Астана филармониясы көпшілікке жаңа туындыларды таныстырды
Наурыз мейрамы қарсаңында Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында Астана мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ғасырлар үні» атты концерті өтті. Бұл концерт бірнеше жаңа туындылардың алғаш рет орындалуымен ерекшеленді.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың дирижерлік етуімен бірнеше шығармалар орындалды. Соның бірі – Арман Жайымның фортепиано мен оркестрге арналған «Махамбет» атты № 2 концерттен финал. Бұл туындыны оркестрдің қолдауымен автор Арман Жайымның өзі орындап берді. Осы шығарма да көрермендер назарына алғаш рет ұсынылғанын айта кеткеніміз жөн.
Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасы бойынша жазылған композитор Дулат Әбілдиновтің «Батыр Баян» музыкалық шығармасы алғаш рет көрермендер назарына ұсынылды. Сол секілді композитор Тоғжан Жахиннің «Еділ патша», «Жаңа заман» атты музыкалық поэмаларын елордалықтар жылы қабыл алды.
Композитор Мәдина Тұрсынбаеваның «Самға, Астана» әні де халықаралық байқаулардың лауреаты Күнсұлу Тұрлыбекованың орындауында алғаш рет шырқалды. Бұдан кейін оркестр композитор Ардақ Тәңірбергенұлының «Жорықта» шығармасын да алғаш рет тыңдармандарға таныстырды. Дирижерлік жасаған Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.
Бұдан бір-екі жыл бұрын композитор Нұрлан Бекенов қазақтың өр рухты ақыны, батыры Махамбет Өтемісұлына арнап «Қызғыш құс» деген күй шығарған болатын. Міне, осы күйді аталған оркестр алғаш рет көрермендерге тарту етті. Жеке домбырада Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Анар Мұздаханова орындады. Оркестр мен жеке орындаушы арасындағы үйлесім күрделі күйдің көркін аша түсті.
Әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Мұқан композитор Базаралы Түсіпжановтың «Домбыра» әнін нақышына келтіре шырқап, әнсүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, композитор Жанар Жүсіпованың «Гүлсім ханымға» әні тұңғыш рет шырқалды. Бұл ән Мағжан Жұмабайұлының сөзіне жазылған.
Келесі кезекте композитор Арман Жайымның «Әз-Тәуке», Төле би кантатасынан «Қарлығаштың әні», Бейбарыс операсынан «Айдананың ариясы» сияқты бірқатар музыкалық шығармалары орындалды. Бұл шығармалардағы терең тебіреніске толы әндердің сөздерін оркестрдің сүйемелдеуімен әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Шахризада Тыныштық көрермендерге жеткізді.
Әр көрерменнің жанына шабыт беріп, көңілін күйге бөлеген концертте басқа да әндер шырқалды, күйлер тартылды.
«Егемен-ақпарат».