Кеше Ұлттық академиялық кітапханада сайлаудың қалай өткені жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен отандық және шетелдің бірқатар журналистері, сондай-ақ, сайлауды бақылаған халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысты.
Шараны ұйымдастырған Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы мен орынбасарлары науқандағы өз жұмыстары туралы әңгімеледі. Мәселен, сайлаудың барлық үдерісін бүге-шігесіне дейін мұқият қадағалау үшін 10 мыңнан аса байқаушы дайындағандарын айтқан қоғамдық комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов, қызметке жегілген сайлау учаскелеріндегі өкілдерінің ашық жұмыс істеулері үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
«Сайлауды байқауға дайындалған 10 мыңнан аса байқаушыларымыздың бәрі бірдей өз міндетін жақсы білетін азаматтар. Олардың басым көпшілігінің бұған дейін де мұндай ауқымды шараларға қатысып, мол тәжірибе жинақтағанын айтып өткеніміз жөн. Мұнымен бірге, бір ай бойы бұл жолғы сайлаудың бұған дейінгі науқандардан ерекшеліктерін байқаушының әрбіріне мұқият түсіндіру жұмыстары тиянақты жүргізілді. Олардың қалай жүріп-тұрып, сайлаушылар арасында өздерін қалай ұстауы керектігіне дейін терең ұқтырылды», деді ол.
Комиссия төрағасы жергілікті тұрғындармен, яғни электоратпен де тиісті жұмыстар атқарылғанын назардан тыс қалдырмады. «Қоғаммен де тығыз байланыста болып, олардың құқығы мен сайлау тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәжіліспен қатар, мәслихаттар депутаттарын да сайлау керек болғандықтан, кейбір ұсақ-түйек түсініспеушіліктер болған болуы ықтимал. Бірақ, жалпы алғанда, сайлау нәтижелі өтті деуге ауыз барады», деді Н.Ерімбетов.
Шара барысының екінші бөлігінде комиссия төрағасына түрлі сұрақтар қойылды. Бұл жөнінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенділік танытты. Латвияның журналисі азаматтардың түгел дерлік қатысқанына қалай көз жеткізуге болатыны жөнінде сұрады. «Бізде мұндай мәселе Алматы қаласында ғана орын алуы мүмкін. Себебі, қала үлкен болғандықтан, ол жерге жаңадан көшіп келіп, әлі тіркелуге үлгіре алмай жүрген адамдар бар. Сондай-ақ, үлкен қалаға жұмыс іздеп келіп, онда уақытша тұрып жатқандар да кездеседі. Мұндай жағдайда, осы тұрғыда кемшіліктер орын алуы кәдік. Соған қарамастан, халықтың басым көпшілігі сайлауға қатысқаны бізді шын қуантып отыр», деді комиссия төрағасы.
Польша журналисі халықаралық байқаушылар тарапынан бір кабинаға бір отбасы бірге кіріп-шыққанын байқап қалғандары бар екенін алға тартып, оның қаншалықты заңды екенін сұрады. «Мұндай заңсыздықты, өкінішке қарай біздің байқаушылар байқамай қалған болуы керек. Бірақ біз бұл мәселемен міндетті түрде шұғылданамыз. Сөйтіп, тиісті адамдарға ескертілетін болады. Естеріңізде болса, кеңестік заманда бір отбасының барлық төлқұжатын бір ғана адам әкеліп, бәрінің атынан дауыс бере салатын еді. Халық болған соң сол менталитеттен алыстай қоймағандары да болуы ықтимал. Бірақ қазір заман басқа, заң басқа. Әр сайлау учаскесінде өз еліміздің кемі 6-7 байқаушысы болса, халықаралық ұйымдардың өкілдері тағы бар. Мұны халық жақсы біліп отыр. Сондықтан олар ешкімге қарамай-ақ таңдау жасауға болатынын көріп тұр», деген Н.Ерімбетов брифинг қатысушыларын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».