Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен басқосу барысында Мәдениет және спорт министрлігіндегі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда елімізде 52 мемлекеттік театр қызмет атқарады. Сонымен бірге, 10 жекеменшік театрлар өз қызметін жүргізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 19 жаңа театр ашылған. Әрине, бұл ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Және де, 6 театрға (Орал, Қарағанды, Астана, Қостанай, Өскемен, Шымкент) жаңа ғимарат салынды. Қазіргі уақытта біздің театрлардың басты мақсаттарының бірі – бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы спектакльдерді шығару болып табылады. Сондай-ақ, театрлардың репертуарларын толықтыру үшін Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырады. Сол конкурс номинацияларының бірі театр өнеріне арналған. Әр жылдағы жеңіп шыққан шығармалар біздің театрларда қойылып келеді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі республикалық бюджет қаржысынан театр мамандарын алыс-жақын шетел театрларында тағылымдамадан өтуге жіберіп тұрады. Бұл да мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау екенін ескерген дұрыс, – деді Нұрболат Ахметжанов.
Жиынға қатысқан Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов бүгінгі жас драматургтерге көңілі толмайтынын жеткізді.
– Өкінішке қарай, бүгінде 30 жасқа дейін дүрілдеп шыққан жас драматургтер жоқтың қасы. Себебі, пьесаға төленетін қаламақы басқа салаларға қарағанда, әлдеқайда аз. Мысалы, Кеңес кезінде әрбір пьесаның қаламақысы бір көліктің құны болатын. Бүгінгі жас жігіт айлап отырып пьеса жазып, тиын-тебен алғаннан гөрі, бір клипке үш бет сценарий жазып, 10 мың долларға дейін табыс тапқанды жөн көреді, – дейді Т.Теменов.
«Әрине, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында, Астанадағы өнер университетінде драматургтерді даярлайды. Оларға мүйізі қарағайдай драматургтер сабақ береді. Бірақ, өкінішке қарай, сол драматургтердің сахнаға пьеса әкеліп, қойып жатқандары саусақпен санарлық. Біз, әрине, жас таланттар, жас драматургтер, жас режиссерлердің келгенін қалаймыз. Олардың көпшілігі, ең алдымен, телевизияға кетеді. Сіздердің орталарыңызда талай жақсы драматургтер жүр», – деп журналистер қауымына қарата, ащы болса да ақиқатты жеткізді белгілі режиссер.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».