18 Наурыз, 2016

Қарым-қатынастың жаңа кезеңіне батыл қадам

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Парламент (2) ҮлкеніСенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында он бес мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына мемлекеттік қызметтер көрсету, мұнай өнімдері, экология, лотерея қызметі, пошта және өзге де мәселелерге құрылған заң жобалары ұсынылды. Бірінші кезекте қаралған «Бір жағынан, Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан, Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттердің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы палата тарапынан қолдауға ие болды. Келісім Елбасының 2008 жылғы Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленіп, құжатқа 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған. Аталған келісім Қазақ­стан мен Еуроодақтың және оған мүше мемлекеттер арасын­дағы өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын қамтиды. Заң жобасы бойынша баяндап берген Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропалық одақ еліміздің аса маңызды әрі ірі сауда-экономикалық әріптесі жә­не инвесторы екендігін ерекше атап көрсетті. Министрдің мәлі­ме­тіне қарағанда, тауар айналы­мы мен тартылған шетелдік инвес­тициялардың 50 пайыздан астамы Еуроодақтың үлесіне тиеді екен. «Келісім кешенді сипаттағы құжат болып табылады. Келісім саяси диалогты нығайтуды арттырады, қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады», – деді Ерлан Әбілфайызұлы. Ал заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор Нұртай Әбіқаев Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің саяси-эко­но­микалық маңызы зор екенді­гіне тоқталды. Реті келгенде, Қа­зақ­стан ТМД елдері арасында Еу­ро­палық одақпен мұндай ке­лі­сімді жасап отырған бірден-бір ел екендігін де айта кету керек. «Келісім біздің елімізге сая­си ассоциация мен эконо­ми­калық интеграция, терең сая­си және экономикалық рефор­малар жүргізу бойынша еш­қандай міндеттеме жүкте­мейді. Еуропамен ұзақ мерзім­ді ынтымақтастық Қазақ­станның Сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәй­ке­седі. Бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық одақ қарым-қаты­насының жаңа парағын ашатын болады», – деді Н.Әбіқаев. Тағы бір белгілі болғаны, еліміз­дің сыртқы саясат ведом­ство­сы Қазақстанның ЕО-мен ын­ты­мақтастығын тұтас қамти­тын бағдарлама әзірлейтіндігі. Аталған бағдарлама нақты жо­баларды қамтып, Елбасы белгілеген нақты міндеттерді шешпек. Оның үстіне, еліміз эко­номиканы жаңғырту және әр­тараптандыру, жасыл эконо­микаға көшу, мемлекеттік бас­қару жүйесін жетілдіру ісінде Еуропалық одақтың көмегі мен тәжірибесін мейлінше кең пайдалануды көздеп отыр екен. «ЕО өзі тарапынан Қазақ­стан­мен жасалған жаңа келісім­ге үлкен мән беретінін, Қазақ­стан осындай келісімге қол қой­ған Орталық Азиядағы алғаш­қы ел екенін атап көрсете­ді. Олардың пікірінше, жаңа келі­сім Қазақстан мен ЕО арасын­дағы экономикалық және сая­си байланыстарды терең да­мы­туға едәуір қарқын беріп, өңірі­міздегі басқа елдер үшін жар­қын үлгіге айналады», – деді Сыртқы істер министрі қосымша сөзінде. Е.Ыдыры­сов келісімді ратифика­ция­лау Қазақстанның ЕО-мен қарым-қатынасын дамыту­дың жаңа кезеңіне айна­лып, қатынастардың сапалы жаңа дең­гейге көшкенін растай­тын­дығын жеткізді. Сондай-ақ, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. Заң­дық құжатта Жер және Су ко­декстеріне нысаналы көрсет­кіштер мен стандарттарды әзір­леу арқылы су объектілерін қор­ғауды жақсарту нормалары ұсынылып отыр. Таратып айт­қанда, су сапасын арттыру мен ауызсумен жабдықтауды бақы­лау күшейтіледі. Әсі­ре­се, қайта өңдеу және қалдық­тардан жасалатын пайдалы материалдарды қайта пайдалануды ынталандыру тетіктері қарастырылған. Яғни, қайтадан пайдаланылатын шикізатты қол­данған тауарларға басым­дық беріліп, «жасыл сатып алулар» тетігі енгізіледі. Сол сияқты, кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне астық нары­ғын реттеу мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жо­басы да қаралып, бірінші оқы­лымда қолдау тапты. Заңдық құжатпен электрондық астық қолхаттары жүйесі мен астық қабылдау немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жетілдіру мәселесі шешімін тауып отыр. Бұл жерде лауа­зымды адамдар тарапынан шаруашылық жүр­гізуші субъектілердің қыз­метіне арала­судың заң­дылығы мен негізді­лігін қамта­масыз ету қарасты­ры­латынын атап көр­сеткен жөн. Заң жобасында соттың астық қабылдау кәсіп­орнына немесе мақта өңдеу ұйымына уақытша бас­қа­ру енгі­зуі көзделеді және астық қол­хат­тары мемлекеттік элек­трон­дық тізілімнің жүйесіне енеді. Бұдан басқа, отырыста «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қабылданды. Заң жобасымен жетім балалар мен ата-ана­ларының қамқорлығынсыз қал­ған балалардың және балаларды өз отбасыларында тәр­биелеуге қабылдауды қалай­тын адамдардың бірыңғай рес­пуб­ликалық деректер қорын құру көзделген. Бұл ретте, қаса­қана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алын­баған соттылығы бар адамдар және басқалар осы заң қабыл­данғаннан кейін бала асырап алушы, қорғаншы немесе қам­қоршы бола алмайтынын айта кеткен ләзім. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».