14 Қаңтар, 2011

Рухани құндылықтар қолдаушысы

664 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Елбасымен біргеміз!

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

«Біздің таңдауымыз – Нұрсұлтан Назарбаев»

деді демократиялық күштердің жалпыұлттық

коалициясы акциясына қатысушылар

13 қаңтарда Талдықорған қа­ла­сында «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының «Қа­зақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коали­ция­сын құру туралы бастамасына қол­дау көрсету және қосылу мақ­сатында акция өтті. Жастардың жалынды сөздері асқақтап, 103 ұлттың өкілінен құралған қауым «Біздің қуатымыз – бірлікте», «Біздің таңдауымыз – Назарбаев», «Жастар – Елбасымен бірге», «Біз – бейбітшілікті қол­дай­мыз» деп Отанының ертеңіне деген берік сенімдерін ашық білдірді. Демократиялық күштер коа­ли­циясын ұйымдастыру арқылы Елбасының өкілеттігін ұзарту бастамасын жалпы халық болып, барлық саяси және үкіметтік емес ұйымдар қосылып, референдум өткізуге алғашқылардың қатарында жетісулық жастардың үн қосуы тегін емес. Өйткені, өңір экономикасы дамып, халық­тың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы күн өткен сайын жақсаруда. Көпшілік алдында спикер, облыстық мәслихаттың депу­та­ты, «Қабырғатал өнімдері» өн­дірістік кооперативінің төрағасы, ардагер Амантай Зияданов сөй­ле­ді. Нұротандықтардың баста­ма­сымен еліміздегі демократия­лық күштер бірікті. Бұл ұйым Көш­басшымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақ­са­тында құрылғанын білесіздер. Мен, өздеріңіз сайлаған облыс­тық мәслихаттың депутаты ретінде 20704 сайлаушының, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің атынан ұйымды қолдауға шақы­рамын. Бардың барын асырып, жоқтың жоғын түгендеген тұңғыш Президентімізді әлем біледі. Біз мұны мақтан етеміз деген ардагердің сөзін жиналғандар «Қазақстан – менің Отаным», «Біз Елбасын қолдаймыз» деген асқақ шақыруларға ұластырды. Ардагердің сөзін облыстық «Жасыл ел» штабының бастығы Төлеген Кенжебеков іліп әкетті. – Жетісудағы халықтың 691734-і жастар. Осы жастардың атынан коалиция бастамасын қолдап, қосылуға шақырамын. Осы жи­ынға 3 мыңға жуық өкіл қатысып отыр. Біздің ұранымыз – «Елбасы біреу, халық оған тіреу!», «Біз Елбасымен біргеміз, берік біздің іргеміз». Өз тағ­дырымызды Ел­ба­сына тапсыра­мыз, деген сөзін жас­тар бірауыз­дан қолдайтын­дық­тарын айқын аңғартты. Бұдан кейін де Ілияс Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Амангелді Катенов, Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі Атсалим Идигов, «Ерлік» мүгедектер қоғамының төрайы­мы Роза Ақжаркенова, студент Са­мат Сүлейменов жи­налған­дар­ды Елбасының өкі­леттігін 2020 жылғы 6 жел­тоқсанға дейін ұзар­ту жөніндегі демократиялық күштер коа­лициясының бастамасын қол­дауға үндеді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

Рухани құндылықтар қолдаушысы

Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдум­ды қолдауға арналған жиналыс өтті. Оған Мәдениет ми­нистрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орын­ба­сары Роза Кәріпжанова, Ұлттық академиялық кітап­хананың бас директоры Жанна Шаймұ­хан­бе­това және кітапхананың барлық қызметкерлері қатысты. «Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» – деп сөз бастаған Жанна Шаймұханбетова елдік пен ерлік, ел тәуелсіздігі жайында өз ойын ортаға салды. «Осы жылдар ішінде мемлекет құрудың таңғажайып жолынан еліміз сүрінбей өтті. Мемлекеттілігіміз нығайып, жаңарулар мен жаңғыруларға қарай бет алдық, әлемнің әр алуан елімен достық байланыс орнаттық. Бас қаламыз – Астана өсіп, өркен жайып келеді. Ал 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде тарихтың төріне көтерілді. Бұлардың бәріне біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының, Қазақ­стан­да тұрып жатқан халықтардың берік достығы мен береке-бірлігінің арқасында қол жеткізіп отыр­мыз. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы мәселе көтеріліп отыр. Бұған біз – Ұлттық академиялық кітапхананың ұжымы бір­ауыздан келісім береміз» – деді кітапхана директоры өз сөзінде. Кітапхана қызметкерлері барша қазақ­стан­дықтар сияқты елдің экономикалық тұрақтылығы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайының дамуын, осы және басқа да ауқымды мақсаттарды іске асыру жоспарларын тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен байланыстыратындықтарын жеткізді. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық дәстүріміз бен рухани құндылықтарды жаңғырту мен сақтаудағы қызметін жоғары бағалай отырып, Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдайтындықтарын білдірді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

«Заңгерлер әділетті сайлау үшін»

республикалық қоғамдық бірлестігінің үндеуі

Құрметті қазақстандықтар, қадірлі заңгер-әріптестер! Біздер – «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, миллиондаған отандастарымыз –Қазақстан Республикасының азаматтары секілді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастаманы қызу қолдаймыз. Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі орнығуы жағдайында, еліміз үшін әлеуметтік ілгерілеуге қаратылған стратегиялық бағыттың қалыпты әрі дәйектілікпен іске асырылғаны, ішкі және сыртқы саяси басымдықтардың ұлтаралық татулық, өзара сенім, дәстүрді құрметтеу, ашықтық және төзімділік негізінде жүзеге асырылғаны қажет екеніне біз сенімдіміз. Жаңа еуразиялық қауіпсіздікті құру, посткеңестік кеңістіктегі интеграцияны, әсіресе, таяудағы онжылдықта жалғастыру және тереңдету халықтың ерік-жігеріне негізделген берік сабақтастыққа сүйенуге тиіс. Президент Н.Ә.Назарбаевтың конституционализм идеалдарына ден қойғандығы және оның сан қырлы қайраткерлік қызметі арқасында Азамат пен Мемлекет арасында барған сайын сенімнің артып, өзара қарым-қатынас қалыптасқанын; адамдардың сана-сезімі мен тұрмыс-тіршілігіне конституциялық құндылықтар сіңгенін; халықтың құқық мәдениетінің және оның билікке деген сенімінің деңгейі өскенін, құқық қорғау органдары мен соттардың, бүкіл құқық қорғау механизмінің кәсібилігі және жұмыс тиімділігі артқанын біз көріп отырмыз. Мемлекет басшысы бекіткен 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының іске асырылуы ба­ры­сында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдік, кәсіпкерлердің қорғалу деңгейі арта түседі; заңнаманың жаңа салалары мен бағыттары пайда болады; біздің құқығымыз заманауи, жедел әрі практиканың қажеті мен адамдардың мұқтажына ыңғайластырылған болады. Құқықты қоғамның шын мәніндегі жасампаз күшіне айналдыру үшін осынша қажыр-қайрат жұмсап жүрген Елбасын біз қазіргі мемлекеттер мысалынан таба алмаймыз. Заңгер-ғалымдар, құқық пәнінің оқытушылары, жеке және жария құқық секторындағы, қоғамдық бірлестіктердегі заңгерлер, адвокаттар және нотариустар Республика Президентінің жан-жақты қолдауын сезінеді, баршамыздың және әрқайсымыздың мүддемізге жауап беретін, еліміздің одан әрі серпінді дамуының құқықтық векторын қамтамасыз етуге қабілетті тұлғалар ретінде олар өздерінің биік әрі жауапты миссиясын ұғынады. «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу үшін, қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияның, «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңдардың, өзге де конституциялық және жай заңдардың идеялары мен ережелеріне, сондай-ақ мемлекеттік құрылыстың шетелдік тәжірибесіне негізделген қажетті құқықтық шарттардың бәрі бар деп сенім білдіреді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы, осы билікті өзінің өкілдері арқылы ғана емес, Конституцияның 3-бабының 2-тармағына сәйкес тікелей республикалық референдум арқылы да жүзеге асыратын Қазақстанның тәуелсіз халқы бұл мәселенің бүкілхалықтық дауыс беруге қойылуына бастама жасауға және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығында бұл мәселе бойынша тарихи әділ және мейлінше құықтық шешім қабылдауға ежелден құқылы. Біз барлық қазақстандықтарды және бірінші кезекте, заңгер-әріптестерімізді республикалық референдум өткізу туралы идеяны жан-жақты қолдауға, оған бастама жасаушыларға барынша көмек­те­суге, мемлекеттің, отандық, шетелдік және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істеуге үндейміз. Қазақстан заңгерлері – референдумды қолдайды, оны өткізу Халықтың ерік-жігеріне, ел Конституциясының атына да, затына да сәйкес келеді. Алматы қаласы.

Ел дамуының басты шарты

Қазақстан мәшине жасаушылар одағына кіретін және кәсіпорындарда жұмыс жасайтын үш жүз мың жұмысшылар мен инженерлердің атынан біз Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу жөніндегі бастаманы толық және сөзсіз қолдайтынымызды мәлімдейміз. Домен және мартен пештерінің жалынында шыныққан біздің Президентіміз жұмысшылардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін жанындай түсінеді, қазақстандық азаматтарға не қажет екендігін жақсы біледі. Президентпен бірге біз неше түрлі сынақтардан өтіп, қиын жылдарды ойдағыдай еңсердік. Елбасының сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары халқымыздың ертеңгі күнге деген сенімі нығайып, тұрақты табысқа, жалақыға, зейнетақыға, тұрғын үйге қол жеткізіп, бейбітшілік пен келісім салтанат құрған елде балаларын тәрбиелеуге мүмкіндік алды. Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем гүлденген, бейбіт өмірге ұмтылған, жарқын келешекке нық қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды. Кемеңгер Президентіміздің арқасында ғана еліміздің үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы дүниеге келді. Онда мәшине жасау кешенін жаңарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталған және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген жаңа кәсіпорындар салу – біздің жақын кезеңге арналған басты міндетіміз. Мемлекетіміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық болашақ өзгерістердің басы-қасында болуы – Қазақстанның қарыштап дамуының басты шарты болып табылады. Ол – реформалардың толығымен жүзеге асуының, еліміздің ілгері дамуының, біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімнің кепілі. Біз гүлденген және тұрақты Қазақстан үшін! Осы үндеумен Қазақстанның мәшине жасаушылар одағы және оған кіретін кәсіпорындар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігі мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту бойынша жалпыхалықтық плебисцитті қолдайтынын және референдумды қолдау үшін демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» жалпыұлттық коалициясына кіретінін мәлімдейді. Мәжіліс депутаты, «Қазақстан мәшине жасаушылар  одағы» ЗТБ-нің басқарма төрағасы М.ПІШЕМБАЕВ, «Казагрофинанс» АҚ-тың басқарма төрағасы Д.АЙТЖАНОВ, «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Қ.ҚАБЫЛДИН, «Қазақсельмаш» корпорациясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.ҚАЖКЕНОВ, «Машзавод №1» ЖШС-нің бас директоры Б.КЕНЖИН, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.МАМИН, «Қазақстандық құбыр изоляциясы  зауыты» ЖШС директоры Қ.МЕЙРАМБЕКОВ, Мәжіліс депутаты В.РОГАЛЕВ, Қарағанды мәшине жасау консорциумы директорлар кеңесінің төрағасы С. СТЮКОВ, «Қазақтелеком» АҚ-тың басқарма төрағасы К. ЕСЕКЕЕВ.

Татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауы

ХҚТУ-і Шымкент Академиялық инновациялық университетінің ұжы­мы Елбасының президенттік өкі­лет­тігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі респуб­ли­ка­лық референдум өткізу туралы бас­таманы қолдау жөнінде жиын өт­кізді. Облыстың өзге ұлт өкілдері ара­сындағы қазақ тілі байқауының бас жүлдегері, филология факультетінің студенті С.Чекушин: «Мен Қазақстан азаматы болғаныма мақтанамын. Себебі, еліміз өз тарихында талай қи­ын-қыстау кезеңдерді басынан өт­кер­се де, елдігін сақтап қала білді. Ал мемлекетіміздің тәуелсіздік жыл­да­ры жеткен жетістіктері, бағын­дыр­ған асулары ешкімді де тамсан­дыр­май, таңқалдырмай қоймайды. Осы­ның барлығы Елбасының арқасы екен­дігіне ешкім күмән келтірмейді. Білім аламын, еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған», десе, был­тырғы «Ең үздік жас ғалым» номина­ция­сының иегері, 2-курс магис­тран­ты Ғ.Пи­шеров: «Қазақстан халқы тату­лық пен тұрақтылықтың алтын ар­қауы­на айналды. Тағдыр табыс­тыр­ған, тарих тоғыстырған түрлі өкіл­дер Отаны­мыз­ды бірге көркей­туде, бір шаңы­рақтың астында ұрпақ өсіруде. Олар тағдырын Елбасымен байла­нысты­рады», деді. Әлем және Олимпиада ойын­да­ры­ның күміс жүлдегері, универси­тет­тің аға оқытушысы Мұхтархан Діл­дәбеков: «Бұл – еліміздің елдігін, ұлтымыздың ұлылығын, халқымыз­дың бірлігін танытар қасиет. Бүгінгі тілектерімізді, мемлекеттің мерейлі болашағын адалдықпен аңсайтын, өзін Отанымыздың шын патриоты, шынайы жанашыр азаматы деп есептейтін әрбір қазақ және әрбір қа­зақ­стандық қолдайды деген сенімдеміз. Қорғауға тұрар еліміз, қолдауға тұ­рар Көшбасшымыз бар. Ендеше неге осындай жарқын істердің бастауы бола білген жанашыр Елбасымызды бір­ауыздан қолдамасқа. Біз әрқашан Елбасымен біргеміз», – деп сөз сабақтады. Мәжілісте шығып сөйлеушілердің бәрі де Елбасының өкілеттігін ұзарту­дың қажеттілігі туралы ойларын білдірді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Мәдениет қызметкерлері қызу қолдауда

Пре­зи­денттік мәдениет орта­лы­ғын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдау мақсатында акция болып өтті. Акцияға Президенттік мәде­ниет орталығы, Ұлт­тық мұрағат, Ұлттық кітапхана, Алтын және бағалы металдар музейі ме­ке­ме­лерінің қызметкерлері, мә­де­ниет және қоғам қайраткерлері қатысты. Басқосуды ашқан Президенттік мәдениет орта­лы­ғы­ның ди­рек­торы, филология ғылым­да­ры­ның док­то­ры, профессор Мырза­тай Жолдасбеков Тәу­ел­­сіз­дік­тің елең-алаң шақта­рын­да Елбасы­ның жанында болып, елін сүйген, елі сүйген азамат­тың халқы үшін талай толған­ған жан күйзелісін бірге сезінгенін, Қазақстанның ай­нал­дырған 19 жылда белгісіз ел­ден беделді мемлекетке айналуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген ерлікке толы ерен ең­бегін әсерлі әңгі­мелеп берді. Жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, «Мәдени мұ­ра» жур­налының бас редак­торы Дү­кен­бай Досжан референдум өткізіп, Президенттің өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр­ғанын, Елба­сы­ның әлем бас­шыларын ау­зына қаратқан мә­мілегерлік, алыс­ты болжайтын көрегендік қасиет­те­рін ай­та келе, ең бастысы шы­ғар­машыл тұлға екендігін баса айтты. Түрколог ғалым, тарих ғы­лымдарының докторы, Президенттік мәдениет орталығының бас ғылыми қыз­меткері Айман Досымбаева Тәуелсіздік жыл­дары­на дейін Қазақстан та­рихы­на және түркология ғы­лымына қатысты оқулықтардың өте аз болған­дығын, болған күннің өзінде ғылымның өзі саясаттың құралына айналып келгенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі күні ақпарат алмасудың ашықтығын, постке­ңес­тік елдерін айтпағанда АҚШ, Жапония, Түркия елдері ғалымдарымен еркін пікір алма­сатын заманға жетіп отырға­ны­мызды Елбасының еңбегімен байланыс­тыратынын көңілге қонымды дәлелдермен жеткізді. Президенттік мәдениет орта­лы­ғы кітапханасының шетел әдебиеті бөлімінің бастығы Татья­на Шевченко Қазақстан бү­гінде бейбітшіліктің бесігіне айнал­ға­нын, еңбек етемін деген адамға ұлтына қарамай бар­лық жағдайдың жасалғанын, өзінің көп бала тәр­биелеп отыр­ған ана екендігін, балалары мен немере­лерінің болашағы үшін қазір­гі­дей қой үстіне бозтор­ғай жұ­мырт­қалайтын заманның жалға­са бергенін қалайтынын айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, концерттік және театр қызметінің көркемдік жетекшісі Сәу­лебек Асылхан Елба­сының, әсіресе, өнер адам­дарына деген қамқорлығының ерекше екендігін, бүгінде Астана нағыз өнердің ордасына айналғанын, Президенттік мәде­ниет орталы­ғын­дағы Ұлттық дәстүрлер теа­тры­ның да Пре­зиденттің қол­дауы­ның арқа­сын­да жемісті жұ­мыс жасап жатқанын атап өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік мәде­ниет орталығы Ұлттық дәстүр­лер театрының әншісі Гүлзира Бөкейханқызы Қазақстан өз тәуел­сіздігін алғанда шетте жүр­­ген қандастардың қата­рын­да жүрегі жарыла қуанып, ал­ғашқы лекпен атажұртқа келгенін және өнерімен өз халқының құрметіне бөленгенін айтты. Акция қорытындысында Қа­зақ­стан Респуб­ли­ка­сы­ның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың өкі­лет­ті­лік мерзімін 2020 жылға дейін ұзартуды бір ауыз­дан қолдау жөнінде шешім қабылданды. «Егемен-ақпарат».

Алаңсыз жұмыс істеуге кепілдік

«Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық па­латасы Демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» жалпы­ұлт­­тық коалициясына кіреді. Осы жайында кеше Ұлттық бас­пасөз-орталығында өткен баспасөз мәслихатында А.Перуашев мәлім етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың біз­дің жұмысымызды терең тү­сінуі­нің арқасында жүздеген мың азамат өз ісін бастауға, өзінің жо­ба­лары мен ойларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін пайдалана алды. Кәсіпкерлер, орта тап кез келген мемлекеттің тіреуі деп тегін саналмайды. Бұл адамдар өз жетістіктерімен мақтана алады және нені көзінің қарашығындай қор­ғай­тындығын біледі. Сондықтан да референдум кезекті онжыл­дық­та алаңсыз жұмыс істеуге кепіл бола алады. «Қарапайым адам­дар президенттік Назар­баев­қа емес, бізге, біздің еліміз бен біздің азаматтарымызға Президент Назарбаевтың қажет екендігін жақсы түсінеді», – дейді кә­сіпкерлер. Баспасөз мәслихатына «Атамекен» басшылығымен қа­тар, Мәшине жасаушылар одағы басқар­ма­сының төрағасы Мейрам Пішембаев, Астық одағының президенті Нұрлан Тілеубаев және Қаржы және салық кеңесшілері палатасының төрайымы Екатерина Никитинская, Қазақстан Элек­тр-энергетикалық қауымдас­ты­ғының төрағасы Шәймерден Оразалинов, Тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындары қауым­дастығының атқарушы директоры Төлеген Мұқанов, Фермерлер одағының вице-президенті Ақжол Абдукалимов, Құрылысшылар ода­ғының атқарушы директоры Алтынай Құсбекова, Қазақстан химия өнеркәсібі одағының атқа­рушы директоры Дінмұхамет Абсеметов, Ет одағының атқарушы директоры Әбжапар Иса және басқалар қатысты, деп хабарлады «Атамекен» одағы» ҰЭП баспасөз қызметі.

Қорытынды хаттама бекітілді

Орталық сайлау комиссиясы еліміздің республикалық рефе­рен­думға қатысу құқығы бар, оны тағайындау туралы баста­ма­шы­лық білдірген еліміздің азамат­та­ры қолдарының рас­ты­ғын тексеру нәтижелері туралы Қорытынды хаттаманы бекітті. Шараға Ор­та­лық сайлау комис­сиясының төр­аға­сы Қуандық Тұрғанқұлов қа­тысты. Оның ай­туынша, Елба­сы­ның өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаған 5 млн. 16 мың қол жи­налған. – Заңнамаға сәйкес, рефе­рен­дум­ды тағайындау туралы мәсе­ле­ге бастамашылық ету үшін бастамашы топ мүшелері бар­лық облыстарды, Астана мен Алматы қалаларын тең мөл­шер­де білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қо­лын жинауға тиіс болатын. Яғни, әр өңірден 12,5 мың қол жи­налуы қажет бола­тын. Заңның бұл нормасы толы­ғымен орын­дал­ды. Аймақтық сайлау ко­мис­сияларының әділет органдарымен бірлесіп өткізген тексеріс нәти­жесінде қолдардың тиісті саны расталып отыр, – деді ОСК төрағасы. 13 қаңтардағы жағдай бой­ын­ша, ОСК-ге барлық облыстар мен Астана және Алматы қала­ла­рының сайлау комиссия­лары­нан қолдарды тексеру нәти­же­лері туралы хаттамалар келіп тү­сіпті. «Республикалық референдум өт­кізу туралы баста­ма­ны қолдап бар­лығы 5 млн. 16 мың қол жи­налған. Бұл рефе­рен­думға қатысу құқығы бар азаматтардың 55,2 пайызы», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Тағы бір атап өтерлігі, ау­мақ­тық сайлау комиссиялары тек­серіс нәтижесінде азамат­тар­дың 194 жарамсыз қолын анықтаған. Жарамсыз деп танудың негізгі себептері: өзінің қолын қойған азаматтың тіркелу орнының қол жинау жүргізілген өңірмен сәйкес келмеуі, азаматтар туралы мәлі­меттерді толтыру барысында жол берілген техникалық қателер, қай­таланған қолдардың болуы, яғни бір азамат қолының бірнеше қол қою парақтарына қойылуы, рефе­рен­думға қатысу құқығы жоқ аза­маттардың қолының болуы (бұл негізінен жасы 18-ге жетпеген тұлға­лардың қолдары), бір азаматтың барлық отбасы мүшелері үшін қол қоюы. Бұған қоса, «Респуб­ликалық референдум туралы» Консти­ту­циялық заң талаптарын бұза оты­рып толтырылған қол қою парақ­тары жарамсыз деп таныл­ған. «Дегенмен, қолдарды жинау бойынша жұмысты ұйымдас­ты­ру­дағы бірқатар кемшіліктерге қа­ра­мастан, референдум өткізу туралы бастамашылықты заңмен көздел­ген­нен әлдеқайда көп азаматтар қолдады», – деді қорытынды сө­зінде ОСК төрағасы. Енді «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң­ның 16-бабы 2-тармағына сәйкес, Қорытынды хаттама Қазақстан Рес­публикасы Президентіне жолданатын болады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.