* М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына – 90 жыл
Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – тек театр үшін ғана емес, жалпы Қазақ елі мен қоғамы үшін, өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Өйткені, мұндай театр ашу – өткен ғасырдағы мемлекет қайраткерлері, Алаш ардақтылары мен ел зиялыларының арманы еді. М.Әуезов театрының бүгіні – сол үлкен армандардың орындалуы. Сонымен қатар, әлемдік интеграцияға бет алған бүгінгі тәуелсіз Қазақстан өнерінің жарқын мазмұны.
Ерлан БІЛӘЛ,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылдың сәуір айында өткен 5-құрылтайының шешімінде «Қазақтың Ұлттық театрын ұйымдастыруды жеделдету» мәселесі қойылды. Сол алғашқы кезінен-ақ Қазақ Ұлттық театры аталған кәсіби өнер ордасының ашылып, еңсе тіктеуіне Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, О.Беков, т.б. көптеген қайраткерлер атсалысты. 1925 жылдың күзінде театрды ұйымдастыру жұмыстарын сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссариатының бастығы С.Сәдуақасов өзі қадағалап отырды, театрдағы алғашқы шығармашылық-шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарын алғашқы директоры Д.Әділов жүзеге асырды.
Тарихи құжаттар театр ашу үшін үкіметтен арнайы қаржы бөлініп, сол жылдары халық арасында аты шыққан, ел-ел, жер-жердегі дарынды өнерпаздар, әнші, күйшілерге, бас-аяғы 23 адамға шақырту жолданғанын көрсетеді. Сол кездегі астана Қызылордаға алғашқы болып Қостанайдан С.Қожамқұлов келіпті. Театр шаңырағын көтеріп, керегесін тіктеуіне алғашқы бас режиссері Серке атамызбен бірге Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, балуан Қ.Мұңайтпасов, тағы да басқа көптеген өнерпаздар атсалысты. 1926 жылдың 10 қаңтарында Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасын», 13-і күні М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын көрсетіп, соңынан концерт берумен ресми ашылған Ұлт театрының атағы бүкіл елге кеңінен тарап, республика өміріндегі бұл аса елеулі оқиға бүкіл елдің қуанышына айналған. Қызылордаға сол жылы күзде жеткен Ж.Шанин театрдың директоры әрі көркемдік жетекшілігіне тағайындалып, ұжымның шығармашылық қалыптасуына аса көп еңбек сіңірді. Міне, содан бері 90 жыл өтіпті.
1928 жылы республиканың оңтүстік аймағында, Бішкекте гастрольде болған театр Алматыға келіп, жаңа астанада орнығады. 30-жылдар белесінде театр Қ.Байсейітов, К.Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиенқұлова, М.Шамова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Х.Елебекова, К.Қармысов, С.Телғараев, Ә.Хасенов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгізбаев, А.Абдуллина, А.Жолымбетов, Ж.Жалмұхамедова, Р.Сәлменов, Р.Қойшыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыздықова, т.б. жаңа шығармашылық күшпен толықты.
1933 жылы музыкалық студия ашылып, ұжымдағы әншілік таланты басым актерлер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары: Абай атындағы опера және балет театры мен Жамбыл атындағы республикалық филармония, «Қазақконцерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған.
Театрдың тарихында М.Әуезовтің есімі алтын әріптермен жазылады. Алғашқы күндерден бастап-ақ бағыт-бағдар беріп, актерлерге ұстаз болған, өзінің көркем пьесаларын осы театрға арнап жазған ұлы суреткердің көркем мұрасы біздерге рухани азық. М.Әуезовтің қаламдастары, қатарластары, Қ.Кемеңгеров, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, өкшесін басқан Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов, кейінгі буын Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, А.Сүлейменов, О.Бөкей, Б.Мұқай, Т.Ахметжан; сонымен қатар, жазушы, ақын драматургтер Ә.Тарази, Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әбдік, Н.Оразалин, С.Балғабаев, И.Оразбай, И.Сапарбай, И.Вовнянко, Шахимарден, С.Асылбековтің пьесалары театр репертуарын байыта түсті. Кейінгі буын драматургтер Е.Аманша, Р.Мұқанова, Р.Отарбаев, Е.Жуасбек, Д.Амантайлар қатары да толыға түседі деген ойдамыз. Әлем драматургиясынан Софокл, Еврипид, Шекспир, Мольерлерден бастап бүгінгі замандасымыз Т.Жуженоғлыға дейінгі қаншама пьеса сахналанды. Осының бәрі театрдың ғана емес, қазақ руханиятының байлығы.
90 жыл дегеніміз 10 жылы кем бір ғасыр! Бір мақалада бүкіл тарихты түгесіп айту мүмкін емес. Дегенмен де, мерейтой тұсында театрдың бүгінгі биігіне жетуінде еңбегі зор сахнагерлердің есімдерін атамасқа болмайды. Театрда буын-буынмен актерлік мектеп – Ж.Жалмұхамедова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Ш.Айманов, М.Сүртібаев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбаев, З.Шәріпова; Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, М.Абдуллина, Р.Телеубаев, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, бұлардан кейінгі буында Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Қ.Сұлтанбаев, У.Сұлтанғазин; сондай-ақ, Б.Наурызов және бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әбзелбаевалар; режиссурада – А.Тоқпанов, Б.Омаров, Ә.Мәмбетов, Р.Сейтметов, Е.Обаев, Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, А.Пашков, В.Пұсырманов, М.Байсеркенов, Б.Атабаев, Қ.Сүгірбековтер; сценографияда – Қ.Қожықов, М.Ержанов, Д.Сүлеев, С.Үмекенов, М.Жолтаев, Ф.Мұқанов, Қ.Ақбаевтар өнерімен қалыптасып, шыңдалды, кәсіби биікке көтерілді.
Қара шаңырақ театр тарихының үштен бір бөлігі тәуелсіздік жылдарына келеді. Болашаққа көз тігіп, мына жаһандану заманында өзге елдермен иықтас, тұрғылас өмір кешемін дейтін қай ел, қай мемлекеттің де рухани тұғыры биік болмағы шарт. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды».
Бүгінде қара шаңырақ алыптар салған дәстүр-жарастықты жалғастыра, құлашын кеңге жая өркендеп отыр. Ұлттық сахна өнерінде сапалық өзгеріс жасап, одаққа, бірталай шетелдерге танытқан Ә.Мәмбетовтің шәкірт-үзеңгілестері, көрнекті сахнагерлер – театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, театр кеңесшісі Е.Обаев, үлкен буын көрнекті актерлер С.Оразбаев, Х.Елебекова, З.Шәріпова, Н.Мышбаевалар қара шаңырақтың ғана емес, қазақ сахнасының қазынасы. Олардың ізін ала аға буын Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева, Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, сондай-ақ, О.Кенебай, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Ш.Меңдиярова, М.Нұрәсіл, Ғ.Әбдінәбиева, Р.Хаджиева, Г.Жақып, А.Бектемірлер; бұларға үзеңгілес буын Б.Қожа, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Әбділманов, Б.Тұрыс, Ғ.Құлжанов, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омарбекова, Ү.Сейтімбеттер жемісті еңбек етіп келеді.
Тағы да тізімге жүгінуге тура келеді. Қазіргі таңда сахнаның ауыр жүгін көтеріп отырған кәсібилігі жоғары орта буын десек, бұл мойындалған шындық. Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, Н.Бексұлтанова, Б.Айтжанов, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, Ж.Садырбаев, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева, А.Сатыбалдиева, Н.Жекенова, А.Бөкенбай; бұлардан кейінгі буын Е.Дайыров, Л.Қалдыбекова, Г.Шыңғысова, Р.Сенкебаев, Д.Мұсаев, Т.Сағынтаев, А.Шаяхметов, Ж.Байсалбеков, Б.Жақыпбекова, А.Өмірова, Н.Әбілов, С.Құлымбетова, Е.Тұрыс, Е.Бектасов, С.Бақаева, З.Карменова, А.Бақытжанова, Ғ.Оспанов, М.Мұхтарұлы, Қ.Набиолла, А.Жұмабаевтардың өнерін көрермендер сүйсіне тамашалайды. Актерлік құрам жас буынмен толығуда.
Режиссураның ауыр жүгін қолтаңбалары әртүрлі танымал сахнагерлер Е.Обаев, А.Әшімов, Т.әл-Тарази, Ә.Рахимов, А.Кәкішева, жас буын Е.Нұрсұлтан, Е.Нұртазиндер көтерсе, сценографияда Е.Тұяқов, Е.Әдісбек, М.Сапаровтар бар.
Театр қоғаммен байланыстың заманауи әдістерімен жұмыс жасауға көшті. Ішкі және сыртқы мақсатты ортамен байланыс, әлеуметтің әр тобымен әріптестік жолдары жүзеге асырыла бастады. Әрине, ең басты мақсатымыз – заманымыздың тынысын, жаңа тұрпатты еліміздің өмірін, замандастарымызды бейнелейтін, көркемдік-эстетикалық ізденіс аясы кең жаңа қойылымдар шығару.
Әр кезеңнің өзіндік идеалдары, басымдықтары, идея-мақсаттары болады. Бүгінде еліміз мүлдем жаңа саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік кеңістікте күн кешуде. Рухани тұғырдың маңызды бөлігі өнерге, оның ішінде халықты ұлтқа айналдыра алатын театр өнеріне елімізде үнемі ерекше көңіл бөлініп отырады. Алға қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды. Бұл міндеттер ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасында сараланып, айқын көрсетілген.
Театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классиканың жауһарлары, бүгінгі драматургияның озық туындыларының азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы рөлі үлкен. Және бүгінгі идеологияның қазығына айналып отырған «Мәңгілік Ел» идеясына қызмет етеді. Бұл ретте театрдың тарихи спектакльдердің орны бөлек десек, ерекше атауға болатын үлкен жобамыз – өткен жылы қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатында Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 700 адамның қатысуымен көрсеткен «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымы. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады. Ұжымның жаңа жұмысы, көрнекті жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша премьерасы енді ғана болған қойылым да (сахналық нұсқа Ә.Бағдат, режиссер А.Кәкішева) осы идеядан бастау алады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап тарихи спектакльдер апталығын ұйымдастырып, көрермендерімізге «Томирис», «Қорқыттың көрі», «Қазақтар», «Бейбарыс сұлтан», «Алмас қылыш», «Абай», «Қилы заман» спектакльдерін ұсынамыз.
Көркем әдебиеттің озық үлгілерін сахналау – театрдың қалыптасқан дәстүрі. Көрнекті жазушы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша сахналық нұсқасын Е.Жуасбек жасап, Т.әл-Тарази режиссерлігімен сахнаға шыққан спектакль сол игі дәстүрдің жалғасы.
Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті ізгі адам тәрбиелеу. Театр репертуарында бұл бағыттағы спектакльдер ежелден баршылық. Ал соңғы көркем қойылымымыз қазақ режиссурасы жаңа буынының өкілі А.Маемиров сахналаған көрнекті орыс драматургы А.Володиннің «Қоштасқым келмейді!..» драмасы. Отбасы құндылықтарын қастерлеуге бастайтын қойылым, әсіресе, жастар арасында қызу талқыланып, әлеуметтік әсері жоғары болып отыр.
Тұжырымдамада көрсетілген ұлттық саналуандылықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде бүкілқазақстандық мәдени кеңістікті дамыту бағытындағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап басқа ұлт театрларымен біріге отырып арнайы жоба дайындамақпыз. Репертуарымызға өткен, 89 маусымымызда қосылған «Қаза мен жаза» спектаклін белгілі қазақстандық сценарийшы И.Вовнянконың пьесасы бойынша театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов сахналады. Қазақстандық өзге де жазушы-драматургтармен, Ұлттық орталықтармен тығыз байланыстамыз. Спектакльдерімізге өзге ұлт өкілдері, Алматыдағы орыс мектептерінің оқушылары жиі келеді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында басым бағыттардың бірі ретінде – жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру мәселесі атап көрсетілді. Қара шаңырақ театр бұл орайда ұлттық сахна өнерін әлемдік кеңістікке шығару бағытында еңбектеніп келеді. Мұның көрінісі – халықаралық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық фестивальдарға қатысу. Атап айтқанда, «Отелло» спектаклі Ресей және Беларусь сахнагерлерімен, ал «Қорқыттың көрі» литвалық сахнагерлермен бірігіп қойылды. Екі қойылым да мамандар және көрермендер тарапынан жоғары баға алды.
Мерекелік 90 маусымына театр жақсы жетістіктермен келді деуге болады. Солардың бірі – ұжымның бірнеше халықаралық театр фестивалінде еліміздің өнерін өзге елдерге паш етуі. Соңғы жылдары Мәдениет министрлігінің, жалпы Үкіметіміздің қолдауымен театрымыз халықаралық фестивальдарға жиі қатысып, еліміздің сахна өнері жетістіктерін өзге елдерге паш ете бастады. Ұлттық рухты, отансүйгіштікті дәріптеген «Бейбарыс сұлтан» (Р.Отарбаев, реж.Ю.Ханинга-Бекназар) қойылымы өткен жылдың сәуір айында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың үн – бір дауыс» атты VIII театр фестиваліне қатысып, «Ең үздік спектакль» атанып қайтса, ежелгі түркілік танымды қазақы болмыспен шебер шендестіре білген «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып, реж.Й.Вайткус) қойылымы Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» халықаралық фестивалінде көрсетілді. Бұл қойылым режиссурасы өз алдына актерлік ойын шеберліктері тұрғысынан Халықаралық қазылар алқасы мүшелері тарапынан өте жоғары баға алды.
Бәсекеге қабілетті ментальдыққа ұмтылудың бір жарқын көрінісі – театр актерлерінің үштұғырлы тіл талабынан шығып, орыс тілімен қатар ағылшын тілінде сөйлей бастауы. Театр Беларусь елінің Брест қаласында өткен «Белая Вежа» халықаралық фестивалінде «Бейбарыс сұлтанды» ағылшын тілінде ойнап, актерлердің қарымы мен мүмкіндігін басқа жұрттың алдында танытып қайтты. Театрдың кіші залында Өнер академиясының түлектерінің жұмылдыруымен тағы да екі спектакль ағылшын тілінде сахнаға шықты.
Театр «Бейбарыс сұлтан» спектаклімен Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал талантты жас режиссер Е.Нұрсұлтан сахналаған «Қас-қағым» қойылымы Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде Бас жүлдені иеленді. Театрымыз Қазақстан мен Орталық Азия театрларының екі жыл сайын өтетін халықаралық фестиваліне табысты қатысып келеді. Республика имиджіне жұмыс істейтін бұл фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл күзде 6-шы рет өткелі отыр.
Фестиваль демекші, М.Әуезов театрының өзінің «Театр көктемі» атты төл фестивалі бар. Биыл 21-ші рет, 24-27 наурыз аралығында өтіп жатқан өнер мерекесі қазақ өнерінің көзі тірі аңызы Хабиба апа Елебекованың 100 жасқа толуына арналады.
Қазір қоғамда буын алмасу процесі жүріп жатыр. Бұл үдеріс М.Әуезов театрында да бар. Қазіргі таңда театрда салиқалы аға буын, мықты орта буын және талантты жас буын жарасыммен өнер жасауда. Театрдың маман кадрлары, атап айтқанда, режиссура, актерлік құрам, композитор, менеджерлік блок, ақпараттық технологиялар мамандары талантты жастармен толығуда. Қазіргі таңда жас буын сахнагерлерді киноэкраннан, небір ірі жобалардан жиі көреміз. Мысалы, Елбасының тапсырмасымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсіріліп жатқан «Қазақ елі» көркем фильмінде, өзге де кинокартиналарда, көптеген телесериалдарда М.Әуезов театрының актерлері лайықты өнер көрсетіп жүр.
Театрға жас буын актерлер, режиссура, драматургия, суретші, композиторлар келді дедік. Демек, бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастыру сапалана түсіп, сахнаға жаңа таным, жаңа тіл келеді. Мәдениет және спорт министрлігі, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қандай да креативті идеяларға үнемі қолдау көрсетіп отыратынын атап айту керек. Бұл жас буын үшін өте жақсы. Театр жас буынға арнап былтыр өткізген «Жаңа көзқарас» және «Ашық сахна» идеялары жалғасын табатын болады. Мәдениет тұжырымдамасында көрсетілгендей, қазіргі заманның үздік бейнелерін, атаулы тарихи оқиғалар,.. мәдени мұра мен дәстүрді білдіретін жарқын көркем бейнелер жасау – театрымыздың да басым бағыты.
*Лебіздер легі
Асанәлі ӘШІМОВ,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Мен театрға келгелі 60 жылға жуықтады. Алғаш актер болып келгеннен бері қара шаңырақтың 30, 40 жылдық мерейлі мерекелерін атап өткен асылдардың арасында болған едім, міне, содан бергі мерейтойларының бәрінің куәгеріміз. Тарихы жүзжылдықтармен есептелетін әлемдік театрлар бар, солармен салыстырғанда, біздің театрдың 90 жасы деген – жігіт жасы. 90 жылдыққа аман-есен жеткеніміз, тойына қатысқанымыз, кейінгі буынмен бірге қуанғанымыз – біз үшін үлкен дәреже. Қалибек Қуанышбаев пен Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұловтың мектебінен өтіп, солармен бірге спектакльде ойнап, асқар таудай ағаларымның арқамнан қағып қанаттандырғаны, ойыныма баға беріп, одан сайын қамшылағаны кез келген сыншының пікірінен әлдеқайда жоғары. Елубай ағаның жасының үлкендігіне қарамастан, қалжыңымыз жарасатын еді. Менің режиссер ретіндегі ең алғашқы жұмысым «Ревизор» болса, осы спектакльдегі Земляниканың рөлі Серағаңның соңғы рөлі болды. Бұл кезде Серағаңның жасы 80-ге таяп қалған еді, бас репетицияның ең соңғы күні төтеннен келіп қосылғанына қарамастан, сахнада 40 жыл бұрын ойнап кеткен кейіпкерінің бүкіл сөзін жатқа білетін болып шықты. Өкінішке қарай, бір-ақ рет ойнап үлгерді. Бірақ Серағамның менің спектаклімде ойнап кеткені үшін ғана бақыттымын. Сәбира апам, Хадиша апам, Бикен апам, Фарида құрдасым, Ыдырыс, Әнуар замандастарым сахнаға шыға келгенде олармен бірге Өмір ілесіп шығатын еді. Бұлар Өмірден өнер жасайтын немесе, керісінше, Өнерден өмір жасап шығаратын.
Дулат Исабеков, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– М.Әуезов атындағы академиялық театр тек біздің ғана мақтанышымыз емес, атақ-абыройы дүркіреп, бүкіл Кеңес Одағы халқының аузында сөз болған театр. Әзірбайжан Мәмбетов басқарып тұрған кезең – бұл театрдың ең жұлдызды сәті болды. Сол мектеп әлі күнге жалғасын тауып келе жатқанына шүкіршілік айтамын. Заманында Мұхтар Әуезовтің барлық драмалық шығармалары жұртқа жол тартып жатса, одан кейін Ғабит Мүсіреповтің, содан беріде Тахауи Ахтановтың, Сәкен Жүнісовтің, Асқар Сүлейменовтің, Қалихан Ысқақовтың, Әкім Таразидің, Оралхан Бөкейдің, Баққожа Мұқайдың іргелі, озық ойға құрылған, ізгілік дәнін себетін жақсы дүниелері сахнаға шықты. Біздің замандастардың арасында бірінші болып Оралханның «Құлыным менің» пьесасы қойылғанда, бұл өнердегі үлкен рухани оқиға ретінде қабылданды. Театр ұлы Шекспирдің, Гольдонидің, Гоццидің шығармаларын сахналау арқылы қазақ актерлерінің кәсіби өсуіне, шыңдалуына үлкен үлес қосып отырды. Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары арқылы әлемге аты жайылды.
Менің ең алғашқы «Әпке» атты тырнақалды драмалық туындым осы қара шаңырақта 1978 жылы, Бәйтен Омаров бас режиссер болып тұрған кезде сахналанды. Содан бері бұл театрмен менің байланысым бір сәтке үзілген емес. Премьерасы өткен жылдың қарашасында болған «Жүз жылдық махаббат» атты драмам театр сахнасында қойылған жетінші пьесам.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры – бүкіл республика театрларының шамшырағы. Бәрі де осы әкемтеатрға қарап бойын түзейді, осы театрдан үлгі алады.
Сәбит Оразбаев,
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Айтуға оңай болғанымен, 90 жыл деген бір ғасыр. М.Әуезов театрының бір ғасыры осылай ұлы дәстүрменен аман-есен келе жатқаны көңілді қуантады. Театрымыздың негізі күшті болды. Мен өзімнің кітабымда театрға зор еңбек сіңіріп өзінің сыбағасын ала алмай, атақ-абыройға жете алмай қалған кісілер туралы жаздым. Олар – Әділшінов, Сәлменов, айта берсең өте көп.
Театрдың негізін қалаған Әміре Қашаубаев қандай әнші еді. Париждегі дүние жүзі көрмесіне барып айтқандағы әні қандай. Сол сияқты, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, оның бер жағында келе жатқан Ш.Айманов, Ж.Өгізбаев қандай керемет актерлер еді. Жап-жас кезінен бас героиняларды ойнап жүрген апаларымыз Ш.Жандарбекова, Х.Бөкеева, Ә.Өмірзақова, Р.Қойшыбаева Ленинградтан бітіріп келді. Қандай образдар жасады бұл кісілер. Одан кейін Мәскеуден Ы.Ноғайбаев, М.Байзақова келді. Сол театрдың дәстүрі, жеткен биіктіктері – ол бірінен соң бірі таланттардың шоғырланып келуінде. 40-жылдары ең алғаш кәсіби режиссер А.Тоқпанов келді. Ол кісі келгенде Ғ.Мүсіреповтің жазған мақаласы бар. Бізге нағыз маман келді деп. «Абай» спектаклін қойғанда М.Әуезов те қатты қуанған.
Театрдың өміріндегі ең үлкен алтын ғасыры Ә.Мәмбетовтің есімімен байланысты. Оның кезінде қандай жаңа спектакль қойылса Мәскеудің мықты театр сыншылары талдап, жақсы пікірлерін білдіріп отырды. «Ваня ағай» спектаклімен Ә.Молдабеков жарқырап шықты. М.Әуезов театры Кеңес Одағы кезінде алдыңғы шептегі театрлардың бірі болды.
АЛМАТЫ.