Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт Жоспарының «100 нақты қадамын» белгілеп, ертеңгі күннің болжамын жасап бергені мәлім. Бұл күнде Қазақстанды әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енгізетін жоспарды жүзеге асыруға біз, жетісулықтар да үлес қосу үшін жұмыс істейтін боламыз.
Мемлекет басшысының «Бізге доллар емес, теңге маңызды» дегені көп жайды аңғартады. Менің ғана емес, әрбір қазақстандықтың көңілін дөп басып, рухтандырған қанатты сөзі біртіндеп ұлттық валютамыздың құндылығын көтеруге ықпал етер деп те ойлаймын. Отандық өнімдердің, оның ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге өте қажетті материалдар бағасының көп қымбаттамауы, азық-түлік құнының аса шарықтамай, бірдей дерлік деңгейде сақталуы да ертеңгі күнге деген сенімімізді нығайта түсті.
Бүгінде Мемлекет басшысы елімізді әлемдік дағдарыстан көп қиындықсыз алып шығудың бар мүмкін жолын қарастыру үстінде. Осының бәрі, түптеп келгенде, елдің Елбасына деген құрметін арттырып, сеніміне сенім қосуда. Осының бәрін қорыта отырып түйген ойым, мемлекеттік саясатқа сай төл міндетімізді адал атқарып, еліміздің дағдарыстан аман өтуіне өзіндік үлесімізді қосу перзенттік парызымыз деп санаймын. Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында да егжей-тегжейлі баяндап бергеніндей, әр саланың қызметкері өзіне тиесілі бөліммен мұқият танысса, алдағы жұмысын нақты анықтай алады.
Қазіргі таңда дүниежүзіндегі мемлекеттер өте ауыр кезеңді басынан өткеруде. Мұнайдың бағасы еңсе тіктей алар емес. Жұмыссыздық әлем елдерін тықсыра түсуде. Оның үстіне, Таяу Шығыс елдеріндегі қақтығыстар ушығып, соның салдарынан Еуропада босқындар қаптап кетті. Бұл Кәрі құрлықтағы жағдайды тығырыққа тіреп отыр. Ал Елбасы «Ұлт Жоспарына» байланысты бағдарламалық мақаласында жаһандық дағдарыстан ешбір мемлекеттің құтыла алмайтынын айта келіп, әрбір Қазақстан азаматының елдегі қиындықтарды еңсеру бағытындағы жұмыстарға жұмыла атсалысуы керектігін атап көрсеткен болатын. Жаһандық дағдарысқа төтеп берудің бірден-бір жолы – Бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытында қабылданған заңдарды қолданысқа енгізіп, оның мінсіз орындалуын қамтамасыз ету. Соның бірі – Еңбек кодексі жаңа жылдан бастап күшіне еніп отыр. Қызу талқылаудан өткен жаңа заңнамада көптеген өзгерістер мен толықтырулар бар.
Елбасының Бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «00 нақты қадам» Ұлт Жоспары тапсырмасы, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа сәйкес міндеттемелер қабылдағаны осы жаңа Еңбек кодексінің күшіне енуіне негізгі алғышарттар жасағаны белгілі. Бұл міндеттемелер ішкі заңнамамызды тиісті халықаралық ұйымдарда қолданылатын нормалармен және стандарттармен үйлестіруді талап еткен еді. Сондықтан да, Еңбек кодексіне әлемдік іс-тәжірибеде кеңінен қолданылатын құқықтық институттар енгізілгенін білген артық болмайды. Еңбек қатынастарын құқықтық жағынан реттеу ісі зор икемділікті, үйлесімділікті талап етеді. Жалпы, ұжымдық келісімшарттық қатынастарға үлкен мән беріліп, қызметкердің еңбектегі және әлеуметтік мүдделерін қорғау жөнінде жұмыс берушілермен өзара болатын келіссөздерде кәсіподақтардың рөлі заңнама шеңберінде көрсетіледі.
Еңбек келісімшарты қашанда еңбек құқының негізгі институты болып саналған. Бұл кодексте еңбек келісімшартының мерзімі түбегейлі қайта қаралған, атап айтқанда, келісімшарт мерзімі аяқталғанда тараптар оны нақты мерзімге немесе белгіленбеген уақытқа ұзартуға құқылы. Еңбек келісімшартының мазмұнынан өтемақылық және кепілді төлемдер, қамсыздандыру туралы шарттар жайлы міндетті түрдегі тармақтар алынып тасталды. Кодекстің жаңашылдығы – уақыт талабы.
Тұратбек ШАРАПИЕВ,
Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
ТАЛДЫҚОРҒАН.