Тарбағатай өңірінде асыл тұқымды жылқы өсіріп, аламанда ат оздырып жүрген азаматтар баршылық. Жекелеген жылқықұмар жандарды былай қойғанда, Ақжар ауылында «Тұлпар» ұлттық спорт түрлері клубы жұмыс істейді. Сержан Омарбеков жетекшілік ететін коммуналдық кәсіпорын 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл жастарын ұлттық ойындарға баулып келе жатқан мекеме аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Ат спортына айрықша ден қойған аудан аталған бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеді. Таяуда Екпін ауылында заманауи ат спорты мектебі ашылды. Ат спорты түрлерін дамыту мақсатында тұсауы кесілген жаңа нысанды «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қойбағаров мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында өз қаражатына салған екен. Бұл мектеп жастарды бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлеріне баулиды.
– Қазақ – ежелден сәйгүлік баптаған ел. Егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі бағзыдан келе жатқан ұлттық өнерін жаңғыртуға ден қойды. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде дерлік мемлекеттік қазынадан қаржыландыру арқылы құрылған ат спорты мектептері бар. Ал бұл нысан ауылдасымыз, кәсіпкер Болат Қойбағаровтың жеке қаражатына салынды. Алдағы уақытта мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде мектептің атбегілері мен өзге де қызметкерлерінің еңбекақысын аудандық бюджеттен қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, – деді мектептің ашылу салтанатында аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Амантай Сәметов тарбағатайлық өрендер арасында ат спорты шеберлерінің көп екенін, соның арқасында аудан бес жыл қатарынан облыстық спартакиадада бірінші орыннан көрініп келе жатқанын ерекше атап өтсе, ауыл ақсақалы Жамбыл Ахметқалиев жылқыға мінген жастың денсаулығы мықты болатынын айтып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Мектептің тұсаукесер лентасын тарбағатайлық белгілі қаламгерлер Мейрам Оралов пен Аят Ербаев қиды.
Жалпы, мектеп құрылысына 5 миллион теңге жұмсалған екен. Биік әрі жарық, ауасы кең қоражайда жылқы жануарына барлық жағдай жасалған. Бәйге аттарына жеке-жеке кабина бекітілген. Мұнда таза және жартылай қанды ағылшын, араб жылқылары мен Қостанай асыл тұқымды жылқысы өсірілуде. «Ақбақай», «Жұлдыз», «Сұңқар», «Көкторғай», «Ханшайым», «Бақторы», «Қарақат» сынды атауларының өзі жылқы есімінің ғажап галереясын түзіп тұр. Атбегі Қайрат Қосқынбаев жылқыларға уақытымен жем-шөбін беріп, жарататынын, бұл мектептің соңғы кезде екпіндік балалардың жиі келетін орнына айналғанын жеткізді. 8 адамды жұмыспен қамтыған кешеннің тағы бір ерекшелігі, ауыл жанында атшабар орналасқан. Сондай-ақ, ат спорты мектебінің базасында мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу мақсатында иппотерапия ор
талығы жұмыс істейтін болады.
– Ат десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Бәйге аттарын баптаумен айналысып жүргеніме үш-төрт жыл болып қалды. Қазақ бәйгелерді ерекше құрметтеп, жабулап ұстағаны белгілі. Сондықтан, ата мұрасын заманға сай дамыту үшін осы нысанды салдық. Ауылда жылқыны бағалай білуге баптағанды ұнататын балалар көп. Біздің мақсатымыз да сол – бүгінгі компьютер алдынан шықпайтын балаларды жылқыны бағалай білуге тәрбиелеу. Шабандоз, көкпаршы болып өскен балалар болашақта денсаулығы мықты, ойы жүйрік азамат ретінде қалыптасатынына сенімім кәміл, – деді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қойбағаров.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.
Суретті түсірген автор.