26 Наурыз, 2016

Ұрпақ тәрбиесі – жалпыхалықтық іс

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_4135+Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалы­қованың төрайымдық етуімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды ашқан Г.Әбдіқалықова бірінші кезекте жақында ғана өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сай­лау­лары Қазақстан халқының бірлігі мен берекесін айқын көрсет­кеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол өткен шақырылыммен салыс­тыр­ғанда қазіргі Мәжілістің жаңа құрамында әйелдердің қатары артқанына екпін берді. «Парламент Мәжілісінің депутаттығына 29 әйел сайланды. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 27,1 пайызын әйелдер құрайды. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының әйелдерді саяси ілгерілету жөніндегі алға қойған міндеттеріне сәйкес келеді», – деді Г.Әбдіқалықова. Одан әрі Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауын іске асы­ру­дың, оның ішінде дағдарысқа қар­сы бағдарламаларға әйелдердің қатысу белсенділігін арттырудың, сон­дай-ақ, оларды кәсіпкерлік сек­торға тартудың маңыздылығын жет­кізді. Сондай-ақ, жиында Ұлттық эко­номика министрлігінің ақпа­раты бойынша соңғы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің ішкі жалпы өнім­дегі үлесі едәуір артқаны, кәсіпкерлік субъектілері иелерінің ара­сында әйелдердің үлесі 42 пайыз­ды құрағаны, Еуразия даму бан­кінің (ЕАДБ) Үкіметпен «Бизнес­тегі әйелдер» атты бірлескен бағ­дарламасы аясында екінші деңгейдегі банктерге жалпы сомасы 49,2 миллион АҚШ долларын құрайтын 1 200 шамасындағы несиені әйелдер басқаратын кәсіпорындарға беру жоспарланып отырғаны атап өтілді. Сонымен қатар, басқосуда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудағы пәрменді құралдардың бірі ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» қайта күн тәртібіне шығарылғаны хабарланды. Бұдан бөлек, аталған бағдарламаны іске асырудың тұтас кезеңі ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 290,7 мың әйел тартылғаны, оның ішінде 222,5 мың адам еңбекпен қамтылғаны, ал келешекте «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020»  аясында барлық бағыттар бойынша 50 мыңнан астам әйелді қамту межеленіп отырғаны мәлім етілді. Отырыста ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясының іске асырылу барысы талқыланды. Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенконың айтуынша, аталған акция әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға, дарынды жетім балаларды қолдауға, отбасылық-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға және тағы басқа да маңызды мәселелерге бағытталған. Жиында Ақтөбе және Оң­түс­тік Қазақстан облыстары әкім­дік­терінің адамгершілік және жастарды жыныстық тұрғыда тәрбиелеу, ерте жүктіліктің алдын алу шаралары туралы ақпараттары тыңдалды. Мәселен, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Асқар Шериязданов жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік өңірдегі өзекті мәселе болып отырғанын сөз етті. «2015 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жүктілік жағдайлары 175-ке жетті. Биылғы жылдың алғашқы екі айында 28 дерек тіркелді. Әрине, бұл оқиғалар бізді қатты алаңдатады. Бұл түйткілмен мемлекеттік органдар айналысып келеді. Енді біз осы келеңсіздікке қарсы күреске қоғам өкілдерін көбірек тартуды көздеп отырмыз. Өйткені, мұны тек мемлекеттік органдардың күшімен еңсеру мүмкін емес», – деді облыс әкімінің орынбасары. А.Шерияздановтың айтуынша, жүкті болып қалған жасөспірімдерді сынға алып, жазғырғаннан гөрі, түсіндіру жұмыстарына көбірек назар аударған дұрыс. «Қазіргі кезде ата-аналармен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары, жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмыстарына ерекше мән беріп отырмыз. Сонымен қатар, олардың арасында сауалдама жүргізіліп, жастарға сенім телефондары арқылы білікті психологтардың көбірек ақпарат беруін ұйымдастырып жатырмыз», – деді ол. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Ұласбек Сәдібеков бұл мәселеде ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту қажет екенін жеткізді. «Жас қыздарымыздың тым ерте ана болуы – көкейкесті мәселе. Әрине, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен де, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажет. Атап айтқанда, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейткен жөн. Қыз тәрбиесіндегі ананың, ұл тәрбиесіндегі әкенің рөліне ерекше мән берген дұрыс. Сонымен қатар, жас қыздардың ерте ана болуы тұрғысында жігіттердің де арасындағы тиісті жауапкершілік мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Жігіттерде қыздардың болашақ өміріне жауапкершілікпен қарау деген мәселе ұмыт болып бара жатқаны қынжылтады», – деді облыс әкімінің орынбасары. Осы орайда, Ұласбек Сәдібеков балалардың әлеуметтік желілерді көбірек пайдаланатынын, сол арқылы таныс тауып, соның салдарынан өкінішті жағдайлар орын алып жататынын атап өтті. Бұдан бөлек, спикер 3 миллионға жетеғабыл тұрғыны бар өңірде 700 мыңға жуық жас бар екенін, оның 90 мыңнан астамын 15-17 жас аралығындағы жас өскіндер құрайтынын айта келіп: «2015 жыл мен биылғы жылды қоса есептегенде, Оңтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің 800-ден астам дерегі тіркелді. Олардың негізгі бөлігі 17 жастағы қыздардың үлесінде», – деді. Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова оты­рысқа қатысушылардың назарын өскелең ұрпақтың мораль­дық-жыныстық тұрғыдағы тәр­биесін күшейту, білім беру ұйым­дары мен ата-аналар тарапынан алдын алу жұмыстарын жүргі­зу, жасөспірімдер мен жастар­дың денсаулығын нығайту мәсе­лелеріне аударды. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».