14 Қаңтар, 2011

Үкімет «Егемен Қазақстан» апталық қосымшасы

522 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

Үнем мәселесі үнемі назарда болмақ Сәрсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2010 жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен биылғы жылға арналған стратегиялық міндеттері талқыланған кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда негізгі баяндаманы агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов жасады. Агенттік жүргізіп отырған тариф саясатының негізгі ба­ғыттарының қатарында бірінші кезекте инвестициялық тартым­ды­лықты көтеру тұрса, екінші ретте электр энергиясы мен суды үнемдеу болып табылады. Ал үшінші орында энергияны сақтау тұр. Инвестициялық тартымды­лық­ты арттыру мақсатында Та­биғи монополиялар субъектісі­нің (ТМС) 30-ы 2010 жылы инвестициялық (орта және ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмыс істеген. 2009 жылы 21 ТМС-қа инвестициялық тарифтер бекітілген болса, ТМС-тің инвестициялық тарифтер арқы­лы жұмыс істеуге көшуі тұты­ну­шылар үшін тарифтердің ор­нықтылығы мен болжам­дылы­ғын, инвестицияларды активтерді жаңартуға салу есебінен қыз­мет сапасын арттыруды қамта­масыз етпек. Электр энергиясын және су­ды үнемдеу жұмысының шеңбе­рінде аталған агенттік әлемдік тәжірибеде кеңінен пайдаланы­латын сараланған тарифтердің әдістерін қолданған. Электр энер­­­гиясына тұтыну көлеміне қарай және тәулік аймақтары бойынша сараланған тарифтерді қолдану нәтижесінде жылына халық тұ­ты­натын электр энер­гия­сының жалпы көлемінің 2,3 пайызын құрайтын 248 млн. к/Вт сағатқа жуық электр энер­гиясы, 62 мың тонна көмір және тұтынушы­лардың шамамен 3 млрд. теңге қаражаты үнемдел­ген. Саралан­ған тарифтерді қол­дану ластау­шы заттардың шыға­рынды­ла­рын төмендетуге жәр­демдес­кен. Қазіргі таңда елімізде 2 дең­гейлі саралау жүйесі қол­даныл­са, 2011 жылы агенттік электр энергиясын тұтыну бойынша та­рифтерді саралау­дың 3-ші дең­гейін енгізбек. Сумен жабдықтауға тұтыну­шылар топтары бойынша сара­лан­ған тарифтерді енгізу нәти­же­сінде суды үнемдеу 12 пайыз­ды немесе 1,63 млрд. теңгені құрап, су кә­сіп­орындары өз кезегінде табыс­тарын 15,9 млрд. теңгеге ұлғайтқан. Биылдан бастап неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп төлейсің қағидаты бойынша суға тұтыну көлеміне қарай 2 деңгейлі саралау тарифтерін енгізу бастамақ. Тұты­нушылардың 20-40 пайыз ақшалай қаражаттары есептеу аспаптарын пайдалану есебінен үнемделмек. 2010 жылы суық суды есептеу аспаптарымен жа­рақтандыру дең­гейі 82 пайызды, ыстық суды есептеу аспаптары 83 пайызды, ал жылу энергиясын есептеу аспап­тары 38 пайызды құраған. 2010 жылы агенттік жүргізген бақылау шараларының нәтиже­сінде және заңнаманы бұзуға жол бергені үшін 110 табиғи монополия субъектісіне тарифтер 3,28 млрд. теңгеге төмендетілген. Отырыста агенттік төрағасы Н.Алдабергенов биыл су тарифтері 11-12 пайызға, ал жылу тарифтері 10-12 пайызға өсетін­ді­гін айтты. Осы ретте аталған агенттік 2011 жылы суды үнем­деп жұмсауға ынталандыру мақ­са­тында жоғарыда айтылған «не­ғұрлым көп қолдансаң, соғұр­лым көп төлейсің» деген қағи­даны қолданбақ. Осы отырыста баяндама жаса­ған Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров қа­зақстандық әуежайлар табыс­тарын негізгі қызметтерінен емес, әуежай ғимаратындағы мейрамханалар, дүкендер мен өзге де коммерциялық нысандарды да­мы­тудан табады деп жоспарлануда екенін, сондай-ақ ол 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап темір жол көліктері арқылы та­сымалданатын жүкке тарифтер­дің көтерілуі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына құны 317,8 млрд. теңгенің инвес­тициялық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін де айтып өтті. Ал «ENRC Kazakh­stan» ЖШС қаржы директоры­ның орын­­басары Елена Попандопуло қазіргі кезде темір жол сала­сындағы тарифтерді реттеудің арқасында отандық вагон паркін ұлғайтуға қажетті қыруар қаржы жинақталып отырғанын және оны жіті бақылауға алу қажет екенін келтірді. Агенттіктің 2011 жылға ар­нал­ған негізгі міндеттері инвес­тиция­лық тарифтер бойынша жұмыс жасайтын ТМС санын ұлғайту және электр энергиясын үнемдеу, электр энергиясына тұтыну көле­міне қарай тарифтерді саралауды одан әрі жетілдіру болып табыла­ды. Сонымен қатар Біртұтас эко­номикалық кеңістікті қалып­тастыру және Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру шеңберінде темір жол тасымалына тарифтерді бір ізге түсіру, реттелетін қыз­меттер тарифтерінің инфляция­сын олар­дың шекті үлесінің шең­берінде бекіту де агенттік алға қойған мақ­саттардың бірі болып отыр. Осындай міндеттерді шешу реттелетін субъек­тілердің эконо­мика­лық орнықтылығын қамта­масыз етуге, энергияны сақтау жұмысын жалғастыруға, электр энергиясын және суды үнем­деуге, сондай-ақ реттелетін қыз­мет­терге бағалар­дың негізсіз өсуі­нен тұтынушы­ларды қорғау­ға жәрдемдеспек. Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Табиғи монополияларды реттеу агенттігі өзіне жүктелген міндеттерді талапқа сай жүзеге асыра алғанын айта келе, агенттік өкіл­деріне осы қарқынды бәсең­дет­пей, қайта үдете түсу қажет­тігін ескертіп өтті. – Табиғи монополияларды реттеу саласын реформалау мен осы саланың интеграциялану ша­ра­лары Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдерден әлде­қай­да жоғары тұр. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық нәрсе. Әйтсе де бізге арқаны кеңге салуға бол­майды. Біз 2012 жылы Бір­тұтас экономикалық кеңістік­ке енеміз. Қазіргі таңда осыған қажетті бар­лық базалық принциптер нақ­тыланған, – деген Премьер-Министр үстіміздегі жылы осы жұ­мысқа барынша дайындалу керек екенін де назардан тыс қал­дырмады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Құрылыс ісіне құнттылық қажет Тарих қойнауына бет алған 2010 жыл еліміз үшін ерекше болғаны жасырын емес. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша өзге де агенттіктердің қатарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ та өз міндеттері мен қызметтерінің қорытындысын жариялады. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты. Алдымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы дирек­торы Қайрат Әйте­кенов, «Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылы­ғын жаңғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы» АҚ басқарма төраға­сы Зинулла Қазиев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасы Серік Нокин баяндамалар жасады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов қордың үлескерлік тұрғын үй кешендері бойын­ша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баянда­ды. Оның айтуынша, үлескерлік құрылысты қолдау 3 механизм арқылы жүзеге асуда екен. 2010 жылы бөлінген 200 млрд. теңгеге 164,4 млрд. келісім-шарт жасалып, 137,4 млрд.теңгесі игерілген. Бөлінген қаржы 52 нысан құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 11 870 үлескер мәселесі шешіліп, халыққа қосымша 10 832 үй салынған. Оның ішіндегі 3 мыңға жуығы жылжымайтын мүлік қорының жалға беру бағ­дар­ламасы аясында берілмек. Ал жылжымайтын мүлік секторында қолданылған шаралар саланың орнықты дамуына оң әсерін тигізіпті. Осылайша қор отандық тауар өндірушілерді қолдап, үлескерлік мәселесіндегі қоғамдық қобалжудың алдын алды. Қордың өткен жылғы таза кірісі 986 млн.теңгені құрайды. Сондай-ақ өткен жылдың сәуірінде жалға алу арқылы кейін толық алуға болатын үйлерді сату басталды. Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, қазіргі тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі ипотеканы 100 пайызға алмастыра алмайды. Үй сатып алушы сатып алу кезінде қаржының 50 пайы­зын жинайды, қалған сомасын несиеге алады. Әлемдік тәжірибеде де солай. Ал шы­ғыс­еуро­палық елдердің тәжірибесіне сү­йенсек, қазіргі қолданыстағы тұрғын үй құрылыстық жинақ­тау әдісі үйге күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізген кезде ғана қолданылады екен. Әйт­кенмен, қазақстандық тұрғын үй құрылыс жи­на­ғы жүйесі экономикадан нақты орын алады, ал ипотека жүйесі 2008 жылмен салыс­тырғанда бірнеше есеге төмендеген. Осы орайда Қайрат Әйтекенов «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының өз объекті­лері­нің сапасын жоғарылатуға күш салып жатқан­дығын ескерте келіп, шаршы метріне 120 мың теңгенің таза әрлендірілген үйді барынша жа­сақ­тап салып беруге, тіпті бизнес-класты пәтер салуға жеткілікті қаражат екенін ресми түрде хабарлады. Агенттік төрағасы Серік Нокин еліміздегі тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын қорытындылады. Тұрғын үйдің шамамен 19,6 млн. шаршы метрі, оның ішінде 2010 жылы 6,4 млн.шаршы метрі пайдалануға берілген. Бұл сандар Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдар­ламаларының арқасында тұрғын үйдің жаңа алаңдарын пайдалануға беру көлемінің күрт төмендеуіне жол берілмеген­дігінің айқын дәлелі. Сондай-ақ еліміздің 2010-2014 жылға арналған мемлекеттік үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде жалға берілетін тұрғын үйді одан әрі дамытуға ниетті екенін және тұрғын үй құрылысын дамыту қарқынын сақтауға мүмкіндік беретін тетіктің бірі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту болып табылатынын атап өтті. Алқа мәжілісіне қатысушылар құрылысы аяқталмаған объектілерді аяқтау мәселесін де талқылады. Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында құрылыс секторында дағдарыс бас­тал­ған кезде 450 тұрғын үй кешенінің құры­лысына қаражаттарын салған 62 889 үлескер ішінен өткен кезеңде 389 объектідегі 53 мың үлескердің мәселесі шешілген. Қалған үлес­керлер мәселесі ағымдағы жылдың аяғына дейін шешілетін болады. Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда Мемлекет басшысының соңғы Жолдауына сәйкес 2010 жылы «Жол картасы -2009» жос­парымен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық объектілерін қайта жаңарту және жөндеу бойын­ша басталған жұмыстар жалға­сын таппақ. Агенттік алдында тұрған негізгі міндеттермен бірге құрылыс саласын техникалық реттеу жүйелерін реформалау да жалғасын табуда. Агенттікте 2010 жылы жаңа сметалық-нор­ма­тивтік базаға өту бойынша дайындық жұмыс­тары жүргізіліпті. Серік Нокиннің айтуынша, бұл орайда 89 сметалық-нормативтік құжат әзірленген көрінеді. Сондай-ақ елді мекендерді бас жоспарлармен қамтамасыз ету мониторингі жүргізілуде. Премьер-Министр агенттік жұмысын оң бағалай келіп, енді салынатын жаңа құрылыс­тардың жаңа стандарттарға сай салынуын қадағалау керектігін ескертті. Ескі ГОСТ соңғы пайда болған технологияларды есепке алмайды. Егер біз бұрынғы нормаларды сақтап құрылыс салатын болсақ, онда олар қазіргі стандарттарға жауап бермейтіні анық. Оның үстіне бұрын салынған үйлерде энергия сақтау мүмкіндігі жоқ, деді ол. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жаңа тұрғыда дами бастады. Әсіресе 2000 жылдан кейін құрылыс салу қарқыны өте жоғары болған-тын. Тәжірибе көрсетіп бергендей, бұл салада барлығы бірдей ойлағандай шықпаған. Пайда болған көпіршік мемле­кеттің осы саланы реттеуден көз жазбауы қажеттігін және оған міндетті екендігін тағы да көрсетті. Өйткені жеке меншік құрылыс салушы компаниялар, банктер және олардың үлес­керлері, яғни ипотека алғандар арасында мәселе туындаса кінәліні анықтау мүмкін емес. Айналып келгенде Үкімет пен жергілікті билік кінәлі болады, деді ол. Ал оған жол беруге болмайды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. Жол мұраты – жету Елімізде барлығы 152600 шақырымға созылған автомобиль жолдары бар, соның 23500 шақырымы республикалық, 30500 шақырымы облыстық, 43600 шақырымы аудандық  маңызы бар жолдар. Біз республикалық дәрежедегі жолдардың күтімін қамтамасыз ететін «Қазақавтожол»  РМК бас директоры Мереке ПІШЕМБАЕВТЫ әңгімеге тартып, маңызды жолдардың сақталуы жолында жасалып жатқан жұмыстарды білген едік. – Біздің республикалық мемлекеттік кәсіпорнымыз Үкіметтің 2000 жылғы 14 қазандағы қау­лысымен құрылған. Одақ ыды­раған соң бұрынғы «Казавтодор» ал­дымен мемлекеттік концерн формасындағы акционерлік қо­ғам болып құрылды. Ал облыс­тағы жол басқармалары акционерлік қоғам болып қалды. Автожолдар сол қоғамның балансын­да болды. 1996 жылға дейін осы тәртіп сақталды. Бірақ содан кейін автожолдарды мемлекет өз қарауына алу жөнінде шешім қабылданды, өйткені автожолдар мемлекет мүлкі, олардың дұ­рыс болуы сайып келгенде мемлекет қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді. Ал акционерлік қоғам жартылай жеке меншіктегі кәсіп­орын, сон­дықтан Үкімет сол кездегі бар­лық облыс орталықтарында қазы­на­шылық кәсіпорындарын ашып, солардың қарама­ғы­на автожол­дарды берді. Бірақ жолдар берілгенімен акционерлік қоғамдар құрал-жабдықтарды бөлген кезде өздеріне дұрыс­тарын алып қа­лып, қазынашылық кәсіп­орын­дарына ең бір жарамсыздарын, қаңқа­сы қалғандарын берген еді. Жағдай осын­дай болған соң жаңа кәсіпорындар жолды күтуге ша­малары келмеді. Осындай тығы­рық­тан шығу үшін жолдарды жеке меншікке беру туралы шешім қабылданып, біраз жолдар жекешелендірілді. Оларды алған кә­сіп­керлердің де жолды күтуге шамалары келмеді, өйткені олар­дың қаржылық, тех­ни­ка­лық мүм­кіндіктері шектеулі әрі тәжі­рибелері жоқ еді. Осыдан кейін барлық қа­зынашылық кәсіпорын­дар біріктіріліп, біздің «Қазақав­тожол» РМК құрылды. Ал мемлекеттік тапсырыс беру функциясы әрі мемлекеттік басқару ісін атқару Көлік және коммуникация министрлігінде жаңадан құрыл­ған Автомобиль жолдары комитетіне жүктелді. Қазынашылық кәсіпорында­рының құра­мын­дағы жол жөндеу учаскелкелерін (ЖЖУ) қайта құ­рып, оларға жаңадан жабдықтау жұмыстарын жүргіздік.  Қазір «Қазақавто­жолдың» құрамында 80 ЖЖУ, 177 жол жөндеу пункттері, 7 ағаш отырғызатын учас­келер бар. Олардың бәрі 14 филиалдың қарамағына біріктірілген. Бүгінгі күні біздің қарамағымызда 1,7 мың дана техника, соның ішінде көп функ­циялар атқара алатын құ­рамдастырылған жол мәши­нелері (ҚЖМ), автогрейдерлер, шнекороторлар, бульдозерлер, жол тегістейтіндер, тиеу тех­никалары және басқа да механизмдер бар. Жыл сайын республикалық бюджет пен кәсіп­орынның  өз қаражатына жаңа техникалар алынып тұрады. Біздің негізгі міндетіміз – республика­лық маңызы бар автожолдарда қысы-жазы, күндіз-түні автомобильдердің тоқтау­сыз жүруіне жағдай жасау. Со­ның ішінде алты халықаралық дәліз басым бағытымыз бо­лып есептеледі. Қыста жиі болып тұратын борандардан кейін қар басқан немесе көктайғақ болып қалған жолдарды тазартамыз. Жаз ай­ла­рында жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Орта есеппен жы­лына 1,5 млн. шаршы метр­ шұң­қыр тегістеліп, асфальт жаңар­тылады. Сонымен бірге 12 мың дана жол белгілері қойы­лып, 8 мың шақырымның жол айрықтары белгіленеді. Біз жол белгілерін халықаралық стандартқа сәйкестен­діріп өзі­міз жасаймыз. Осындай өнім­дер­ді, соның ішінде дабыл тұ­ғыр­ларын, кедергі белгілерін жасай алатын өзіміздің өндіріс орнымыз да бар. Жалпы, жолды ұзына бойы­на күнделікті бақылау жасап  отыру керек, өйткені, оның бо­йын­­да неше түрлі жағдайлар болып тұра­ды. Мәселен, қойыл­ған жол белгісін соғып кету, сындырып кету немесе оның қатты желден бұзылып қалуы сияқты жәйттер жиі болады. Автокөліктердің ескерту белгісі болмаған соң апатқа ұшырап қалуы мүм­кін. Сондықтан оны күнделікті бақылап отырамыз. Осы жұмыстар көзге көрінбей­тін, бірақ бейнеті көп жұмыс­тар. Төтенше жағдайлар мен гидрометеорталықтар жол­дар­дағы жағдайларды көбінесе біздің қыз­меткерлерден біліп отырады. Мәселен, қыста ТЖМ Астанадан 200 шақырым жердегі ауа райының қандай екенін біле алмайды ғой, ал ол жерде қатты боран тұ­руы мүмкін. Сондықтан, жол бойында жүр­ген біздің қызметтен ахуалды біліп отыра­ды. Жолдағы жұ_мыс­керлер байланыс құрал­дарымен  толық жабдықталған.  Айта кететін жәйт, енді төтенше жағдайлар, жол учаскелерінің жабылуы туралы ақпаратты өзі­міз де хабарлап отыратын бол­дық. Оны Көлік және коммуникация министрлігінің www.mtk.gov.kz және «Қазақавтожолдың» www.kazavtodor.kz сайттарынан алуға немесе біздің тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметіміздің 44-46-85 және қалта­фондық 8-777-537-46-14 телефон нөмірле­ріне хабарла­сып білуге болады. – Мемлекет тарапынан сіз­дердің жұ­мыстарыңызға жы­лына қанша қаражат бөлінеді және ол күтімді, қалыпты жағ­­дайда атқаруға мүмкіндік бере ме? – Мемлекеттік бюджеттен бізге биыл 7,5 млрд. теңгенің тапсырысы берілді. Ал 23 500 шақырым жолды күтіп, қалып­ты жағдайда ұстау үшін норматив бойынша 30 млрд. теңге бөлінуі керек, демек біз соның үштен бірін ғана аламыз. Бірақ бұл жол­дардың үштен бірі ғана күтіледі деген сөз емес, қал­ған соманы біз өз тарапымыздан таба­мыз. Со­ның ішінде әкімдік­тер өткізген тендерлерге қаты­сып, тікелей шарт бойынша со­лардың жұмы­сын орындау міндетін аламыз. Соның ішінде орташа жөндеу, күрделі жөн­деу, сондай-ақ жаңа құрылыстарға да қаты­сып, тендерлерді ұтып жатамыз. Біздің ұжымға әкімдіктер сенім артады, өйткені мамандану әлеуе­­тіміз бас­қалармен салыс­тыр­­ғанда жо­ға­ры және сол жаңа жолдарды артынан күтімге ала­тын өзіміз болғандықтан  жұмыстарды сапа­лы атқаруға тырысамыз. Үкімет тарапынан тапсырыс сомасы биыл 13,5 млрд. теңгеге жетті.  Жалпы айтқанда, 2010 жылы 2 мың шақырымдай жол жөнделді. – Кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр, еңбекақы көлемі оларды қанағаттандыра ма? – Әлбетте, біз өзіміздің қаражатымызбен күні бүгін 32 жас маманды оқытып жатыр­мыз. Олармен шарт жасасып, оқу бітіріп келген соң бірнеше жыл міндетті түрде бізде қызмет істейді. Оларды Алматы және Өске­мен қалаларындағы жол күту маман­дарын даярлайтын жоо-ларда оқытудамыз. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан мен Қостанайдағы оқу орындарында қызметкерлеріміз тұрақты түр­де мамандық жетілдіруден өтіп отырады. Бүгінгі күні «Қазақавтодорда» жалпы саны 3 600 адам қызмет етеді. Кадрлар тұрақты деп айтуымызға болады. Жол жөндеу қыз­метінде тікелей жүрген мамандардың, ме­ха­ни­за­торлардың еңбекақылары орта есеппен 80 мың теңге бола­ды. Олардың көбі ауыл­дық жерлер­дің тұрғындары екенін ескерсек, бұл еңбекақының аз еместігін көруге бола­ды. Оның үстіне бізде еңбек өтіліне қарай қосым­ша ақы төленіп тұрады. Оның көлемі кейде 50-60 пайызға жетіп жа­тады. Осындай жағдай болған соң жұмысшылардың жұ­мыстан шығып кетуі өте сирек. – Техникамен жабдықталу мә­селесі қалай шешілуде? Жаңа және жетілдірілген техно­ло­гияларды қолдану жұмыс­тары бар ма? Шетелдік фирмалармен осы істер бойынша ынтымақтасу мәселелері қан­дай дәрежеде? – Бұл мәселеде де айтарлық­тай табысы­мыз бар. Жоғарыда айттым, қазір біздің 1710 дана техникамыз бар. Біз жаңа техни­каларды республикалық бюджет­тің және өз қаража­тымыздың есебінен аламыз. Соңғы үш жылда осы мақсатқа 2,7 млрд. теңге жұмса­лып, барлық филиалдары­мызға жаңа техникалар алынды. Біз негізінен техникалар мен жабдықтарды Қытайдан аламыз, сондай-ақ Ресейден жеткіземіз. Айта кетерлігі сол, Кеден одағы­ның арқасында ресейлік техникалар бұрынғыдан 25-30 пайызға арзандап, бізге жақсы болды. Жол жөндеу жұмыстары сала­сын­дағы жаңа технологиялармен де жұмыс істейміз. Мәселен, көктайғақ жолдар­ды бірден ерітіп жіберетін жоғары сапалы бишафит атты ұнтақ бар, соны суға қосып, ерітіндісін көктайғақ жерге құятын болсақ, асфальтты тап-таза қылады. Мұндайда бұ­рын тұз себетін едік, ал мына ұнтақ одан әлдеқайда тиімді. Өйткені, тұз сияқты желге ұшпайды. Қазір біз оның 20 тоннасын сатып алып қойдық. Сонымен қатар қысты күнгі шұңқырларды бітеуде мак ұнтағының негізінде дайындал­ған қоспаны пайдаланамыз. Оны - 25 градустық аяздарда да қолдана беруге болады. Ынты­мақтастық туралы айта­тын бол­сақ, өзіміздің «Жолкөлік» ҒЗИ және т.б. зерттеу орта­лықтары­мен, со­ның ішінде ресейліктермен де тығыз байла­ныс­тамыз. Біздің жол жөн­деу жұ­мыс­тары­мыздың ха­лық­аралық стан­дарт­­қа сай екендігі анықталып, ИСО 9001-2001 сапа серти­фика­ты берілген. – Республи­ка­­лық жолдар­дың ішінде қандай учас­келер­дің қаупі зор? – Ондайлар шамалы, дегенмен айта кететін болсақ, қыста Өскемен-Зырян жолы­ның бойын­да қар көшкіні қаупі болып тұ­рады. Алматыдан шығып, Қы­тайға баратын жолдағы «Үшарал-Достық» учаскесінің қаупі бар. Сол жерге қашан барсаңыз ақ боран соғады да тұрады. Алматы – Өскемен жолы да жіті бақылауды талап етеді. Ал жазда бұл жолдардың еш қаупі жоқ. – Елімізде болып жатқан халық­ара­лық шаралар кезінде де сіздердің жұ­мыс­тарыңызда дамыл болмайтын шығар? – Оған сөз бар ма? Біз ЕҚЫҰ саммиті кезінде 10 күндей түней жатып жұмыс істедік. Соның ішінде Астана – Бурабай және Ал­маты – Қарағанды трассалары­ның қапысыз болуын қамтамасыз еттік. Осы уақыттағы мінсіз қызметіміз үшін бірнеше жауап­ты қызметкерлеріміз бен жұмыс­шыларымыз Пре­зиденттің Құр­мет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Енді Азиа­даның қапысыз өтуіне өзі­міздің үлесі­мізді қосамыз. Бізге Алматы – Есік тас жолындағы Алматыдан шыққандағы 8-ші шақырымнан Талғар қаласына дейінгі 17 шақырымдық, Алматы – Нарынқол трассасындағы 9-шы шақырымнан арғы 19 шақы­рымдық жол бекітіліп берілген. Сондай-ақ, Тобағанға апара­тын 15 шақырымдық жолға жауап­тымыз. Оларға қажетті техникалар мен құрал-жабдықтардың бәрін дайын­дап қойдық. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. Әр нәрсенің сәті бар Өндірісті өңір  мал шаруашылығын өркендетуді қолға алды Сонау нарыққа көшкеннен бе­рі де бәрі­нен де ең ауыр қиын­дық­ты ауыл шаруа­шы­лығы көргені мәлім. «Орнында бар оңалар» демекші, енді бүгін дала тынысы кеңейіп, алысқа тарап, танылып жатыр. Әдетте көзге өн­дірісті өңір ретінде елестейтін Қараған­ды ай­мағының қазіргі бір қуат-тірегі қыр төс­кейіндегі еңбекпен еңселеніп, тіктеліп келеді. Биылғы жыл ауыл жұрты үшін жақсылық хабармен басталды. Өздері әр­дайым үміт күтетін бұған дейінгі бағдардамалардан жө­ні де, мәні де маңыз­дырақ, қазақы тіл­мен айтқанда, тайға таңба бас­қандай белгіленген «Облыс агро­өнеркәсіп кешенін индустрия­лық-инновациялық дамы­тудың  2011-2015 жылдарға және 2020 жыл­ға дейінгі кезеңге арналған тұжы­рым­да­масының» жобасы қа­был­­­дан­ды. Ауылға деген ынта-ықы­лас­тың, қамқорлықтың уақыт та­ла­бына сәйкес бар­лық мүмкіндігі ойлас­ты­рылып, қарастырыл­ған он­дағы іс-шаралар ауқымы өңір­дің эко­номикалық күш-қуаты­ның қан­шалықты ны­ғай­ғандығын көрсетеді. – Жаңа бағдарламаның негізгі өзегі – үдемелі дамыту, азық-түлік түрлері сапасын жақ­сарту, бәсе­кеге қабілеттілік пен экспорт­тық өтімділікті көтеру, өнім көлемін артты­ру, осы саладағы өндірісті озық технологиямен жеткілікті жа­рақтандыру, үздік тәжір­бие­лерді кеңінен қолдануды енгізу болып табылады, – дейді облыс­тық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бастығы Ниханбай Омарханов. Саланың сан-алуан қырлары­на қанық маманның айтуынша, бағ­дарламаны дайын­дау бары­сын­да аудандардың жер жағдай­лары, ауа райы өзгешеліктері, шаруа­шы­лықтың қай түрімен шұғыл­да­нуға бейімділіктері алдын-ала жан-жақты зерттеліп, соған бай­ланысты мамандандыру бағдары айқындалған. Мәселен, табиғи жайылымы кең, шөбі шүйгін, суы мол Ұлытау, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аймақтары бірыңғай мал түлігін өрбітумен айналысса, ал егіншілік үрдісі әбден қалып­тасқан Нұра, Осакаров жақ астық өндірісін дамытумен, Абай мен Бұқар жырау аудандары сонымен бірге картоп, көкөніс өсірумен шұғылданады. Сөз орайында мал шаруашы­лы­ғын сауықтыруға ба­сым көңіл бөлі­нуін атауға бо­ла­ды. Мұның се­бебі де бар. Жекешелендіруден кейінгі жыл­дар­да облыс бойын­­ша төрт түліктің саны 30 пайыз­ға дейін азайса, сапалық құрамы мүлде алаңдарлық халге ұшыра­ған. Асыл тұқым­ды мүйізді ірі қараның үлес салмағы – 0,6, қой мен ешкі – 5,4, жылқы 0,8 пайыз-ақ болуы күйінішті жайдың бірі. Мұндай қалып тез тү­зетілмесе өнім өтімділігіне үміт арту бос қиял болып қала бермек. Олай болмас үшін мал тұқымын асыл­дандыратын 25 жаңа ша­руа­­шы­лық құру көзделген. Оның үлесін 25 пайызға жеткізу жоспар­ланып отыр. Жергілікті тұтынушылар­дың ет өнім­деріне өсіңкі сұраны­сына сөйкес 12 мың бас сиыр және өгізді бордақылауға бағыт­талған 8 шаруа­шылық құрылады. Қазақтың ақ бас, қырдың қызыл сиыры, етті Әулиекөл тұ­қымын, Қар­ға­лы қойын өсіруге бет бұ­рып, сол бағыт­тағы шаруашылық мәр­тебесін алған «Нұр­шат», «Ескене», «От­қанжар», «Жанболат» сияқты ұмты­лу­шы серіктестіктерге үлкен қолдау көрсе­тіледі. Биыл мал шаруашылығы саласына бөлінген субсидияның 45 пайызы мүйізді ірі қараны, 25 пайызы қой, 3 пайызы жылқы өсіру­шілерге берілетіндігі де оларға зор көмек. Жалпы, бұл салада жылдар бойына қор­да­ланып қалған түйт­кіл жайлар бағдарла­маны дайын­дау кезінде бірінен соң бірі шыға бергендігін айтпасқа болмайды. Кезінде 240 мың гектарды қам­тыған көп- жылдық шабындық алқаптарының бүгінде 7-8 мың гектары ғана жарамды болуы, мал басын идентификациялаудың назардан тыс қалуы, өнімдерін өткізудегі қиындықтардың белең алуы, ветеринар, зоотехник ма­мандарын даярлаудың ескерлмеуі сияқты жәйттер бәрінің осы жолы бағдарламаға енуі оның маңызды бір қыры деуіміз керек. Талай жылдан бері жырға ай­налған мал терісі мен жүн мәселесі де ақыры шешімін табатын болды. Есеп бойын­ша кәдеге аспай жатқан 1700 тонна қылшықты жүн бар қазір. Өңделуге сатып алынса, қойшыларға қосымша табыс көзі-ақ шіркін. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, бұдан былай қарай сондай күн туғалы тұр. Қарқаралы ауда­нында ашы­латын цехтың қуаты жылына 900 тонна жүн өңдеуге жетпек. Өңір өңделуге тиіс­ті жүн және тері көлемін 56 пайызға қам­та­масыз ете алады. Қалғаны Ақто­ғай, Шет, Ұлытау, Жаңаарқа, көрші облыстар­дағы Баянауыл, Абай аудандарынан жеткізіледі. ҚХР кәсіпкерлері тарапынан осынау дайын өнімді тұтынуға тапсы­рыстар түсіп жатыр.  Со­нымен бірге фермерлер мал өнім­де­рін өткізудің қиындықта­рынан да арыла­ды. Етті өңдеуді молайту,  сырт жерден та­сы­мал­дануын азайту мақсатында Бұ­қар жырау ауданындағы Көк­пекті ауылын­да мал сою мен өңдеудің бүкіл санитарлық та­лаптары сақтал­ған әрі техноло­гиясы жетілдірілген кешенді ор­талық салы­нады. Әрбір ауыл­дық округте тұтыну кооперативтері, аудандарда сервис­тік-дайын­дау орта­лықтары құры­лады. Бағдарламадағы шаралар­дың іске асуы, ең алдымен, қаржыға келіп тірелетіндігі бел­гілі. Бұл жағы да мұқият ойластырыл­ған­дай. Республикалық және об­лыстық бюд­жеттен қарастырыл­ған 130 миллиард теңгеге қо­сымша басқа да қаржы көздері алдағы он жылда игерілуге тиіс. «Әр нәрсенің сәті бар» дейді халық. Жергілікті мал ша­руашылығын дамытуға жа­сал­­ған жаңа бетбұрыс соған сен­діреді. Еліміз бойынша мүйізді ірі қара саны жағынан 7-ші, жылқы 4-ші, қой мен ешкіден 6-шы орында тұрған облыстың түліктер өнімдері түрлерімен алдағы уақытта өзін-өзі толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Достастықта баламасы жоқ зауыт Не аз болса сол қат дүние бо­латындығы белгілі. Қолынан күрегі, кетпені түспейтін оңтүс­тіктің халқы көктем туа тыртаң­дап үй салып жатады. Дүниежү­зілік дағдарыстың әлемнің етегінен тартып жатқаны есеп емес. Былтыр шаңырақ көтер­ген ба­ла­сының отауын көтеруі керек. Келесі келін түсіргенде үйі та­рылмас үшін. Күйдірген қызыл қыш керек демейді. Қам кірпіш құяды. Есік-терезе де оншалық­ты қымбат емес. Қымбаты – цемент. Арзан цемент іздеп сабылып жүрер еді. Көктен тілегенін құ­дай жерден берді. Оңтүстікте Се­рікжан Сейітжанов деген кә­сіп­кер азамат бар. Тапқанын қойын-қонышына тыға беретін көркеуде байлардың қатарынан емес. Өзінің туған ауылы Шілікке мектеп салып берген. Басқа да айтулы істері бар. Сол Серікжан Сейітжанұлы осыдан бірер жыл бұрын Сайрам ауданы, Тассай ауыл округіне қарасты Достық ауылынан цемент зауытын салмақ болып талаптанып еді. Салып бітті. Үкіметтің “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасына кір­­ген. Елбасының Жарлығы­мен бе­кітілген индустриялық кар­та­ға енген серпінді жобалардың бірі. Әлемдік стандарттарға лайық­талған алып зауыт 28 гектар аумақты алып жатыр. Жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін зауыт М-400, М-500 маркалары­нан бастап тампонажный це­мент­ті дайындайды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасының бастығы Н.Әлтаев “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралына осы “Стандарт цементтің” өнімдері ғана сәйкес келетіндігін айтқан. – Зауыттың жылдық өнім көлемі 10,5 млрд. теңге. Жобалау, қондырғыларды орнату, мон­­таж және іске қосу жұмыс­тарын әлемде осы салаға маманданған Қытайдың үздік құрылыс ком­па­ниясы “Тяньдзин цемент өн­дірісі ғылыми-зерттеу институ­ты” жү­зе­ге асырды, – дейді зауыт директоры Бауыржан Сейітжанов. – Оның мамандары келісім-шарт негізінде бір жылға дейін біздің зауытта болып, техноло­гия­ны толық іске қосылуын қа­дағалайды. Қытай компания­сы­на таңдау салғанымыздың тағы бір себебі, негізгі инвестиция сол елдің банкінен алынды. Зауыт директорынан өзімізді қызықтырған біраз сауалдарға жауап алғанбыз. Осы зауыт са­лынады дегенде етекте отырған Тассай ауылының тұрғындары “төбемізден цемент жауғыз­баймыз” деп қарсылық көрсет­кен еді. Зауыт басшысы мұндай алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтады. Цемент “құрғақ әдіс” технологиясымен өңдел­ген­діктен экологияға әсер етпей­ді әрі сапа­сы жоғары болады. Сонымен қатар, зауыт лабороториясының қондырғылары Германия, Франция және Норвегия сияқты мемлекеттерден әкелінген. Сондық­тан оның баламасы ТМД елдерінде жоқ десе де болады. Зауыттың босату бағасы базар нарқынан 20-30 пайыз тө­мен болмақ. Қазірдің өзінде Ресей, Белоруссия сияқты мемлекеттерден тапсырыс түсіп жат­қа­нын ескерсек, бәсекеге қабі­летті деген осы шығар. Бірақ, зауыт­тың алғашқы екі-үш жыл­ғы өнімі халықаралық маңызға ие “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” автомагистралінің құрылы­сына жұмсалмақ. Қазірдің өзінде зауытта 650 адам жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 50 жас маман өндіріс қар­жысы есебінен Тяньдзин ғы­лы­ми-зерттеу институтында опе­ра­тор-механик мамандығына оқып қайтты. Ірі өндіріс орын­дары Қазақстанға керек. Әрине, өнер­кәсіп толық қуатымен жұмыс жасағанда ауаға лас қалдықтар таралмайды деп айту қиын. Осы­ны желеу етіп кейбір ба­сы­лым­дар өндіріс іске қосылмай жа­тып жау шаптылап, айқайға сү­рен қосып жатады. Талай өрке­ниетті елдерге жолымыз түсіп жүр. Солардағы мыңдаған адам­дар жұмыс жасай­тын зауыт­тар қалай жабылып қалмай жатыр? Өйткені, ол зауыт, фабрикалар сол мемлекеттің күн­көріс көзі, адамдардың ертеңге деген сенімі. Сол зауыт, фабрикалар біздерге де керек. Зауыттың ашылу салтана­тын­да облыс әкімі А.Мыр­захме­тов аталы сөз айтты. Жергілікті бюд­жетке жылына 25-30 млн. тең­ге­дей қаржы төлейтін өндіріс ор­ны­ның кемелденуіне тілектестігін білдірді. Үкімет бөлген қаржыға әр­кім-ақ жұмыс жасайды. Мықты болсаң өз кәсібіңнен кіріс кіргізіп көр. Осыны көп айтып, өндіріс орындарының көптеп ашылуына түрткі болып жүрген облыс басшысының қуанышын  түсінуге болады. “Стандарт-Цемент” ЖШС зауыт салдым, өзгесінде жұмы­сым жоқ демепті. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі шең­берінде №3 жылу орталығынан 23 шақырымдық жоғары қуатты электр желісін жүргізген. Темір жол желісін тартқан. Жиырма метр тереңдіктен су тартатын қон­дырғы орнатқан. Бәрінен бұрын Тассай ауылдық округінен 240 орындық жаңа мектеп салып бергені азаматтық болды. Бұған дейін №96 мектепте үш ауысым­да оқып жүрген оқушылар өз үйлері жанынан салынған жаңа мектеп үшін қуанышты. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Халықты  риза  еткен Мемлекет басшысының жол­­­дауларында халыққа қызмет көрсетудің жаңа бағыттары ұсы­нылып, «бір терезе» қағи­да­сымен жаңа ғимараттар құры­лысы бас­тал­ғанына біраз жыл болды. Осылайша құжаттар­ды ресімдеудегі жұртшылықтың уа­қытын үнемдеуі мен сабылып жүруі оң  шешімін тапты деуге болады. Қа­зіргі кезде өңірде 19 орталық филиалдары өз жұ­мыс­тарын бүгінгі күн талабы­мен жүргізуде. Десек те, халық санының үздіксіз өсуі бұл ша­раны ұдайы жетілдіруді талап етіп отыр. Қаскелең қаласында халыққа қызмет көрсету ор­талығы ашы­лып, жаңажылдық үлкен сый болды. Жиын­да облыс әкімінің орынбасары Ансар Мұса­ха­нов мемлекеттік заңдылықты сақтау мен азамат­тар­дың құқықтарын конституциялық тұрғыда қор­ғап, қада­ғалау осындағы мамандардың басты міндеті екеніне,  ха­лық­қа мінсіз қызмет көрсетудің маңызды­лы­ғына тоқталды. Жаңа ашылған ғимарат об­лыстағы 11-ші жаңа орталық қатарынан саналып, 45 терезедегі қызметкер­лер кезектегілерді қабылдады. Аз уақытта халық­тың қатары сиреп, көрсетілген байыпты қызметке алғыстарын айтып жатты. Халыққа қызмет көрсету орталығының екінші қа­батындағы АХАЖ бөлімінде өмірге келген жас нәресте Батыр Махамбетұлының ата-анасына туу туралы куәлік тапсырып, тәуелсіз елдің азаматы болуына ағалық тілек айтылып, аудан әкімі Ләззат Тұрлашов сыйлық­тар ұсынды. Құрылыстың сапалы салын­ға­нына да көпшілік назар ауда­рып жатты. Жергілікті бюджеттен бөлінген 300 млн. теңге то­лық игеріліп, орталық өркениет­ті техникалық құрал-жабдықтар­мен толық  қамтылған. Сондай-ақ 45 терезенің алтауы жеке құжаттармен қамтамасыз етуге, бесеуі құжат әзірлеумен айналы­сып, бар жұмыс жүйеленіпті. Енді ұзын-сонар кезекке тұрып қиналмайтындықтарына қара­сай­лық­тар риза. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.