Шымкентте «Алтын шаңырақ» атты облыстық байқау өтті. Облыстың барлық аудан, қалаларында бәйгеге қатысып, ақтық сынға алқынбай жеткендердің қатарында кентаулық Ысқақ Жұмашев қарияның отбасы бас жүлдені жеңіп алды.
Қазылар алқасының құрамында болдық. Ұсынылған үміткерлерге талдау жасап, өз ұпайларымызды қойдық. Бір қызығы сол, бас жүлде мен бірінші орындарға баға беруде барлық қазылардың ұпайы бірдей шықты.
Неге Жұмашевтар отбасы бас бәйгеге лайық?!
Үміткерлердің көрмесін аралап жүргенімізде бір картина еріксіз назар аудартқан. Айқара ашылған қақпа алдында ерлі-зайыпты тұр. Орта жастағы жігіт ағасының екі қолы кеуде тұсына жайылып, өңінде таңданыс пен шарасыздық байқалады. Қосағы белін бүгіп жерден әлденені алғалы жатыр.
Иә, алғалы. Шақалақты. Жаялыққа оралған, өз көкек анасының өз бауыр еті баласынан бас тартып, өзге адамның есігінің алдына тастап кеткенін әзірге түйсінбейтін шақалақ.
Суретші бұл оқиғаны ойдан алған жоқ. Портретте бейнеленген ер адам Ысқақ Жұмашев, қосағы Гүлжаһан Керімбайқызы болатын. Бүгінде сексенді алқымдаған Ысқақ ағамыз да, Гүлжаһан апамыздың да мамандығы дәрігер болған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрмыс-тауқыметтің қиындығына шыдамағандар нәрестелерін балалар үйіне өткізе бастады. Мемлекеттік мекеме баланың керегін түгендегенімен, ата-ананың аялы алақанының орнын баса алмайды. Осының бәрін жүрек елегінен өткізген Ысқақовтар «АрНұр» атты отбасылық балалар үйін ашқан. Сол кезде осы отбасы 13 тастанды сәбиді қабылдаған. Оның сегізі бесіктегі шақалақтар болса, қалғаны жасқа толмаған бүлдіршіндер еді.
Көкек деген айлакер құс өзі туған жұмыртқасын басып, балапан ашудың қиындығын ауырсынып, өзге ұяға тастап кетеді екен. Өз сәбиінен бас тартқандарды «көкек аналар» дейтін себеп осы. Алайда, бәрін бірдей безбүйрек деуге келмес, жағдайы оңалғаннан кейін сәбиін қайта әкеткендер де баршылық.
«АрНұр» балалар үйінен кеткісі келмейтіндер де бар екен. Соның бірі қарасаң көз тоймайтындай әсем қыз бала ойын былай толғайды. «Анам келді. Бірақ оған деген көңілім қарайыңқырап қалған екен. Ес білгенімде өзімнің тастанды екенімді біліп, туған анамды күн санап күткен едім. Ештеңеден тарлық көрмедік, бірақ анам барлығынан артығырақ көрінетін. Қатты сағынатынмын. Бірақ ол келгенде мендегі сағыныш сарқылып біткен еді. Туған анам қанша құшақтап, қанша аймалағанымен, қанша кешірім сұрағынымен менің жүрегімдегі мұзды еріте алмады. Менің алдымда бөтен адам тұрды. Мен оның қызы емес, Ысқақ атам мен Гүлжаһан апамның туған қызы екендігімді сол сәтте сезіндім».
Қабылдауға ауыр болғанмен, шындық осылай шырылдайды.
Ондаған жетім балаларды қатарға қосқан, оларды өз балаларынан еш кем көрмей аялап өсірген, жан жылуын аямаған Ысқақ Жұмашев отбасының өнегелі «Алтын Шаңырақ» отбасы байқауында бас бәйгені қанжығаға бөктеруінің, қазылар алқасының бірауызды болуының себебі осы.
Ел болған соң телі мен тентектер болады. Талапкерлердің ішінде «Мен неге бәйге алмадым» деп талағы тарс айырылып жүргеннің адами құндылықтардың қадірін білеріне күмәнданасың. Бір мезгілде сегіз бесік тербеткен Гүлжаһан ананың қасиеті «Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі» деген ата-баба өсиетін еске салатындай.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ысқақ ақсақал ешкімге қол жаймай табыс табудың да үлгісін көрсетіп отыр. 2012 жылы бес ор қоян асыраған қария бүгінде олардың санынан шатысады. Еті дәрумен қоян дегеніңіз өте өсімтал. Бабы келіссе көжекті үйіп тастайды. Етінің келісі мың теңгеге тартатынын ескерсеңіз, Жұмашевтар отбасылық бюджетінің қаншалықты екендігін шамалай беріңіз. Үлпілдеген қоян терісі де бір қыстыққа әбден жарайды. Жаңа жобаларға бөлінетін мемлекеттік гранттан 2 млн. теңге қайтарымсыз қаржы алған Ысқақ ақсақал тері илейтін цехын іске қосып жатыр. Дизайнер-тігінші де өз үйінен шықты. Балаларынан бөлек, немерелері қоян бағудың тәжірибесіне жетік.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында оқып, қоян өсіруді қолға алған қарияның ісі тепсе темір үзетін, алайда, «жұмыс жоқ» деп жүнжіп жүретін жастарға үлгі болса екен деп тіледік.
Анкарадан келген бір кәсіпкердің «Түркияда бес сауын сиырың болса, сен – миллионерсің» дегенін естіген едік. Мал – баққанға бітеді. Ал отбасы бақыты мен жеке бизнесті үйлестірген Ысқақовтар отбасы кедейшілік дегенді түсінбейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.