Елімізде әйелдер косметикасы өндіріле бастады. Кез келген сауда орталықтарында самсап тұратын шетелдің сапасыз тауарларынан көп нәрсе жоқ. Әйелдер қауымы осынау өнімдерге қаражатын аямай жұмсайтыны рас. Енді міне, өз елімізде шығарыла бастаған косметиканы алып, бірінші кезекте ел экономикасына үлес қосуға және отандық өнімді сенімді түрде қолдануға негіз бар.
Шыққанына аз ғана уақыт болса да үлкен сұраныс пен қызығушылық тудырып отырған «Айсауле» косметикалары жөнінде жоба жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле МҰСАЕВАНЫҢ өзінен сұраған едік.
– Сәуле ханым, әйелдердің күнделікті тұтынатын косметикасын елімізде жасап шығару туралы тың идея қалай пайда болды?
– Косметика дегенде, бізде бет күтіміне арналған маскалар мен кремдер шығарылады. Білім және ғылым саласында еңбек ете жүріп, мен көбіне өзіміздің оңтүстік өңірде өсетін өсімдік шикізаттарын, яғни дәрілік шөптер мен дәнді-дақылдарды зерттей бастадым. Жасы қырыққа келген әйелдердің бет күтімін, жастығын сақтап қалуы туралы көптен ойланушы едім. Бұл ретте өзімді де мысалға алуға болады. Себебі, көптеген нәзік жандылардың бойында бар жағдай, әртүрлі косметикаларға сезімталдық мені де сырт айналып өтпеді. Бетімнің терісі құрғақ, кез келген кремнің жаға бермейтіні бар. Осы мәселенің толғандыратыны сонша, жан-жақты ғылыми әдебиеттерді, шетелдің жаңалықтарын зерттеп жүрдім. Байқағаным, көбінесе Жапония, Корея және көршілес Қытай мемлекетінің халқы өзінің жергілікті жерінде өсетін емдік шөптерінен дайындалған өнімді пайдаланады екен. Және оның ағзаға әсері де жақсы. Содан өзіміздің Оңтүстік Қазақстан өңірінің экологиялық таза аймақтарында өсетін дәрілік шөптер мен дәнді-дақылдардың ұнтағын белгілі құрамда Lactobacillusplantarum микроорганизмінде ферменттеу, яғни ашыту арқылы бетке жағатын жаңа маска жасап шығардым. Бұл өнімді екіжарым жылдай ғылыми-тәжірибеден өткіздім. Кейіннен инновациялық патент алдым. Дайын болған масканы өзіме тәжірибе ретінде күнделікті тұтына бастадым. Нәтижесін көрген құрбыларымның қолқа салуымен оны өзгелерге ұсынуды қолға алдым. Қыз-келіншектердің көңілінен шығып, бірі екіншісіне айтып, сұраныс пен ұсыныстар түсе бастады. Ақыр соңында тіпті де үлгермеуге айналдым. Сол себепті өзімнің сіңлім Зәурені көмекке шақыруға тура келді. Оның маркетинг бағытында жұмыс тәжірибесі мол болатын. Ол оқытушылық қызметін біржола тастап, ісімді жандандыру үшін менің жаныма келді. 2012 жылдың қараша айынан бастап жеке кәсіпкерлік ашып, жұмыс жасап келеміз. Үкімет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы естіп, «Шымкент инновация» ЖШС-не хабарластық. 2013 жылы осы аталған ұйымның атынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік гранттың иегері атандық. Содан міне, отандық табиғи «Айсауле» косметикасын өндіретін өндірістің технологиялық желісі құрылды.
– Бұл өнімдерді жасау барысында еліміздегі шикізат қолданылатындығын айтып өттіңіз. Оның ерекшеліктері айтпаса да белгілі, яғни табиғи шөптер қашанда адамзатқа тек пайдасын тигізіп келеді. Десек те, осы маскалар мен кремдердің өзге өнімдерден нендей артықшылықтары бар екенін өзіңізден білсек?
– Иә, тек қана шөптер қолданылады. Масканың толық дайын болуына 4 күн уақыт кетеді. Бұл күрделі технологиялық процесс. Ол ұқыптылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Маскаларымыз биологиялық белсенді қоспалардан айрықша үйлесіммен жасалған формуладан тұрады. Бет терісінің маскаға тәуелді болып қалу қаупі жоқ, қосымша қоспалар араластырылмайды. Экологиялық таза әрі жүз пайыз бетті нәрлендіреді. Бұл ретте емдік қасиеттері туралы тіпті бөлек айтуға болады. Мысалы, безеу, папилломдар (сүйелдер), беттегі қара дақтарға қарсы, экологияға байланысты беттің ерте қартаюынан сақтайды. «Айсауле» ғажайып маскасының өзі екіге бөлінеді: 35 жасқа дейін және 35 жастан кейін. Бұл екі масканы табиғи ботекс деп атауға әбден болады. Тауарларымыздың құны өте қолжетімді. Экономикалық дағдарыста өнімнің бағасын өсірмеуді қадағалап отырмыз. Себебі, біздің шикізатымыз және қарапайым құты-ыдыстарымыз Қазақстанда шығарылуда. Қазіргі таңда маскалардан бөлек түрлі ауруларға ем болатын шөп шайлар мен сусабындар және сабындар да шығарудамыз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздің мәнін ұқсақ та тереңіне үңіле бермейміз. Шамадан тыс тәттіні, тұзды және майлы тағамдарды, қоспасы бар азық-түлікті пайдаланамыз. Соның әсерінен ағзаға күш түседі де, бойда жиналған артық тұздар, майлар, токсиндер уақытылы бойдан тазартып отырмағандықтан кеселге айналады. Сол үшін ағзамызға белгілі емдік шөптердің жиынтығынан құралған шөп шайлар ішіп, ағза қызметіне жәрдемдесіп отырған жөн. Көп жылдан бері маман ретінде шөптерге химиялық талдау жасай келе, шөп құрамындағы емдік заттардың бір-бірімен үйлесуіне ерекше мән бере бастадым. Оған себеп – шайды демдеу кезінде кейбір шөптерден бөлінетін пайдалы заттар жиынтық құрамындағы басқа шөптердің пайдасын әлсіретіп, кейде мүлдем жойып жіберуі мүмкін. Керісінше, кейбір шөптер басқа шөптердің бойындағы емдік элементтерін күшейтіп, ерекше бір үйлесімге келеді. Шөптердің ара-қатынасы, мөлшері ерекше маңызға ие. Мен емдік шөп шайлар құрастырғанда, осы жағына ерекше назар аударамын. Бір адамдардың шөпке аллергиясы болады, олардың ішпегені абзал. Десек те, ондай жағдайлар өте сирек.
– Тұтынушыларыңыз сіздердің тауарды жоғары деңгейде бағалап, ерекше қызығушылық танытып жатқандығын әлеуметтік желілерден байқап жүрміз. Әсіресе, әйелдер жағы сіздердің өнімді қалай, қайдан табатындығын жаппай сұрастыруда?
– Біздің тұтынушыларға, мені қолдап-қуаттап отырған жандарға ризашылық білдіргім келеді. Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасына қатыстым. Сол арқылы бүкіл қазақстандықтар біздің өнім жайында хабардар болып, тілектестік білдірді. Содан бері еліміздің біраз қаласында таратушы-көмекшілеріміз жұмыс жасауда. Мысалы, Астана, Атырау, Ақтау, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе және т.б. қалалар мен аймақтарда жұмыс істейміз. Сұраныс берілген жағдайда өнімдерді термо-сөмкелермен жіберудеміз. Шетелдің қымбат косметикасынан гөрі табиғи отандық өнімдердің пайдалы екенін халық түсіне бастады.
Біздің өндіруші цехымыз және кеңсеміз Шымкент қаласында орналасқан. Облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Сарыағаш шипажайында дүңгіршегіміз жұмыс жасауда.
– Мөлшер бойынша күніне немесе айына қанша көлемде өнім өндіріледі?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, өнімдер қоспасыз табиғи өнім әрі тек тоңазытқышта сақталатын болғандықтан қажетті тапсырысқа қарай өндіріледі. Қазіргі уақытта біз тек тапсырыспен жұмыс істейміз.
– Отандық тауарды қолдау бойынша елімізде көптеген байқаулар мен сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Осындай жобаларға қатысып, өздеріңіздің өнімдеріңіздің бағын сынап көрдіңіздер ме?
– Бірнеше жылдан бері белсенділік танытып келеміз. Мысалы, өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен ОҚО-дағы тауарлар көрмесіне қатысып, облыс әкімінің алғыс хатымен және заттай сыйлығымен марапатталдық. Одан бөлек, Алматы қаласында өткен 10-шы халықаралық сұлулық индустриясы «Suluexpo-2015» көрмесіне қатыстық. Астана қаласында Жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі «NADLoC» АҚ-тың ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанда жасалған» көрме-жәрмеңкесіне қатысып қайттық.
– Біріншіден, отандық өнім, екіншіден, ағзаға зиянды қоспалары жоқ және үшіншіден, қалта көтеретін болғандықтан жұрт жақсы қабылдады. Бірақ, осы тұста әр өнімнің сыртында жазылып тұратын фирманың аты, яғни «Айсауле» сөзі бірқатар тұтынушыларды ойға салғанын байқадық. Әсте, отандық өнімнің аты да қазақы қалыпқа сай «Айсәуле» болғанын қалайтынымыз рас. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?
– Өте орынды сұрақ. Әділет органының шешімімен «Айсауле» атты тауарлық белгімізге оң шешім алдық, құжатымыз бар. «Айсауле» тауарлық белгісі біздің өнімді растайтын құжат. Алғашқыда тауарлық белгіде «Айсауле» деп жазылып кетті. Көш жүре түзеледі демекші, алдағы уақытта өзгертуге тырысамыз.
– Болашақта жұмыстарыңызды қай бағытта жандандыру жоспарда бар?
– Болашақта өндірістің шеңберін кеңейту және онда жұмыс жасайтын жұмысшылардың санын арттыру бірінші кезекте тұр. Соған байланысты алда әлі атқарылатын жұмыстар көп. Біздің жеке кәсіпкерлік бизнесті дамытудың жолында келеді. Бізде бірнеше цех ашылғалы тұр, сол үшін облыстық индустриялық орталықтан жер алу мәселесі күн тәртібінде. Тауарымыздың құтыларын және этикеткаларын заманауи деңгейге көтеру қажет. Шымкент қаласында «Айсауле – табиғи отандық косметика» деген брендпен дүкен ашып, сол дүкенді Қазақстанның басқа қалаларында да көбейтуді көздеп отырған жайымыз бар. Бұл ретте инвесторларды тарту – басты мақсаттардың бірі. Арадағы бірнеше жылдар бізге табысқа жету үшін көп еңбектенуді үйретті. Біздің елде кәсіпкерлерге, бизнес бастағысы келетін әрбір адамға мүмкіндік мол. Тек ізденіс пен еңбек қажет. Елбасымыз айтқандай, «Өз игілігің үшін еңбек етсең, халықтың да игілігі артады» деген ұстаныммен келеміз.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».