12 қаңтарда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мал шаруашылығын дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша жұмыс кеңесі болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Жұмыс кеңесіне Премьер-Министр К.Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Президенттің көмекшісі Б.Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев, «ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасы А.Мамытбеков қатысты.
Кеңес барысында мал шаруашылығын одан әрі дамытудың мәселелері, сондай-ақ ел экономикасындағы аграрлық сектордың жалпы жағдайы талқыланды.
2010 жылы Қазақстан Республикасында кейінгі нақтыланған есеп бойынша 12,2 миллион тонна астық жиналды. Майлы дақылдардың жалпы жиыны – 775,5 мың тонна, көкөніс 2,6 миллион тонна болды. 2010 жылы Қазақстандағы ет өнімі – 1,4 миллион тоннаны, сүт – 5,1 миллион тоннаны, жұмыртқа – 3 432,5 миллион дананы, жүн 35,8 мың тоннаны құрады. Еліміздегі барлық мал түрлерінің және құстың саны: ірі қара – 6,5 миллион бас; қой мен ешкі – 19,0 миллион бас; жылқы – 1,56 миллион бас; түйе – 164,9 мың бас; құс – 34,8 миллион бас; шошқа 1,56 миллион бас болды.
Қазақстанда мал шаруашылығы саласын дамытудағы басты мақсат елдің мал өнімдеріне деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз ету, сондай-ақ оның экспорттық әлеуетін жүзеге асыру болып табылады. Аталған мақсатқа ағымдағы жағдайды және ішкі тұтыну өсімінің перспективаларын есепке алғанда, қазіргі мал басын асылдандыру мен сапасын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады. Жүзеге асырылып жатқан шараларды есепке ала келе, еліміздегі асыл тұқымды мал басының жалпы санын 2015 жылға қарай 2 есеге, ал 2020 жылға қарай 4 есеге көбейту жоспарланып отыр. Асыл тұқымды малдың жалпы саны 2020 жылға қарай 2 есеге дерлік көбеймек. Бұл, түптеп келгенде, ішкі рынокты жоғары сапалы сиыр етімен толық қамтамасыз етіп, бірте-бірте экспорттық әлеуетті арттыруға алып келеді. Оның үстіне, Қазақстаннан шығарылатын сиыр етінің экспорты 2013 жылы шамамен 13 мың тоннаны, ал 2020 жылға қарай 83 мың тоннаға дейінгі көрсеткішті құрайды.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.