14 Қаңтар, 2011

Асылдарым (жалғасы)

527 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Эссе

Ешкімге жалпақтап, мүләйімсіп жатпайтын. Керісінше, ғылымдағы, жазу майданындағы әр­іп­­тестері ғұламаға сәлем беріп, хал-ахуал с­ұ­расып жатқанын көретінбіз. Зейнағаң сол бая­ғы кірпияз қалпы, бекзат қалыбынан айнымай, жы­лыұшырап, жымиып қана сәлемдесетін. Өзінің қай жерде, қай ортаға болсын мэтр екенін сездіре білетін. Жақын тартып, көңілі түскенде: «Не халдер?» деуші еді. Аз сөзбен саз сөйлейтін. Пікір озықтығынан ал­дына жан салмайтын. Алдына салса – баяғы ұс­таздарын – Мұхаңды, Ғабеңді асқар Алатауға санап, бел тұтып, солардан мысал айтып, тың­дау­шыны терең ойға жүгіндіріп барып, баяғы­ның аб­ыз шешендерінше көсіле, төгілдіре жөне­луші еді. Әлі есімде, тәуелсіздіктің алдында, қайта құ­ру, ашылып-сайрау саясаты дендеп тұрды. Сол кезеңде ғой: «Орта жолда қайта құрылып не қыламын. Өзгелер қайта құрылса – құ­рылсын, ендігі өмір – өзіме бейімделсін», – деп пікір сабақтағаны құлағымда қалыпты. Жарықтық-ай десеңші! Ең алғашқы, 1991 жыл­ғы қарашада жалпыхалықтық президент сай­лауы – референдум тұсында: «Назарбаевқа балама жоқ!» – деп көрегендік үн көтергені де есімізде. Алпыс жыл бойы абаттанып үлгерген Алма­тыдан ел ордасын қиыр түкпірдегі Ақмолаға көшіреміз деп жатқанда – көп жұрт осы қалай болады деп дүдамал, күпті болып жүргенде – ағамыз тағы да көрегендік танытып: «Астананы көшірген жөн, ел – серпіледі, ер – тәуекелге ба­рады, қазақ ежелден тәуекелшіл халық», – деп, рәміздерді көшіруге қам қылған Президентімізге, мәртебелі билік иелеріне алақанын жайып, батасын беріп, ақжол тілегені де көз алдымда! Ақыл-парасаты асқан аға, осылай елінің бата­гөйіне айналған еді. Зейнағаң өз бағасын жақсы білетін. Білгені сол – маңайына ылғи дарынды, болам деген, қаламы қуатты, ойы бар, сөзі бар жас­тар­ды ұйыстыра жүретін. Осынысы өзіне жарасатын. Өз басының қиналғанын, жүйкесі жұқарға­нын сездіре бермейтін. Достарына жағасы жайлауда жүргендей жарқ етіп, бейне, сүртіп жі­берсең күн сәулесі шағылып шыға келетін жа­құт тасындай әр қырынан құлпырып көрінетін. Әсіресе, сөз өнері туралы синтезден – анализге, керісінше, анализден – синтезге көшкен қалып­тағы сөз сиқырына барлау жасай сөйлегені қай­таланбас шешендік трактат еді. Әдеби қаһарман хақындағы теңдесі жоқ тұжырымын қайда қояр­сың! Өмірдің өзге де өзекті толғамы мен түйткілі туралы сөйлеп кетсе – тас бұлақша бұрқы­райтын, жарықтық. Әдебиеттанудағы күрделі мәселе – әдеби ту­ындының сыры мен сипаты. Бұл тұстағы ашыл­маған арна – әдебиеттегі мазмұн мен пішін. Ал көр­кем әдебиеттің тілінің жайы – «ылғи бу­ыр­қа­нып, теңселе тербеліп жатқан теңіз». Ол те­ңізге түскен кісі толқынның бетінде қалқымай, жауһар тергендей тереңге сүңги жүзуге міндетті. Ол үшін тілдегі ажарлау, құбылту, айшықтау атау­лы­ның бәрін кәдімгі әдебиет теориясы мен тә­жі­рибесін байланыстыра талдағаны құлағымызда. Зейнағаны есіме алған сайын көңілімді ай­тып-болмас ұлы сағыныш кернейді. Жап-жасыл жастық өлкесіне деген сағыныш. Ғұламалық терең пайым мен парасатқа сағыныш. Ақыл-кеңес сұрасып, өмірдің арғы-бергісіне, қиыр­да­ғы­сына көз жіберер көрегендікке, көріпкелдікке сағыныш. Дүниеде орны толмайтын кісілер болады. Сол орны толмай­тынның бірі әрі бірегейі Қабдолов ағамыз еді. Университетті киелі орынға санайтынбыз. Кі­ріп келе жатқанда аяғымыз лас емес пе деп қай­та-қайта жалтақтап аяқ киімімізге қарай­тынбыз! Университетті бітірген соң мені қасиетті қара­шаңыраққа оқытушы етіп қалдырды. Ізденушімін. Сол кезеңде Зейнолла ағамыз «Қазақ әңгімелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қор­ғады. Диссертациялық кеңес Қазақ­тың мемлекеттік педагогикалық институтында болатын. Мәжіліс залына жанкүйер жұрт сый­май кетті. Қорғаудың қызықтығынан уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Сонда Мұхамет­жан Қаратаевтың: «Біреулер әуелі қорғап алып, содан кейін ғалым болады, ал, Қабдолов өзінің ғалым екенін қорғамай-ақ әлдеқашан мойын­дат­қан кісі», – дегені есімде. Кейінше өзім оқып бітірген қарашаңырақтың филология факультетінің деканы болдым. Ерте­лі-кеш қағазға көміліп отырамын. Бас бұруға мұр­ша жоқ. Ес кетіп, жан шыққандай кезде есік жай ғана ашылып, арғы жағынан ағамыз кө­рінеді. Күн шы­ғып келе жатқандай сезіледі. «Мырзаш, шаршадың ғой... күн жанып тұр, аздап сусындайық», – деп ілестіріп алады. Ал­маты қонақ күйінің жетінші қабатына көте­рі­леміз. Торсықтай томпайған әппақ көзтаныс келіншек ағамыз келеді деп мұздай шампанды сақтап қоятын. Шампанның көгенін, әңгіме тиегін ағытып, ағыл-тегіл көңіл шалқытып отырған кезді ұмыту қиын. Қайран дүние, бір күнгідей болмай өте шықты! Ол кісінің алдында қаскүнем, қиямпұрыс, кесір мінез танытудың өзі әбес. Мұхтар Әуе­зовтің жа­л­ғыз ауыз қолтаңбасындағы Қабдо­лов­қа қара­тып жа­зылған сұлу мінез дегеннің мәнісі осы болар, сірә! Сұлу мінез, сұлу білім, үлкен өнер иесі до­сым – аға көңіл белгісі болсын деген кішкентай қолтаңбада қаншалық білгірлік, көрегендік, қан­шама ой, қаншама философия жатыр десеңші! 1993 жылы докторлық диссертациямды қор­ғау үшін Бішкекке барғанымда, Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Әб­дуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев ағаларым бастаған ғалым ұстаздар қолдаушы, тілекші бо­лып бірге жүрді. Әдебиет пен әдебиеттану сала­сында мұндай қуатты, жарығы саулаған, жалыны лаулаған орта­ны, дәстүрге берік мектепті басқа жерден көрген емеспін. Менің ежелгі әдебиет ескерткіштерін Орхон жағасынан Еуразия университетіне алып келгенім, “Орхон ес­керт­кіш­терінің толық атласын” жаз­ғаным – осы мектептен көр­генім мен кө­ңілге тоқыға­ным­ның нәти­же­сі, осы мектептің дәнінен өнген дарақтың жемісі. Университеттен алған үлгі мен өнеге, білім мен білік күні бүгін де ел игілігіне жарауда. Ежел­гі бабаларымыз елдің бірлігі, мемлекеттің тәуел­сіз­дігі мен тұтастығы туралы сай-сүйегіңді сыр­қы­рататын өсиет сөздерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен тасқа қашап жазып, ұрпағына мирас етіп қалдырып кеткен. Білге қаған дүние салғанда, ынтымақ-бірліктің белгісі болсын деп, Алты Алаш анттасып, аңыр тасқа өздерінің таңбасын басқан. Сол аманат, сол бірлік, сол ынтымақ халқымызға бүгін де, ертең де керек. Ойды ой қозғайды. Тұтас елді біріктіретін ұлт­тық сананы қалыптастыру үшін, ұлт тари­хындағы ұлы мәдени мұраларымыздың рухын ұр­пақ сана­сында тірілтуіміз керек. Мен осы ойды айтудан жалыққан емеспін, әлім келгенше іс жүзіне асырудан шар­шаған емеспін. Бұл жеке адам­дардың ғана ісі сияқты болып қал­май, елдегі барлық универ­ситеттердің білім, тәрбие беру қызме­тінің алтын арқауындай бо­луы қажет. Әсіресе, ежелгі әдебиет туралы ғы­лыми ойлар мен қағидалардың отаны Фараби ат­ындағы Қазақ ұлттық университетінен күтеріміз көп. Мәңгі тақта отырған патшаны та­рих білмейді. Мәңгі қызмет істеген адам да жоқ өмірде. Бәрі де өт­кінші. Барға қанағат. Алланың бергеніне шүкір. 1992 жылдың басында мен Пре­мьердің орын­басары қызметінен бо­сан­дым. «Алатау» санаториінде де­ма­лып жатыр едім, Әбіш келіп кетті. Көңілімді көтерейін деп кепті. Көп сөйлестік. Уай­ымдайтын несі бар. Ең қиын кезде үй көрмей, тыным таппай, аттан түспей, қолымыздан келгенше елге қызмет еттік. Заман өзгерді, қоғам өзгер­ді, адам өзгерді. Соған орай талап та күшейді. Та­лап­қа сай адам керек. Мен Президенттің кеңес­шісі болып тағайындалдым. Ертеңіне кешкісін сау етіп Әбді­жә­міл Нұр­пейі­сов, Зейнолла Қабдо­лов ағаларым келді. Әбең: – Сол қызметтен кеткенің де бір есептен дұ­рыс болды. Кейінгі кездері тіпті жо­лыға да алмай қалып едік. Енді күнде адамша кездесіп тұратын болдық, – деді. Зейнаға: – Докторлықты баяғыда қорғайтын адам­сың. Бәрін қой да, диссертацияңа отыр. Ғылыми ке­ңесші өзім боламын. Бішкекте қорғайсың, – деді. Ақыры 1993 жылдың наурыз айында «Жам­былдың ақындық мектебі» деген тақырыпта докторлық диссертациямды жазып бітірдім. Бішкекте қорғайтын болдым. Әлі есімде: Зейнолла Қабдолов ағамыз бас болып, тілегі бір, көңілі жақын кісілер Алма­ты­дан, елден келіп, Бішкектегі Қырғыз мемлекеттік университетінің үлкен залы толып кетті. Сөй­леушілер де көп болды. Қырғыз ағайындар: мына қазақтар Бішкекті ша­байын деп келген бе деп әзілдеп жатты. Дис­сер­тацияны ойдағыдай қорғап, елге көңілді қайттық. Ұстаз, профессор Зейнолла Қабдолов әде­биет­тану біліміне өзінше сүрлеу салып, көп­теген қадау-қадау пайым жасап, қазақстандық әдебиет­тану мектебін қалыптастырды. Бұрын­дары тиіп-қашты айтылып жүрген көркемдік әдіс дегеннің көкжиегін кеңейтті. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Шындығында көркемдік әдіс деген ұғым әде­биеттану ғылымында күні кеше ғана шықты. Он­ың алдында әдіс дегеннің керегі не, баяғы ағым­мен жүре берсек қайтеді деген де пікір бар еді. Көркемдік әдіс – өнер туындысында адам образын жасауға, сол арқылы шындықтың сы­рын бейнелі түрде ашуға қажетті өмір деректерін белгілі бір эстетикалық талғам биігінен таңдау­дың, қорытудың және жинақтаудың ерекше жо­лы. Сайып келгенде өмір шындығын өнер шын­дығына айналдыра саралап, белгілі бір қоғамдық идеал тұрғысынан қайта түлетудің қам-қарекеті. Романтизм мен реализмнің көркемдік немесе шығармашылық әдіс ретіндегі ең елеулі сипат­та­ры, міне, осы анықтамада жатыр. Осы анықтаманың байыбына бара түссек – әдіс пен стильдің бір-бірінен ерекшеліктерін аң­ғара түсеміз: шынында да, біздің әдіс жайлы әң­гі­меміз өнердің даму процесіндегі стратегия жайлы әңгіме сияқты да, стиль жайлы әңгімеміз тактика жайлы әңгіме болып шығады. Әдебиеттің даму сатысында көркем әдебиет­ке аван­гардизм тәсілін енгізген, ой ағыны мектебінің атасы Джеймс Джойстің 700 беттік «Улисс» ро­манының композициялық құрылы­мы­на, фабула­сына оқырманға қаратып талдау ретінде тағы сондай көлемде ғылыми түсінік­теме жазылған. Ол түсінік­темесіз романның маз­мұнына тереңдеп сүңги алмай­сыз. Осы айт­қандай, қазақ әдебие­тінің маңдайалды шығар­ма­сы «Абай жолы» эпопеясына ғұлама Қабдо­лов әрі мазмұнды, әрі мағыналы терең талдау жа­сады. Әлі күнге осы талдауы көп зерттеушіге маңдайына ұстаған темірқазық іспетті. Адас­пайсыз, адастырмайды. Зейнағаның қаламынан туған кітаптарды оқы­ған кісі толқын-толқын болып келетін, жа­ға­сы қи­ырға кететін, әрі терең, әрі байыппен аға­тын дария арнасын елестетеді. Классик­те­ріміздің қадау-қадау пайымына батыл барлау, қас қалам­герлер­дің қыртысты қалың кітапта­рын көкірек көзімен індете сөйлету – желкілдеп өсіп келе жат­қан жас буынның балаң сөзіне сүйсініп – ба­тасын беру... бәрі-бәрі... үлкен арнада толқып жатады. Зейнолла Қабдолов кешегі партиялық идео­ло­гияның құрсауында жүріп-ақ алдына азамат­тық пайымын шамшырақ етіп ұстап, өз елі – Қазақстан туралы толымды сөз айтты. Керек кезінде еңбекші бұқараға қаратып қалам толғады. Тәуелсіздік күнінің келетінін елден бұрын бол­жады. Біз күңіренбейік, күрсіне бермейік деді. Ұлтымыздың абзал ұлдарының аңсап өткені, армандап кеткені – ел тәуелсіздігі еді. Сонау бір мұнар да мұнар... мұнар күнде еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, жолбарыстай жортқан ер Махамбет өз елінің осы бақытын көксеген. Аз ғұмырын ой мен арманға толтырып, мағыналы мақсатпен өткіз­ген, сол жолда булығумен, бұлқынумен, ты­ным­сыз ізденумен өткен орыс офицері, қазақ ға­лымы Шоқан өз елінің осы күнін аңсады. Бай­тақ өлкенің терістігінде темірқазықтай жарқы­рап, шырақтай маздап жанған Ыбырай ұстаз­дың шәкіртіне шырақ жаққаны осы еді. Қараң­ғы қазақтың тұтасқан бұлтты аспанына – ағарта ай боп туған, жайната күн боп күлген – Абай ақын халқына осы өмірді көксеген еді. Қара орман қазаққа қаратып қуатты сөз айту некен-саяқтың қолынан келетін. Сол некен-саяқтың бірі – ғұлама ағамыз еді. Зейнаға қашанда өз уақытысының сарабдал, сайыпқыран сардары бола білді. Еліміздің әрбір жаңалығына қуанды, жақсы ұлдарын жақсы тілеуімен желеп-жебеді; тәуелсіздігіміздің жар­шы­­сы, жыршысы бола білді. Ақ жарылып қуан­ды. Президентімізге, елімізге ақ жол тілеумен өтті. Әңгіменің басында естелігімді ғұлама – Зейнолла Қабдоловпен бастаған едім. Енді сол кісінің бір мінезімен аяқтағалы отырмын. Дегдар кісі кемеліне келген кезінде ақылшы ұстазы Мұхтар Әуезов туралы «Менің Әуезо­вім» деген роман-эссе жазғаны жұртқа мәлім. Сол романына Мемлекеттік сыйлық алды. Ро­манның бірінші кітабы дер кезінде оқырманның қолына тиді. Екінші кітабы аяқталмай қалды. Сол аяқ­тал­май қалған эссе-кітабында: «Мұхаң маған бір қи­ын сұрақ қойды», – деп бастайды сөзін жазушы. « – Өзің білесің, мен Құнанбайдың аузына «адамның құны не болса – міні де сол болады» деген сөз салдым. Соңғы бірер жылда, әсіресе маған Лениндік сыйлық берілгелі өз елімізде де, шетелдерде де, тек қана менің шығар­мала­рым­ның құны туралы айтылады, жазылады. Ал енді менің шығармаларымның міні, демек суреткер ретінде менің өзімнің мінім туралы сен не айтар едің? Бұл менің көптен бері ойланып, ой болғанда он ойланып, жүз толғанып жүрген іш пікірім еді. Алайда айтуға қатты қиналып, мүлде ретін таппай, «сірә, айту мүмкін болмас» деп жүр едім. Енді, міне, реті келіп-ақ тұр. Бірақ әлі де жүрексініп, ашық айта алмай, ұзақ отырдым. – Жә, үндемей қалдың ғой, айт, тура және ашып айт. Байқаймын айтарың бар сияқты. – Айтсам...сіздің қазіргі мініңіз біреу-ақ. Жазғаныңызды қолмен емес, машинкаға айтып жаздырасыз. Менің ойымша, көркем шығарма­ны, орысша айтқанда, диктовкамен жазуға болмайды. Тек қана қолмен жазу керек. Мұхаң ойланып қалды. Байқаймын, мұндай пікірді бірінші естіп отырмаған секілді. Онша тіксіне қойған жоқ. Бірақ, мұның есесіне мен өзімнен өзім тіксіндім. Әңгіме мін туралы болға­сын ба, кім білсін, әйтеуір Мұхаңның бір мінін айтам деген бір ауыз сөзімнен мен өзімнің екі түр­лі мінімді аңғардым. Бұл да әлгіде Мұхаң айт­қан­дай, «кісінің құнынан туған міні» тәрізді. Ал­ды­мен, тым батыл кетіппін. Ал, батылдық маған аға­ның өзі дарытқан мінез: өзіне ылғи жақын ұстады, сыртқа теппей, бауырына тарт­ты. Ойға да, сөзге де еркіндік берді. Дегенмен дәл осы арадағы батыл­дығым мен еркіндігім орынсыз, ерсілеу шық­қан-ды, өкіне жаздадым» (З.Қабдолов, Дана дидар, Астана, 2009, 84-85-бет). Бұл жерде ұстаз да, шәкірт те өз кезеңінің талғам-танымымен сөз сабақтайды. Жаһандану дәуірінде әр жазушы өзінің жан сырын мінезімен жазады. Мысалға, Тәкен Әлім­құлов сөйлемін бір бетті алатындай таяқ әріп­тер­мен сойдақтатып түсіретін. Ал Әбді­жәміл Нұр­пейі­сов таршылықтан шыққандай – екі бүктелген дәптер бетіне құмырсқаның ізіндей ғып қарын­даш­пен жазады. Шетел клас­сиктерінің көбі ойын бұл күнде бірден компьютерге түсіреді. Ал, өткен ғасырдың елуінші жыл­дары Мұхтар Әуезов өзі­нің алтын уақытын үнемдеп, көбіне машинкаға ауыз­ша айтып, тас­қа басылған қолжазбаны екінші мәрте қолмен түзетіп, сүзіп, көркемдейтін амал тапты. Лев Тол­стойдың өзі машинкадан шық­қан бетті қай­та-қайта түзетіп, зайыбы мен шәкіртіне көшір­тіп, әуре-сарсаңға салудан жа­лық­паған. Даңғыл Әуезов әрі уақытын үнемді пайдаланып, әрі ой ағынына еркін сүңгіп, әлгідей ауызша айту – диктовкаға дағдыланды. Қазақ қаламгерлері ішінен жазушының жедел дамыған өркениет саты­сына елден бұрын аяқ салып, ой ағынын ақ қағазға түсіру үлгісін жасағаны деп білейік. Жоғарыда ұстаз бен шәкірттің тілге тиек етіп отыр­ған жазушылық міні – төтесін айт­қанда – Әуе­зовтің әлемдік деңгейдегі жазу тә­жірибесіне ден қой­ға­ны, алғаш рет ой ағынына тізгін түйгені деп білеміз. Ғұламаның Әуезов туралы шығармасы оқ­ыр­манды бүркемесіз шындығымен баурайды. Мұ­хаңның жазу мәнеріндегі мінін айтам деп оты­рып сол дәуірдің, сол кезеңнің жазу машы­ғы­нан, аға-дос пен іні-достың шүбәсіз көзқара­сынан хабар береді. Қалай десек те қаламгердің шеберлік көкжиегін, сөз саптау мәнерін, сөз суретін тану үшін Қабдолов эссесін аттап өте алмаймыз. Бірін­сіз бірі көмескі. Бірінсіз бірін елестету қиын. Кейінгі жылдары жазған күнделігінде: «Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, тірі классик. Бұл кісімен бірге жасау, мұның тәлім-тәр­биесін көру – бақыт. Мақтану, лепіру неден туады? Бұл мардым­сыздықтан, таяздықтан, келешегі осал адамнан туатын мінез. Бармен қанағаттану – болымсыз адамның ісі. Маскүнемдікке де осы апарады. Шын ірі келешектің адамы өзіне-өзі разы бол­майды. Оған даңқтың құны бір тиын. Осы арада мазмұн бар... Мен қазір Тахауи мен Әбдіжәмілдің роман­дарын оқып жүрмін: «Күт­кен күн» мен «Қаһарлы күндер». Екеуі де Мұхаңның әсерін мол қабыл­да­ған адамдар. Әсіресе, Әбдіжәмілде көп. Және осы әсер тілдің шұрайлылығына, сөз орам­да­рының сал­мақ­ты­лы­ғына, суреттілікке, сайып келгенде нағыз об­раздылыққа алып барады» (З.Қабдолов, Да­на ди­дар, Астана, 209, 236-237 бет). – деп жазыпты. Зейнолла ағаның сыр сандығы толы осын­дай жауһар. Сол сыр сандықты ебін тауып аша білуіміз керек. «Жазушы – ұлттың ұяты, намысы, иманы; кешегі алыптар тобының әрбірін осы тұрғыдан тал­дағанда барып – тереңірек түсінеміз» деген топ­шы­лауы – абыз Абайша айтқанда: сылдырап өң­кей келісім, тас бұлақтың суындай, ойыңызға ой қосып, қиялыңызға қанат жалғайды. Ақын­ның бір сәттегі жылт еткен нұрлы ойы, жарқ еткен сезім суреті қаперінен тыс қалмайды. Сыр­шылдық, са­раб­далдық, сезімталдықтан сарайы­ңыз ашыла түседі. Бір кереметі – қанша қытымыр, өмірден тү­ңілген, кесір кісінің өзі – Зейнолла ағамыз сөй­леген кезде шуаққа шомылғандай жайылып сала беруші еді. Мұз болып қалған жүрегі жібитін. Көңілі көншитін. Бітімшіл кісі еді. Қай істе де мемлекетшілділігі көзге ұрып тұратын. Жұрттың көбін досым, бауырым деп өзіне жақындатып сөйлейтін. Бұл келе-келе ол кісінің мінезіне айналды. Ғұламаның бақилық болған кезеңінен алыс­та­ған сайын болмыс бейнесі әлдеқайда нұсқала­нып, биіктеп, зау тартып барады. Оны біз са­ғы­намыз, тереңнен тартып сөйлеген сұлу сөзін еске аламыз. Күнделігін, «Ұшқынын», «Жалы­нын», «Сөнбей­тін отын», «Дана дидарын» қа­йыра қол­ға аламыз. Тіршілік қарбаласынан бір пәс бойы­мызды босатып, тас бұлақтың суындай көрікті сөзіне мейір қандырып, ата жұртқа мінажат қыл­ғандай, дана ұстазға қол бергендей – қайыра қуат­танып шыға келеміз. Өлшеусіз өмір күресіне мидай ара­ласамыз. Қиялымыз кеңіп, дариядай шалқимыз. Сөздің суретін көріп, өреміз, рухымыз биіктейді. *  *  * Абыз ағаларымды ойласам-ақ есіме асыл жеңгелерім бірге түседі. Бәрімен де аралас-құра­лас, дәмдес-тұздас болдық. Солардың қай-қай­сы­сы да көркем шығармаға кейіпкер бола алар еді. Қазақ әйелдерінің жарына адалдығы, ақыл­дылығы, төзімділігі, қайсарлығы, ақыл-пара­са­ты, көркі эпостарымызда, халық ертегілерінде ерекше суреттелген. Ондай қазақ аналары ертегілерде, эпостарда ғана емес, бүгінгі зама­ны­мызда да бар. Мысалға, Мұхаметжан Қаратаев ағамыздың со­ңы­нан іздеп Ібір-Сібірге барған Мархума жең­ге­міз; өмір бойы ат үстінен түспеген Өмірбек Жол­дасбековтің адал жары, үлкен ғалым Майя Ба­ғыс­баева жеңешем, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың зайыбы Фатима жеңгей, оқу министрі Тұрғанбек Қа­таевтың зайыбы Базар­күл жеңгей, драматург Шахмет Хұсайыновтың зайы­бы әрі ғажайып актриса Бикен Римова әпкем, даңғыл жур­налист Балғабек Қыдыр­бек­ұлының отбасы­ның шырақ­шысы Сапура жеңе­шем тура­лы бір-бір кітап жазуға болар еді. Әлгі жең­гелеріміз жарық дү­ниеге өздері үшін емес, адал жарын халыққа таны­ту үшін келгендей елестейді. Бұл кісілер өздері үшін емес, жұбай­ла­ры үшін өмір сүрді. Зейнолла Қабдоловтың жары Сәуле апай да құдіретті кісінің жары болса да, жарты ға­сырдан астам уақыт бетегеден биік, жусаннан аласа бола жүріп, асқар таудай азаматын бетке ұстап, өзі елеусіз жүрді. Жарқырап көзге түскен жоқ. Кес-кестеп сөйлеген жоқ. Жақсының асыл жары болудың бір үлгісі осы Сәуле апай деп ой­лай­мын. Бейне сол үйдің қызметшісі секілді ылғи ағамыздың жолын тосып отыратын. Жа­ры­май жүрген кезіміз. Кейде себептен себеп ту­ғызып, ағамызға ілесіп қарашаңыраққа келеміз. Қай кезде келсек те апамыз­дың қазаны асу­лы, дастарқаны жаюлы. Қазы-қартасының иісі мұрын жаратын. Қабақ шы­ту­ды білмейді. Жы­лы жүз­бен қарсы алады. Сәуле апай үй бағып отырған етекбасты әйел болса қанекей! Өмір бойына қазақ орта мектебінде тарихтан сабақ берді. Тәлімгер. Асыл ана. Тумысынан тәрбиеші адам – мектебін де көгертті, отбасын да шам­шырақ ете білді. Екі жақсы қосылмайды деген сөз бар. Екі жақсы қосылғанының бір дәлелі Қабдоловтың отбасы еді. Ағамыздың жағасына кір түсір­мей­тін, үстіне қылшық жұқтырмайтын. Бәйге ат­ындай болатын. Ғалым ағамыз қарбаласы қым­қуыт мына өмірден жалыққанын, шаршағанын сездірмей өтсе, артындағы Қытай қорғанындай мықты тылы Сәуле апамыздың арқасы еді. Аға дүниеден өткеннен кейін мөлдіретіп естелік жазды. Осының бәрін қайдан біле береді деп жалпақ қазақ таң қалды. Сөйтсек, апа­мыз жақсының жады бола біліпті. Еш­теңесін ұмыт­папты. Жасырып маржандай тізіп күнделік жүр­гізіпті. Маң­да­йы жарқы­рап жүрген хал­қы­ның ба­тагөйін одан сайын биіктетіп бізге беймәлім сырын жай­ып сал­ды. Таң қал­мас­қа шараң жоқ! Менің ағаларым да, жең­гелерім де осындай асылдар! Асылдарымызды ар­дақ­­­тайықшы, ағайын! Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
Соңғы жаңалықтар