22 Наурыз, 2016

Cөз сойыл № 24

565 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әзіл - оспақ, сын - сықақ Келген жаңа жылда Е, Құдайым оңдасын, Еш жамандық болмасын! Елге ауызбіршілік берсін, Ерге тұрмыс-тіршілік берсін! Қытайлықтардың өсімталдығын, Ағылшындардың сезімталдығын  берсін! Орыстардың ойшылдығын, Бразилиялықтардың тойшылдығын берсін! Еврейлердің ептілігін, Француздардың тектілігін берсін! Немістің тазалық пен тәртібін, Тәртібінің тәуір артығын берсін! Халқымыз үш тілде сайрасын, Мыңғырып, мың қой айдасын! Жеріміз жәннат болсын, Ішкеніміз шәрбат болсын! Мұсылмандарға иман байлығын  берсін, Мешкейлерге аз-маз «шайлығын» берсін! Жемқорға Құдай нысап берсін, Қоймаса, құлқынын тұсап берсін! Ұрпақтарымыз мәңгүрт болмасын, Салт-дәстүріне салғырт болмасын! Әдет-ғұрпымыз азбасын, Салт-дәстүріміз тозбасын! Әумин! Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. Қызылорда. Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде Сатира сарбаздары! Ауызы дуалы, тумысынан сайқымазақ, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжыңбас қалың көпшілік, «Егемен Қазақстан» газеті өзінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ ­отауында жарияланатын өткір де өтімді, салмақты да сайқымазақ, шалымды да шат-шадыман әзіл-оспақ туындыларға, нақты да нанымды фельетондарға – Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені жалғастырады. Жүлдегерге берілер арнайы диплом, жүз елу мың теңге сый-сияпатымыздың бар екенін ескертеміз. Атсалысыңыздар, бақ сынаңыздар. Жүлде шарттары: • Жүлдеге сатира-юмор, фельетон, әзіл-оспақ­тың барлық айдары арқылы берілген мате­риалдар қатыса алады. Көлемі 3 беттен аспауы тиіс. • Бәйге материалдары – жарияланған сати­ралық туындылар ішінен сұрыпталып алынады. • Жеңімпаз арнайы құрылған сарапшылар алқасы арқылы анықталады. • Жүлде жеңімпазы жыл басында (келесі нау­рыз айында) анықталып, жарияланады. Маймылдың мәймөңкелері ОНЫ КІМ ДЕЙМІЗ? – Осы маймылды – жәндік дейміз бе, аң дейміз бе, жануар дейміз бе, әлде адам дейміз бе? Соны шешуге сәпсем миым жетпей жүргені. «Жәндік» дейін десем, ол құрт-құмырсқа сияқты уақталып кетеді. «Аң» дейін десем, аулай қоярдай айдалада қаңғырып жүрген жоқ. «Жануар» дейін десем, қорада байлауы тұрған ма­лың емес. Ал «адам» дейін десем, үс­ті­ жүн-жүн болып, көзі ба­­қы­райып, зоопаркте отыр. Сон­да оны кім, яки, не дейміз? – Оны ма, оны... бағы ашылмай қала берген адам дейтін шығармыз?! ӘЙЕЛ МІНЕЗ – Мен өтіп бара жатқан қой жылын – ерлер жылы деп, ал келе жатқан маймыл жы­лын – әйелдер жылы деп жүрмін. – Қалайша? – Қой – салмақты, айдаған жаққа жүретін, ерлер сияқты жуас мал, ал маймыл болса, үнемі тызақтап жүреді, тура әйелдер сияқты! ШҮКІРЛІК – Әйелім көбіне маған: «Өй, маймыл!» – деп баға бергенді ұнатады. –  Оған да шүкір де. Адам­ды маймылдан жаратылды деп жүр ғой. Ал, біздікі маған ауызын ашса болды: «Өй, тарбиған тасбақа!» деп әуелетеді. АДАМ ЖЫЛЫ – Жыл он екі айдың атын жануарларға бөліп беріп, адамға бір жылдың да арналмай қалғанына таңмын. Жылтыңдап тышқан екеш тышқанға дейін бір жылға ие болып жүргеніне жыным келеді. – Қайта құдай сақтаған де! Өзді-өзіміз ырылдасып жүргеніміз аздай, егер он екінің бірі бола қалсақ, анау он бірімен тағы ырылдасар едік қой! ТІЛ – Маймылдардың да өз тілі бар. Хайуанаттар паркінде бір маймылдың екінші май­мылға шақылдап, бірдеңе деп отырғанын көрдім. – Е, бізге қарағанда май­­ме­кең әлдеқайда ақылды ма деймін. Ешкімге еліктемейді, бір-бірімен өз тілінде сөй­ле­седі. Қожахмет ДЕМЕУБЕРГЕНҰЛЫ. АҚТАУ. Без имени-1Мен жайлы мәтелсымақ Маймыл қартайса мысықпен достасады, Адам қартайса төсекпен достасады. *** Кемпір – шалдың тілін біледі, Цирк иесі – маймылдың тілін біледі. *** Бізге тас лақтырғанша,банан лақтыр. *** Маймылдың кәрісін кім білер, адамның аласын кім табар. *** Біз бір секірген жерге – құмырсқа бір күн жүреді. *** Мақтағанды маймыл да жек көрмейді. *** Маймылдың басы ойнауға жетеді, ойлауға жетпейді. *** Біздің былығымыз ішімізде, қылығымыз құйрығымызда. *** Атың жаман болса сатып құтыласың, біз жаман болсақ зоопаркке өткізіп құтыласың, қатының жаман болса қайтіп құтыласың? Әйелімнің қадірін  жаңа білдім Әлі есімде, Жаңа жыл кешінде, Дауысы хрустальдай сыңғырлаған, Құлын мүшесі мың бұралған, Бетперде киген, Көзінде «әшкиі», тағы басқасы бар, Әдемі бойжеткенмен таныстым. Отырдым, тұрдым, Бақырдай басына Бар бақытты үйіп-төктім. Жаным, күнімсің батқан, дедім. Айым, таңымсың атқан, дедім. Қысқасы, ғашық болдым, ұнаттым, Ақырында істі тындырып, Сұлуды иліктіріп Өзіме қарай құлаттым. Сұлу қыз менен қашпады, саспады. Бір кезде, Бетпердесін шешіп тастады... Мәссаған, Кім көрген мұндай қызықты?! Өлердей болған ғашығым, Өзімнің әйелім боп шықты! Жыладым, күлдім, Аяғына жығылдым. Әйелімнің «әйәй» екенін Жаңа жыл кешінде білдім. *   *   * Жаңа жылды әзілмен, Қуанып қарсы алайық. Жылымыз мешін болғанмен, Өзіміз адам болайық! Марат КӨПТІЛЕУОВ. Қызылорда облысы. ҚҰТЫЛУ Без имени-3Пықып бүгін бір оң жамбасынан тұрыпты... Қой жылының соңғы күні көптен күткен қаржысы келіп құйылып – көңіл көкдөнен, күй алабөтен. Қызметтен ертерек шығып, кедейдің бір тойғаны – шала байығаны демекші, қаталаған шөлді баса қояйын деп сырғып сыраханаға келе жатқан... Тақап қалғаны сол, бір бейбақ жалынышты үнмен шылым сұрай қалғаны. – О, не дегенің көкесі, мінекиіңіз, – деп ұсына қойып еді: «Тұтатып та бере алмас па екенсіз?» деп жатыр. – Әлбетте! – деп тұтатып та берді. Көкесі шылымын сорып: «Мың жасағыр екенсің, қазір біреуден темекі сұрап тарту да қиындады-ау!» деп телміре қалған соң, бұл мырзалығы ұстап: «Жүріңіз, бір-екі саптыаяқ сыра сімірейік», деп қалды. Жалғыз ішкеннен жаныңда қалқиып біреудің отырғаны да жөн екен. Екі-үш саптыаяқ сырадан соң әлгі көкесі: – Өзіңдей өзгеше азаматқа тап келгеніме қуа­нып отырмын, – деп алды да, әйда кеп бұның «аза­маттығын» аспанға шығара көсілді... ...Айта-айта келіп, бұның танауы делиген тұсында: – Қаражаттан қарайласуға қалайсың? – деп қалғаны. Көкдөнен көңіл... берген болды. Не керек, адам сөйлескенше, шөлде басылып, қарап отырмай кәуапқа да тапсырыс беріп, ақы­ры бір шишаны бөліп ішіп сыртқа шығып еді... Кө­кесінің буын-буыны ұстамай қиқалаңдай берген соң, азаматын жолда тастасын ба, таксилетіп үйіне әкеліп қайта берейін деп еді, көкесі есін жиған болып бұны қоярдай қоймай үйіне кіргізгені... Жеңгейдің қолында «келсабы» болмаса да, аузындағы тілі тіліп түсер тікенек дерсің... Бұл ба­сында үндемей, содан мән-жайды түсіндірген болып... ақыры кінәлі өзі бола бастаған соң жең­гейдің жетесіз сөздері шымбайына батып бұл да «қаһарына» міне, «қаралы» сөздерді тоғытып кеп жіберді... Осы сәт жеңгесі ойбайды сап ойран асыр етсін... Көрші-көлемнің бір-екеуі қылтиып табал­дырық аттап, бағанағы кіресілі-шығасылы есі бар көкесі де есін жиып бұған қарсы шапсын кеп... Не керек, көп қойсын ба, әп сәтте-ақ полиция шақыртып бұны айыпты деп танып, алды да кетті. Ертесінде, яғни маймыл жылының алғашқы күні бұл кінәсын амалсыз мойындап, істі насырға шаптырмай бір өзі келген кешегі жеңгесіне айыппұлын артығымен төлеп құтылғаны бар... Содан есік алдына шығып еріне басып үйіне келе жатса, бір бейбақ қарсы жолығып шылым сұрайды... Ойланбастан темекісін пәшкісімен, тұтатқышын қоса беріп құтылғаны құп болды... Ерсұлтан МАҒЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Без имени-2Болмасаң да ұқсап бақ...

МЕШІН ЖЫЛҒА БАТА

Алғыс Мектепті ілініп-салынып бі­тір­сең де, жоғары оқу орнына жол­дама берер тест сынағынан жолың болып, ең жоғарғы балды еншілеуіңе тілектеспін. Ол оқуды да ылдым-жылдым аяқтасаң да, біте сала айлығы ең жоғары кәсіпорыннан қызмет бұйырсын. Қолтығыңнан демер, көңілің құлаған қызметтің құлағынан ұс­татар көкелерің көп болсын. Қайда жүрсең де айың оңынан туып, көлденең табысың көпіршік атып, айына демей-ақ қояйын, алты айда астыңдағы арғымағыңды ауыс­тырып тұру әдетіңе айналсын. Көп өтпей жинаған қаражатың біліп істеген қылмыс атаулыңның алдын орап, аузын аңқитуға жетіп артылсын. Келін жылына кемі екі мезгіл жыл құсындай шетел асып шал­қып-тасысын. Балаңның барлықтан басы айналсын. Шетел асып оқу бітіріп, келінді де бар жерден түсіріп, ас та төк той жасап, ел-жұртың таңыр­қап-тамсансын. Соңғы айтарым, сексеннің сең­­гіріне шығып тоқсанға тақағанша зейнетақының не екенін білмей ғұмыр кешулеріңе тілектеспін.

Қарғыс Мектептегі алған білімің асып-тасыса да, әріге жолдама берер тест сынағынан сүрініп, әке-ше­шеңнің бар жиған-тергенін беріп жатып мұғалімдік мамандық алып мысың басылсын. Жоғары білімің болса да қыз­метің бастауыш сынып оқытудан аспай, миың мипалау болсын. Қайда жүрсең де қалтырап-дірілдеп, тапқаның күн көрістен артылмай, ел қатарлы баспаналы болсам деген арманың әдірем қалсын. Өстіп жүріп отызға келгеніңді бірақ біліп, тойың жетім баланың үйлену тойы болып өтіп, арыққа жыртық жолығып, қырқа асар қырқыңда да пәтер жалдап шықпа жаным шықпамен күнің өтсін. Келіннің қыңқылымен кредит алып, келісім шарттың соңғы түйін сөзіне мән бермей қара басып... он жыл соның тұтқыны болып сорың қайнасын. Ең сорақысы, бала емес пәле болып, оларға «Бүйтіп бағып-қағарларың бар неменеге өмірге әкелдіңдер!» дегізіп, олардан көрген құйқайдан төбе шаштарың тік тұрсын. Сөздің соңы, итшілеп зейнет жасы бұйырсын. Қалған ғұмырда мардымсыз зейнетақыны қанағат тұтып, қалтырап-қалжырап күн мен түн өтсін. Кенже ЕРКІН. Алматы облысы.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР