19 Наурыз, 2016

Өңірлер – ел экономикасының барометрі

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырауда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) қолдауымен «Ұлт Жоспары: мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары» тақырыбында аймақтық сарапшылар форумы өтті. Форумға отандық және өзге де белгілі сарапшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Пікірталас барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, «Jamestown Foundation» (АҚШ) сарапшысы Джейкоб Зенн, «Абай-ақпарат» қорының вице-президенті Айдос Сарым, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы, «Sayasat.org» интернет-басылымының шеф-редакторы, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеу­лер бөлімінің басшысы Алуа Жол­ды­балина секілді саясаттанушылар өз пікірлерімен бөлісті. Ерлан Қариннің айтуынша, соңғы бір айдан бері мұндай форумдар еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақ­стан, Қызылорда секілді өңір­лерінде өткізіліпті. Мұндағы мақсат – біріншіден, аймақтардың даму ерекшеліктерімен, әсіре­се, өңірлер экономикасын әрта­рап­тандыру мәселелерімен кеңі­рек танысу. Сонымен бірге, білім беру, денсау­лық сақтау салаларының даму, жетілдіру тетіктерін пысықтау да назардан қалған жоқ. Әр өңір­де өткен форумда белгілі бір тақырыптар талқыға түсті. Мәселен, Павло­дарда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің дамуына, ал Қызылордада аймақтық экономи­каны әртараптандыру жолдарына, Өскеменде аймақтық даму басымдықтарына көңіл аударылыпты. Өйткені, ел эконо­микасының қарқынды дамуын өңірлердің өркендеуі арқылы білуге болады. Басқаша айтқанда, өңірлер ел экономикасының барометрі секілді. Мұнайлы өңірдегі форумда осы мәселелерге кәсіпкерліктің өркен жаюына серпін беретін мүмкіндіктер де сараланды. «Бар­лық өңірлерде де көтерілетін мәсе­ленің ең бастысы – аймақтық экономиканы әртараптандыру. Осыған байланысты біздің елі­мізде, соның ішінде өңірлерде де әлі толық пайдаланылмай келе жатқан қандай жаңа мүмкіндіктер бар? Өйткені, осы кезге дейін өңірлерде қалыптасқан өзіндік экономикалық ерекшеліктері, маманданған салалары бар ғой. Енді өңірлерде осыдан басқа қандай жаңа бағыттарды ашуға болады? Мәселен, Атырауда соңғы екі жылдан бері жаңашыл индустриялық жобалар, соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында ашылып жатыр. Немесе Қызылордада туристік саланы дамытуды қамтитын жаңа жобалармен таныстық. Міне, осының бәрін сараптап, өз ұсыныстарымызды дайындағымыз келеді. Екіншіден, өңірлерде нақты қандай проблемалар бар? Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты проблемалар барлық өңірлерде ұқсас, индустрия­ландыру жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау салаларына қатысты ке­дергі келтіретін мәселелерге қа­нықтық. Жергілікті өзін-өзі бас­қару, қоғамдық кеңес­тердің жұмы­сын жандандыру тетіктеріне қа­тысты көптеген мәселе айтылды. Проблемалардың барлығына сараптама жасау көзделіп отыр», – деді Ерлан Қарин. Пікірталасқа қатысқан сарап­шылар Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ре­фор­­­малардың ел экономикасын өркендетуге оң ықпал еткен ма­ңызды тұстарын әр қырынан талдап берді. Сонымен бірге, сарапшылар елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түрлі аспектілерін саралай келе, алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталды. Олар­дың пікірінше, сайлауалды үде­ріске сайлаушылардың белсенді қатысуы елдегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.