Елімізде әлеуметтік нысандарда «жасыл» технологиялар енгізіліп жатыр. Ендігі уақытта бұл мүмкіндікті бизнес барынша белсенді пайдалануы тиіс. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы басқармасының төрайымы Салтанат Рақымбекованың айтуынша, бүгінде «жасыл экономиканы» дамытуға халықаралық деңгейдегі ұйымдар барынша қолдау білдіруде.
«Соңғы 6-7 жылда елімізде БҰҰ-ның Даму бағдарламасының аясында көптеген гранттық жобалар іске асырылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып жатқан бұл жобалар жақсы тәжірибе. «Жасыл» жобалар әлеуметтік сала нысандарында қолға алынуда. Бүгінде энергия үнемдейтін терезелер, ыстық сумен қамтамасыз ететін күн коллекторлары орнатылған мектептер, ауруханалар көп. Электр энергиясын тарататын панельдер, жылу беретін пештер бар. Осы технологияларды пайдалану коммуналдық қызметтердің төлемақысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті бизнес пайдалануы тиіс», деді С.Рақымбекова. Оның айтуынша, бизнес-нысандарда қазіргі уақытта «жасыл» технологияларды енгізген аса тиімді.
«Қаңтар айында Инвестициялар және даму министрлігі энергия-сервистік компанияларды дамытуды қолдайтын құжат қабылдады. Бұл компаниялардың міндеті нысандарға энергиялық тиімді технологияларды ұсыну болып табылады. Бизнеске де, әлеуметтік нысандарға да қолайлы болу үшін коалиция Энергетика министрлігімен бірлесіп, өткен жылдан бастап Қазақстандағы «жасыл» компаниялардың тізбесін жүргізеді», деп атап өтті С.Рақымбекова.
Өзіміз білетіндей, «Жасыл» экономика бойынша БҰҰ бастамасы 2008 жылы қаржы-экономикалық дағдарысқа жауап ретінде бастау алып, БҰҰ Бас хатшысы және БҰҰ жүйесі басшыларының Үйлестіру кеңесі ұсынған тоғыз Бірлескен дағдарыс бастамасының бірі болды. Сонымен бірге, басқа да бірқатар терминдер, мысалға «жасыл өсім» немесе «экономиканы көгалдандыру» сияқты өзара алмастыратын терминдер ретінде пайдаланылып, кеңінен таралған. «Жасыл» экономика бағыты біздің елде де қарқынды қолға алынуда. Айталық, «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге, дамудың «жасыл жолына» шығуға шақырған болатын. Бұған еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар да барынша атсалысуда. Осыған орай Қазақстанда «жасыл» экономика тақырыбында БАҚ арасында «Жасыл БАҚ» атты байқау өтпек. Бұл туралы да кешегі баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Біз бұқаралық ақпарат құралдары арасында «Жасыл БАҚ» атты байқау өткізгіміз келеді. Ол төрт аталымнан: үздік телесюжет, үздік бағдарлама, үздік мақала және интернеттегі ең үздік материалдан тұрады. Шамамен жаз айларында байқауды жария етеміз, кейін форум ұйымдастырып, сонда жеңімпаздарды марапаттаймыз», деді С.Рахымбекова. Оның сөзіне қарағанда, байқау БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырылмақ.
«Біз бұл жобаны БҰҰ Даму бағдарламасымен пысықтап жатырмыз. Қазіргі уақытта байқаудың қарары жасалуда. Кейін материалдардың көлемі, конкурстық комиссия құрамы, материалдарға қойылатын талаптар анықталатын болады. Осы байқау арқылы біз Қазақстанда «жасыл» жобалар мен технологиялардың дамуына қолдау көрсеткіміз келеді», деді С.Рахымбекова.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».