26 Наурыз, 2016

Жарқын жол

892 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бақыткелді ТамашаұлыДамыған отыз елдің қатарынан орын алу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау барысы Алматы облысының сот жүйесінде де талапқа сай атқарылуда. Бұл ретте Алматы облы­сының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық №1 сот төрағасы Бақыткелді Тұрлыбеков біздің бірқатар сұрақтарымызға жауап қайтарған еді. – Бақыткелді Тамашаұлы, әуелі сот жүйесіне енгізілген өзге­рістер туралы айтып берсеңіз. – Елбасы Бес институттық реформаны жүзеге асыруға ар­налған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында сот жүйесіне жарқын жол ашты. Қандай да істі қарау кезінде оның жария­лылығын қамтамасыз етіп, сот­тың міндеттілігін көрсету арқы­лы судьяның беделін көтеру алға қойылуда. Нәтижесінде аза­маттық, қылмыстық, әкімшілік істер толығымен аудио және бейнетаспаларға жазылып, сот мәжілісі ашық өткізіледі. Соның арқасында сот мәжілісіндегі тәр­тіп бұзылмай, айтылған әр сөз, яғни берілген жауап еш өзгеріссіз сақталады. Сот хат­шы­ларының жұмысы да жеңілдетіліп, яғни аудио және бейнетаспа пай­дала­нылғандықтан сот хаттамасы қыс­қаша ғана жазылады. – Бұл жариялылықпен бір­ге халыққа тиімділік те берген шығар? – Әлбетте, осыған дейін сот жүйесі 5 сатыдан тұрғаны мә­лім. Енді ол ағымдағы жылдың алғашқы күнінен бастап 3 сатыға қысқарды. Халық қазір бірінші сатыда шығарылған шешім мен үкімге келіспеген жағдайда об­лыстық соттағы апелляциялық сатыға жүгінеді. Егер екінші сатыдан қанағаттанбаса, Жоғарғы Соттың кассациялық сатысында дауға нүкте қойылады. Бұл өз­геріс бүгінде елдің көңілінен шы­ғып, мәнінің зор екендігін аз уақытта-ақ дәлелдеді. Нәтижесі жақсы. Сонымен бірге, тағы бір жаңалық – көптен күткен, яғни, жетілген Азаматтық процестік кодекс қабылданып, Мемлекет басшысы тек Жоғарғы Сот жүйесінің ғана емес Бас прокуратураның, қос палата депутаттарының және зиялы қауымның алдында осынау құнды құжатқа қол қойды. Бұл Аза­маттық процестік кодекстің рөлін көтеру болып саналады. Онда жоғарыда айтылған 3 саты толығымен қаралған. Сондай-ақ, осыған дейін қолданылған ескі кодекске қарағанда көп өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сот шешімі мен үкімінің сатылар­да қаралу мерзімі ұзартылған. Мысалы, бұрынғы заңнамаға сәйкес бірінші сатыда шешім шық­қаннан кейін 15 тәулік ішін­де екінші сатыға арыз беріліп үлгерген жағ­дайда қаралса, енді сол уақыт жаңа кодексте бір айға дейін созылған. Сонымен қатар, істерді қысқартып қарауда медиация тәртібін қолдану да бар, яғни екі жақты табыстыру, заңнама аясында өзара келісімге келтіру көз­делген. Бұл заңдылықты саралай білсек, баяғы қазақтың билері атқарған қызметке дөп келіп отыр деп ойлаймын. Тереңірек ойлана түссек, қазақта: «Алдыңа келсе әкең­нің құнын кеш», деген сөз бекер айтылмағандығын аңғартады. Кінәлі болып алдыңа келді ме, кешіре біл. Медиатор судья деген жаңа термин шықты. Алғашында заңгерлер, жалпы құқықтық мә­дениеті жоғары, яғни заңды біліп, сыйлап, құрметтей алатын адамдардан топтасқан медиаторлар бөлек тұлғалар бол­ған. Ал қазір біз сот процесіне дайындық кезінде екі тарап арасында туындаған дауды қандай жағдайда бітімгершілікпен шешуге болатынын түсіндіреміз. Егер тараптар түсіністік танытып жатса басталғалы тұрған сот мәжілісін тоқтатып, үзіліс жария­лап, тараптарға психологиялық қысым болмас үшін мантияны шешіп, бөлек бөлмеде екі жақты табыстыру қызметін атқарамыз. Сол бөлмеде тараптар медиацияға келіссе, сот мәжілісі жүргізілетін залға барып үшінші жаққа мән-жайды жариялаймыз. – Енді өзіңіз басшылық жасап отырған мамандандырылған жасөспірімдер ісі жөніндегі сот жүйесіне енгізілген өзгеріс туралы айтып берсеңіз? – Бұл соттың аты айтып тұр­­­­ғандай, біз көбінесе жас­өс­пірімдердің құқықтарын қорғап, қараймыз. Өмір болған соң бала құқығы бұзылмай ма, олардың алаңсыз өсуіне әсер етпей ме дегендей, түрлі жағдайларды ме­диациялық тәртіппен бекітеміз. Бұл бұрын болмаған жаңалық. Биыл мамандандырылған аудан­аралық соттың құрылғанына 4 жыл толды. Осы соттың жұмысын жан-жақты қамту мақсатында рес­публикамызда жасөспірімдер ісі жөніндегі әділет органдары құрылды. Өркениетті дамыған мемлекеттер тәжірибесінен алынған бұл игі қадам жасөспірімдер жө­ніндегі полиция, прокуратура және қорғаушылар алқасы болып жаңа құрылымдармен жал­ғасуда. Осы органдардың ор­та­лығы мамандандырылған жасөспірімдер ісі жөніндегі сот болуы керек. Сондықтан біз қарайтын істер ау­қымы жылдан жылға өсуде. Мысалы, ата-ананың балаға қатысты құқығын шектеу, тіпті ата-аналық құқығынан айыру, баланы асырап алу, баланың ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын мекенжайын анықтау, егер ата-ана өзара ке­лісе алмаса сол баланың бөлек тұратын әкесімен бе, шешесі­мен бе кездесіп тұратын уақытын анық­­тау туралы азаматтық істерді қараған едік. Кейде дүниеге келген бейкүнә сәбиді әкесі перзентім деп қарамай тастап кеткенде сол баланы асырау анасына ауыр тиіп, түрлі қиындыққа тап болатыны бар. Міне, сол бала тағдырына қатысты істі, яғни жауапсыз әкеден алимент өндіру мәселесі бізде қа­ралатын болды. Сонымен қатар, заңды, заңсыз бірнеше некеге отырып алған әкелердің әр отбасында кәмелеттік жасқа толмаған балалары да болады. Сондай жағдайда 3 баладан асса алимент төлеу заңда көрсетілген. Ол дегеніміз, айлық жалақысы емес жалпы табысының 50 пайызы ай сайын алимент болып төленуі керек. Жалпы, бұл мәселе тәжірибеде бар. Басты мақсатымыз соттың ашық­­тығын көрсету болып табылады. Соттың қашан қандай шешім шығарып отырғанын халық білуі керек. Сот мәжілісі өтетін залға орнатылған бейнетаспа облыстық және Жоғарғы Сотпен бізді тікелей байланыс жасау мүмкіндігін бе­реді. Арнайы жасақталып отыратын судьялар Астанада отырып әр аудан, қалада сот мәжілісі қалай жүріп жатқандығын көріп отырады. Сот мәжілісіндегі әр қимыл көрініп, айтылған сөз естіледі. Бұл судьяның сот мәжілісін жүргізудегі жауапкершілігін арттырып, сөйлеу мәдениетін көтереді. Осының бар­лығын сот мәжілісі басталар сәтте оған қатысушыларға айтып ұғын­дырамыз. Егер сот мәжілісіне қатысудан бас тартқан адам бейнетаспа жазатын дискісін берсе сол күнгі мәжілісті толығымен жа­зып беретінімізді де ескертеміз. Бұл жауапкершілік сот залына қатысушылардың да бей-берекет сөйлемей, бірінің сөзін екіншісі бұзбай, кедергі келтірмей тәртіп сақтауына ықпал етеді.  Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».  Алматы облысы.
Соңғы жаңалықтар

Білім бәйгесінің берендері

Білім • Бүгін, 08:33

Менің Әуезовім

Зерде • Бүгін, 08:30

Пушкин Құранды жетік білген

Әдебиет • Бүгін, 08:27

Даланың дарабоз ақыны

Әдебиет • Бүгін, 08:25

Қола дәуірінің қолтаңбасы

Ғылым • Бүгін, 08:22

Тіл білімінің абызы

Ғылым • Бүгін, 08:20