18 Наурыз, 2016

Назарбаев Қазақстанды жаңару жолына түсірді

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Независимая_газета77Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы – заманауи сын-қатерлерге жауап «Независимая газетаның» таяу шет мемлекеттер саясаты бөлімінің шолушысы Виктория Панфилованың мақаласы жарыққа шыққан болатын. Төменде соның сәл ықшамдалған нұсқасы жарияланып отыр. 20 наурызда Қазақстанда бір мезгілде Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлау­лары өтеді. Президенттің бас­шы­лығындағы «Нұр Отан» пар­тиясының жеңісі болжанатынына қарамастан, сарапшылар елдің саясат алаңында өзгерістер күтілетінін де айтып отыр. Мәжіліс сайлауы кезектен тыс өткізіліп отырғаны белгілі. Үкімет реформаларды күрделі эконо­микалық жағдайларда жалғастыру қажеттігімен бетпе-бет келді. Ал бұл халықтың сенім мандатын иеленуді талап етеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев электоратты сайлауда белсенділік танытуға, яғни елдің бірлігін айғақтауға шақырды. «Барлық азаматтардың сайлауға келіп, тұрақтылықтың, бірлік пен жасампаздықтың бағы­тын жалғастыруға дауыс бер­гендері өте маңызды. Баршамыз «Нұр Отан» саяси партиясының қызметі нақ осыған бағытталғанын жақсы білеміз», – деп мәлімдеді Оралда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық форумында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев. «Нұр Отан» партиясынан басқа Парламент сайлауына тағы бес партия – «Ақ жол», «Ауыл», «Бір­лік», сондай-ақ, Қазақстанның Ком­мунистік халық партиясы (ҚКХП) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) қатысады. Мәжіліске барлығы 107 депутат сайланатын болады. Олардың 98-і мандатты партиялық тізім бойынша алса, 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. «Бесінші шақырылымдағы Парламент өз міндетін орындады. Кезектен тыс сайлау күрделі экономикалық трансформациялар жүргізу қажеттігіне байланысты керек болып отыр», – деді «НГ»-ға Ресей ғылым академия­сы Экономика институтының ғылыми қызметкері Александр Караваев. Бірінші, оның пікірінше, Парламенттің міндеті жергілікті бюджеттерге толықтай реви­зия жүр­гізу болып табылады. «Бұл үстіміздегі жылдың сәуір-та­мыз айлары аралығында, 2017-2019 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджетті қайта қарау барысында жүзеге асады. Барлық бюджет шығындары тиімсіз шы­ғындарды алып тастау жолымен оңтайландырылатын болады деп ой түюге негіз бар», – дейді сарапшы. Оның сөзіне қара­ғанда, сайлау өте салысымен Бюджет кодексіне толықтырулар енгізіледі. «Трансформациялардың перс­пективалары әлі де толық анық емес екені есепке алына отырып, саяси элитаның құрамы бо­йын­ша кең көлемді орын алмас­тырылулардан бас тартқан жөн деп шешілді», – деп санайды А.Караваев. Мәжілістің жаңа құрамында орындардың көпшілігі «Нұр Отанға» тиетініне ешкім де кү­мән­данбайды. Дегенмен, «НГ»-ға Мәскеу мемлекеттік халық­аралық қатынастар институты Сараптама орталығының ди­ректоры Андрей Казанцев атап өткендей, Парламенттің жеке құрамы бұрынғы күйінде қала­тын болады. «Қазақстан саяси және әкімшілік элитаны жастармен жаңарту қарқыны бойынша посткеңестік кеңістікте ұзақ уақыттан бері көш бастап келеді. Бұл Президент Н.Назарбаев стра­тегиясының бір бөлігі болып табылады. Аталаған стратегия «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстінде. Президенттің үлкен күш-жігер жұмсауымен шетелдерде, оның ішінде тек Батыста ғана емес, сондай-ақ, Ресейде де жақсы бі­лім алған жастар әкімшілік аппарат пен барлық деңгейдегі сая­си қызметке белсенді кірісіп кетті. Биліктегі «Нұр Отанның» партиялық тізімінде бұрынғы депутаттардың әрі кеткенде 25 пайызы ғана қалды. Соңғы шақы­рылған Парламентте өкілдік еткен «Ақ жол» мен ҚКХП-дағы жағдай да осындай», – дейді А.Ка­занцев. Сарапшының пікірінше, Қа­­зақстандағы саяси элитаны шарт­ты түрде үш буынға бө­­луге болады. Бірінші буын «ақ­сақалдар» (Қазақстанда оларды агаш­калар деп атайды) – бұлар кеңестік кезеңнен шыққан саяси қайраткерлер, посткеңестік Қазақстанды құрушылар. Олар өздерінің егде тартуларына байланысты биліктен бірте-бірте кетіп жатыр. Екінші буын – «әкелерді» 90-шы жылдары бой көрсеткен табысты бизнесмендер мен талантты экономистер құрайды деп айтуға болады. Бұған мысал ретінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті, іс басындағы көптеген министрлер мен әкімдерді және ұлттық компаниялардың басшыларын келтіруге болады. Бүгінде олардың өкшесін үшінші буын – «балалар» басып келеді. Олар – тамаша шетелдік білімдері бар, бірақ жұмыс өтілдері өте аз жастар. Қа­зақстандық билік транзитінің ерекшелігі оның бірте-бірте «аталардан» «немерелерге» беріле бас­тауы болуы ықтимал. «Әкелер» мен азайып бара жатқан «аталар» буыны «Болашақ» тәлімгерлерінің, өмірлік тәжірибелері аздығы салдарынан, қандай да бір қателіктер жіберіп қоймауының гаранттары болады. Бұл үшін республикада былтыр Н.Назарбаев айтқан конституциялық реформалар жүргізілуі тиіс. Ол республиканы президенттіктен президенттік-парламенттік республикаға қайта құруға көмектеседі. Ресей ғылым академиясы Сол­түстік Осетия гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулер инс­титутының ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы Юлия Усованың пайымынша, «жаңа заң шығарушы органның құрамы бәрінен бұрын ішкі элиталық құрылымның Қа­зақстанның саяси жүйесін жаң­­ғырту міндеттерін шешуге қан­шалықты қабілетті екенін көр­сететін болады». «Парламенттегі саяси пар­тиялардың рөлін күшейту плю­ралистік бәсекелестік тетігін бел­сенділендіруге мүмкіндік беріп, саяси жүйені бұрынғыдан да иіл­мелі және жаңа жаһандық сын-қатерлерге қатысты сезімтал, сондай-ақ, түрлі әлеуметтік жә­не этностық топтардың (атап айтқанда, орыс тілді халықтың) сая­си өкілдіктерін кеңейтуге жағдай туғызады. Мұнда «Нұр Отан» фаворит болса, ҚКХП-ның да дәстүрлі басым саяси күш ретінде көрінетіні күмәнсіз, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін қолдау мен дамытуға бағыт ұстанған «Ауыл» ХДПП да белгілі бір саяси әлеуетке ие», – дейді «НГ»-ға Юлия Усова. «Осылайша елдің саяси-бас­қару элитасы еш өзгермейді деген пікір бар екеніне қарамастан, бұл мәселе жаңару сатысында тұрғаны айқын аңғарылады», – деп атап көрсетеді сарапшы. Ю.Усова, сондай-ақ, Қазақ­станның Орталық Азия мемле­кеттері ішіндегі ең тұрақтысы және іс жүзінде өңірлік көшбасшы деп саналатынына қарамастан, қазіргі кезеңде ыңғайсыз сыртқы конъюнктура экономикалық және сая­си реформаларды ілгерілету ісін күрделендіре түсіп отырғанын атап өтеді. Қазақстан үшін 2016 жылғы күн тәртібіндегі басым бағыттарға елдің әлемдік экономикаға бағыт ұстанып отырғаны, инвестициялық ахуалдың жақсаруы, «ЭКСПО-2017»-ге қатысу үшін шетелдік әріптестерді тарту, 2014-2018 жыл­дарға арналған көп қырлы сыртқы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды күшейту мәселелерін жатқызуға болады. Ал саяси элитаның барлық оң бағыттағы қайта жаңғыр­ту­­ларды аяғына дейін жеткізу мүм­кін­діктері қандай екенін уақыт көрсетеді.