16 Наурыз, 2016

Ақтөбеде қыздарға арналған қазақ-түрік лицейі ашылады

1490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
16-03-2016-KTLАҚТӨБЕ. 16 наурыз. Ақтөбеде қыздарға арналған қазақ-түрік лицейі ашылады. Аталған жайт облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың KATEV халықаралық қоғамдық қорының бас директоры Мехмет Месут Атамен болған кездесуінде белгілі болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жалпы KATEV халықаралық қоғамдық қоры білім беру мекемелері жұмысын үйлестіру мақсатында Қазақстан мен Түркия арасындағы келісім негізінде құрылған болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда 29 қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді. Кездесу барысында өңір басшысы қазақ-түрік лицейлері оқушыларға олардың әлеуетін аша отырып, сапалы білім беруде екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таяуда Ақтөбеге сапары барысында Назарбаев зияткерлік мектебі мен ҚТЛ еліміздегі мықты мектептер екенін мәлімдегенін жеткізді. Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінде 200-ден астам бала білім алуда. Өз кезегінде қыз балаларға арналған мұндай оқу орны жоқ. Мехмет Месут Ата бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс әкімінен бос тұрған ғимараттардың бірін қыз балаларға арналған лицей үшін беруін сұрады. Аймақ басшысы облыс орталығында қыз балалар лицейіне ыңғайлы ғимараттың жоқ екендігін, алайда бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін пайдалану мүмкіндігін жеткізді. KATEV халықаралық қоғамдық қорының бас директорына бұл мәселені жаңа ҚТЛ ғимараты құрылысын бірлесіп жүргізу арқылы шешу мүмкіндігі айтылды. Бұл ретте жергілікті билік жер телімін беру, инфрақұрылым жүргізу және құрылысты ішінара қаржыландыруды өз міндетіне алуға дайын екіндігін білдірді. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.