21 Наурыз, 2016

Жастар ел тағдырына бей-жай қарамайды

580 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Біз «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлауды байқау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссия» РҚБ-мен бірлесе отырып «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жам­был облысы Жастар мәс­лихаты» жастар қоғамдық бір­лестігінің «Жас депутаттар» корпусы мү­шелері мен белсенділері Тараз қаласындағы сайлау учаскелерінде байқаушы ретінде қатыстық. Басты мақсатымыз – Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау кезінде азаматтардың, партиялардың, мәсли­хат­тарға үміткерлердің конституциялық құқық­тарының сақталуын ба­қылау болды. Яғни, бұл сайлауды бақылауда жастар да шет қалмады деген сөз. Жамбыл жері ежелден Мәңгілік Ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір ғой. Содан болар әулиеаталықтар сайлау кезінде асқан белсенділік танытты. Дауыс беруге келген жандардың қуанышты жүздерінен бұл саяси науқанның жауапкершілігін сезініп, оған тың дайын­дықпен келгенін бай­қадық. Жамбылдық сай­лаушылардың өз таң­дауларын жасауда бел­сенділік танытуы, әрине, олардың бұл жауапты сәтке асқан жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек. Бірлігі, ынтымағы жа­расқан елдің халқы осындай ұйымшыл болады. Исламбек ДАСТАНҰЛЫ, байқаушы. Жамбыл облысы.

Жауапкершілік үлгісі

Ел өміріндегі саяси ма­ңызы зор науқанға бай­­қаушы ретінде ал­ғаш қа­тысқандықтан ба, ал­ған әсерім шексіз. Сай­лауды бай­­қау жөніндегі ре­спубликалық қоғамдық ком­ис­сиясы облыстық мүш­елігіне іріктеліп алғанымда әрі-сәрі толқыныстың болғаны рас. Мұндай додалы бәсекелерде тәжірибемнің аздығын байқаған кей жанашыр ағайындар, албырт жастықтың қы­зуымен бір нәрсеге ұрынып қалады деп ойласа керек, ұсыныстан бас тартуымды өтінгендерін де жасырмаймын. Керісінше, елі­міздегі сай­лау­дың мен үшін үйрену, тәжірибе алмасу мектебі болғанын қазір мәртебе көремін. Мені қоғамдық комиссия құрамына енгізіп, облыс орталығындағы №644 сайлау учаскесіне жібергенде қазақстандық сайлаудың демократиялық негізде ұйым­дастырылғанына ку­ә болдым. Сайлау заң­ға және халықаралық нормаларға сәйкес өтіп, ашықтық қам­тамасыз етіл­ді. Мұның өзі дауыс беру қолжетімділігін арттырып, ел ертеңіне деген биік сенімді қанаттандырды. Күні бойы дауыс беру учаскесінде болып, саяси партияларға бірдей жағдай жасалғанына көзім анық жетті. Ресейлік байқаушылар да Қазақстандағы сайлау үдерісінің өз дәрежесінде ұйымдастырылғанын, заң бұрмалаушылықтардың орын алмағанын, тараптардан шағымдар түспегенін, ұйымдастырушылық, іскерлік жағынан алғанда, көп елдерден алда тұрғанын қанағаттанғандық сезіммен атап көрсетті. Қазақстан – шынайы де­мократиялық қоғам құруды басты мақсат еткен ел. Ұзақ мерзімді бағдарламалар мен стратегиялар алдымен халықтың өмір сапасын көтеруді басты нысана етіп, демократиялық өзгерістерге жол ашып келеді Сайлаудың әділ өтуі жоғары жауапкершілік үлгісімен қоса сайлаушылардың азаматтық ұста­нымының берік екендігін де танытты. Бұл сайлаудан алар тәліміміз мол. Әз-Наурыздай ғажайып мереке­мен тұспа-тұс келген сайлау шын мәніндегі мерекелік көңіл-күйге ұласты. Ең бас­тысы, жаңадан сайланған Парламент игі істердің ұйытқысы, бастаушысы болатынына сенемін. Сайлау өткізудің түпкі миссиясында әлеуметтік, эко­номикалық өрелі өзгерістердің жатқаны күмәнсіз. Олай болса, бұл салада халықаралық талаптарға негізделген сайлау әзірлеу мен өткізу тәжірибеміз де арта түсетін болады. Өмірсерік БӘКІРОВ, Сайлауды байқау жөніндегі рес­пуб­ликалық қоғамдық комиссияның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша орталығының мүшесі. Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Белсенділікпен қатар сауаттылық та жоғары

– дейді Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комис­сияның Қостанай облысы бойынша өңірлік орталығының мүшесі Жансерік БӘЙДЕНОВ – Жансерік Маратұлы, өзіңіз байқаушы болып қатысқан бұл сайлаудан не байқадыңыз? – Сайлаушылардың жоғары белсенділігі алдымен көзге түсті. Бұл осы сайлауалды жұмыстардың жақсы нәтижесі ғана емес, еліміз­дегі демократияның дамуы дер едім. Демократияның өзі қандай да заңның, әділдіктің салтанат құруы ғой. Осы тұрғыдан алғанда сайлаудың өзі де әділдік, демократия үшін өткізіледі. Адамдарға ертең еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін білікті заң, халықтың қамын ойлайтын, адал қызмет жасайтын депутаттар керек. Сол үшін әркім өзінің азаматтық даусын білдіріп, әділдікке, демократияға үн қосуға келіп жатыр деп ойлаймын. Мен Арқалық қаласындағы №80 сайлау учаскесінде отырдым. Түске дейін адамдар өте көп келді, сайлаушылардың шамамен 60-70 пайызы келіп үлгерді деп есептеуге болады. Біз­дің міндетіміз, олар­дың аз-көп екенін емес, сайлаудың заң шең­берінде өтуін қа­да­ғалау ғой. Мен еш­қандай өрескелдік бай­қаған жоқпын, барлығы да заң аясында өтті. Со­нымен қатар, сайлаушылар тарапынан да, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері тарапынан да сырт қызығарлықтай мәдениетті, кішіпейілдікті бақылаудың өзі бір ғанибет деуге болады. – Сайлаудың заң шеңберінде өтуі, бұрмалаушылықтардың болмауы біздің сайлаушылардың саяси сауаттылығына да таразы секілді ғой? – Әлбетте, солай. Келген сайлау­шы­лардың көпшілігі алдымен қабырғада тұрған плакаттың тұсына барады. Онда қандай партияға, қандай мәслихаттың қай деңгейінің депу­таттығына ұсынылған кандидатқа дауыс беретіндігі жазылған. Соны оқып алғаннан кейін бюллетень алу­ға жақындайды. Бюл­­летенін алған соң, ка­бинаға кіріп, белгілеп, жәшікке салып жатты. Олардың қимылынан, қабағынан өзінің азаматтық, кон­ституциялық құқын жүзеге асырғанына және өз таңдауына деген сенімділікті байқағандай болдым. – Бұл жолы әр сайлаушы үш бюллетень алды ғой? Кейде сайлаушылар заң шеңберіндегі сайлаудың, дауыс берудің ереже­лерін   әдейі емес, білмеушіліктен бұрмалап алуы мүмкін ғой? – Иә, бұдан бұрынғы Президент сайлауында әр сайлаушы кабинаға бір бюллетеньмен кірді ғой. Ал бұл жолы үш бюллетень ал­ды, үш рет дауыс береді деген сөз. Мен сайлаушылардың оған бола кідіргенін, аңтарылып қалғанын, сол үшін даурығу жағдайын байқамадым. Біздің сайлаушылардың саяси білімі, білігі артқан, оларға сайлау науқанында үгіт, түсіндіру жұмыстары өзінің нәтижесін берген деп білемін. Қарт әжелер мен аталар келгенде учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ұшып тұрып, оларды жетелеп келіп, бюллетеньдерін беріп, бағыттап жіберді. Кейбір сайлаушылар бюллетеньдерін алып тұрып, сауал берсе, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері оларға дереу қабырғада ілулі тұрған ақпараттарды көрсетіп, оны оқып алып, содан кейін кабинаға кіруін өтінді. Бірақ насихаттау, артық сөз айту болған жоқ. Сайлаудың әділ өтуі заңды тек мұқият сақтағанда ғана мүмкін болады. Мұндайда   қоғамдық байқаушылардың ұсақ-түйек деп қарауға келмейтін көптеген мәселелерге жіті көзбен қарауына тура келеді. Сайлауды байқау жөніндегі өңірлік орталық қоғам­дық байқаушылар үшін семинарлар өткізіп, оларды осы саяси науқанға дайындады. Еліміздегі саяси тұрақтылық, экономикалық, әлеуметтік даму осы сайлау қорытындысымен тығыз байланысты. Ертеңгі белсенді, білімді, патриот депутаттар халыққа адал қызмет еткенде ғана жұдырықтай жұмылған бірлігіміз күшейеді, мемлекет дамиды. Сондықтан оның әділ өтуіне сайлаушылар да, байқаушылар да үлкен үлес қосты. Бұл сайлауда да қоғамдық байқаушылар өте жауапты міндетті қырағылықпен атқарды. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». АРҚАЛЫҚ.