18 Наурыз, 2016

Сергелдең

467 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
777Иә, осыдан бір ай бұрын қарағандылық қыз Сандуғаш Раисова сириялық күйеуі Ясер Ализзидан және бес баласымен бірге соғыс өртіне оранған Сириядан бас сауғалап, Қазақстанға келген болатын. Басына тағдырдың тауқыметі түскен бұл отбасы үшін Сириядан сытылып шығудың өзі оңайға соқпапты. «Түркиядағы біздің елшіліктің құдай тілеулерін бергір Ғалымжан, Арман деген қызметкерлері бізге көп көмек көрсетті. Осындай жанашыр азаматтардың арқасында неше түрлі қиындықтардан өтіп, Қазақстанға аман-есен жеттік», – дейді С.Раисова. Бүгінгі күнде бұл от­ба­сының басына қара бұлт қай­та үйірілгендей. Жақын күндері заң орындары С.Раи­сованың күйеуі мен бес баласын Сирияға кері қайтарып жіберуі бек мүмкін. Заң талабы сондай. Заңға салсаңыз, бұл отбасының босқын мәртебесін алуға ешқандай құқықтарының қисыны келмейді екен. Мәсе­лен, босқын мәртебесін алу үшін белгілі бір адам нәсілдік, ұлттық, азаматтық тұрғыда, сонан кейін діни сенімі, саяси ұстанымы немесе қандай да бір әлеуметтік топқа жатқаны үшін қудалауға ұшыраған болуы керек көрінеді. Ал соғыстан қашқандар бұл санатқа жатпайды екен... Қарағанды облыстық ІІД көші-қон полициясы бас­қармасының бөлім бастығы Жанна Ержанова бұл жағдайға былайша түсінік береді: «Ше­телдік және азаматтығы жоқ тұлға нәсілдік белгісі бо­йынша қудалаудың құрбаны болды деуге жеткілікті негіз жоқтықтан, оларға босқын мәртебесі берілмеді...». С.Раисованың өзі Қара­ғанды облысындағы Қара­ғайлы кентінің тумасы. Көпбалалы отбасында 1978 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Мектеп бітірген жылы Қарағандыға келіп, жоғары оқу орындарының біріне түспекші болыпты. Жолы болмай емтиханнан құлаған соң, амал жоқ ауылына қайтқан. Бұл – дүние апыр-топыр болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еді. Сол кездегі дүр­­мекке еріп С.Раисова да Ал­маты, Бішкек барып, ол жақтан тауар тасып, өз халінше сауда-саттықпен айналысады. Болашақ жары Я.Ализзимен де сонда танысыпты. Сөйтіп, осыдан жиырма жыл бұрын сириялық азаматпен көңіл жарастырып, көз көрмеген жат елге кете барған ғой. Негізі, Сирияның Хама қа­ласында тұрған бұлардың жағдайы жаман болмапты: бас­тарында үйлері, жекеменшік дүкен және өздеріне тиесілі жер телімі болған. Ел қатарлы тұрмыс құрып, бес баланы өмірге әкелген. Қазір бала­ла­рының алды он алтыда. Ал соғыс өрті тұтанған кез­де бұ­лардың шаңырағы қирап ортасына түскен де, бар мал-мүлкінен жұрдай болып айы­рылған... Қазіргі таңда сириялық отбасының басында босқын мәртебесі болмаған соң, жағ­дай­лары тіпті де қиындай түс­­кен. Заңдық тұрғыдағы бел­гілі бір дәрежедегі құқық­та­ры болмағандықтан, бұлар­ды еш жерде жұмысқа алмайды. Соғыстан бас сауғалап келген қашқында қайдан ақша болсын? Бір үйлі жанды асырауға Раисованың қоңыртөбел тірлігі бар туыстарының да ша­­масы келе бермейтінге ұқ­сайды. Сирияға қайту туралы әң­гіме қозғала қалса, Я.Ализзи бай­ғұс азар да безер болады. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Сирияға қайта оралса, тірі қалмайды екен. Кезінде ол жақтағы лаңкестер мұны да өз қатарына қоспақшы болып­ты. Әзер дегенде қашып құтылған. Оның зәрезап бол­ғаны соншалықты, суретке түсудің өзінен қорқады. Лаң­кестер танып қойып, тауып алады деп қауіптенеді. Жанға тыныш, бейбіт елді кім жек көрген? Я.Ализзи де аз уақыттың ішінде қайын жұрт­қа бауыр басып алыпты. «Қа­зақстан маған ұнайды. Осы жерде тұрғым келеді», – дейді ол. Бірақ, босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Ясер мен оның балалары үшін біздің елде қалып, түпкілікті тұру үшін есепшоттарында 2 миллион 600 мың теңге ақша болуы керек екен. Өздері арып-ашып, қашып-пысып жүрген бұл отбасында ондай ақша қайдан болсын?! Ал енді Қазақстанның аза­­маттығын алу бұдан да қиын және де ол аса қымбатқа түспек. Тығырыққа тірелген бұл жағдайдың шешімін әзір­ге ешкім де тап басып ай­та алмай отыр. Мәселен, Ха­лық­аралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жө­ніндегі Қазақстан бюросы Қа­рағанды филиалының директоры Юрий Гусков былай дейді: «Сириялықтың зайыбы – Қазақстан Республикасы­ның азаматы. Яғни, бұл жерде мем­лекет азаматын өз қам­қорлығына алуы тиіс. Мұның бір ғана жолы бар – заңнамаға аздаған өзгеріс енгізу керек...». Иә, қазіргі қолданыстағы заң бойынша С.Раисова елде қалғанымен, оның жұбайы мен балалары Сирияға жер аударылуы тиіс. Бірақ, бұл жерде де бір кілтипан бар. Мысалы, балаларды анасынан айырып, отанына қайтару үшін де әкімшілік соттың шешімі керек екен. Бүгінгі күнде сириялық от­басына құқықтық көмек көрсетіп жүрген заңгер Алек­сей Кочкаровтың айтуынша, Я.Ализ­­зидің келісімімен оның балаларының азаматтығын ауыстыру жөнінде құжаттар қатталып жатыр екен. Әлбетте, бұл оңай және тез арада шешіле қоятын шаруа емес. Неге десеңіз, Сирияның бізге ең жақын орналасқан елшілігі тек Мәскеуде ғана. Кочкаров демекші, Раи­сованың бұл заңгерге деген құрметі ерекше. «Отаным, төркінім деп сағалап келгенде тап осы Алексей Борисович сияқ­ты басқа ұлттың өкілінен жақсылық көремін деп ойламаппын. Қазір интернетті ашып қарап отырсам, біз туралы неше түрлі ғайбат сөздер жазылған. Бұта паналаған торғайдай болып келгенімде мұндай қату қабақтың қабырғаға батып жүргені рас, әрине. Ал Алексей Борисович сынды азаматтың осындай қиын кезде біздің отбасына көрсетіп отырған кө­мегі мен қолдауын екі дүниеде ұмытпаспын», – дейді қам­кө­ңіл жан. Бүгінгі күнде С.Раисова бю­рократиялық бұрқыраған қағаздарды реттеп, араб ті­ліндегі құжат­тарының көшір­месін орыс және қазақ тілдеріне аудартып, Қарағандыдағы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Ал күйеуі мен балалары болса, Қарағайлыдағы жақын ағайынның үйіне уа­қытша аялдаған. «Сирияда құжат мәселесіне келгенде қиындық көрген жерім жоқ. Ал мұнда біраз жүгіруге тура келеді екен. Аударма дегеніңіз қып-қызыл ақша. Кеше ғана Мәскеуге деп жіберген екі парақ қағаздың аудармасына 20 мың теңге төледім. Жұ­мыссыз отырған адамға бұл де­геніңіз оңай емес екен», – деп мұңын шағады Сандуғаш Раисова. «Суға кеткен тал қар­май­ды», жақында сириялық отба­сы босқын мәртебесін алу үш­ін сотқа жүгінді. Сонымен, сер­гелдеңге түскен сириялық отбасының болашақтағы тағ­дырын Қарағанды қала­сын­дағы Қазыбек би аудандық №2 соты шешпек. Баяғыда талай ұлт пен ұлыс­тың баласы елімізге босып келгенінде бауырымызға басқан халық едік. Бүгінгідей мамыражай заманда бір мұңлықты – туған жерім, төркінім деп келген жұдырықтай қызды бала-шағасымен сыйдыра алмай отырған сиқымыз елдігімізге сын емес пе?! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.