осыдан он күн бұрын қарсы алған жерінен қайтадан шығарып салды. Мәшиненің әйнегінен оған қимастықпен қараймын. Бір сәт ол маған артында тұрған «Оқжетпес» шыңымен бой таластырып тұрғандай болып көрінді. Еліміздің аспанына тіреу болып, биікте ұстап тұрған осындай абыз ағаларымыз бен абзал азаматтарымыз екені рас-ау,өзі!
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, журналист.