14 Қаңтар, 2011

Мақсат – ішкі рынокты қамтамасыз етіп, экспорт әлеуетін арттыру

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 қаңтарда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мал шаруашылығын дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша жұмыс кеңесі болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Жұмыс кеңесіне Премьер-Министр К.Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Президенттің көмек­шісі Б.Сұлтанов, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі А.Күрішбаев, «Қаз­Агро» АҚ басқарма төр­аға­сы А.Мамытбеков қатысты. Кеңес барысында мал шаруа­­шылығын одан әрі дамытудың мәселелері, сондай-ақ ел эконо­ми­касындағы аграрлық сектор­дың жалпы жағдайы талқыланды. 2010 жылы Қазақстан Респуб­ликасында кейінгі нақтыланған есеп бойынша 12,2 миллион тонна астық жиналды. Майлы да­қыл­дардың жалпы жиыны – 775,5 мың тонна, көкөніс 2,6 мил­лион тонна болды. 2010 жылы Қа­зақ­стандағы ет өнімі – 1,4 миллион тоннаны, сүт – 5,1 миллион тон­наны, жұмыртқа – 3 432,5 миллион дананы, жүн 35,8 мың тон­наны құрады. Еліміздегі барлық мал түрлерінің және құстың са­ны: ірі қара – 6,5 миллион бас; қой мен ешкі – 19,0 миллион бас; жылқы – 1,56 миллион бас; түйе – 164,9 мың бас; құс – 34,8 миллион бас; шошқа 1,56 миллион бас болды. Қазақстанда мал шаруашы­лы­ғы саласын дамытудағы басты мақсат елдің мал өнімдеріне деген ішкі сұранысын толық қам­та­масыз ету, сондай-ақ оның экс­порттық әлеуе­тін жүзеге асыру болып табылады. Аталған мақ­сатқа ағымдағы жағ­дайды және ішкі тұтыну өсімінің перспек­тиваларын есепке алғанда, қазіргі мал басын асылдандыру мен са­пасын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады. Жүзеге асырылып жатқан шараларды есепке ала келе, еліміздегі асыл тұқымды мал ба­сының жалпы санын 2015 жыл­ға қарай 2 есеге,  ал 2020 жыл­ға қарай 4 есеге көбейту жоспар­ланып отыр. Асыл тұқымды малдың жалпы саны 2020 жылға қарай 2 есеге дерлік көбеймек. Бұл, түптеп келгенде, ішкі ры­нок­ты жоғары сапалы сиыр етімен толық қамтамасыз етіп, бірте-бірте экспорттық әлеуетті арттыруға алып келеді. Оның үстіне, Қа­зақстаннан шығарыла­тын сиыр етінің экспорты 2013 жылы шамамен 13 мың тоннаны, ал 2020 жылға қарай 83 мың тон­наға дейінгі көрсеткішті құ­райды. Кеңес қорытындысы бойын­ша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.