18 Наурыз, 2016

Алаш ардақтысының аманаты

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
*Әлихан Бөкейхан – 150 7-9 барша ұрпағы бас қосқан алқалы жиында талқыланды Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында мемлекет қайраткері, XX ғасырдың бас кезінде «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Кеште ғалым, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде жинақталған зерттеу кітабының тұсауы кесілді. Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан «Әлихан Бөкейхан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көр­ме сөрелеріне 1904 жылы Санкт-Петер­­­бургте басылып шыққан көп том­дық «Новый энциклопедический словарь» және Алаш қайраткерінің басқа да аудармалары, сирек кездесетін қолжазбалар қойылды. Алқалы отырыстағы пікіралмасуда кітап авторының сөзін қостаған жазушы Бейбіт Қойшыбаев, ғалым Болатбек Нәсенов және басқа шешендер Әлихан Бөкейханның ғажайып еңбектері туралы толғана сөйлеп, оның өлмес мұрасын зерттеу мен баға беру ісі әлі де жалғаса беретінін ортаға салды. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – қазақтың ақырғы хандарының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртін­ші буыны, Бөкей ханның шөпшегі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факуль­тетінде оқып, осы жылдары ол сту­денттік қозғалыстарға бел­­сен­ді түр­де араласып, әсіресе, сол­­шыл­­дар­дың көзқарасына бейім болды. Ресей жан­дармерия басқар­ма­сының наза­рына алғаш рет сту­денттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізі­міне алынды. Әлихан Бөкейхан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қыркүйегінде «халық жауы» таңбасы басылып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ. 1905 жылы Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. 1906 жылы Омбыдан орыс тілінде шығатын кадеттік «Дала дауысы», «Омбылық» және «Ертіс» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Жолдас», кадеттік «Тіл», «Сөз» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жылдары «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. Ал 1911-1914 жылдары «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуі­не зор еңбек сіңірді. 1917 жы­лы Бүкіл­қазақ­тық құрылтайда Алаш авто­номиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ респуб­ли­касының тұңғыш төрағасы болып сай­ланды. Осы жылдары «Жаңа энци­к­лопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргиз­ского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты моногра­фия­лары Санкт-Петербургте жарық көрді. Ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, Мәскеуге жер аударылды, Әлекеңнің зор беделінен қорыққан большевиктер үкіметі оны Қазақстанға жолатпады. 1937 жылы жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді. Ал 1989 жылы мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды. Мерейтойлық кеште туғанына 150 жыл толған Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның болашақты меңзегенмен орындалмай қалған нақты мақсаты пен ізгі жоспары бүгінгі ұрпақтың көзайымы деген тұжырым жасалды. Ұлы тұлғаның кім болғаны туралы тарихи шындықты жас ұрпақтың жадына үнемі құйып отыру да парызды міндет. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.