Сөз басы
«Тегін білмейтін қара Иван болмаңдар» деген екен Ленин жарықтық. «Күн көсемнің» бірталай еңбегін ҚазМУ-де оқып жүргенде саусақтарымыз ойылғанша конспектілегенбіз. Диамат (диалектикалық материализм), истмат (тарихи материализм), ғылыми коммунизм пәндеріне бес жылғы университет оқуының үш жылын, бір жылын КПСС тарихына арнағанбыз. 55 том еңбектің, әрине, бәрін кеміріп оқыдым дей алмаймын. Сондықтан да Лениннің бұл сөзін ұшырастырмаппын. Нұрағаң, Нұрмахан Оразбеков редакторымнан естідім мұны.
– «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқаратынмын. Бір материалымды редактор жарияламай қойды. Салып ұрып бастығыма жетіп барып, мән-жайды сұрадым. «Қара Иван» деген сөзіме екі шоқып, бір қарап, сауысқандай сақтанып отыр екен. «Оу, Владимир Ильичтің пәлен томының пәленінші бетінде тұр ғой. Көсемнің өз сөзінен неге қорқамыз» деп кеуделедім келіп. «Жоқ, болмайды. Мұндай сөздері бар шығар. Бірақ, біз баса алмаймыз» деп міз бақпады. Редактордың аты редактор. Ақыры, иландыра алмай, салым суға кеткені бар, – деп күлді Нұрағаң.
Өзегін өртеген запырандай ащы күлкі екенін ұқтым. Ағамыз қапаланған жағдайдың бірталайын біз де бастан өткергенбіз. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» болған талай рет.
Горбачевтің қайта құруы дәуірлеп тұрған кез. Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы өткен. Бәрінің аузынан жалын атады «демократия» дегенде. Түгел сайлану керек. Аупартком хатшылары бұрыннан сайланады. Енді пленум немесе бюро мүшелерін сайлағанда міндетті түрде баламалы кандидаттар болу керек. Қайта құру талабы бойынша. Неше түрлі сайлауды көрдік. Басқаларын айтпағанда, облыс басшысын сайлау үшін екі тәулік ырғастық. Ақыры, обком бірінші хатшылығына басқа ұлт өкілі өте шықты. Айтып айтпай не керек, шахта, зауыт, совхоз директорлары түгел дауысқа түсті. Тіпті, редакциядағы бөлім меңгерушілеріне (ішінде өзім де бармын) шейін сайландық. Жарайды, біз біртекті қазақтармыз ғой. Басқа ұлттар араласқан жерлерде қазақтың хатшылары да, депутаттары да, талай марғасқа азаматтары да сайлауларда оңбай омақасып, жаппай жеңілді. Қайта құру демократиясының саны аз ұлттардың өкілдерін өсірмейтінін, қайта өшіретінін 1990 жылы Компартияның органы «Социалистік Қазақстанда» жазғанмын. Тарих тегершігі солай айналуға тиіс еді. Ұлы державаның ортақ қазанына босағадан ғана сығалап жүрген Қазақстандағы жүз ұлттың ішіндегі қазақтарға КСРО-ның құлағын ұстап отырған компартия да, жетпіс жыл айнымас дос, бауыр болып келген аға ұлттың да, басқа ұлттың да халқы Желтоқсан көтерілісін кешіре алмады. Елге кие, жерге ие екенімізге де қараған жоқ. Жалған интернационализм шіріген жұмыртқадай бір-ақ күнде жарылды да қалды. Сөйтіп, Қазақстандағы халықтар бірлігінің, ұлттар достығының лабораториясы осылай күл талқан болғанын көзбен көрдік.
Еліміз есін жиды, халқымыз алды-артын парықтай бастады. «Көппен көрген ұлы той» деп жүріп жетпіс-ақ жыл ішінде Ленин айтқан «қара Иванға» өзіміз айналып кете жаздаппыз. Алла сақтады, періште қақты. Әншейінде, көнегін сыртқа салып, алып державаның атқорасына кірмеймін деп ер-тоқымын мойнына алып тулауға әзір тұратын Кавказ, Балтық жағалауының мінезі шәлкес одақтас республикаларының өзі жуасып қалған кез. Сол тұста ақырып теңдік сұрап, атойлап шыққан Желтоқсан көтерілісін жасаған қазақ жастары мызғымастай көрінген одақтың іргесін ірітіп, шаңырағын шайқап, Тәуелсіздік таңы рауандап атқан еді. Мың өліп, мың тірілген қазақ үшін. Тәубемізді айтқанбыз сонда бәріміз.
Біртекті ұлт – біртұтас мемлекет
Пенде болған соң адам бұрын көрген қорлығы мен азабы үшін, кемсіту мен келемеждеудің, түйедей шөктіру мен шөміштен қағудың небір сорақылығы үшін есе қайтаруы әділетті көрінуі мүмкін. Бай мен бағланды, қожа мен молданы бишікпен қуған жарлы-жақыбайлар билігі солай істеген. Бұл – компартия көсемдерінің қолдарынан келген, ақылдары жеткен саясаты еді. Елбасы Н.Назарбаев жас мемлекетті ыдыратпайтын, халықты ала қойдай бөле қырықпайтын, қайта бір мақсатқа, бір мұратқа жұмылдыратын сонарға салыпты елімізді. Мұны 25 жыл өткен соң ғана байыптап отырмыз. Ол кезде біріміз қолдадық, біріміз қарсы болдық. Тұңғыш Президентіміз бүлінгеннен бүлдіргі де алмады.
Қарсы болғандар кешегі тізесін батырғандарды бір тілде сөйлейтін халыққа тез арада айналдыруды ұсынды. Ниеттері дұрыс-ақ, әрине. Бірақ басқа ұлттарға өте қолайлы әлеуметтік, мәдени, саяси жағдай туғызылған күннің өзінде Оралда, Қызылжарда, Өскеменде орманға қарап қобалжығандар болды. Бәрін Елбасының парасатты саясаты байсал таптырды. Албырттық аңғырт қадамға бастайтыны аян. «Асыққан – шайтанның ісі» деген ғой бабаларымыз.
Осы Қарағандының өзі толқып барып Н. Назарбаевтың арқасында басылғанын көзбен көрдік. Шахтерлер көшеге шығып кетті. Ол кездегі «Карагандауголь» комбинатында ғана 100 мыңнан астам кенші жұмыс істейді. Осылардың бәріне емес, тек жартысына ие болып көр.
Әдетте, экономикалық талаптың соңы саяси талаптарға ұласып, арты қиянкескі текетіреске, қантөгіске айналып кетуі мүмкін екенін басқа елдердің мысалынан байқадық талай рет.
Еншімізді алып, одақтан бөлініп шыққан бетте облысқа шахта директоры П.Нефедов басшы болып тағайындалды. Әрі қомсындық, әрі кеткен есеміз қайтпады-ау деген өкпеміз де болды. Бірден-бір дұрыс және көрегенді шешім екен. Топан судай толқып тұрған шахтерлердің тілін шахтер, саны басым ұлттың өкілі ғана табады екен. Кейін бәрі орнына келді.
Негізі үлкен саясат ауылдарда, тіпті, аудандарда емес, облыс орталықтарында, әрине, Астанада жасалады. Қарағандыда еңбек жолын бастап, осында шарболаттай шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев кеншілер қаласының жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін білетін. Халықтар мидай араласқан аймақ еді ол кезде облыс. КарЛАГ, тың көтеру, бүкілодақтық маңызы бар Магнитка Қарағандыға талай ұлттың өкілін еркінен тыс желкелеп те, желпінтіп те тоқайластырған. Үшінші көмір ошағы тағы осында. Қазірге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы елдерде: «Где, где, в Караганде» деген сөздің халық аузынан, кинофильмдерден түспеуі содан.
1976 жылы ҚазГУ бітіріп Қарағандыға келдім. Қазақ кездестіре алмай шошыдым. Автобуста жалғыз өзің ғана келе жатасың. «Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайдының» нағыз өзі. Қалада таза қазақша жұмыс істейтін төрт-ақ мекеме бар екен. Қазіргі №7 және №2 мектеп-интернат, Сәкен театры және «Орталық Қазақстан» газеті. Балаларымыз түгілі, өзіміз орысшалап кете жаздадық. Санақ мәліметін келтірсем, бәрі түсінікті болады.
Кеңес Одағы тұсында бірнеше рет санақ жүргізілген. Соның Қарағанды қаласы бойынша ғана цифрларына жүгінсек, жағаңды ұстайсың. 1959 жылы көмірлі қалада 382 494 адам тұрған. Соның 33 494-і ғана қазақ (8 пайыз), 207 842 -і орыс (54 пайыз), 37 103-і (9 пайыз) украиндар болған. КСРО-ның тағы бір санағы 1979 жылы жүргізілген. Қолдағы мәлімет бойынша Қарағандыда 566 766 адам өмір сүрген. Соның 56 431-і (10 пайыз) ғана қазақ. Арадағы 20 жыл ішіндегі өсім – 2 937 ғана. Терең ойға батыратын цифр емес пе?
Қарағандыға әртүрлі ұлттардың ағылып келуінің, жергілікті халықтың азшылыққа айналуының объективті себептері жетерлік. Кеңес Одағына көмір мен темір, ядролық полигон, космодром керек болатын. Компартия аз қазақтың көз жасы көл болғанын қайтеді. Социализм мен капитализм тайталасында бір ұлттың құрбан болуы одақ көсемдері үшін бір үйір жылқының шығынындай көрінген. Басқа ұлттардың көбі КарЛАГ-қа айдалып, біршамасы жер аударылып, ендігі бір бөлігі комсомолдық құрылыстарға келгендер. Біреуді кінәлаудың реті жоқ. Қазақтың маңдайына соны жазып тұр. Көшіп келгендер қазақтың бауырмалдығы арқасында тез жерсінді, үй ішінен үй тігем деген жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген терең мағыналы мақаласында:
«ЕЛ» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да
туған жер қазақстандықтар үшін
ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді», деп жазады.
Рас, біздің басқа ұлттармен көп аралас-құраластығымыз бар басқа өңірлерге қарағанда. Бүгінгі ұрпақ – сол көшіп келгендердің балалары мен немерелері. «Біз осы жерде туғанбыз, Отанымыз – Қазақстан» деп отырады өздері. Алакөздемейміз, бауырға тартамыз. Елбасы мақсаты да – осы. «Біздің жолымыз –
ол бірлік жолы және
азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Қазақстандықтардың
азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған ТӨРТІНШІ РЕФОРМАНЫҢ мәні де дәл осында», деп түйіндейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мәңгілік Ел
«Алтын Орда» дәуірінде алты Алаштың бір бұтағы – он сан ноғай бүлініп, қазақтан ірге бөлген. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бабаларымыз. Саяқ кетті де ноғай таланды, Қазақ ордасы ортайды. «Алтын орда» әлсіреп, ақыры тарап тынды. Абыз тарихымыздың бүгінгі шәкірттеріне ұстаз ретінде берген сабағы осындай.
Елбасы Н. Назарбаев түбі бір туыстас халықтармен қоса, жүзі басқа, жүрегі бір ұлт өкілдерін бір үйдің балаларындай ұйыстырып, біртұтас елге айналдыру міндетін қойып отыр. «Бізде қазірдің өзінде екі негіз бар. Оларды дамыта отырып біз өзіміздің
Болашағы Біртұтас Ұлтты дәйекті түрде нығайта береміз.
Біріншіден, ол –
Қазақстан халқы Ассамблеясы...
Ассамблея –
біздің қазақстандық біртектіліктің негізі де осы... Біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз. Ол
шешуші қағидат», деп мәселенің мәнін жіліктеп береді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Рас, осы Ассамблеяға күні кешеге дейін көбіміз қырын қарадық. Жергілікті ұлтты жетістірмей тұрып, өзгелерде неміз бар деген өзімшілдік өктемдеп тұрды өзегімізде. Осы өзіміз сияқты жеке мемлекет құрған одақтың бұрынғы кейбір республикаларындағы ұлт, әсіресе, тіл мәселесіндегі қиғаштықтың арты неге апарып соққаны белгілі. Әлі бір мәмілеге келе алмай жатыр. Осыдан кейін ғана Елбасы құрған Ассамблеяның қадірін ұғындық. Болашақты болжау, алысты ойлау осындай-ақ болар.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық уақытында жақсы бір үрдіс байқалады. Басқа ұлттардың беті бері қарады. Мемлекет құрушы біздердің маңымызға топтаса бастады. Мысал көп. Әлем мойындаған әйгілі қарағандылық боксшы Г.Головкин: «Әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын», деп жай жарнама үшін айта салмаған бұл сөзді. Шаршы алаңға қазақ шапанымен шығып, жеңіске жеткен сайын көк туымызды аспандатып, қазақша атойлайды: «Алға, Қазақстан!» деп. Ал, 52 пұт (832 кг) кірдің тасын көтерген Балуан Шолақтың өзі болмаса да, көзіндей ауыр атлетші И.Ильин шетелде еліміздің гимні қате ойналғанда табандап тұрып қайта шырқатты. Бұл – қазақстандық патриотизм.
Айтпақшы, кезінде екі-ақ қазақ мектебі болған Қарағандыда, аралас оқу орындарын қоспағанда, дәл қазір 10 қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Облыста басқа ұлттың 788 баласы қазақ мектебінің партасында отыр. Сең жүрді деген осы.
Таяуда ғаламтордан оңтүстік өңірден 400 отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғанын оқыдым. Ішім жылып қалды. Талай көшті бастан өткерген көшпенділер ұрпағымыз ғой. Әсіресе, жоңғар шапқыншылығы тұсында жиі болған көші-қон. Айталық, Қарқаралыны жайлап отырған бүгінгі тұрғындардың ата-бабалары бұрын Түркістан төңірегін, Сыр бойын жайлаған. Қаздауысты Қазыбек би бастап 1740 жылы Қарқаралы өңіріне қоныстанады (А.Байтұрсынов «Ақжол» 153-бет, Алматы. «Жалын» баспасы. 1991 ж.).
«Еншісі бөлінбеген қазақпыз» дейтін халқымызға Ұлы Даланың қай пұшпағы болсын өз жері. Соған орай, оңтүстікте тығыз отырған халық солтүстікке қоныс аударса, кең өлкеде көсіле шаруасын дөңгелетіп, малы мен жанын еселеп өсіріп, ортайып тұрған теріскейдің іргесін бекіте түседі ғой. Бұл да бағдарламаның баянды бола бастағанының нақты нәтижесі.
«Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік. Шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды –
Ұлы Дала елін құрдық.
Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің
ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық
мүмкіндіктерді пайдаланамыз», деп түйіндейді Елбасы Н.Назарбаев мақаласын.
Көшбасшымыздың Жерұйыққа – Мәңгілік Елге бастаған осы бағыт-бағдарынан адаспай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару біртекті, біртұтас ұлтқа айналатын мұқым қазақстандықтардың парызы.
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ҚАРАҒАНДЫ.