25 Наурыз, 2016

Елдік ниет

444 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Фото0330Ел қадірін, жер қадірін білген «құл» (ұл деп ұғайық) бақытты. Өзі көзі, көзі өзі болып жүрген пенделер де болады. Тәңірімнің екі қол, екі көз – жұптастырып жаратуының түп тамырында, түсінгенге, бойлай білгенге керемет астар жатқаны анық. Бәрін ақылға жеңдірген бабаларымыз күмәнді жерде сөзін астарлап айтып, аспандап тұрғанның аяғын жерге тигізген, шалықтаған көңілін, шадырайған көзін сабасына түсірген. Иә, аз күн жылтырағанмен артынан әрі кететін киімнің де астары мен әдібі болатынын ұғуға ұмтылған жөн секілді. Ұқпасаң, «Әттең, өмір-ай!» болмай қоймайтынын, оның да жұмбағын бабаларымыз астарлы сөзге сыйғызған. Қадіріне жетпесең, «Әттең, өмір!» – бірде ойдай, бірде ойбай екенін айтып, «Дүние бір күн оңда, бір күн солда, Үнемі дүние, шіркін, тұрмас қолда» деген. Осы дүние дүрмегі қазақты бірде өрге, бірде ылдиға тартып, тағдырдың талай тар, кең жол сораптарын көрсетті. Бүтін болмысы бүлініп, бүтін жері бөлініп, бүтін жұрт жарылып, дарқан көңіл кейде тарылып, аумалы-төкпелі дәуір  артта қалып, тәубе құрып кетпей, бүгінге жетті. Бүтін жері бөлінгенде – арасына алабаған тартылды. Бүтін жұрт жарылғанда: қонысына қарай тамыры бір, батасы ортақ, еншісі бөліне қоймаған аталастар да бірі әлгі алабағанның арғы жағында, екіншісі сол алабағанның бергі жағында қалып қойды. Алабағанның арғы жағындағының алғашқы кездегі уәжі – өз кіндік жұртымда отырмын, жеті атам жерленген құт мекен осы деп тоғайып жүрді. Бергі беттегінің алғашқы тұста қандастарының арғы бетте қалып қойғаны еске түскенде, бұл қалай болды деп, көңілі алаң, іші әлем-жәлем күй кешкен. Бірақ үстемдігін жүргізгендерге екеуі де: «Бір кісінің баласын екіге жарған – бұл неткен бассыздық?», деп доқ көрсете алмаған. Барып келіп тұрармыз, Қазақ елі дейтін жұрттың жұртында отырмыз ғой дескен. Бір халықты осылайша екіге жарудың зардабын қазақ кейін тартудай тартты (қақ жарылған елдердің хал-жайын қазір де көріп отырмыз ғой). Зұлым күштердің тепкісі әлгі алабағанды бұзып ары-бері шұбыруға мәжбүр еткен кезі де аз болмады. Сол тұстағы тартқан азап, көрген қасіреттер еске түссе, қазір төбе шашыңды тік тұрғызады. Қызылдар мен ақтар тірескенде қылдай қырқылып, үркіншілік деген үрейдің құшағында қалды. Шабылды, сабылды. Сұм саясат кейін ағайындарды алакөздестірді. Бірі адал, екіншісі сатқын атанды... Осындай тек тамыры бір халықты атыстырып, шабыстырып, алатайдай бүліндірген қиын күндерді құрдымға жіберіп, құл-құтан емес, жігерлі жұрттың, текті ұлттың ұрпағы екенін азаттық, тәуелсіздік айдай әлемге танытты. Бодандықтың туын көтеріп, бопсалап жүргендердің қара ниеті табанға басылып, жері кеткенмен, түбі бір елдің ұланы сол тәуелсіздіктің арқасында ата-бабалары мұра етіп қалдырған киелі топырақта басын қосып, бағын ашып, жалғандықты ақиқат жеңіп – жер жүзінің мемлекеттері қазақтың да қабырғалы ел екенін танып-білді. Осы түсініктің әдемі көрінісіне, халқым, қасиетті жерім деп өзекжарды өткір сөзін алға тартқан бір азаматпен – жақында ұлт ұйытқысы саналатын оңтүстікте, жан мен тәніңе суы шипа Сарыағаш шипажайына барғанда танысып, оның шын ниетіне куә болдық. Ұзын бойлы, дембелше келген, мұрынды, дөңес маңдай, елуден енді асқан жігіт ағасы өзін: «Окси Сарыағаш» емдік сауықтыру кешенінің бас дәрігері Құрбанәлі Тұрғанбекұлы», деп таныстырды. Сыпайы, кісілігі де, кішілігі де бүкпесіз көрініп тұр. «Ташкент облысы, Төменгі Шыршық ауданы, Тасауыл елді мекенінде, ұстаздар отбасында өмірге келдім», деді. Сөз арасында: «Отанына оралған қандастармыз!» дегенді қосып қойды. Бұл азамат туралы неге қалам тербеп отырмыз дегенге келсек, оның арғы жағында Құрбанәлінің ұлтты сүю үлгісі, еңбек ету тәсілі, менмендігі кем мінезі, ата-анаға, бауырға, ұрпаққа адалдығы – ең бас­тысы дәрігерлік мамандықты рухани саламен ұштастыруы, өлең жазатыны, әңгіме жанрын қаузайтыны жатыр еді. Төрт ұл, төрт қызды дүниеге әкеліп, қатарға қосқан әкесі Тұрғанбек пен анасы Зейнеп туралы айтқанда, баланың ата-анаға деген бір жылы ілтипаты шуақ шашқандай күй кештіреді. Олардың 40 жыл бойы қазақтың ұл-қызына сабақ беріп, тәрбиелегенін, әр шәкіртті ұлттық үлгіден алыстатпай, рухани құндылықты саналарына сіңіргенін алға тартқанда көңіл көншіді. Құрбанәлі ата-анасының: «Сегіз баласына сендер қазақсыңдар, қазақ екендіктеріңді ұмытуға тиісті емессіңдер!», деп әр күні айтып отыратынын да жеткізді. Алты жасында мектепке барып, қазақ сыныбын үздік бітірген 16 жастағы алғыр балаң жігіт Ташкент мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне орыс, өзбек тілінен емтихан тапсырып студент атанады. Студенттік билетті оқу орнының ректоры, академик Уктам Арипов тапсырып тұрып: «Қазақ мектебін бітірсе де, жоғары оқу орнына түсу емтиханын орыс тілі мен өзбек тілінде іркілмей тапсырып, талантын танытқан Құрбанәлі біздің ең жас студент атанып отыр. Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына, ұстаздарына рахметім шексіз!», деп факультет деканы, профессор Қ.Нажмутдиновке: «Гиппократ антына адал болатын мына студентке әр кез қамқорлық көрсет», депті. «Мен сол академик Арипов ұстазыма өмір бойы қарыздар екенімді айтуға тиістімін, – деген ол, – қашанда жақсылардың жөні бөлек қой, ата-анамнан кейін сол жақсылардың, ардақтылардың шарапатын көп көрдім, терең білім алдым. Әр халықтың өзіне тән қадірлі қасиеттері болады. Мен өз халқымның кеңдігін, өзге ұлттарға жайлылығын, қонақ күтуін, адалдығын іштей мақтан етіп жүретін едім. Оны студент кезімізде өзге ұлт өкілдеріне де көрсете алдық. Медицина институтында оқып, кейін жұмысқа араласқанда қазақ жастары жиі жиналтын едік. Бір-бірімізді демеп жүретінбіз. Оған басқа ұлт бауырластардың жігіттері мен қыздары қызыға қарап, ортамызда болуға құштарлық танытатын. Бір өзбек курстасымның айтқан жылы сөзі әлі күнге дейін көңілімнен өшкен жоқ. Ол бірде: «Маған қазақтар сәби көңіл сияқты көрінеді. Аңқаулықтары да бар. Кейде алдасаң, сене салады. Дарқан қасиеті, қолда барын өзгемен бөлісуге дайын тұратын ниеті өзгелерде көп кездесе бермейді», дейтін. Мен оның сол сөзін естігенде марқайып қалатынмын. Себебі, Ташкентте дүние есігін ашып, сонда өскенмен, әке-шешемнің талабына қарай, ұлттық мінезім, тілім қалыбында сақталған. Шынында ақкөңілдіктен қиналып қалған тұстарым да кездесетін. Әйтсе де Алла демеп аққа Құдай жақ болып жататын», деп ағынан жарылады. Құрбанәлі артынан: «Бір нәрсені айтпауға лажым жоқ, өзбек елінде қайтыс болған адамның үйінде шай қайнатылып, қазан көтерілмейді. Барлық қажет істі, қонақты да туыстар, көршілер алып кетеді. Өздерін де тамақпен қамтамасыз етеді. Жетісін таратқаннан кейін ғана тамақ беріле бастайды. Оның өзі ағыл-тегіл емес, үнемді болады. Бізде жақынынан айырылғандар көзінің жасын көл етіп жылап жатса, көңіл айта келгендер жаназа оқылмай жатып, жайылған дастарқан басында көсіле әңгіме айтып, ас ішіп отырады. Бұл жақсы ма, жаман ба, ол жағын мен айта алмаймын. Тек мені толғандыратыны ағыл-тегіл дастарқан барға жөн, жағдайы жоқ отбасыларға ауыр тиіп жүрмей ме? Осының да бір тиімді жолын ойластырса қайтер еді? Мұны айтып отырғаным, көрші елде бұл бір жүйеге түсірілген. Осы өзгеден бұрын дін қызметкерлерін, иманды имамдарды ойландырса, қане. Бұл пікірлерді жұртым ақыл айту емес, ақылдасар іс деп қабылдаса екен. Өзгенікін түп көтере алмасақ та, кей тұсын ілікке ілсек ұтылмайтын секілдіміз», деген уәжін де бүгіп қалмады. Қоғам өзгеріп, заман талабы күшейгенде бұрынғы алған білімді қайтсем жетілдірем деп талпыныпты. Сәті түсіп бірнеше ғасырлық тарихы бар Эстониядағы көне оқу орны, іргесі 1632 жылы қаланған, ұлы Н.И.Пирогов оқыған, қызмет еткен Тарту университетінде білім жетілдіруге жол ашылады. Қазақ азаматының оған қол жеткізуі оңай болмағаны белгілі. Тәжірибеден өтіп, емдеудің тиімді түрлерін үйреніп, жаңа техника мен технологияның өзегін меңгеріп, жоғары санатты дәрігер атанып оралады. Кіндік қаны тамған жер де қымбат. Оны қиып кету де оңай емес. Бірақ көк Туын көтеріп, елдігін әлемге танытқан ала бағанның арғы жағындағы Отанына оралу жайы есіне түскенде толқитын. Бір кездегі бауыр елдер шекаралас мемлекеттер атанды. Келіп-кетіп жүреді. Әйтсе де ұл-қызының ертеңін ойлайды. Ақыры өз атажұртына келсем деген ниетіне берік табан тірейді. Ниетіне жетіп, соңғы 8 жылдан бері, алда айтқанымыздай «Окси Сарыағаш» санаторийінде бас дәрігер болып қызмет атқарып келеді. Ол әңгіме үстінде өзбек ағайындардың көп жақсы қасиеттерін еске түсірді. «Олар өте еңбекқор. Жастардың үлкендерге деген құрметі ерекше, алдын қиып өтпейді. Ақша үнемдеу, оны адал табу үшін жұмыстың қай түріне де бел шешіп кірісіп кетеді. Тапқан тиынды үнемді пайдалану, ұлтына, тіліне деген адалдық, уақытты бағалай білу, көңіл күйіңнің қалай болғанына қарамастан адамдармен жылы жүздесуге ұмтылу – осылай жалғаса береді. Кімнің де болса сыны мен міні болмай қоймайды ғой», деп қатар жатқан жұрттың жақсысын алға тартып, «Өзбектерде «әндиша» деген сөз бар, ол тек жапон тіліне ғана аударылатын көрінеді. Басқа тілдерде ол сөз жоқ екен дейді. Қазақша баламасына келсек, үлкенді сыйлау, ардақты адамды қадірлеу, ұлттың алдында кішілігің мен кісілігіңді көрсетіп жүру. Жүйелі тірлікті қолдап, үлкенге тіл қайтармау, тағы басқа асыл қасиеттерді ұқтырады. Өзбектер әке-шешесі былай тұрсын, бала, келінін, тіпті, немерелерін де сен демейді сіз деп сөйлейді және бәрі де тілдеріне, ділдеріне, діндеріне, ұлттық салттарына өте берік. Ала тақиясын кеңестік кезеңде Кремльдің сарайында шешпей отыратын. Қазір халықтық дәстүрді жан-жақты дамыту үстінде. Балалар бақшасының бәрі мемлекет тілінде, біз секілді басқа ұлт өкілдері өзбек тілін үйренсін деп, балаларын өзбек бақшасына береді», дейді. Еліне келіп, еңбек етіп жатқан азамат дәрігерлік қызметін шығармашылыққа да ұштастыру үстінде екен. «Мұндай үлгі әлем мәдениетінде де, қазақ әдебиетінде де бар. Орыс суреткері А.Чехов, қазақ қаламгері З.Шашкин, танымдық дүниелер жазған Е.Оразақов және С.Ғаббасов, Е.Қойбағаров, тағы басқалар мамандықтары бойынша дәрігер. Мен де сол алдыңғы толқын ағалардың жолына қарғадайымнан түссем деген арманда болдым. Кейін өзім үшін деп жазғандарыммен танысқан ұлт зиялысы, Өзбекстандағы қазақ ақын-жазушыларының ұйытқысы, өзі секілді айтыскер Қатимолда Бердіғаливпен сөз сайысында: «Мақтаныш ететұғын Төле бабам, Жатыр ғой Тәшкенімнің иесі боп», деп жыр нөсерін төккен Мекембай Омаров оқып көріп, ойыма от, бо­йыма қуат берді. «Көңіл күйі» деген жыр жинағымның жарық көруіне қолдау жасады. Мекембай аға секілді ұлт патриоттары онда бұрын да, қазір де бар. Кеңес дәуірінде «Замандас» деген телекөрсетілім болған. Оған Сүлеймен Бұқарбаев деген азамат жетекшілік ететін еді. Өзбекстандағы үлкен-кіші әр аптаның бейсенбісін, сағат 12 мен 13 аралығын асыға күтетін. Сол сәтте берілетін қазақ тіліндегі хабарда ұлтымыздың тіл мәйегі, ән-жыры, биі – бәрі де көрініс табатын. Жастар жағы тамсана көз салса, үлкендер: «Алланың рахымы жаусын!» деп ризалықтарын білдіріп жататын. Сол бір сәт күні бүгінге дейін көз алдымнан да, көңілімнен де кетпейді. Кейде сол күндері айтылған ән, оқылған өлең құлағымның түбінде тұрғандай күй кешетінім бар. «Кеңге – кең дүние» атты екінші кітабым осыдан төрт жыл бұрын оқырман қолына тиді. Оның алғы сөзін Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрбибі Омар жазған еді», деп көгілдір түсті кітапты алдымызға қойды. Оны парақтай бастаған тұста көркемдігінде аз-кем олқылық болғанмен, өлеңдердегі ұлттық рух мықты екені бірден аңғарылды. Мөлтек әңгімелерге көз жүгірткенімізде мөрлеп басқандай тағылымы аңғарылды. Әсіресе, «Әжемнің айтқандары» деген бөлімдегі дүниелер қазақ әйелінің ақыл-парасатын, ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік үлгісі әдемі кестеленіпті. Шағын болғанмен ішкі иірімдеріндегі ой байламдар қорғасындай салмақты. Құрбанәлі Тұрғанбекұлының отбасы да өсіп-өнген екен. Жары Гүлзира педиатор-дәрігер болса, тұңғышы – Бекназар мен келіні Ділфуза да осы сала мамандары. Олар қазір Ташкент қаласында еңбек етіп жүрсе, Гүлайдын Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-курс студенті екен. «Өзбекстанда жүрген келінім мен балам атажұртына оралсақ деген арманда. Жалпы, менің байламым бойынша, онсыз да халқы тығыз оңтүстікке емес, солтүстіктегі байтақ өңірге сырттағы ағайындар көш басын батыл түзесе, еліміздің демографиялық ахуалы беки беретіні анық. Мен сырттағы туыстарға осы ойымды жеткізіп келе жатырмын. Балаларымның да санасына сол сөзді сіңіру үстіндемін. Ташкент қаласында үлкен беделге ие болып жүрген інім Мырзауәлидің мамандығы акушер-гинеколог. Екінші бауырым – Баһадүр қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Бұлар да Отанына оралуға ниетті. Тәуелсіз Қазақ елінің дамуы­на біздің әулет иненің жасуындай үлес қоссақ, арман-мақсаттың орындалғаны деген байламға бел буған», дейді Құрбанәлі. Әр қандасымыз атажұртына, егемен еліне осындай ізгі ниетін танытса, қазақ елінің бүгінгі қарышты қадамы нығайып, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы салтанат құра берері хақ. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.