21 Наурыз, 2016

Бірлігі мен тірлігі жарасқан ел екенсіздер

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Liubuwkina Elena0001Әрине, елімізде өтіп жатқан сайлауды қадағалау үшін шетелден көптеген байқаушылар келді. Солардың бірі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясы ұйымының өкілі, Ресейдің Ленинград облысынан келген Елена Любушкинамен аз-кем тілдесудің сәті түсті. – Елена Викторовна! «Сырт көз – сыншы» деген. Сай­лау­шылардың белсенділігі қалай? – Ашығын айту керек, Қа­зақстанда сайлаушылардың жо­ғары белсенділігі бірден байқалды. Және сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Тағы бір ұнағаны – бүкіл отбасымен келіп дауыс беріп жатқандарды жиі көрдім. Және бәрінің осынау науқанға атсалысқандарына қуанышты екендіктері бал-бұл жанған жүз­дерінен байқалып тұр. Бұл әрине, қазақстандықтардың саяси науқанға өте жауапкершілікпен қарағандарын білдіреді. Шы­нында, елдің болашағы, дамуы, өркендеуі отбасының берекесі, бірлігіне тікелей байланысты емес пе?!. Аспанында бейбіт күні жарқыраған дамыған елдің тірегі – бақытты отбасы. Сондай-ақ, ғаламтордағы ақ­параттар арқылы Қазақстанның қай азаматы болмасын, сыртта жүрсе де, жарқын болашақ үшін дауыс беріп, елдің дамуына атсалысып жатқанын байқадым. Бұл – өте қуанышты жағдай. Менің­ше, бұл елдің бірлік-ынтымағы, ұйым­шылдығының мол екенін білдірсе керек. Тіпті, дауыс беруге кезекке тұрған жандардың арасында жастардың көп болуы бізге де, келушілерге де мерекелік көңіл-күй сыйлап, күш-қуат, серпіліс бергендей. – Әрине, сайлауды бай­­­қау­­шылармен әңгімелесе қалсақ, «Қандай да бір заң­бұзу­шылық байқадыңыз ба?» деген са­уал­дың тіліміздің ұшын­да тұратыны анық... – Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Біздің басты міндетіміз – сайлаудың демократиялық талаптарға сай ашық та әділ өтуін бақылау. Осы мақсатта қаншама шетелдік бақылаушылар сайлау науқанын бақылады. Біз, Ленинград облысынан 4 адам келдік. Оның екеуі осы Тараз қаласына түстік. Күні бойы бірне­ше сайлау учаскелерінде болып, тіпті, алыстау ауылдардағы сайлау учаскелеріне де соғып, нау­қанның әділ өткеніне көз жеткіздік. Ешқандай заңбұзушы­лық орын алған жоқ. – Қазақстанда бұрын болған ба едіңіз? – Бұрын-соңды Қазақстанда болған емеспін. Менің осынау ұлан-ғайыр жері бар, тәуелсіз елге алғашқы сапарым. Әрине, біздің Ленинград облысында осы елден қоныс аударған орыс ұлттары бар. Олар үнемі Қазақ­станды са­ғынышпен еске алып отырады. Шынында, біз қазақ ұлтын ын­тымағы жарасқан, бірлігі мықты, еңбекқор халық ретінде білеміз. Бұл сайлау Наурыз мерекесімен қатар келіп жатыр екен. Ертең осы ұлық мерекеге қатысып, Қазақ­станды және осы елді мекендеп жатқан түрлі ұлттардың тыныс-тіршілігін жақынырақ біле түсеміз деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.