14 Қаңтар, 2011

Дінаралық түсіністік болмайынша ынтымақ жоқ

4121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде көп жердегі қантөгісті шиеленістер мен қақтығыстардың негізінде дінаралық түсініспеушілік жат­қаны анық және ол жиілеп барады. Бір елдің халқы ұлыстарға, дінге бөлініп, бір-біріне қарсы тұрып, бүлініп жатады. Одан елдің, ұлттың берекесі кетеді. Басын ашып айтатын бір жай: бұған ең алды­мен саяси ұпай жинағысы келетін жеке тұл­ғалар мен бел­гілі бір топтар мүдделі. Өз­дерінің жо­сық­­сыз мүдделе­рін олар халықтың мүддесінен жоғары қойып, олардың ара­сына іріткі салады, елдің ын­тымағын бұ­зады. Бұдан зиян шегетін бұ­қара халық, берекесі кететін мемлекет. Бұл бүгінгі күннің ғана кеса­паты емес, бұрыннан бар. Бір дінді ұран етіп ұстап, екінші елге шапқыншылық жаса­ғанға тарихта мысал көп. Тіпті бір діннің екі тар­мағының ара­сындағы қанқұй­лы қақтығыс қазірге дейін жалға­сып жатыр. Оған мысал – хрис­тиан­дық­тағы протестанттар мен като­ликтердің, исламдағы сүннит­тер мен шииттердің қақты­ғы­сы­нан қаншама адам құрбан болды. Ал бір ұлттың әртүрлі дінді ұстанған қауымдары арасын­дағы қақтығыс та жетерлік. Осы жаңа жылдың қарса­ңында және жыл басталған соң да діни негізде біршама қақ­тығыстар болып, ол әлем жұрт­шылығының назарын аудар­ды. Ең алдымен тұрақтылығы жо­ғары дейтін Египеттегі оқиға бұл елді ғана емес, Еуропаны дүрліктірді. Египеттегі халық­тың 10 пайызы – копт-хрис­тиандар. Олардың шіркеуінде жарылыс болып, одан біраз адам қаза тапты. Оған қарсы­лық ретінде елдің ірі қала­ла­рын­да копт-христиан жас­та­рының қар­сы­лық акциялары өтті. Еуропа­ның біршама ел­дері де бұған байла­ныс­ты мәлімдемелер жа­сады. Олар мұ­­ны дін еркіндігіне қарсы әрекет деп си­паттады. Әрине, Египет үкіметін экс­тре­мистер­дің әре­кеті үшін айып­тау да қиын. Олар сол экстремист-арандатушыларды ауыздықтауда қатаң шараларға да барды, олар­дың ұйымдарына тый­ым салған. Бәлкім, ел үкіметін кон­фес­сия­аралық ын­ты­мақты орнық­ты­ра алмады,  деп кінәлауға болар. Ал бұл елдің оңтүстігіндегі көршісі Судандағы жағдай мүлде өзгеше. Мұнда конфес­сияаралық қақтығыс ұлттық сипат алып отыр. Белгілі дәрежеде оған ел билігінің де қатысы бар. Онда экстремистік күштер ашық әрекет жасайды. Елдің оңтүстік христиандар өмір сүретін айма­ғында шари­ғат заңын енгізу ха­лықтың қарсылығын тудырды. Оның ақы­ры елдің бөлінуіне апарып соқты­ратын сыңайлы. Қазіргі жағдайда көп нә­сілді, көп ұлысты, әрқалай дінді ұста­натын Африка құрлығы мемлекет­терінің көбінде дін­ара­лық қарым-қатынас айрық­ша проблемаға ай­налды. Қақ­ты­ғыстар жиі ұшыра­сады. Күні кеше құрлықтағы ең халқы көп ел – Нигерияда дін­аралық қақтығыс бұрқ ете қалып, одан 11 адам қаза тап­ты. Биліктегілер былтырғыдай бұл қақтығыс тереңдеп кетпесе екен деп тілейді. Сонда 500 адам қаза тапқан. Жақында Рим Папасы Бенедикт ХVІ-ның дүние жүзі дін басшыларының кеңесін өткізу жөнінде ұсыныс жасауы біздің еліміз бас болған игі істердің жалғасындай көрінеді.