Мен жайлы мәтелсымақ
Маймыл қартайса
мысықпен достасады,
Адам қартайса
төсекпен достасады.
***
Кемпір – шалдың тілін біледі,
Цирк иесі –
маймылдың тілін біледі.
***
Бізге тас лақтырғанша,банан лақтыр.
***
Маймылдың кәрісін кім білер, адамның аласын кім табар.
***
Біз бір секірген жерге – құмырсқа бір күн жүреді.
***
Мақтағанды маймыл да
жек көрмейді.
***
Маймылдың басы ойнауға жетеді, ойлауға жетпейді.
***
Біздің былығымыз ішімізде, қылығымыз құйрығымызда.
***
Атың жаман болса сатып құтыласың, біз жаман болсақ зоопаркке өткізіп құтыласың, қатының жаман болса қайтіп құтыласың?
Әйелімнің қадірін жаңа білдім
Әлі есімде,
Жаңа жыл кешінде,
Дауысы хрустальдай сыңғырлаған,
Құлын мүшесі мың бұралған,
Бетперде киген,
Көзінде «әшкиі», тағы басқасы бар,
Әдемі бойжеткенмен таныстым.
Отырдым, тұрдым,
Бақырдай басына
Бар бақытты үйіп-төктім.
Жаным, күнімсің батқан, дедім.
Айым, таңымсың атқан, дедім.
Қысқасы, ғашық болдым, ұнаттым,
Ақырында істі тындырып,
Сұлуды иліктіріп
Өзіме қарай құлаттым.
Сұлу қыз менен қашпады, саспады.
Бір кезде,
Бетпердесін шешіп тастады...
Мәссаған,
Кім көрген мұндай қызықты?!
Өлердей болған ғашығым,
Өзімнің әйелім боп шықты!
Жыладым, күлдім,
Аяғына жығылдым.
Әйелімнің «әйәй» екенін
Жаңа жыл кешінде білдім.
* * *
Жаңа жылды әзілмен,
Қуанып қарсы алайық.
Жылымыз мешін болғанмен,
Өзіміз адам болайық!
Марат КӨПТІЛЕУОВ.
Қызылорда облысы.
ҚҰТЫЛУ
Пықып бүгін бір оң жамбасынан тұрыпты... Қой жылының соңғы күні көптен күткен қаржысы келіп құйылып – көңіл көкдөнен, күй алабөтен.
Қызметтен ертерек шығып, кедейдің бір тойғаны – шала байығаны демекші, қаталаған шөлді баса қояйын деп сырғып сыраханаға келе жатқан...
Тақап қалғаны сол, бір бейбақ жалынышты үнмен шылым сұрай қалғаны.
– О, не дегенің көкесі, мінекиіңіз, – деп ұсына қойып еді: «Тұтатып та бере алмас па екенсіз?» деп жатыр.
– Әлбетте! – деп тұтатып та берді.
Көкесі шылымын сорып: «Мың жасағыр екенсің, қазір біреуден темекі сұрап тарту да қиындады-ау!» деп телміре қалған соң, бұл мырзалығы ұстап: «Жүріңіз, бір-екі саптыаяқ сыра сімірейік», деп қалды.
Жалғыз ішкеннен жаныңда қалқиып біреудің отырғаны да жөн екен.
Екі-үш саптыаяқ сырадан соң әлгі көкесі:
– Өзіңдей өзгеше азаматқа тап келгеніме қуанып отырмын, – деп алды да, әйда кеп бұның «азаматтығын» аспанға шығара көсілді...
...Айта-айта келіп, бұның танауы делиген тұсында:
– Қаражаттан қарайласуға қалайсың? – деп қалғаны.
Көкдөнен көңіл... берген болды.
Не керек, адам сөйлескенше, шөлде басылып, қарап отырмай кәуапқа да тапсырыс беріп, ақыры бір шишаны бөліп ішіп сыртқа шығып еді... Көкесінің буын-буыны ұстамай қиқалаңдай берген соң, азаматын жолда тастасын ба, таксилетіп үйіне әкеліп қайта берейін деп еді, көкесі есін жиған болып бұны қоярдай қоймай үйіне кіргізгені...
Жеңгейдің қолында «келсабы» болмаса да, аузындағы тілі тіліп түсер тікенек дерсің... Бұл басында үндемей, содан мән-жайды түсіндірген болып... ақыры кінәлі өзі бола бастаған соң жеңгейдің жетесіз сөздері шымбайына батып бұл да «қаһарына» міне, «қаралы» сөздерді тоғытып кеп жіберді... Осы сәт жеңгесі ойбайды сап ойран асыр етсін... Көрші-көлемнің бір-екеуі қылтиып табалдырық аттап, бағанағы кіресілі-шығасылы есі бар көкесі де есін жиып бұған қарсы шапсын кеп...
Не керек, көп қойсын ба, әп сәтте-ақ полиция шақыртып бұны айыпты деп танып, алды да кетті.
Ертесінде, яғни маймыл жылының алғашқы күні бұл кінәсын амалсыз мойындап, істі насырға шаптырмай бір өзі келген кешегі жеңгесіне айыппұлын артығымен төлеп құтылғаны бар...
Содан есік алдына шығып еріне басып үйіне келе жатса, бір бейбақ қарсы жолығып шылым сұрайды... Ойланбастан темекісін пәшкісімен, тұтатқышын қоса беріп құтылғаны құп болды...
Ерсұлтан МАҒЖАН.
ТАЛДЫҚОРҒАН.
Болмасаң да ұқсап бақ...
МЕШІН ЖЫЛҒА БАТА
Алғыс Мектепті ілініп-салынып бітірсең де, жоғары оқу орнына жолдама берер тест сынағынан жолың болып, ең жоғарғы балды еншілеуіңе тілектеспін. Ол оқуды да ылдым-жылдым аяқтасаң да, біте сала айлығы ең жоғары кәсіпорыннан қызмет бұйырсын. Қолтығыңнан демер, көңілің құлаған қызметтің құлағынан ұстатар көкелерің көп болсын. Қайда жүрсең де айың оңынан туып, көлденең табысың көпіршік атып, айына демей-ақ қояйын, алты айда астыңдағы арғымағыңды ауыстырып тұру әдетіңе айналсын. Көп өтпей жинаған қаражатың біліп істеген қылмыс атаулыңның алдын орап, аузын аңқитуға жетіп артылсын. Келін жылына кемі екі мезгіл жыл құсындай шетел асып шалқып-тасысын. Балаңның барлықтан басы айналсын. Шетел асып оқу бітіріп, келінді де бар жерден түсіріп, ас та төк той жасап, ел-жұртың таңырқап-тамсансын. Соңғы айтарым, сексеннің сеңгіріне шығып тоқсанға тақағанша зейнетақының не екенін білмей ғұмыр кешулеріңе тілектеспін.
Қарғыс Мектептегі алған білімің асып-тасыса да, әріге жолдама берер тест сынағынан сүрініп, әке-шешеңнің бар жиған-тергенін беріп жатып мұғалімдік мамандық алып мысың басылсын. Жоғары білімің болса да қызметің бастауыш сынып оқытудан аспай, миың мипалау болсын. Қайда жүрсең де қалтырап-дірілдеп, тапқаның күн көрістен артылмай, ел қатарлы баспаналы болсам деген арманың әдірем қалсын. Өстіп жүріп отызға келгеніңді бірақ біліп, тойың жетім баланың үйлену тойы болып өтіп, арыққа жыртық жолығып, қырқа асар қырқыңда да пәтер жалдап шықпа жаным шықпамен күнің өтсін. Келіннің қыңқылымен кредит алып, келісім шарттың соңғы түйін сөзіне мән бермей қара басып... он жыл соның тұтқыны болып сорың қайнасын. Ең сорақысы, бала емес пәле болып, оларға «Бүйтіп бағып-қағарларың бар неменеге өмірге әкелдіңдер!» дегізіп, олардан көрген құйқайдан төбе шаштарың тік тұрсын. Сөздің соңы, итшілеп зейнет жасы бұйырсын. Қалған ғұмырда мардымсыз зейнетақыны қанағат тұтып, қалтырап-қалжырап күн мен түн өтсін. Кенже ЕРКІН. Алматы облысы.Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР