18 Наурыз, 2016

Ауылды жерге ең керек адам

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
20151230_102114-1«Сенім жоқ жерде – адамгершілік жоқ, сенім бар жерде – күмән жоқ» демекші, халқына, еліне, Елбасына, оның салиқалы саясатына сеніммен қарап, нық қадам басып, өзінің өмірлік көзқарасымен, тәжірибесімен, адалдығымен жастарға өнеге болып, қоғамда өз орнын тауып жүрген азаматтар қаншама десеңізші. Соның бірегейі қатарында Астрахан ауданы орталық емханасының 35 жыл бас дәрігері болып, халқына аянбай еңбек еткен ардагер ұстазымыз, бүгінде УЗИ дәрігері Нұрмұхамбет Айтқожынұлы Сембаевты құрметпен атар едік.  Ағамыз 1975 жылы Қарағанды медицина институтын ойдағыдай аяқтап, дәрігер-балалар хирургы мамандығын алды. Аудандық ауруханада қызмет істеді. Араға жыл салмай білімді де білікті маманға сенім артылып, кіндік қаны тамған Жалтыр ауылдық емханасына бас дәрігер етіп тағайындалды. Мұнда да ол ұйымдастырушылық қырынан аудан көлемінде абы­рой тұғырынан көріне білді. Үш жылдық еңбек нәтижесі ретінде балалар өлімінің күрт төмендеуін, ана өлімінің тіркелмеуін айтар едік. Әлеуметтік ке­сел­діктер онкология, жүрек талмасы, қант ауруы көр­сет­кіштерінің жақсаруы байқалды. Осыдан болса керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Нұр­мұхамбет Айтқожынұлының еңбегін бағалап, 1980 жы­­лы аудандық орталық емханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Асыл азамат, білікті басшы өз кәсібіне әрдайым адал болып, көпшіліктің алғыс-құрметін еншіледі. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Нұрмұхамбет аға 1980 жылдан бастап 2015 жылға дейін аудандық мәслихаттың депутаты, сондай-ақ, облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты болды. – Егемендік жылдары Елбасының әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлуі медицина саласының құлаштай дамуына септігін тигізді, – дейді ағамыз. – Мәселен, емхана 2010 жылы судай таза реанимобиль автокөлігін 25 миллион теңгеге, италиялық «Аполло» рентген аппаратын, 12 миллионға жаңа маммограф, цифрлық флюорограф, «КамАЗ» көлігіне қондырылған жылжымалы флюороаппаратты сатып алуға мүмкіндік туды. Жалпы, Ақмола облысы өңірінде медицина саласының құрылыстары бір сәт те бәсеңсіген емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тізгінін ұстаған медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Құлышеваның басшылығымен бүгінде қыруар жұмыстар атқарылуда. Дәрігерлерге мыңдаған адамның өмірі сеніп тапсырылғандықтан, босаңсуға еш хақымыз жоқ. Тіршілік кедір-бұдыр қиыншылықтардан да тұратыны белгілі. Мұндай жағдайда Нұрекеміз елдің арқа сүйер азаматы ретінде, көпшілікті ақыл мен сабыр­ға шақырып, тығырықтан шығудың оңтайлы жолдарын таба білді. Бас дәрігерлік қызметі жылдары өзінің мық­ты менеджер екенін де көрсетті. Ауруханамыз облыс пен республикадағы озаттар сапынан түсіп көрген емес. Ағамыз Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, екі рет «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат екінің біріне берілмей­тіні ақиқат. Отан алдында мемлекеттік құрылысқа, эко­­но­миканың қарқынды дамуына қосқан үлесі республиканың халықаралық деңгейде абыройының артуына, еңбектегі биік жетістіктеріне, жоғары қоғамдық қызметіне берілетін марапат. Бұл кісінің өмірлік жолдасы, балаларының анасы, асыл да алтын немерелерінің әжесі Шолпан Аман­жол­қызы осы емханада 37 жыл дәрігер-кардиолог, тер­апия бөлімінің меңгерушісі болып, халқына адал еңбек етті. Адамгершілік, адалдық рухында тәрбиеленген перзенттері: ұлы Саят беделді заңгер, қызы Ләззат әке-шеше жолын қуып жоғары санатты дәрігер-кардиолог ретінде ел сыйлысы. Біздің қазақ баласын балым, немересін жаным дейді. Ағамыз бен жеңгеміз 6 немере сүйіп отыр. Мұхтар НҰРӘЛИЕВ, дәрігер.  Ақмола облысы, Астрахан ауданы.