Ол артпай, оқу сапасы жақсармайды
Білім саласында қағидаға айналып кеткен осы мәселе Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Алтынсарин оқулары» ғылыми-практикалық конференциясының да өзегіне айналды. Кемеңгер ұстаз Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Расында, қандай жақсы оқулық, компьютерлік сынып, озық жабдық болса да баланың сапалы білім алуы үшін мұғалімнің маңызы жойылмақ емес. Әңгіме ұстаздың деңгейін қалай көтермек керек? Жас ұрпақты сапалы біліммен сусындату үшін не істеуге тиіспіз? Конференцияға қатысушылар осы ой төңірегінде пікір алмасты. Республикалық деңгейде өткен конференцияға бірінші рет еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Конференцияның осы аймақтағы ұстаздар ұстаханасы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында өтуі де тегін емес. Білім ордасы жыл сайын педагог мамандарды ұшырумен қатар, ұстаздар білімі мен біліктілігін көтеру жұмыстарына белсенді, жан-жақты жұмыстар жүргізіп отырады. Осы жолы басқосуға қатысқан мектеп мұғалімдері, әдіскерлер, жоғары оқу орнының оқытушылары мұндай конференцияның өтуі өте қажет екенін айтты.
– Қазір білім саласы инновациялық, интеграциялық үдерістерді бастан кешіп отыр. Мектепке дейінгі мекемелерден бастап жаңғырту, қайта қалыптастыру жұмыстары жүріп жатқанда білімберудің зияткерлік, инновациялық мектептер, жоғары оқу орындары секілді әртүрлі мекемелерінің өзара қарым-қатынасы, үндесуі, тәжірибе алмасуы өте маңызды болып саналады. Мысалы, осы конференцияға үздік бағдарламамен жұмыс істейтін Назарбаев зияткерлік мектептері мамандарының қатысуы мұғалімдерді жан-жақты дамыту ісінде жақсы жаңалықтың бірі дер едім. Олар өз тәжірибелерімен бөліспек, – деді Қостанай мемлекеттік педагогика институты педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Өтегенова.
Конференцияда баяндама жасаған Педагогтік шеберлік орталығы Қостанай қалалық филиалының директоры Елена Онищенко
– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұғалімнің оқыту сапасы оқушылардың алдағы барлық білім алу прогресін анықтайтын мектептегі басты фактор болып табылады. Өсіп бара жатқан баланың қайта білім алуға уақыты жоқ, сондықтан мұғалімнің әр күні, әр сабағы оқушы үшін маңызды. Ол сапалы болса – оқушының алдағы табыстарының шеті көрінгендей болады, сапасыз болса, оқушы сол күннен бастап ұтылады, – деді ол.
Конференцияда мұғалім беделі, білім сапасын көтеру проблемалары жан-жақты айтылды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында бұл жөнінен игілікті жұмыстар атқарылып келеді. Аккредиттеу бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бүгінде институт рейтинг бойынша еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында төртінші орынды иеленеді. Институт проректоры Еркін Әбіл конференцияда сөйлеген сөзінде жақсы мұғалім мәселесін талапкерден, студенттер қабылдаудан бастау керектігін айтты. Біраз жылдардан бері педагогика институттарына өзге мамандыққа тісі батпаған, орташа оқитын жастардың келе салатыны, кейін олардың көбісінің жүрек қалауынсыз оқып шыққан мамандығына бармай, басқа жұмыс іздеп кететіні де таныс көрініске айналған. Еркін Әбіл соңғы жылдары институтта облыстан түсетін талапкерлер санының азайып кеткендігін де тілге тиек етті.
– 2004 жылы институтта білім алатын жастардың 10 пайызы сырт облыстардан келетін. 2012 жылы олардың үлесі 17 пайызға көтерілді. Қазір білім ордасындағы студенттердің 33 пайызы өзге облыстардан келіп оқиды. Бұл бір жағынан институттың рейтингінің жоғары екенінде болса керек. Дегенмен, ауылдық жерлердегі, шалғай елді мекендердегі шағын комплектілі мектептердің жағдайы болашақ мұғалім кадрларын облыстағы тұрғылықты жастардан дайындау керек. Шағын комплектілі мектептер үшін қос пәнді игерген мұғалімдер даярлаудың да тиімділігі бар. Мұның барлығы да білім сапасына өзіндік ықпалын тигізеді, – деді Еркін Аманжолұлы.
Конференцияның секциялық жұмысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері өз тәжірибелерін ортаға салды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.