19 Наурыз, 2016

Көрерменді толғандырған туынды

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған төл туындысы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында түсірілген «Жамбыл» тарихи драмасының тұсаукесері болып өтті. «Қазақстан-Көкшетау» теле­арнасының ұйымдастыруымен өткен шараға көрермендер көп жи­налды. Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиа­лының төрағасы Төлеген Қажы­бай, облыстық ішкі саясат басқар­масының бөлім басшысы Асылбек Баяжұма көзі тірісінде-ақ аңызға айналған ақын жөнінде тебіреністі тәлім төкті. Жиналған қауымның назарына 4 бөлімді драмадан тұратын бір жарым сағаттық фильм ұсынылды. Шығарма желісінде жыр дүлдүлінің өмір жолы ғана емес, тұтас ұлттың тағдыры суреттелген. Драма бала Жамбылдан дана Жамбылға дейінгі сан қи­лы оқиғаларды қамтиды. Соны­мен қатар, 1936 жылы Қазақ­станн­ың өнер қайраткерлері мен әдебиетшілерінің Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапары да әде­мі көрініс тапқан. Ақын ғұмырнамасындағы тың деректермен де тәнті етеді. Атағы дүріл­деген Сүйінбай ақынды пір тұтып, батасын алған малшының баласы Жамбыл сөз өнерімен ел арасына танылып, Бұрым атты қызға ғашық болу хикаясы нанымдылығымен тартымды. Жамбыл өз заманында халқы­ның мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білді. Әсіресе, Кеңес өкіметінің солақай саясатынан қазақтың зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырағанда жыр жампозының жұдырықтай жүрегі қан жылап, қасірет шегуі, сондай-ақ, сүйікті ұлы Алғадайды Ұлы Отан соғы­сы­на аттандыруы өте әсерлі берілген. Фильмде театр және кино әртісі Байғали Есенәлиев Жамбыл Жабаевтың шынайы образын нақпа-нақ жеткізе білген. Ал, ақын өмір сүрген кезеңді дәлме-дәл көрсету үшін пайдаланылған Жамбыл мұражайының жиһаздары мен тұтынған заттары, оған тарту етілген «ЗИМ-1» автокөлігі де қызықтыра түседі. Көкше көрермені режиссер Әнуар Райбаевтың сәтті фильмінен терең толғам түйіп, рухани өрлеу сезімінде болғаны анық. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.