17 Наурыз, 2016

Басты мақсатымыз – аграрлық ғылымды дамыту

471 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
А.Күрішбаевтың фотосы– дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев Еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде ауыл шаруашылығының айрықша орын алатыны баршаға белгілі. Оның даму деңгейі елдің, әсіресе, азық-түлік тұрғысындағы қауіпсіздігін анықтайды. Ал, ауыл шаруашылығының аграрлық ғылымсыз алға бас­пайтыны бүгінгі күні ақиқатқа айналып отыр. Осы өзек­ті мәселелер төңірегінде ой бөлісу мақсатымен біз бү­гін бел­гілі қоғам қай­рат­кері, С.Сейфуллин атын­­д­ағы Қазақ агро­тех­ни­ка­­­­­лық универ­ситеті­нің рек­то­­ры, профессор Ақылбек КҮРІШБАЕВТЫ әңгімеге тарттық. Ақылбек Қажығұлұлы, өзіңіз білесіз, қазіргі күні азық-түлік бағасын тұрақтандыру – маңызды мәселелердің бірі. Осы қиындықты шешуде қандай елдердің тәжірибесіне иек артуға болады? Қазіргі кезде Үкімет тара­пынан және жергілікті ат­қару­шы билік тарапынан бұл мә­селе бойынша біраз жұ­мыс­тар атқарылып жатыр. Бірақ, ха­лық­аралық тәжірибеге көз сал­сақ, дамыған елдерде был­тыр­ғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 0,2-0,7 пайыз болды. Бұл көрсеткіш бір жағынан сол елдердің экономикасының қуаттылығын көрсетсе, екінші жағынан, бұл мемлекеттерде тауар­ларды тиімді өткізу жүйе­сі­н­ің жақсы дамығандығын білдіреді. Осы орайда бір мысал келтірейін. Францияның астанасы Париж қаласының жанында «Ранжис» атты Үкіметтің тікелей қолдауымен құрылған үлкен логистикалық сауда орталығы бар. Сол орталық фермерлерге қашан және қандай бағамен көкөніс, жеміс-жидек әкелу туралы хабар беріп отырады. Еуропа, Франция фермерлері өздері өндірген жеміс-жидек, азық-түлік өнімдерін ешқандай делдалсыз өз бағасымен тікелей сол орталыққа жеткізеді. Сосын орталық өнімдерді ұсақ бөліктерге бөліп мейрамханаларға, дүкен­дерге, сауда нүктелеріне жібе­реді. Сөйтіп, осы жүйенің арқа­сында Париждің және Париж маңындағы қалалардың 4 мил­лион халқы арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Жақында Елбасымыз Оңтүстік Қазақстанда және басқа да облыстарда осын­дай терминалдар ашу керек­тігі жөнінде тапсырма берді. Мысалы, біздің есебіміз бойын­ша, оңтүстік облыстардан Ас­та­наға келетін қияр, қызанақ секіл­ді көкөністердің бағасы тұтыну­шыларға жеткенше 3-5 есе өседі. Осы мәселені шешу үшін, менің ойымша, біз де Париждегі сияқты терминалдар, логистикалық орта­лықтар ашуымыз керек. Яғни, арада делдалдар болмайды... Ал бізде қалай? Бізде мүлде басқаша. Тауар бағасының қы­зы­ғын жеміс-жидекті маңдай тері­мен өсірген фермерлер емес, ортадағы алыпсатарлар көріп отыр. Тіпті, олар тауар өндіру­шілерді нарыққа да кіргізбейді. Бізде бұл қазір қалыптасқан қазы­мыр жүйеге айналды. Міне, осы келең­сіздікті жатпай-тұрмай жоюымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін не істеуіміз керек? Сала қанаты қайтсе жазылады? – Менің ойымша, дәл қазір ауыл шаруашылығы саласына ең керегі – инвестиция. Мысалы, Канада ауылшаруашылық сала­сына жыл сайын 12 млрд. АҚШ долларының инвестициясын құяды. Біздің елде ол былтыр 600 миллион доллардан сәл ғана асты, яғни, көлемі – 20 есе төмен. Бизнес өз ақшасын әкелу үшін саланың тиімділігіне көз жеткізу керек. Мысалы, Австралияның астықты аймақтарында жауын-шашынның мөлшері бізге қарағанда екі есе аз, бірақ бидай өнімі – екі есе жоғары. Неге? Өйт­кені, оларда қуаңшы­лық­қа бейім­делген сорттар шыға­рыла­ды. Тағы бір мысал келтіргім келе­ді. Айталық, бір сиыр Кана­дада жылына орта есеппен 10 мың литр сүт берсе, бізде әрі кет­кенде 2900 литрден аспайды. Бұл да ғылымның дамуы­на бай­ланысты. Мемлекетке қа­зір жаңа тәсілдерді білетін, жа­ңа фо­р­мациядағы генетиктер, мо­лекулалық биологияны мең­­­­гер­ген ма­мандар керек. Ал біз­­де мұн­­дай мамандар жетіс­пейді. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласының іргетасы саналатын аграрлық ғылымды дамыту. Өкінішке қарай, қазір аграрлық ғылым деңгейі – өте төмен. Сон­дық­тан, бұл ғылымды дамыт­пайын­ша көсегеміз көгермейді. Инно­вацияны білетін, инновацияны өндіріске ендіре алатын кәсіби мамандар даярлауымыз керек. Қазіргі жағдайға келетін бол­сақ, біздің мына Солтүстік Қа­­зақ­­стан облысының селек­цио­­­нер-ғалымдары сортты бая­ғы ескі, 1936 жылы шыққан «будан­дастыру» тәсілі арқылы жа­сайды. Сорттар әлі көз мөл­шері­мен сараланады. Ал, шетелде мамандар сортты генети­калық деңгейде шығарады. Шетелдік ғалымдар Қазақ­станға келіп, өндірісімізді са­раптап, ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарымен, жоғары оқу орын­дарымен танысып, мы­нан­дай кеңес айтты: Сіздер ре­фор­ма­ны көп жасайсыздар және тек қана басқару жүйесін өзгертуге тырысасыздар. Бұл дұрыс емес. Одан да ғалымдарға тиісті нә­тиже шығару үшін жағдай жа­сау керек, яғни ғылыми-зерттеу университетін құру­лары­ңыз керек, деді. Жаны бар сөз. Сон­дықтан, шетелдік ғалым­дар­мен жұмыс істеп, олардың тәжі­рибесін үйренетін кез келді. Осыған орай біз АҚШ, Еу­ропа мемлекеттерінің дамы­ған аграрлық ғылым-білім орда­ларын зерттедік. Аграрлық-ин­но­вациялық ғылымда дүние­жүзі бойынша бірінші орын алатын, әлем мойындаған әйгілі университетті таптық. Ол – АҚШ-тың Дэвис қаласындағы Кали­форния университеті. Кезін­де Калифорния университеті Чилидің, Малайзияның ауыл шаруашылығының өсуіне үлкен көмек көрсетті. Қазір Вьетнам мен Қытай елдеріне көмектесу үстінде. Біз осыдан екі жарым жыл бұрын Калифорния универ­ситетіне ұсыныс жасадық. Олар біздің тұрақты дамып келе жат­қан жас демократиялық мем­­ле­­кетімізді көріп, Елбасы­мыз­­дың жүргізіп отырған ішкі жә­не сыртқы саясатына оң баға беріп, көмек қолын созу­ға өз ке­лісімін берді. АҚШ-қа өзім барып, келісімшартқа қол қой­­дым. Америкалық әріп­тес­тері­мізбен бірге ғылыми-зерттеу уни­верситетінің бағдарламасын әзірледік. Сөйтіп, олардың озық технологияларын, үздік білім жүйесін өзімізге енгіземіз деп отырмыз. – Олай болса, өзіңіз бас­қарып отырған С.Сейфул­лин атындағы Қазақ агротех­никалық университеті ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына қандай үлес қоспақ? Оқу орны осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Біз ендігі жерде кадрлар­ды жаңа тәсілмен даярлауымыз ке­рек. Инновацияны білетін, өндіріс­ке инновацияны енгізе алатын жаңа толқын, жаңаша ойлай білетін мамандар қажет. Соған бай­ланысты біз қазір ғылыми-зерттеу университетін құруға кі­ріс­тік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оқу орнының магистрлік бағдарламасын қайта жасадық. Университетте көптілді білім беру ісі жақсы жолға қойылды, яғни, жастарымыз қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алып жатыр. Айталық, 2012-2013 оқу жылында бакалавриат пен магистратураға арналған 8 оқыту бағдарламасында бар бол­ғаны 153 адам оқыса, 2015-2016 оқу жылына ол 48 оқыту бағдарламасына дейін өсіп, көптілді бағдарлама бо­йын­ша оқитын студенттер са­ны 974 адамға жетті. Қазір уни­­­верситетте 164 мамандық көп­тілді оқу бағдарламасына көш­ті. 2012 жылдан бері арнайы бағдарлама аясында біздің уни­верситетімізге 105 шетел ғалы­мы келіп, дәріс оқыды. Ал оқы­­тушы-профессорларымыз АҚШ, Сингапур, Малайзия, Венгрия елдерінен келген филолог маман­дардан жыл сайын ағылшын тілінен дәріс алуда. Тағы бір үлкен жаңалығымыз – бұрын біздің университетте тәжірибеден өту мерзімі үш-ақ ай болатын. Үш айдың ішінде болашақ агроном немесе мал дәрігері не үйренеді? Олар аграр­лық үдерістердің бәрін өз көзімен көруі керек деп есеп­теймін. Соған байланысты қазір тәжірибе мерзімін 7-8 айға дейін ұзарттық. Дамыған елдерде солай. Біз де сол дәстүрді қабылдадық. 82 мамандық бойынша дуалдық білім беру жүйесіне ауыстық. Бұл – біздің студенттер энергетика, ауылшаруашылық, техникалық, сәулет өнері, экономикалық, т.б. мамандықтар бойынша тек аудиторияда емес, өндіріс орындарына барып та сабақ алады деген сөз. Оқытушыларымызды Дэвистегі Калифорния университетіне жібердік. Олар жаңа тәсілдерді, жаңа білім беру бағдарламасын үйреніп келген соң, оны өзімізге енгізеді. Соңғы 3 жыл ішінде 60 оқытушымыз «Болашақ» бағ­дар­ламасы шеңберінде шетелге барып білім алып келді. Олар – біздің университетіміздің бола­шағы. Егер осы жарқын жолдан айнымасақ, бұйырса, 5 жыл ішінде жақсы мамандар даярлап шығатын мүмкіндігіміз болады. Елбасы әрқашан: «Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, шетелде оның бәрі жасалған. Тек соны бізге әкеліп, бейімдеу керек», дейді. Жоғарыда айтқандай, біз өзіміздің алғашқы серіктесіміз – ауыл шаруашылығы саласы бойынша маңдайалды, әлемдегі ең үздік Дэвистегі Калифорния университетімен әрі қарай да тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істейміз. Өзіңіз қалай ойлайсыз, жаңа технологияларды мең­геріп, экономикамызға енгізу үшін қанша уақыт қажет? Жастарды шетелге жібергенді қашан қоямыз? Сол озық тех­нологиялар мен білімді өзі­мізге қашан енгізіп, қашан қол­данамыз? Шетелдік әріптес-ғалым­дардың айтуынша, Чили, Син­гапур, Малайзия елдері кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша тым кенжелеп, бізден де кейін қалған мемлекеттер болыпты. Сол елдердің қазір қандай деңгейге жеткенін бар­лығымыз білеміз. Осы мем­лекеттерге, мына Қытайға да сол Дэвистегі Калифорния универ­ситеті көмектесіп, ғылыми-зерт­теу университеттерін құрыс­қан. Олардың қазір қандай мамандар шығарып отырғаны баршаға аян. Сондықтан, бұл жұмысты бастауымыз қажет. Енді тек осыған тиісті қаражат қарастырып, көңіл бөлуіміз керек. Егер осы бағытпен жүрсек, оның табысты боларына ешқандай күмәніміз жоқ, болашақта біз де осы деңгейге жетеміз. Айтқаныңыз келсін. Әңгі­меңізге рахмет.  Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Астана.