12 Қаңтар, 2011

Ел қалауы – елбасы өкілеттігін ұзарту

597 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Елбасымен біргеміз!

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Ел қалауы – елбасы өкілеттігін ұзарту

Референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен  әңгіме – Ерлан Бәтташұлы,  қазір­де бүкіл республика көлемінде бас­тамашы топтар құрылып, Ел­басы өкілеттігін жалпых­а­лық­­тық референдум жолымен 2020 жылға дейін ұзарту мақ­са­тымен қол жинау жұмысы өз мәре­сіне келіп жетті. Айтпақ­шы, бұл бас­таманың өзі ең ал­дымен Шы­ғыстан басталды емес пе? – Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ, мұн­дай бастама байтақ Қазақ­стан­ның қай түкпірінен шықса да таңырқап, таңданудың реті жоқ. Өйткені, Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевты бүгінде барша қазақстандықтар Ұлт Көш­бас­шысы ретінде танып, мойын­дап отыр. Бұл ендігі жерде дәлел­деуді керек етпейтін шындық. Солай дей отырып, осы игілікті  бастама неге алдымен еліміздің шығысынан басталды деген сұ­раққа жауап берелік. Егерде ата тарихымызға үңіл­сек, түркі халқының ата жұрты болып табылатын қазақ елі үшін Алтай тауының орны мен жөні бөлек. Атақты Білге қаған да Алтайдай ата қонысын, әсіресе мызғымас ел бірлігін дәріптей келіп, «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырма­дым. Жалаңаш халықты киімді, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» демей ме? Ал енді кешегі Алаш арыстары ше? Алғаш қазақ автономиясын құру мәселесі осы шығыста көтеріліп, Алашорда үкіметі Семейде қызмет атқарды емес пе? Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз­дың президенттік өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту туралы мәсе­ленің алдымен шығыстан баста­луында осындай өзіндік бір тарихи заң­дылық бар сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, өткендегі тарихы­мызға тағы да зер салалық. Жұ­мыр жердегі үлесін ат тұяғына байлаған түркі бабамыздан мұра болып қалған сайын қазақ саха­ра­сының біраз бөлігі жат қолын­да кеткенін кеш білдік. Ата та­ри­хымызды тасқа таңбалаған Күл­тегін мен Тоныкөк бабалары­мыздың ескерткіштері де моңғол жерінде жел өтінде мүжілуде. Егер Елбасы өзі көтеріп, баста­машы болмаса осы тарихи жәді­гер­леріміздің көшірмесі Астана­дағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әкеп қойылмас та еді. Елбасымыздың бұл талабы өскелең жас ұрпақ ата тарихын біліп жүрсін деген игі тілектен туындаса  керек. Әріге бармай-ақ кешегі тәуел­сіз­дік алған жылдарды еске түсі­рейікші. Қираған экономиканы қайта қалпына келтіріп, ыдыра­ған саяси жүйені жаңадан құрып орнықтыру дегенің жеке өз алдына, ең бастысы, бұл қазақ жерінің бірыңғай тұтастығын, яғни Қазақстан мемлекеттілігінің түп негізін сақтап қалудың тағы бір таразыға тартылған сәті еді. Мысалға, қазіргі облыс орта­лығы Өскемендегі сонау тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиын­дықтан туындаған әлеуметтік қиыншылықтарды қайтіп ұмы­тарсың! Кейбіреулер осы «әрі-сәрі» көңіл күйді пайдаланып, Өс­кеменді бөліп алмаққа ұмтыл­ғаны да шындық. Міне, осындай сын сағатта еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығы Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты­ның арқасында сақталып қалды. Біреуге білектің күшімен, екін­шілерге қантөгіспен келіп жатқан тәуелсіздік қазаққа Елбасының сарабдал саясатының арқасында бейбіт жолмен келді. Бірақ, тәуел­сіздіктің бұл жолы бейбіт болғанмен, құны аса қымбат бол­ды. Ел тозып, жер күйзеліп, ұлт­тық сана жоғала жаздап барып жеттік бұл күнге. Алыптарды дү­ниеге әкелген Семей өңіріне, мамыражай тірлік кешіп, бейқам отырған қамкөңіл қалың қазақ­тың ортасында атом қаруы сына болып қағылды. Ал осы қырық жылғы қыр­ғынға тосқауыл қой­ған да еліміз­дің Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зарбаев болатын. Сөз басында айтқандай, Елба­сы өкілеттігі еліміздің қай жерінде көтерілсе де орынды дей оты­рып, еліміздің шығысындағы бұ­рын-соңғы тарихи жайттардың да біздің бастамашы топқа қоз­ғау салғанын айтпасқа болмайды. – Бастамашы топ қалай құрылғанын айтып жатырсыз, ал оған жетекшілік етуде таң­дау неліктен сізге түсті? Бас­тамашы топ құрамы тура­лы айта кетсеңіз? – Ай жүзді ақ балтасымен жауын қашырып, азулы ақ өлеңі­мен ел бірлігін толғауына қосқан Ақтамберді жырау, аталы елдің баласы, баталы сөздің бағбаны Ақтайлақ би, заманым деп зар қаққан Дулат ақын, адамзат ойы­ның алыбы саналған, ел болудың қамын ойлаған хакім Абай, ірі ойшыл Шәкәрім, суреткер Әуе­зов­тер – шырайлы шығыстың перзенттері. Еліміздің Тұңғыш Президентіне ақ батасын берген де осы елдің данагөй абыз ақ­сақалы Шәкір Әбенов болатын. Мәселе таңдау кімге түске­нін­де емес, мәселе осындай игі бас­та­маның ұлылар елінде көтеріл­ге­нінде дер едім. Болмаса бас­тамашы топ құрамындағы жеті адамның қай-қайсысы болсын, топ төрағасы болуға лайық жандар. Осы орайда, олардың түрлі ұлт өкілдері, түрлі мамандық иелері екендігін айта кетсем деймін. – Ал сол ортақ мақсат түйіні неде деп білесіз? – Иә, қазір ежелден аңсаған егемендігіне қол жеткізген қазақ елі даму мен қарыштаудың жолы­на түсіп, әлемдік өркениетке ұмтылуда. Даласындай дархан­дық, асқар тауларындай асқақтық  қазақтың алпыс екі тамырын идірген қанында бар қасиет. Мы­салы, еңсесі езіліп, жаны жан­шыл­ғанмен сағы сына қоймаған қазақ елін тәуелсіздік жылдары Ұлт Көшбасшысы бірден қияға жетеледі. Туған елдің тұғырын биіктетіп, мемлекеттік тіл мәрте­бесін бекітіп, қолданыс аясын кеңейту, өзге ел капиталдарын тиімді инвестициялау, ұлттық эко­­номиканы аяғынан тік тұрғызып, оны әлемдік бәсекеге қабілетті қылу, білім беру реформасын әлем­дік стандарттарға сай құру, асқақ келбетті Астананы тұрғызу, дінбасыларының әлемдік диало­гын құру – бәрі-бәрі тікелей Ел­басымыздың көреген саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтиже­сінде жүзеге асып отырғаны сөзсіз. Ертегі әлемінің қаһарманындай қа­зақ жұртының сағат санап емес, сәт санап көркеюінің, жеті қат көкке зымыраған самұрықтай жылдамдығының құпиясы неде, кілті қайда? Бұл ең алдымен елі­міздің бақ-талайына, пешенесіне бұйырып, ұлт әлеуетін күшейтуді көздеген Елбасындай тұлға біткендігінде болып отыр. Тарихи мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ел­ба­сы таңдауы – елдігіміз, егемендігіміз болғанда, ұлтымыздың да өз таңдауын жасайтын уақыты әлдеқашан жетті. Олай болса, ұлылар мекені саналатын Семей халқының елдікті нығайтып, егемендікті аспандату жолында тағы бір кезекті қадамын таңдап, жаңа­шыл идеясын ұсынатын сәт ту­ған-ды. Ол – көпшіліктің кө­кейінде, жұртшылықтың жүре­гін­де жүрген имандай ақ ниеті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік пен ынтымақ­тың ұйытқысы болған Ұлт Көш­бас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылға дейін өкілеттігін ұзарту ту­ралы жалпыхалықтық референдум өткізу дәл қазір, осы уақытта қажет. Неге десеңіз Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін ұзарту арқылы алдағы күнге деген үмі­тіміз орнығып, сеніміміз беки түспек. Ал идеяның айтылуы бар да, оның жүзеге асуы бір басқа. «Елбасы-2020» жалпыхалықтық акциясы барша көзі ашық, көкі­регі ояу жанды бейжай қалдыр­май, бүгінде  бүкіл қазақстан­дық­тардың осы идея төңірегінде тұтастай ұйысып, оны жалпыха­лықтық референдум деңгейіне көте­руге қолдау көрсетіп жатқа­ны мемлекеттік даму мен дәуір­леудің жаңа кезеңіне көтерілгені­мізді көрсетсе керек. Міне, Елба­сы өкілеттігін ұзарту туралы мә­се­лесінің дәл қазір көтерілуіне негізінен осындай өмірлік маңы­зы зор ой-тұжырымдар түрткі бол­ған еді. Салиқалы Саммиттің соңын ала көтерілген бұл бастама жер-жерден үдере көтеріліп қолдау тауып жатса, бұл біздің көрегендігіміз емес, бұл ең алды­мен Елбасының өз халқы алдын­дағы кемеңгер кісілік келбеті, биік бедел-абыройы. Біз осы бір халықтың көкейінде жүрген бүр­шікке нәр бердік. Халық көңілі­нің бүрі ашылып, көкейдегісі гүл жарып жатса, біздің мақсаттың орындалғаны. Өйткені, біз халық пен Президент арасындағы ал­тын арқауды жалғаушылардың бірі ғанамыз. Қашанда сол жолдан таймаймыз. – Сөз соңында республика­лық референдум өткізу жөнін­дегі бастамаға орай қол жинау қорытындысына қысқаша тоқтала кетсеңіз... – Бүгінде республика халқы­ның жалпы саны 16 миллион тө­ңі­регінде болса, ал сайлаушылар саны соның тең жарымын құрай­ды екен. Ал сол барлық сайлау­шының тең жарымынан, нақты­лап айтқанда, 4 миллионнан аста­мы референдум өткізуді қолдап отыр. Мұны біз отандас­та­ры­мыз­дың Елбасына деген құр­меті мен сенімі деп түсінеміз. Ал Елбасы тарапынан рефе­рен­думды өткізу­ге Жарлық шыққан жағдайда еліміздің жер-жерінде құрылған бастамашы топ өз жұ­мысымызды одан әрі жал­ғас­ты­ратын боламыз. Халық тілегі орта жолда қал­майды деп сенеміз! Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Ер жігіттің бір жұрты – нағашысы Семейде бастамашы топ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жыл­дың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының нағашы жұрты атынан мен де бұл бастаманы қолдай­тынды­ғымды білдірсем деймін. Жалпы, «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен қазақстандықтардың, олардың ішінде елдегі танымал азаматтардың, сондай-ақ шетелдік белгілі мемлекет басшылары мен саясаткерлердің Нұрсұлтан Әбішұлы туралы айтқан жақсы пікірлерін оқып, төбем көкке жеткендей қуанамын. Біз соғыс кезінде буыны бекіп, бұғанасы қат_паған баламыз. Соған қарамастан, ауылдағы үл­кен кісілермен, әйелдермен бірге қырманда еңбек­тендік. Сонда келімсектердің біздерді «қазақ» демей, «қырғыз» деп кемсітетіндері әлі күнге есімнен кетпейді. Ал қазіргі кезде қазақ атын әлем танығанына Аллаға шүкіршілік етемін. Және де мұны бірінші кезекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Жаңылмасам, Нұрсұлтан 7-сыныптың жарты жылын Қасық ауылында нағашысы Айдапкелдің үйінде жатып оқыды. Сыныптастары Қасықбай Асаубаев, Сұлтан Қошқарбаев сабақтан қиналған кездерінде Нұрсұлтанның көмектесіп тұрғанын әмсе естерінен шығарған емес. Айдапкел ақсақал Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан жамбасынан төмен айырылып келген ардагер еді. Нұрсұлтан атқарып жүрген жұмысының жауапкершілігі мен ауырлығына қарамастан, уақыт тауып нағашы­сына сәлем беріп қайтуды әркез есінде ұстайтын. Мұны Елбасының өзіне ғана тән қарапайымды­лығынан, адамгершілігінен, бауырмалдығынан деп түсінемін. Ал Нұрсұлтанды 1992 жылы нағашысы Айдапкел ақсақалдың жылдығына келгенде тағы көрдім. Мына сурет Президенттің сол жолы нағашыла­рының ортасында түскен суреті болып табылады. Сөзімнің соңында Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ елі мен Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі үшін атқарып жүрген қызметіне сәттілік тілеймін. Нәби ЕРМЕКБАЙ, еңбек ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы. Мақсаты – қазақстандықтарды бақытты ету Тілшілер қосынының телефоны шылдыр­лап қоя берді. Оның құлағын көтерген кезде арғы жақтан бұл «Егемен Қазақстанның» Оралдағы тілшісі ме?» деген егде ер адамның даусы естілді. Иә, соның дәл өзі. Құлағым сізде. Шаруаңызды айта беріңіз, дедім мен. Қарағым, менің аты-жөнім Ұзақбай Хабиев. Қырық жылдан астам уақыт  халық ағарту саласында қызмет еткен зейнеткер ұстазбын. Шаруам біреу ғана. Елбасымыздың өкілет­тігін референдум өткізу жолымен 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Кемпірім Мәрия да осындай пікірде. Екеу­міздің соған байланысты айтатын бірқатар ой-пікірлеріміз бар. Соны «Егеменге» қалай жеткізе аламыз? Қызмет орныңыз қай жерде еді? Біз барып шығайық. Ұзақбай аға, маған келмей-ақ қойыңыздар. Үйіңізге өзім ба­райын. Мекен-жайыңызды айтсаңыз жетеді. Осы әңгімеден соң көп кешікпей ерлі-зайыпты Ұзақбай аға мен Мәрия жеңгейдің үйіне жеттім. Амандық саулықтан соң Ұзекең Елбасы жөніндегі әңгімесін бастап кетті. – Мен зейнет жасындағы қарапайым ауыл адамымын. Елбасымыз жөнінде айтайын деген ой-пікірлерім көптің көңілінен шығып, ойларымен үндесіп жатса, мақсатымның орын­далғаны. Осы заманға дейін халқы­мыз­дың көрмеген қиындығы кемде-кем. Әмір­шілдік-әкімшілік жүйенің сан түрлі озбыр­лықтарын бастарынан кешірді. Колбиндей «қаңғып келген шүрегейдің» Қазақстанды басқарған кезін де басымыздан өткердік. Өз елін басқара алатын бірде-бір ұлт азаматы жоқ дегенге қатты арландық, намыстандық. Бәрі де өтті, кетті ғой. Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері арқылы ел басқарудың тамаша үлгісін көрсетіп, дәлелдеген Нұрсұл­тан Назарбаев болды. Ол қазақ ұлтының ішінде ел басқаруға лайықты азаматтардың бар екендігін күллі дүниеге таныта алды. Мен, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлының өз халқы үшін тындырған істеріне қатысты бұрыннан белгілі жәйттерді қайталағым келмейді. Тек Ұлт Көшбасшысының ең нәзік мәселе – мемлекеттік тілге қатысты ұста­нымы жөнінде айта кеткенді жөн көремін. Н.Ә.Назарбаев көп ұлтты Қазақстанның этникалық ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік тілді революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамыту жолын таңдады деп түсінемін. Бұл – ұлттық идеологияның алтын қазығы. Меніңше, ана тіліміздің мәртебесін осылайша байыппен көтеру саясаты бірден-бір дұрыс жол болды ғой деп есептеймін. Оның себебі де түсінікті емес пе? Сол кезде ел экономикасына барынша күш беріп тұрған, нарықтық экономиканы енгізуде шешуші рөл атқарған республика халқының елу пайызын құрайтын орыстілді қазақстан­дықтар болғаны жасырын емес. Осындай тұжырымды ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларына қатысты жасауға да әбден болады. Әрине мұндай жағдайда Елбасының тіл мәселесіне өте сергек қарап, байыппен шешкені өте құптарлық іс. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тіліміз­дің қадір-қасиеті төмендесе, бұл түптеп келгенде ұлттығымыздан айырылып қалуға әкеліп соқтыратынын Елбасымыз білмейді емес, өте жақсы біледі деп түсінуіміз керек. Міне, сондықтан да Елбасымыз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өзінің президенттік өкілеттігі шеңберінде тиісті шаралар белгілеп, іске асырып келеді. Венгр халқының белгілі ғалымы Больяй: «Жер бетінде жалғыз бақытсыз бар кезде жайбарақат бақытты өмір сүру мүмкін емес. Өмір мұраты күллі адамзатты алаңсыз бақытты ету» деген екен. Сол секілді Елбасымыздың 16 миллион қазақстандықты қалай бақытты етемін деп шарқ ұрып, тыным таппай жүргеніне куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы мұның басты жолы ғылым мен білімді дамыту деп санайды. Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының әлем таныған беделі мен абыройын, саяси салмағын пайдалана отырып, өзі жасаған стратегиялық бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік туғызса, одан еш ұтылмас еді. Мұның басты жолы Президент өкілеттігін референдум өткізу жолымен 2020 жылға дейін ұзарту болмақ. Біздер Мәрия екеуміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлын халықты өзіне табындыра білген тұлға деп танимыз. Тек біз ғана емес, қазақстан­дықтардың көпшілігі осындай ойда екеніне шек келтіре алмаймыз. Ал халықты өзіне табындыра білу дегеннің өзі – маңдай термен келетін көл-көсір еңбек, әрі оның нәтижесі мен жемісі деп түсінеміз. Сол секілді еліміздегі әр басшы мен қарапайым адамдар өздері өмір сүріп, еңбек етіп жүрген облыстары мен аудандарында, ауылдарында жақсы істерімен адамдардың жүрегінен орын ала білсе, содан артық мерей, бақыт жоқ шығар. Жақсы қашан да ісімен жақсы болып қала бермек. Сол жақсылардың бастауында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ұзақбай ақсақал әңгімесін осылай аяқтады. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. «Референдум өткізу заңға қайшы келмейді» Кеше Алматыдағы Д.Қонаев атындағы университетте еліміздің білікті заңгерлері жиналып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты рефендум өткізудің заңдылығын талқылады. – Құқықтық жағынан алғанда референдум өткізу ешқандай заң­ға қайшы келмейді, – дейді «Заң­герлер – әділетті сайлау үшін» респуб­ли­калық қоғамдық бірлес­ті­гінің өкіл­дері. Қоғамдық бірлес­тіктің кеңей­тілген отырысында республикалық референдум өткі­зу заңдық тұрғыда заңды ма деген сұраққа кәсіби тұрғыда жан-жақ­ты түсінік берілді. Жалпы, Конституцияға және «Республикалық референдум ту­ралы», «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы сайлау туралы» заңдарға сәй­кес, мемлекет өзінің қоғам­дық-сая­си өміріндегі кез-келген мә­селеге қатысты референдум өткізе алады. Егер Президенттің өзі референдум өткізуге келіспеген жағдайда, Парламент депу­тат­тарының басым даусымен де референдум өткізуге болады, – дейді заңгерлер. Заңгерлердің басын біріктіретін қоғамдық бірлестіктің тең төр­ағасы Дәулет Байділдинов референдум өт­кізуге барлық қа­жетті құқықтық талаптардың бар екендігін жоға­ры­дағы заңдарға сәйкес дәйектей келе, мемлекет құрудың мысалдарын кәсіби тұр­ғыда алға тартты. Құқықтанушы ғалымдар референдум өткізудің әлемдік және отан­дық тәжірибелерін сараптай келе, Парламент депутаттары көп­шілік да­уыспен «Қазақстан Рес­публикасы Консти­туция­сы­ның 42-бабына өз­гер­тулер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Заң­ды қабылдауға толық құ­қықтары бар деген қорытындыға келіп отыр. Және қазірдің өзінде референдум өткізуге 4 миллион қа­зақ­стандық дауыс беріп үлгерген үде­рісті жал­ғастыру да ешбір заң­ды белінен басушылық болып табыл­майды. Еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының заңгер оқымыс­ты­лары Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірегей қайнар көзі ретінде референдум өткізу туралы бастамаға мұрындық болуға құ­қықтары бар екендігін алға тар­тады. Тәуел­сіз­ді­гіміздің 20 жыл­дығы қарсаңында хал­қымыз дәл осындай қадамға ба­руы тарихи тұр­ғыдан да әділетті шешім бо­лып табылатындығын Шай­мардан Шәріпов, Ұзақбай Құ­дай­бергенов, Иван Зенкевич сынды танымал заңгерлер атап өтті. Және ғалым­дар бұл идеяны барлық тұр­ғыда қолдап, жүзеге асыру, жан-жақты көмек беру мемлекеттік тұ­тас­тығымызға қызмет ететіндігін нақ­ты мысалдармен атады. Мемлекет басшысының стратегиялық ұс­танымын үздіксіз, рет-ретімен жал­ғастыру республикамыздың саяси тұрғыдағы және эконо­ми­калық ба­ғыттағы тұрақтылығына қызмет ететінін ел заңгерлері бірауыздан қуаттап отыр. Яғни, қажеттіліктен туындаған осынау қадамның қаншалықты заңға сәйкес болып табыла­тын­ды­ғын кәсіби тұрғыда саралап өткен заңгерлер дүние жүзіндегі референдумдар тарихына шолу жа­сады. Осы уақытқа дейін дүниенің төрт шалғайында мұндай референдум 449 рет өткізілген екен. – Біз республикалық референ­дум­ның өткізілуін қолдап қана қой­маймыз және оның сәтті өтуі­не мүдделі азамат ретінде атсалы­сатын боламыз, – дейді Әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің конс­ти­­ту­циялық-құқықтық кафе­дра­сы­ның до­центі Ақылбек Исабеков. «Өзіміз көріп отырғандай, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың конс­­титуционализм идеалдарын ұс­тан­ғандығының және оның қызме­ті­нің көрнекті көпқырлылығының арқа­сын­да Мемлекет пен Азамат­тың ара­сындағы сенімді қарым-қатынас барынша қалыптасуда; адам­­дардың санасы мен күнделікті өміріне конс­титуциялық құнды­лық­тар сіңісті бола бастады; тұрғын­дардың құқық­тық мәдениеті мен оның билікке деген сенімінің дең­гейі өсті; жалпы заңдық тетіктер мен соттардың, құқық қорғау ор­гандары қызметінің тиімділігі мен кәсіпқойлығы жо­ға­рылады» делінген үндеуде. Заңгерлеріміз еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі ілкімді істерді ілгерілету үшін Елбасының өкі­лет­тігін ұзартудың көкейкестілігін құ­қық­тық тұрғыда қуаттап отыр. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Металлургтер құптауы Қазақстанның электролиз за­уы­тында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдауға орай митингі болып өтті. Оған «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Алмаз Ибрагимов, қос кәсіпорын­ның өндірістік еңбек ұжымдары қатысты. Халықаралық деңгейде лайық­ты орынға шығып, құрметке ие бола бастаған еліміздің бүгінгі жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Елімізді талай қиындықтан алып шығып, қазіргі дамыған қоғамды қалып­тас­тыруға еңбек етті. Бұл мем­лекеттің келешек өсу бағыттарын да белгілеп берді. «Қазақ­стан-2030» Стратегиясындағы мақсаттар қа­зір де  орындалуда. Мемлекет бас­шысы халыққа берген уәде­лерін орындап, талай мәрте сенім үдесінен шықты. Елдегі әлеу­меттік-экономикалық жағ­дай­дың көтерілуіне ықпал етті. «Алды­мен экономика» деген қағиданы берік ұстаған Елбасының берген тапсырмалары мен ойлары, идея­лары діттеген жерін дөп басып, нәтижелі болды. Алмаз Ибрагимов қос зауыттың ұжымы Мемлекет басшысы атына үндеу әзірлеп, Президент өкілеттігін ұзартуды бірауыздан құптайты­нын атап өтті. «Қанатты металл» өндіретін іргелі кәсіпорынның алғашқы және екінші кезегін іске қосуға мәртебелі Елбасы арнайы қатысып, тұсауын кескен. Тіпті, зауыттың бастан-аяқ құрылы­сына Мемлекет басшысының өзі тікелей қолдау жасады. Елімізде металлургия саласын дамытуға айрықша назар бөлінуде, бұл салада жыл санап ірі өндіріс нысандары ашылуда. Митингі соңында Елбасы аты­на жолданатын үндеуге жи­ын­­ға қатысқан зауыт жұмыс­керлерінің барлығы қол қойды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.