18 Наурыз, 2016

Көктем көп жүк артады

335 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
SeylkaКүнтізбе көктемді әкел­генімен, Қостанай өңірінің алқаптарын басқан қалың қардың көбесі сөгіле қойған жоқ. Бірақ «тұр-тұрдан» хабар келсе, ұйқыдан береке қашады» дегендей, көктемнің күні төбеде ұзақ тұрып, дүниені дел-сал ететін уақыт та алыс емес. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қарғын судың «әлегін» алдын ала күтіп, дайындығын күшейтіп, алақанына түкіріп отыр. Көктем жыл сайын диқандарға да көп жүк артады. Науқанның әр күнін тиімді пайдаланудың сыртында, бүгінде диқан үшін қаржы, техника мәселесі де жетіп артылады. Облыс агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің көктемгі дала жұмыстары алдындағы кеңейтілген мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмағамбетов алда атқарылар мәселелердің түйінділеріне тоқталып өтті. Биыл қостанайлық диқан­дар дәнді, майлы дақылдар, бұр­шағы, көкөнісі, көп жыл­дық шөбі бар, барлығы 5,1 миллион гектар жерге дән себетін болады. Алқап өткен жылға қарағанда 68 мың гектарға ұлғаяды. Оның ішінде дәнді дақылдар 4,1 миллион гектарды құраса, тек бидай ғана 3,7 миллион гектар алқапты алатын болады. Осы кезге дейін бидай алқабы қысқартылып, майлы дақылдар алқабы кеңейтіліп келді. Ал биыл диқандар, керісінше, бидайды 112 мың гектар артық себеді, бұл барлық алқаптың 72,5 пайызын құрайды. Соңғы жылдары нарықта сұранысқа көбірек ие болып отырған майлы дақылдар алқабы облыста биыл азайды, барлығы 315 мың гектардан аспайтын болды. Дақылдың осы түрінің әр гектарына төленетін субсидияның алынып тасталуына байланысты алқап көлемі кемігенімен, диқандар нарықтағы сұранысы мол майлы дақылдардан қол үзген жоқ. Зығырды 170 мың гек­тарға, күнбағысты 95 мың гектар­ға, сафлорды 22 мың гектар­ға егеді. Өйткені, бұл дақыл­дар­дың бағасы нарықта көп өзгер­мейді, диқан маңдай терінің өтемін қайтарады. Сонымен қатар, картоп пен көкөністің де алқабы бұрынғы жылдармен салыстырғанда ұлғаяды. Себебі, ол да нарықтағы сұра­нысқа байланысты. Мамандардың айтуынша, астық уақтылы пісу үшін мамыр айының 15-інен 30-ына дейін дән жерге сіңірілуі тиіс. – Осы үдеден шығу үшін шаруашылықтар тәулігіне 270-280 мың гектар жерге дән себуі тиіс. Соңғы төрт жылдың тәжірибесі көрсеткендей, мамырдың 15-сі мен 20-сы аралығында тәулігіне 151 мың гектарға дән себіледі де, мамырдың аяғына қарай қарқын күніне 300 мың гектардан асатын. Бірақ ол орташа алғанда тәулігіне 232 мың гектардан артпайтын, – деді Ғауез Нұрмағамбетов. Көктемде дәнді себу уақытынан кешіккен сайын, күздің нәтижесі де соған орайлас болады, кеш еккен алқаптардың түсімі де бірден азаяды, күздің ызғарына ұрынған бидайдың сапасы да төмендей береді. Демек, сапасы төмендеген бидайдың бағасы да төмендейді. Биыл қар көп жауды. Жыл сайын диқандар көктемгі дала жұмыстарының алдында осылай бас қосқанда ылғалдың аздығы сөз болатын, аспаннан жаңбыр тілеп тарасушы еді. Ғалым агроном, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Валентин Двуреченский Қостанай өңірінде төрт жылда бір рет қана ылғалдың жеткілікті түсетінін айтып отыратын. Ол диқандар алдында сөйлегенде ылғал сақтау технологиясын айтудан жалықпайтын. Биыл Қостанай өңіріне қар жылдағыға қарағанда екі еседен көп түсті. Синоптиктердің айтуынша, қар құрамындағы су көлемі өткен жылы орташа алғанда 59 болған екен, биыл – 96! Демек, биыл ылғал облыстың қай шалғайында да жеткілікті болады. Алайда, бұл астықты мол өндіруге барлық мүмкіндік бар деген сөз емес, мамыр айындағы ауа райының қалай құбылатыны туралы әлі ешкім ешнәрсе айта алмайды. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында шелектеп жауған жауын диқанның қолын жіпсіз байлаған болатын. Дәнді уақтылы, қысқа мерзімде сіңіру үшін диқан алқапта жалғыз қалып отырған жоқ, мемлекет тарапынан көмек қолы жеткілікті. Биыл Қостанай облысына жеңілдетілген бағамен 71 мың тонна жанаржағар май бөлінді. Оның әр литрінің бағасы 96 теңгеден аспайды. Көктемгі қимыл басталғанша әр шаруашылық дизель отынын тасып алуы тиіс. Тұтастай алғанда, шаруашылықтар түгелдей тұқыммен қамтамасыз етілді. Биыл 552,5 мың тонна тұқым себіледі. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ 4,4 миллиард теңге несиелік қаржы бөлді. Биыл егін алқаптарына 25 мың трактор, осынша тұқымсепкіш шығады. 792 жоғары өнімді қуатты себу кешендері және басқа да ауылшаруашылық техникалары жұмыс істейтін болады. Көктемгі және күзгі науқан жұмыстарында диқан өзінің техникасы мен кадрларына иек артқанда ғана маңдай терінің ырзығын көре алады. Сол үшін қаржылық қиындықтарға қарамастан облыс диқандары өздерінің техника паркін жаңалауды жалғастырып келеді. Жыл басынан бергі екі айдың ішінде облысқа 20 трактор, 19 комбайн, 48 тұқымсепкіш алынды. «КазАгроФинанс» АҚ лизингісі арқылы 437 миллион теңгеге 21 техника берілді. Диқан жазы күрмеуге келмейтін қысқа жіп секілді. Бітік әрі сапалы астық өндіру үшін жазымен тыңайтқыш себу, арам шөптен арылту секілді жұмыстар, тыңайтқыш пен гербицид, шегірткемен күрес жұмыстары үзілмейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің кеңейтілген кеңесін қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов диқандар назарын ауылшаруашылық техникаларын барынша жаңалауға, агротехникалық шараларды, технологияларды уақтында орындауға, күш біріктіру үшін аграрлық кооперативтерге бірігуге, қаржы институттарынан алған несиелерін уақытылы қайтаруға және мал шаруашылығын дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға аударды. Тұқымы мен техникасы даяр, биылғы мол қарға қуанған диқандар көктемнің күн райын бер деген тілекте отыр. Өйткені, диқанның кеусені де, елдің несібесі де көктемде бусанған Жер-анаға байлаулы. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.