18 Наурыз, 2016

Аймақтық сахнаны әрлеген айтыс

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_5848-1«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алғыс айтам халқыма» атты аймақтық ақындар айтысын өткізді. Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік, жеңіс тіледі. Ай­тыс­тың басты мақсаты Ақмола өңірінде хал­қымыздың баға жетпес ұлттық өнері, мәдени мұрасы ретінде суырыпсалма ақындық өнерін кеңінен дамыту болып табылады. Ақмола облысы таланттарға бай өлке. Аспандағы аққуға үнін қосқан Біржан сал, ән падишасы Ақан сері, дархан елінің даңқын асырған әйгілі Балуан шолақ, ән көгінде «Гәккуімен» қалықтаған Үкілі Ыбырай сынды өнер саңлақтарының асыл мұрасын жалғастырушылардың бірі Қазақстанның халық ақыны – Көкен Шәкеев еді. Ол айтыс өнерінің Арқа өңірінде барынша өріс ашып, қанат жаюына мол еңбек сіңірді, көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Солардың ішінде ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов, айтыс­кер ақын, драматург Құдайберлі Мырзабек, республикалық, халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Арман Бердалинді атап айтса болады. Бүгінгі күні де жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген арқалы айтыскерлер баршылық. Дүркіреп өткен кешегі айтыс облысымызда осы киелі өнердің өркені биіктігін байқатты. Іріктеу кезеңіне облысымыздың қала, аудандарынан және Солтүстік Қазақстан облысынан барлығы 18 ақын қатысты. Екінші кезеңге солардың ішінен 12 ақын өтіп, 6 жұп болып айтысты. Сахнаға бірінші болып көкшетаулық Мұхамед Қонқаев пен солтүстікқазақстандық Аманжол Зағыпар шықты. Келесі кезекте Қуаныш Оспан (Көкшетау қ.) мен Құрмет Құралхан (Аршалы ауданы), Байрон Мәрес (Ерейментау) пен Мәлжанбай Азамат (Целиноград ауданы), Нұртуған Серік (Еңбекшілдер ауданы) пен Жарқын Жұпархан (СҚО), Нұрислам Әбділ (Көкшетау қ.) мен Екпін Сәбетхан (Зеренді ауданы), Марғұлан Оспанов (Бұланды ауданы) пен Хайымхан Жансая (Ақан сері атындағы мәдениет колледжі) өзара бақ сынасты. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары ұпай алған 6 ақын, 3 жұп ақтық мәреге шығып, суырыпсалма шеберлігімен көрермендер ықыласына бөленді. Айтыста орақ тілді ақындардың бірі жүйрік шешендігімен, енді бірі терең ойлы білімділігімен, ұтымды алғыр өрнектерімен ерекшеленіп, өрелі өнеріміздің жоғары үлгісін танытты. Қазылар алқасының шешімімен Нұрислам Әбділ (Көкшетау қ.) бас жүлдені, Хайымхан Жансая (Көкшетау қ.) бірінші орынды, ал Марғұлан Оспанов (Бұланды ауданы) пен Қуаныш Оспан (Көкшетау қ.) екінші және үшінші орындарды иеленді. Сондай-ақ, айтысқа қатысқан барлық ақындар дипломдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Айтыс өнері – бүгінгі рухани мәдениетіміздің ажырамас бір бөлігі. Бұл өнер – ұрпақтан-ұрпаққа, буыннан-буынға ауысып, өрісі кеңіп, дами беретіні анық. Оған қаланып жатқан негіз де жоқ емес. Мәселен, келесі жолғы айтыстың Ерейментау ауданында өтетіндігі жөнінде шешімнің қабылдануы сөзімізге дәлел болды. Бұған қоса, өңірдің қала, аудандарында тұрақты жұмыс істейтін айтыскер ақындар мектептерін ашу да жоспарланған. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.