Малайзияда оқып жүрген қазақстандық жастардың қауымдастық құрып, қазақ газетін шығарып отырғанына сүйсінесің
Бүгінгі күні Малайзия мемлекеті Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы экономикасы, мәдениеті, білім беру саласы, туризмі, ақпараттық және инновациялық технологиясы өркениет үрдісіне сай жақсы дамыған, электрондық үкімет бағдарламасы толық мүмкіндігінде жұмыс істеп жатқан қуатты елдердің қатарына жатады. Сондықтан да біздің еліміздің сыртқы саяси және басқа да маңызды үйлестіру жүйесінде Малайзия өзіндік орны бар мемлекет болып табылады десек қазіргі уақытта біздің еліміз бен Малайзия арасында саяси, мәдени-экономикалық байланыстардың бет алысы күннен-күнге жақсы үрдіспен дамып келеді. Соның бір дәлелі ретінде аталмыш елдің жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің саны мыңнан асып кеткенін мақтанышпен айтуға болады.
Жуырда осы елде білім алып жатқан еліміздің жастары Қазақстан студенттерінің Малайзиядағы қауымдастығын құрды. Қауымдастықтың президенті болып ХЕЛП университетінің бизнесті басқару магистрі Абзал Оспанов сайланды. Қауымдастықтың құрылуындағы негізгі мақсат – студенттер арасында ауызбірлік пен ынтымақтастықты қалыптастыру арқылы оларды екі ел арасында болып жатқан барлық қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатыстыру, жағдайы қиын студенттерге көмек көрсету, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге таныту, бойларына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, екі елдің арасындағы өзара байланысқа дәнекер болу.
Қауымдастық құрылған аз ғана уақыттың ішінде бірнеше қоғамдық-саяси маңызы бар шараларды ұйымдастырып үлгерді. Атап айтсақ, студенттердің ауызбірлігінің арқасында Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшілігінің қолдауымен Тәуелсіздік күні салтанатты түрде аталып өтілді. Сондай-ақ Рамазан айында 400-ге жуық адамға концерттік бағдарламамен қоса ауызашар берілді. Бұған қоса өткен жылдың қазан айында «Sports Planet Subang Grang» спорт кешенінде Малайзияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер футболдан он үш команда құрып, өзара жарыс өткізді. Жарыста жеңімпаз болған командаға жаңадан шаңырақ көтерген қауымдастықтың атынан кубок және ақшалай сыйақы берілді.
Ең бастысы, жуырда қауымдастықтың мұрындық болуымен қазақ-ағылшын тілінде он алты бет болып «МуКаz» газеті жарық көрді. Редакторы – ХЕЛП университетінің бизнесті басқару магистрі Тілек Темірбеков. Газеттің атының өзі ағылшын тілінен аударғанда «Малайзия – Қазақстан» немесе «Менің Қазақстаным» деген екі түрлі мағынаны білдіреді.
Малайзиядағы студенттер қауымдастығының демеушілерінің бірі – Алматы қаласында жақын арада шаңырақ көтерген жауапкершілігі шектеулі «КМВ Group» серіктестігі болып табылады. Серіктестік қызметінің бір тармағы Малайзия мемлекетінің жоғарғы оқу орындарымен және ондағы қазақ студенттерінің қауымдастығымен тікелей байланысты. Сонымен қатар серіктестік қызметкерлері бояуы кеппеген жаңа газеттің Қазақстанда таралуына да атсалысады.
Газет түрлі-түсті бояумен, сапалы қағазбен және тартымды мақалалар беру арқылы бүгінгі күн талабына сай безендірілген. Газеттің негізгі авторлары – сол елдің әртүрлі оқу ордаларында білімін жетілдіріп жатқан өз жерлестеріміз. Аталмыш газет Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов және Малайзияның басқа да жоғары оқу орындары басшылары тарапынан жоғары баға алды.
Осылайша, аталмыш газетпен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірген жоғары оқу орындарының саны да, жарнама беруге ықылас танытқан азаматтардың қарасы да көбейіп келеді. Сондай-ақ газетте жарияланған мақалаларда егеменді ел ретіндегі ұлттық бет-бейнемізді және еліміздің жетістігін танытуға басты назар аударылып отырады. Бұл газетті әлемнің әр түпкірінен келіп оқитын басқа елдердің студенттері де көріп, онда ағылшын тілінде жазылған материалдарды оқып, қазақ жастарының ауызбірліктеріне таң қалып, жақсы пікір айтып жатқандары да жетерлік.
Осы орайда айта кететін бір жәйт, осы газет арқылы бүкіл әлем жастары қазақ деген қонақжай халықтың және біздің егеменді еліміздің жарқын келбетін жете тани түсті, Қазақстанға деген қызығушылықтары да арта бастады десе де болады. Жуырда газеттің үшінші нөмірі он мың данамен жарық көрді. Ол Малайзияның барлық жоғары оқу орындарында және өз елімізде таратылды. Осындайда, ризашылық сезіммен: «Іске сәт, елін сүйген азаматтар» дегің келеді.
Меруерт НҰРАХМЕТ, Малайзиядағы «Limkokwing» университеті магистратурасының түлегі, «КМВ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.