18 Наурыз, 2016

Есептен шығару куәліктерін берудің тәртібі қандай?

931 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_8479+Орталық сайлау комиссиясында ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев есептен шығару куәліктерін беру тәртібі және сайлау рәсімдері туралы брифинг өткізді. Оның атап өтуінше, БАҚ өкіл­дерін «Сайлау туралы» Заңға және Ортсайлауком бекіт­кен дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлік­терін беру және есепке алу ережелеріне сәйкес сайлау­шы жалпы жұрттың таны­суы үшін сайлаушылар тізім­дерін ұсыну мен сайлау күні арасында өзінің болу орнын ауыстырған кезде, ол тіркелген жері бойынша учас­келік сайлау комиссиясына дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға өтініш жасауға құқылы. «Есептен шығару куә­лігі сайлаушыға немесе сенім­хат бойынша оның өкіліне 4 наурыздан бастап 19 нау­рыз күнгі сағат 18.00-ге дейін беріледі, – деді М.Сәр­сембаев. – Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы немесе мүшесі есептен шыға­ру куәлігін толтыруды сайлау­шының тілегі бойынша мем­лекеттік немесе орыс тілінде жүргізеді. Бұл ретте есептен шығару куәлігін табыс еткен учаскелік сайлау комис­сиясының мүшесі сайлаушылар тізіміндегі сайлаушы тегінің тұсына, «ескертулер» деген бағанға есептен шығару куәлігінің табыс етілгені, оның бес таңбалы сериялық нөмірін, берілген күні туралы жазу енгізуі және қолын қоюы тиіс». ОСК мүшесінің хабардар еткеніндей, сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға берген өтініші сайлаушылар тізіміне қоса тіркеледі және аталған сайлау учаскесі бойынша оны тізімнен алып тастау үшін негіз болып табылады. Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келген сайлаушыларға берілмейді. Жоғалған дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және көшірме нұсқасы берілмейді. «Дауыс беру күні есептен шы­­ғару куәлігін көрсеткен кезде сайлаушы келген жері бойынша тіркеледі, – деп жалғастырды сөзін М.Сәрсембаев. – Облыс­тық, қалалық, аудандық мәсли­хаттардың депутаттарын сайлауда басқа елді мекендегі, бірақ сайлаушы тіркелген сайлау округінің шегіндегі сайлау учаскелерінде ғана дауыс беруге болады. Дау­ыс беру барлық учаскелерде жер­гілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады». Брифингте ОСК мүшесі дауыс беруге келе алмайтын сай­лаушылардың қалай дауыс беруге болатынына да тоқталды. Оның айтуынша, егер сайлаушы сайлау күні денсаулық, мүгедектік жағдайына, отба­сының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ, сайлау учаскесi құрылмаған шал­ғайдағы және қатынасу қиын жерде болуына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған жағ­дайда, ол учаскелік сайлау комиссиясына «үйде» дауыс беруді ұйымдастыру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Осыған қатысты өтініштер ағымдағы жылғы 20 нау­рыз күнгі сағат 12.00-ге дейін қабылданады. Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі, сондай-ақ, сайлауды қанша шетелдік бай­қаушы қадағалайтынынан да хабардар етті. «Өздеріңіз де білетіндей, 14 наурыз күні шет­елдік байқаушыларды аккредиттеу шаралары аяқталды. Сол күні кешкісін біз ең соңғы байқаушыларды аккредиттедік. Сонымен, олардың жалпы саны 957 шетелдік байқаушыны құрап отыр», – деді М.Сәрсембаев осы мәселе жөнінде. Оның келтірген деректеріне қарағанда, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның – 286, ТМД миссиясының – 301, Шанхай ынтымақтастық ұйымының – 9, ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясынан – 76, Еу­ропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан – 14, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы Кеңесінен – 17, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан – 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассам­блеясынан – 8, шет мемлекеттерден – 103 байқаушы, бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 29 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 140 өкілі аккредиттелген. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».