17 Наурыз, 2016

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолы

676 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
эмблема 100 нақты қадам-цв«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары еліміздегі сот жүйесінің жаңаша дамуы­на ерекше серпін берді. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында осы жоспардың 16-шы қа­да­мында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында сот жү­йесі сатыларын оңтайландыру рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық құқықтық даулар жө­ніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту көз­делген. Бұған сәйкес Азаматтық процес­тік кодекс қабылданды. Аталған кодекс 2016 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап күшіне еніп, қол­данысқа енгізілді. Кодекс жобасы көпшілікке бұқаралық ақпарат құралдары арқылы та­ныстыры­лып және семинар, дөңгелек үс­тел, кон­ференция өт­кізу бары­сын­да жан-жақты талқыға салынды. Дегенмен де, азаматтардың басым көпшілігі бұл жаңалықтар туралы әлі бейқам екендігі сот отырысына дайындық барысында анықталып жатады. Бұл әлі де халықтың назарына жеткізу жұмыстарын жүргізуді арттыру қажеттігін көр­сетеді. Осы мақ­сатта, жаңадан қабылданған ко­­декстегі көптеген оң өзгеріс­тердің бірі – татуластыру рә­сім­дері, олардың тиімділігі, ерекшелігі жайлы айта кетуді жөн көрдім. Қолданысқа енгізілгеніне аз ғана уақыт болса да, аталған рәсімдерді қолдану сот тәжіри­бесінде артып келеді. Кодекс бойынша татуласу келісімін жасау, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу және дауды пар­тисипативтік рәсім тәртібімен реттеу көзделген. Алматы облысы Қапшағай қа­лалық сотында жыл басынан бері судья медиатордың қатысумен тараптардың ке­лісімі бекітіліп, 15 азаматтық іс өндірістен қыс­қартылды. Алдағы уақытта істерді осындай рәсіммен қарауды арттыру көзделіп отыр. Судьялар көбінесе татуласу тәртібімен істі сот отырысына дайындық сатысында дейін аяқтауға көп көңіл бөледі. Медиация тәртібімен істі аяқтауға тараптар біршама күдікпен қарағанымен, кейіннен даудың аз уақыт ішінде тез ше­ші­мін тапқанына риза болып, алғыстарын айтып жатады. Өйткені, халық айлап, тіпті, жылдап сот табалдырығын тоз­дырғанға әбден мазалары кеткен, даудың аз уақытта шешімін табатынына бірден сене алмайтыны, күдікпен қарайтыны анық. Осы бағытта судьялар тара­пынан бел­сенді жан-жақты жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады, онда тараптар келісім мерзімі мен тәртібін көр­сете отырып, орындау шарттарын көрсетеді. Келісімді бекіту туралы өтінішпен тараптар судья кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жүгіне алады. Медиатор медиацияны жүр­гізу туралы өтінішхатты берген және тараптардың ме­диа­тор­мен жасасқан шарты бірінші және апел­ляциялық сатылардағы соттарға ұсынылған жағдайда судья іс бойынша іс жүргізуді бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатуға міндетті. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судья медиацияны өткізу туралы өтінішхатты берген кезде сот іс бойынша іс жүргізуді он жұ­мыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы. Келісімді бекіту не оны бе­кі­туден бас тарту мәселесін қарас­тырған жағдайда, судья ең алдымен оның заңға қайшы келмеуін, басқа тұлғалардың құ­қықтары мен заңды мүделерінің бұзылмауын тексереді. Келісімді бекіткен жағдайда, іс өндіріспен қысқартылады, тө­ленген мем­лекеттік баж сомасы талапкерге қайтарылады. Тараптардың алдағы уақытта осы дау нысанасы бойынша қайтадан сотқа шағымдануға құқығы болмайды. Келісімде көрсетілген шарт­тарды тараптар ерікті түрде орындайды. Егер де бір тарап шартты орындауды бұзса, екінші тарап мәжбүрлі түрде орындату үшін сотқа өтініш жасай алады. Татуласу келісімінде кейін­ге қалдыру немесе ұзарту мер­зімдері көрсетіле отырып, жауап­кердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін. Сот отырысына дайындық мерзімі 15 жұмыс күніне дейін ұзартылды, судьяның жүргізетін іс-әрекеттерінің аясы кеңейді. Даудың шешімін табу мәселесі тараптарға да көп байланысты. Өкінішке орай, тараптар өзара келісімге келіп жатса да, іске қатысушы адвокаттардың істі татуласу рәсімімен аяқтауға қарсы болып жататын жағдайлар да кездесуде. Адвокаттың «бітім­гершілікпен істі қарап, істен тез құтылудың жолын қарастырып отырсыз» деп негізсіз айып тағатыны да өкі­нішті жағдай. Бұл өз кезегінде судьяға деген сенімсіздікті күшейтетіні анық. Осы тұста, адвокаттардың жауаптылық мәселесін арттыру қажет. Құқықтары бұзылды деген азамат, ең алдымен, білікті заңгерге, адвокатқа барады. Өз кезегінде даудың шешілуіне қиын­дық туғызбай, кедергілер жасамай, оңтайлы жолдарды көрсету заңгер адвокаттардың бас­ты міндеті. Сонымен қатар, қажетті дәлел­демелерді алдын ала ұсыну, уақытты барынша тиімді пайдалану даудың жыл­­дам шешілуінің бірден бір оңтайлы жолы болып саналады. Сондықтан, осы бағытта жұ­мысты күшейту, халықтың назарына жеткізу қажет. Жазира ЖАНСЕИТОВА, Қапшағай қалалық сотының судьясы.