Иә, иығымыздағы жауапкершілік салмағы ауыр. Қазаққа нағыз бірігіп жұмыс атқаратын кез туған сияқты. Әрқайсымыз өткергенімізді саралап, алдағы атқарар істеріміз жөнінде терең толғанар уақыт келді. Ойлары бір жерде тоғысқан адамдардың мақсаты орындалады деген қағида еске түседі осындайда. Ал, азаматтардың ой бірлігіне алдымен олардың сана мен мінез бірлігі негіз болса керек. Олай болса, санамыз бен мінезімізді жетілдіруіміз керек. Адам баласы теңдесі жоқ қасиетке – санаға иелік етуші тіршілік иесі. Ол оған туа бітті иелік жасайды. Алайда, сананы өне бойы жетілдіру, кеңіту, толықтыру адамның жас кезінен басталып, оның есейіп, жетіліп, мамандық алып, одан әрі оны жалғастыра беруі міндет. Осы жөнінде Нұржан Наушабаев былай деген: «Әдеп, ақыл, білімді үйрене ешкім тумайды, көруменен ысылар». Ұлы Құдірет берген бұл қасиет адам өмірінде ылғи даму мен жетілу үстінде болады екен. Демек, енді бізді келешекке ой мен сана бірлігі жетелеуі тиіс.
Адам баласы саналы өмірінде өзіндей азаматтармен қатар жүріп, тірлік жасап, өмір кешеді. Әрбір азаматтың ойында жақсы өмір сүру, өзгелермен оңды қарым-қатынаста болып, қоғамға шама-шарқынша пайда келтіру тұрады. Дегенмен, осы игілікті мақсатқа әркім әрқилы жолмен жетіп жатады. Оған басты себеп адамның ата-ана қанымен келген таланты мен талабы, ақыл-санасы, мектепте алған білімі мен өмірден көрген түйсігі және өнегесі. Сонымен қатар, адамның алдағы өмірдегі жетістіктері мен әттегенайлары оның өзгелермен қарым-қатынастарымен де байланысты. Осы қарым-қатынастың мәні мен мағынасы көбінесе адамның мінез-құлқымен жұптасып жатады. Ол туралы Тұрмағамбет ақын былай сипаттаған: «Қоям, деп халықпен қарсы бір өзіңді, байқамай болып жүрме тірі езінді. Әрқашан алам десең төрден орын, түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді», «Көрікті көп көзіне көрінбейсің, кеуліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай. Өзіңді өзің түзеп үгітші бол, жан-жаққа жарық бермейді шам да ашылмай», «Ерлерім, өзгені қой, өзіңді оңда, оңдасаң халық қоймайды сені соңда». Ол тағы былай дейді: «Шүкірлік» қып шыдаған, кеңшілікті көп көрер. «Болмады», – деп ойдағым, – асығып ақымақ, өкпелер». Демек, адам мінезімен қоғамның мақсат-мүддесі үйлесімде болуы тиіс. Осы үйлесімділікті, бір жағынан, қоғам реттесе, екінші жағынан, әр азамат өзінің іс-әрекетін басқалар талабына сай өзгертіп отыруы қажет. Солай болғанда қоғам мен азаматтың арасында тиімді, қолайлы қарым-қатынас орнайды, бұл жеке адамның қоғамда тірлік жасап өмір сүруін жеңілдетеді. Сонымен қатар, қоғамның да жақсы дамуына себеп болады. Өйткені, қоғам жеке адамдардың жиынтығынан құралады ғой.
Данышпан Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің», дейді. Демек, біз сол екі аралықта істеген ісімізге, сөйлеген сөзімізге талдау жасауымыз керек. Әрине, мұны іске асыру оп-оңай дүние емес екені анық. Дегенмен, әр азамат өзінің қоғам аясында атқарған күрделі бір ісінен кейін болғанды таразылап, айтылған сөзді талдап отырғанының өзі үлкен нәтиже берері сөзсіз.
Әр адам өзіне сын көзбен қарап, өз іс-әрекетін қадағалап, талдап отырса елдегі бірлік, береке еселенеді. Қадыр Мырзалиев: «Барыңды күзет, арыңды күзет, өзгені сынағанша, өзіңді түзет», – депті. Білген, түсінген кісіге қазақтың арқалы ақынының осы сөзінде көп мағына жатқаны аян.
Бүгінгі күні адамдар арасында негізінен екі ұстаным бар деп ойлаймыз. Біріншісі, өзгенің жақсылығына, (мейлі ол туысқаны немесе танысы, әріптесі, тіпті бейтаныс азамат болсын) өзінікіндей қуану, басқаның кішкене де болса айтқан ұлағатты сөзіне, атқарған бір игі ісіне жақсы лебіз білдіру, оны қолдау. Осыдан өз ісіне немесе сөзіне қолдау естіген адам қанаттанып, жігерленеді. Оның алдағы жұмысына жетістіктер әкелуі мүмкін. Екіншісі, бұл, әрине, сирек кездесетін, дегенмен, өмірде бар ұстаным. Мұнда өзгенің жақсы, өнегелі сөзін, ісін көре алмау, оны керек болса әдейі байқамау, көрмеген сыңай білдіру, ол жөнінде жұмған аузын ашпау. Ашар болса, көпшілігінде мін іздеу. Өзін ғана жақсы көру, менен артық пенде жоқ, жақсылық өзіме ғана болсын деу. Қатарласының жетістігіне қуанбау, күйіну. Бұл ұстанымнан, сөз жоқ, қоғам ұтылады. Ал ұстаным иесі одан көгере қоюы екіталай. Түбінде онысынан зардап шекпей қоймас.
«Бір ауыз сөз» атты Кәкімбек Салықовтың өлеңінде төмендегідей жолдар бар: «Бір ауыз сөз таң Шолпанын әперер, бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер. Бір ауыз сөз: «Ұл туды» – деп қуантса, бір ауыз сөз әке өлімін әкелер». Байқамай, ойланбай айтылған орынсыз сөздің адамға берер зияны зор екенін аңғаруға болатын шығар осы өлеңнен. Осыны мына мысалдан да көруге болады. Көшеде екі таныс адам кездесіп қалды делік. Сәлемдесіп болғасын біреуі: «Оу, саған не болды, неге жүдеп кеткенсің», десе, екіншісі бұл орынсыз сауалға дұрыс жауап қайыра алмай, кібіртіктейді. Сөйтіп, екеуі екі жаққа кете барды. Алайда, екінші азаматтың жадында айтылған қатқыл сөз ұзақ уақыт тұрып алды. Ол азаматтың жүдегені де шамалы болатын. Дегенмен, жүйкесі осалдау адамға жаңағы сұрақтың өзі бір жетілік жүк болары даусыз.
Бабаларымыздың асқан көрегендігіне таң қалмасқа болмас. Атамыз Қазақ ұрпағының келешекте бір-бірімен татулықта, үйлесімділікте тұру тетіктерін әу бастан-ақ жан-жақты ойластырып та қойған сияқты. Бұған «Көршімен тату-тәтті бол» деген ұғым дәлел. Осы ұғым мағынасы біздің санамызға мықты сіңген. Өйткені, өмірде көргеніміздей, қазақ жоғарыда келтірілген қағиданы орындауда көрші мінезінің шамалы оғаштығын кешірген, түсінген, тату тұруға тырысқан. Осы күні көп жағдайда бұл орындала қоймай, қым-қиғаш болып жататыны өкінішті-ақ. «Алыстағы туыстан қасыңдағы көршің жақын» деген сөз неге тұрады.
«Заманына сай – адамы» деген қазақта сөз бар. Демек, алда тұрған тарихи мақсаттарға орай біз де өзгеруіміз керек. Сонда ірі нәтижелерге қол жеткізу үшін жаңа ауқымды істерді орындаушы адамдар да ірі әрі парасатты болуы міндет. Бүгін біз көп емеспіз. Заманымыздың заңғар жазушысы, күні кеше арамыздан мәңгілік мекеніне аттанып кеткен Әбіш Кекілбайұлы: «Бабаларымыздың көшпенді кезеңдегі дәурендеуі, байырғы тұрмыс салттарымыз бен күнкөріс айыру үрдістерімізге қажетті табиғи ресурстардың көпке дейін жетіліп-артылып келгендігінен туындаған тоқмейілсушілік енді ресурс тапшылығын мықтап тарта бастаған елдер еріксіз жетілдірген ғылыми-техникалық прогрестің үстем түскен заманында, ХVІІ ғасырдан басталған жаппай өнеркәсіптік даму тұсында бізді біраз шетқақпайлыққа ұшыратты. Аз көппен білім жарыстырып қана ұпайын түгендей алатынын түсіндік. Өмір сүргіңіз келсе, дер кезінде өзгерістер жасап, қалыптасып келе жатқан әлемдік ахуалға алдын ала бейімделе білуіңіз керектігін ұғына бастадық. Оның зияткерлік күш-жігермен жүзеге асатынына көз жетті», – деп еді. Міне, біздің есені қайтарар жеріміз де осы болар.
Сонда біз аздығымызды немен толтырып, не нәрсемен еселеуіміз қажет? Жолды абыз Әбіш ағамыз көрсетіп кетіпті. Біз алдағы ісімізді жоғары сапамен, биік санамен атқаруымыз керек екен. Ол үшін біз биік мәдениетті, мықты білікті, жоғары парасатты болуымыз қажет көрінеді. Біз ұлтымыздың интеллектуалдық әлеуетін барынша молынан іске қосуымыз керек екен. Біз әлемдік ахуалға бейімделуімізді, өзгеруімізді, жаңаруымызды өзімізден бастауға тиісті екенбіз. Осы жолда санамыздың көлеңкелі тұстарынан арылу қажет көрінеді. Мінезімізді қазаққа жат әдеттерден тазартудың беретіні мол екен.
Бабаларымыз бізге темір қазық болардай өсиет қалдырды. Ол бірлік, елдік іс. Бұл көргендік біздің қанымызда таза сақталса, мейірімділік, бауырмалдық деген асыл қасиеттер ежелгі қалыбынан ауытқымайды. Оны сәл маздатса, ортамыз толып, әдемі әдет пен өнегелер жанымызды нұрландырады. Бұл – біздің қолымыздан келетін іс. Сөйткенде, жақсы жағына өзгереміз, мінезіміз мінсізденеді, жаңарамыз, азат ел күшейеді, көркейеді.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры.
ҚЫЗЫЛОРДА.